Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Олжас ақынмен кездесу

Олжас ақынмен кездесу

Қазақ ақыны, тілтанушы, саясаткер, қоғам қайраткері, ядролық қару-жарақтарды жаппай қолдануға қарсы тұрушы, Төтенше және Өкілетті Елші, Қазақстанның Еңбек Ері. Бұл – әлемге әйгілі қазақ ақыны Олжас Омарұлы Сүлейменов туралы қысқаша ресми деректің бір парасы.


Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған кезінде ғарышқа көтерілген алғашқы ғарышкер Ю.Гагаринге арналған «Адамға табын, жер, енді!» өлеңімен жер жүзіне жар салған ақынның өзінің де биікке көтеріліп, даңққа бөленетін кезеңі басталған еді. Әйгілі осы өлеңнің үлкен поэмаға айналуы туралы ақынның өзі былай дейді: «1961 жылдың 12 сәуір күні таңертең «Казахстанская правда» газетінде менің «Адамға табын, жер, енді!» өлеңім жарық көрді. Юрий Гагаринге арналған осы өлеңім мыңдаған түрлі-түсті парақшаға жазылып, Алматы аспанынан жерге төгілді... Барша халық көшеде жиналған екі сәт есімде, бұл – 1945 жылғы 9 мамыр және 1961 жылғы 12 сәуір. Бүкіл адамзаттың бойын бір ғана қуаныш, бақыт, болашаққа деген үміт сезімі биледі. Осы көңіл-күйдің әсерімен мен өлеңімді жалғастырып, бір апта ішінде тұтас поэма жаздым».
Одан кейін шыққан ақынның өлең, жыр, поэма шығармаларын былай қойғанда, бір ғана «Аз и Я» кітабының тіл тарихына, сөз әлеміне үлкен құбылыс болып енгені жайлы аз жазылған жоқ. Тек қана осы кітабымен сөз өнеріне ерекше феномен болып кірген ақын нағыз көсемсөзші ғана емес, ежелгі жазба ескерткіштерінің білгір зерттеушісі ретінде танылды. Тағы да деректерге жүгінсек: «Аз и Я» кітабы ежелгі жазба ескерткіштеріне арналған. Тым-тым арғы, есте жоқ ескі замандағы ұлт пен ұлыстардың тілі, ғұрып-әдеті сөз болған бұл кітапты кейінгі зерттеушілердің тамаша қолғанаты, оқушылардың, қызығушылардың сүйіп оқыр ғылымнамасы деуге болады. Әсіресе кітаптың Шумернама бөлімі оқырманды тың да тылсым қиялдарға бастайды. Кітаптың соңы «1001 сөз» атты этимологиялық сөздікке, «Жазу тілі» атты майя және қытай тілі арасындағы зерттеуге, «Тарихқа дейінгі түркілер» кітабындағы славян және түркі тілдерінің, атап айтқанда, қазақ және орыс тілдері арасындағы байланысты зерттеген сөз, тіл тану ғылымына ұласып, бұрынғыдан да кемелдене түсті».
Танымал тұлғалардың, классик қаламгерлердің әрбір айтқан сөздері алымды афоризмдер, тауып айтылған теңеулер ретінде ел аузында жүреді. Олжас ақынға көп қойылатын сұрақтың бірі мынадай болса керек: «Сіз орыс тілінде жазады екенсіз. Сонда өзіңізді қазақ ақынымын деп есептейсіз бе?». Кезекті бір бас қосуда қойылған осы сұраққа Олжас ақын: «Мен өзімді орыс тіліне өзім аударып жазатын қазақ ақынымын деп есептеймін!» деген екен. «Арғымақтар», «Қыш кітап», «Атамекен», «Айналайын», «Жұмыр жұлдыз», «Адамға табын, жер, енді!» және тағы басқа кітаптары мен жыр шығармаларының өн бойынан атамекенге, елге, жерге, ғарышқа деген зор сүйіспеншілік сезілетін ақынның басқаша айтуы мүмкін емес деп ойлайсың.
Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған атақты ақынның шығармашылық қызметтен басқа, саясатқа, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласуы, ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – «Невада-Семей» қоғамдық-саяси ұйымды құруы оның даналық, қайраткерлік, азаматтық бейнесін биікке көтере түсті.
