Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тегіңді түзе, қазақ баласы!

Тегіңді түзе, қазақ баласы!

1996 жылдары өмірге келіп, биыл 25-ке толатын көп азаматтың тегі құжаттарында «ов», «ев»-сіз қазақша жазылған. Алайда ел егемендігін алғаннан бастап стихиялы түрде жүрген ататекті өзгерту науқаны соңғы 10-15 жыл аясында саябырсып қалған көрінеді. Оған сан алуан себеп бар. Десек те қазіргі күні өмірге келген балалардың тегі тек қазақша жазылып жүр. Текті қазақшалау қай кезеңнен бастау алды? Тегін тек қазақша жазған тұлғалар кімдер? Және тәуелсіз елдің ұрпақтарының тегі қалай жазылып жүр деген сауалдарға бүгін жауап беретін боламыз.

Ататекті қазақшалау еліміз егемен¬дігін алғанда ғана көтерілген мәселе емес. 1917 жылы Орынбор қаласында өткен тұңғыш жалпықазақ съезінде Әлихан Бөкейханұлы қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу туралы де айтқан. Осы жиында ол: «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деген ұсыныс жасайды. Бұл сөз жерде қалмай, съезд соңында «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «ұлы, қызы» үлгісімен жазатын болсын» деген қаулы да қабылданады. Бұл өткен ғасырдың 17-жылы болатын. Араға 80 жыл салып ататекті қазақыландыру мәселесі қайта қозғала бастады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» 1996 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығы – тәуелсіз елдің тұрпатында ататекті ұлттық дәс¬түрге сай түрлендіру мәселесін заң жүзінде орындатқан маңызды құжат. Бұл Жарлықтың мәні ұлттық болмысымызға тән есті есімдерді қайтаруға заңды түрде жол ашқандығында болатын. Бүкіл елге міндетті күші бар Жарлықтың шыққанына да ширек ғасыр өтті. Егемендігіміз орда бұзар жасқа жетті. Ал біз аты-жөн жазуда әлі күнге ала-құлалықтан арыла алмай жүрміз...
Кеңес империясының темір жұдырығы төніп тұрған кезде де есімін қазақша жазған тұлғаларымыз болды. Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып, тегін «ұлы» деп жаздырған батыр Бауыржан Момышұлы, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы және жетім өссе де әкесінің атын өшірмеген сықақшы Шона Смаханұлы тұр.
Кеңес өкіметінің күйіп тұрған ша¬ғында тегін «ұлы» деп жаздырудан тайсалмаған боксшы Шоқыр туралы Бауыржан Момышұлының «Екі-ақ нағыз қазақ бар. Бірі – мен, бірі – Шоқыр» деген түсіне білгенге намысты тіліп тү¬сер сөзі де қалды. Қазақтың хас батыры жайында да әдемі аңыз бар. Бірде Бауыржан Момышұлы орденмен марапатталғанда маршал Микоян мысқылдай күліп: «Құттықтаймын сiздi, жолдас Момышев!» депті. Сол сәтте жұлып алғандай батыр да: «Рақмет, жолдас Микоев!» деп жауап қатқан екен. Тегін бұрмалағанына қарадай күйіп кеткен маршал ыза болып: «Мен сiзге Микоев емеспін, Микоянмын!» дейді. Сол кезде Бауыржан батыр да қарап тұрмай: «Мен де сізге Момышев емеспін, Момышұлымын!» деп жауап қатқан екен...
