Сөз сойыл: Тәубелі мақал-мәтел
Қай заманда да ата-ананың ұрпаққа көңілі толмай өткені белгілі. Бізді сол «ауру» меңдеп, үйдегі кісі екеуіміз келісіп, не де болса деп, бұл да ата-ананың бір парызы деп біліп, тіл мен жаққа сүйене, бұрыннан қалған − бұралқысы бар, кейін қалыптасқан қаймақтысы бар, аннан-мұннан жиып-теріп мақал-мәтелдің майын тамызайық деп шештік.
Есейген ұлды да, қызды да бір қыңыр қылығынан шап беріп, шешелері шерлі сөзінің сөгін сорғалатып болып, мен де кіжіне кейіс кетіп барып тоқтап, екеуіне екеуіміз кезекпе-кезек сөз мәйегі мақал-мәтелді тоғытуға көштік.
− Әдепсіз қыздан мылжың жігіт артық, − деп әйелім қызына төнді.
− Қашқанда да, қуғанда да алда бол, − ұлға көз тастап едім, мәтеліме риза болып жымиды.
− Қыз баққаннан қысырақ баққан оңай!
− Арам болмай − адам болмайсың, − деп едім, ұлымның құлағы елең ете қалды.
− Сұлу қыз қасы-көзін сүрмелейді,
Ерінбей етек-жеңін бүрмелейді, − деп шешесі тақпақтатып та жіберді.
− Жақсы атаның аруағы − жаман балаға 40 жыл азық.
− Қойшының қызы қой келгенде шашын тарайды.
− Жасырып жаман іс істегеннен гөрі − әйгілеп қайыр сұраған жақсы.
− Әке-шешесіне сеніп өскен − әке-шеше бола алмайды.
− Батыр болатын бала ерге үйір, қызтеке бала зерге үйір.
− Баланы жұмсасаң артынан өзің барасың.
− Бейбас балаға күле қарасаң, бас киміңді ала қашады.
− Қыз бой жетсе − бұрынғыдай күнің жоқ, телефон мен есікте тыным жоқ.
− Тоны тура келсе, әкесін ұлы жақтырмас.
− Соры қалың әкенің − кер бағып ұлы өседі, сөз бағып қызы өседі.
− Алдымен күйлен, содан кейін үйлен, − деп болашақты борп еткізіп едім:
− Ана даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер, − деп шешесі сөзімді іліп әкете қойды.
− Баланың балақайы да бар, қалақайы да бар, − деп төмен қарап едім:
− О, Құдайым, бала бер,
Бала берсең сана бер!
Сана бермеген балаңды,
Қайтіп өзің ала бер! − деп әйелім көкке қарап қалыпты.
− Бір бала атаға жете туады,
Бір бала атадан өте туады,
Бір бала кейін қарай кете туады, − деп тақпақтап менде еңсе көтердім.
− Байға шықпаған қыз − шешесін қартайтады.
− Бұрын балаң сені асырайтын, қазір сен балаңның баласын қоса асырайсың.
− Тауықты тойындыра алмайсың, қызды киіндіре алмайсың, − деп ер жеткен қызынан есе қайтарып жатыр.
− Жұрттың Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай, − деп мен де дөңк еткіздім.
− Қызға қараған күн − айсыз қараңғы түн.
Делбезем қоза бастады ма, тақпақтан тайынар емеспін:
− Күңнің қызы еркелесе,
Аспандағы жұлдызды
әпер дер.
Құлдың ұлы еркелесе,
Ханның қызын әпер дер.
− Ананың көңілі қызында, қызының көңілі қызылда, − деп шешесі маған қарап таусылғанынан белгі берді. Мен де:
− Балаң жақсы болса,
Жердің үсті жақсы,
Балаң жаман болса,
Жердің асты жақсы! − деп желпініп тоқтадым.
Содан көп өтпей, құдай атып, әйел екеуіміз әй-шәйлесіп, барып-келіп жанжалдасып бөлек жатып, ертесінде үн-түнсіз мысық-тышқан болып отыр едік, есейген екі бала екеумізге қарсы келіп отырып, тәубелі мақал-мәтелді кезектесе төпелесін келіп...
− Жаман байдан жайдақтығым артық.
− Жаман жардан − құр құшақтасаңда жастық артық.
− Бүркіт қартайса тышқаншыл болады.
− Әйел 40-қа келгенше өңін бермесе − қасиет, ер адам 40-қа келгенше есі кірмесе − қасірет.
− Ердің атын қатын, я бәйгеден келген аты шығарады.
− Өз зайыбыңа дұшпан көзбен қара.
− Сұлу әйелдің күйеуі өмір бойы қарауыл болып өтеді.
− Әйелдің дауысы қатты шыққан үйдің босағасынан жақсылық күтпе.
− Ертерек өлгің келсе, ақымақ әйелге үйлен.
− Алпыс нарың болғанша, ақылды жарың болсын.
− Бұлттан шыққан күн ащы, жаман қатынның тілі ащы.
− Еркек дауысты әйелдің ісі болмас, қатын дауысты еркектің күші болмас.
− Әйел боянса бұзылады, көп қиқаңдаса ұрынады.
− Әйел − әпкіш, бір басында су тұрса, бір басында шу тұрады.
− Еркек жолдас, әйелден әзірейіл де қорқады, сен адамсың ғой, шыда!
− Әйел − әмиян, еркек − ақша.
− Арақ − күйеуі, шылым − әйелі. Бұлардан көксоққан, жынсоққан деген ұл, көкжөтел деген қыз туады.
− Атың жаман болса сатып құтыласың, итің жаман болса атып құтыласың, қатының жаман болса қайтып құтыласың.
− Қазымыр қатынның байы ерте қартаяды.
− Әйелдер бүткіл жұмысты атқарады, қалғандары еркектерден артылмайды.
− Ерлі-зайыптылар ұрысқанда − махаббат шіркін құйрығын қысады, − деп ұл ыржалаңдап орнынан тұрып кетіп еді:
− Соқыр еркек пен мақау әйелдің үйінде ұрыс болмайды, − деп қыз да оның соңынан ілесе жөнелді.
...Сөз сүйектен өтеді, атадан қалған мақал-мәтелге дерің барма! «Алма алма ағашынан алысқа түспейді» деген өтірік, мәнісі мәңгірткен мақал-мәтелден кемпір екеуміз іштей «ал керек болса» деп тәубемізге келдік.
egemen.kz