Тарихи деректер былай дейді: «1989 жылы 26 ақпанда құрылып, қазан айында ресми тіркелген, республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия және тағы басқа елдерде ұйымның бөлімшелері құрылған. Қозғалыстың белсенді қызметінің арқасында БҰҰ Бас Ассамблеясының 53-сессиясы «Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру» қарарын қабылдады».
Осы «Невада-Семей» қозғалысы құрылған бойдан атақты ақын Алматы үй құрылысы комбинатына (АДК) келіп құрылысшы жастармен кездесу өткізді. АДК-ның сол кездегі бас директорының бірінші орынбасары Мұфтолла Тойбазарұлы Дабылов құрылысшы жастармен бірге, атақты «АДК» әйелдер волейбол командасына да, қоғамдық, елдік мұраттағы түрлі кездесулерге де үлкен қолдау көрсететін. Бір естелігімде былай деп жазыппын: «Сегіз мыңдай құрылысшысы бар алып комбинаттың бес мыңға жуығы жастар еді. Комсомол жастардың белсенділігі күшті болды. Осындай жұмысшы, құрылысшы жастары көп ірі өндіріс орнына Тимур Сағиұлы Абатов екеуміз қатар келіп едік. Мен «Құрылысшы» газетінде істедім. Ол үлкен комбинаттағы комсомол ұйымының жетекшісі болды. Тимур нағыз көшбасшы, лидер еді. Комбинат басшыларының қолдауымен ел есінде қалатын игі істерді ұйымдастырудың басы-қасында жүретін.
Сондай игі шараның бірі де бірегейі – Алматы үй құрылысы комбинатында атақты ақын, көрнекті қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен өткен кездесу естен кетпес оқиға болып ел, жадында қалды. Кездесу барысында құрылысшы жастар атақты ақынның жақында ғана құрған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын кеңінен қолдайтындарын білдірді. Мыңдаған құрылысшы жиналған үлкен митингіде сөз сөйлеген Олжас ақын ядролық жарылысқа қарсы құрылған ұйымның халықтың қолдауы арқасында халықаралық қозғалысқа айналатынын айтты. Нағыз ақынның халқына жақын, еліне жанашыр екенін танытты. Арада көп ұзамай осы халықаралық қозғалыстың – қоғамдық-саяси ұйымның тікелей араласуымен, халықтың, ел басшыларының қолдауымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылғаны бұл күнде әлемге аян...
Иә, ол кезде жастар шынында да өте белсенді еді. Құрылысшы болса да спортты жан-тәнімен сүйген жастың бірі Тыныштықбай Қартабаев «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде Семей жеріне, Қарауыл ауылына дейін велосипедпен барып қайтты. Кейіннен ол антиядролық қозғалыстың эмблемасы салынған футболкасын үнемі тастамай, велосипедпен Қазақстанның біраз қалаларын, көрші Қырғыз елін де аралады. Алматыдан Ленинградқа дейін велосаяхат жасады. Алматы үй құрылысының комсомол жастар ұйымы мен «Құрылысшы» газеті осындай елеулі оқиғаларды кеңінен насихаттады...».
Әлемге әйгілі Олжас ақынның Алматы үй құрылысы комбинатына келіп, құрылысшы жастармен кездескен сәтінде әріптесіміз, «Құрылысшы» газетінің фототілшісі Ю.Матвеевтің еті тірлігінің арқасында фотоаппарат объективіне ілігіп үлгеріппіз. Ұлы ақынмен күнде суретке түсе бермейсің, содан болар, суретте көңіліміздің көтеріңкі екені байқалады. Халқымыздың біртуар асыл ұлдары – қашан да ел мақтанышы.
Осы жылдың 18 мамыры күні атақты ақын, көрнекті қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов сексен бес жасқа толады. Осыдан тура алпыс жыл бұрын «Адамға табын, жер, енді!» жырымен тұңғыш ғарышкерді көкке көтерген, Қазақстанға қанат бітірген, Байқоңырды байтақ әлемге танытқан, елін сүйген ер ақынға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

Сәдуақас ЖҰБАТОВ
18 мамыр 2021 ж. 519 0