Ел егемендігін жариялаған жылдардан бастап аты-жөнін тезірек түзетіп алғандар болмады емес, болды. Бұл тұрғыда аузымызды құр шөппен сүрте беру жараспас. Қаны қазақ, жаны азат азаматтардың біразы тәуелсіздігіміз жариялаған тұста-ақ фамилиясын түзеп, дүниеге келген ұл-қыздарының тегінен «ов», «ев»-терді алып тастап, «ұлы», «қызы» деп жаздырып жатты. Егемен елде еркін өмір сүргісі келген жастардың дені таза қазақ болғысы келді. Биыл 25-ке толған сол буынның төлқұжатынан «ов», «ев»-ті сирек кездестіресіз. Қазіргі күні өмірге келген балалардың 98 пайызының тегі қазақшаланған. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Майя Жұмашева айтты.
– Бүгінде өмірге келген балалардың куәліктеріне орысша жұрнақ жалғанып жатқан жоқ. Бірақ кейбір адамдардың тегі ыңғайсыз естілетін болады. Мәселен, Аю деген тек бар. Ол адам ондай текті өзіне ыңғайсыз көретін болса, өзінің қалауы бойынша оны Аюов деп жазып береміз. Мұндай жағдайда түсіністік танытқан жөн деп ойлаймын. Ал басқа жағдайлардың бәрінде жеке құжаттарға ұлы, қызы болып қазақша нұсқада жазылып жүр. Бірақ бұл да қатып қалған заңдылық емес. Кейбір адамдар балаларына «ов, ев» жұрнақтарын жалғап беремін деп жатса, құжатын солай жасап береміз, – дейді ол.
Әлемдегі барлық халық өз аты-жөндерін тек өздерінің ұлттық негіздерін сақтап жазады. Мысалы, армяндар – Акопян, әзербайжандар –Момедоглы, грузиндер – Махарашвили, украйндар –Костенко, латыштар –Лацис, молдавандар – Кодру, эстондықтар – Томме, түрікмендер –Мактумкули, литвалықтар – Вайкуле, орыстар –Иванов болса, қазақтар, біздер неге Момышұлы болмаймыз.
Жақында Ғабит өзінің тегін өзгертті. «Кадиров» деп жазылған тегін «Қадірұлы» етіп қазақшалап алған.
– Менің жасым қазір 32-де. Осы уақытқа дейін құжат бойынша «Кадиров Ғабит» болып жазылып жүрді. Бірде кішкентай ұлым маған «папа сен орыс екенсің ғой. Құжаттарың орысша жазылып тұр» деді. Ал балаларымның фамилияларын қазақшалап жаздырған болатынмын. Содан намысым оянып кетті. Бірден тегімді өзгеруге беріп, құжаттарымды жаңартып алдым, – деді Ғабит.
Тегін түзетемін дегендерге бүгінде ешқандай кедергі жоқ. Десе де, көбіне «ұлы, қызы» атану – ұлы мұрат емес, ұсақ-түйек мәселе, енді біріне басы артық жұмыс. Тәуелсіз елдің ұрпағы болғанымен, әлі күнге аты-жөнін жат жұрнақтан азат ете алмай жүргендер бұл ұлттық үлкен мәселеге бей-жай қарайды. Отыз жылда аты-жөн жазуда бір арнаға түсетіндей, бірізділікке келетіндей уақыт жеткенін әр қазақ түсінуі керек. Өйткені жеме-жемге келгенде, бұл елдік істің ілгері болуы «-ов, -ев»-пен әлі қоштаса алмай жүрген әр қазақтың ұлттық намысының оянуына келіп тіреліп тұр.
Түйін. Қазіргі таңда қазақстандықтар фамилия жазудың 20-ға жуық үлгісін қолданады екен. Түрі қазақ, діні мұсылман болса да, тегіндегі жат жұрнақтан айырылғысы келмей жүргендер өкінішке қарай əлі де аз емес. Түптеп келгенде, тектің бірыңғай жазылуы ұлттың біртұтастығын білдіреді емес пе?! Əр қазақтың ататегінен ұлттың болмыс-бітімі байқалып тұруы керек. Есім-сойдың басты параметрін адам – фамилия – ұлт деп алатын болсақ, орта тұсқа келгенде ала-құлалықтан адасып кетеріміз анық. Ал түсіне білгенге текті түзеу – тектілік.

Назерке МАРАТ
15 мамыр 2021 ж. 670 0