Білім берудің биік белестері
"Дүниенің кілті – білімде". Расында, білім-ғылым дамыған кезде ғана адамзатқа дүниенің сыры ашылады. Ал дүниенің сырын білетін адам ғана әлемнің барша игілігіне иелік етеді. Біздің елдегі білім жүйесін жетілдірудің, дамытудың негізгі мақсаты да осы – әлем елдері бет түзеген өркениет көшінен қалмай, бағытымызды айқындап алу. Осы тұрғыда ұстаздарға бәсекеге сай білімді де саналы ұрпақ дайындау дейтін үлкен міндет жүктелді.
Осы міндет үдесінен шығуда аудандағы білім беру ұйымдарының құзыреттілігіне жатқызылатын барша оқу-тәрбие, әдістемелік қызмет бағытындағы жұмыстар еліміздегі 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді дамытудың бағдарламасы мен міндетті білім беру стандарттарында көзделген талаптар негізінде үйлестіріліп келеді. Соның ішінде жаңа типтік үлгіде салынған мектептер үлесінің артуын, материалдық-техникалық базаның заманауи құрал-жабдықтармен толығуы, мультимедиялық және интерактивті сынып кабинеттер санының өсуі, интернет жылдамдығын арттыру бағытындағы жасалған тың қадамдар қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға мүмкіндік жасауда.
Биылғы оқу жылы көлемінің өзінде қашықтан оқытуды толықтай талап деңгейінде және онлайн форматында ұйымдастыру үшін қаншама ноутбук, компьютер, планшет алынып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қарай оқушыларға таратылып берілсе, мектеп ұжымдарының, кәсіпкерлердің қолдауымен кейбір санаттағы оқушылардың үйлеріне модем-роутерлер, смартфондар мен тегін бірліктермен қамтылды.
Ұстаздар «Онлайн-мектеп» және «Күнделік.кз» платформаларының қыр-сырын меңгере отырып, түрлі онлайн оқытудың электронды форматтарын оқыту үдерісінде қолдануға машықтанды. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар жұмысы жүргізілсе, әрбір тоқсан сайын оқушылар біліміндегі әлсіз тұстар анықталып, қосымша сабақтар ұйымдастырылды.
Бұл аталған мәселелер аудандағы білім беру қызметінің өткен жылдармен салыстырғанда, тұрақтылығын сақтауына, аудандағы білім сапасының динамикалық өсімінің құлдырамауына зор ықпалын тигізді.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде бірқатар оң өзгерістер мен өзгешеліктер бар. Тестілеудің электронды форматы «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» принципі бойынша тестілеу компьютерлермен жабдықталған «Юстади» объектілерінде өткізіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша 4 пункт осындай арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Аудан мектептерінің түлектері тестілеу тапсыруға Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейі базасын таңдалып алынған. Қазіргі таңда бұл объектінің күнделікті бір мезетте тестіленушілерді қабылдау лимиті – 100 орын, сонда 1 күнде 2 ауысымда жалпы 200 тестіленушіні қабылдайды.
Мемлекеттік білім грантын тағайындау туралы конкурсына қатысу екі лектік ретпен жүргізіледі. Яғни әрбір мектеп бітірушінің тест жұмысына екі рет қатысып, соның ішіндегі жоғары ұпай санын таңдауына мүмкіндік беріліп отыр. Жалпы, мемлекеттік гранттан үміткер барлық мектеп бітіруші түлектер тест жұмысын компьютер негізінде тапсыратындықтан, нәтижесімен бірден таныса алады. Нәтижемен келіспеген жағдайда 30 минуттың ішінде аппеляцияға бере алады. Сондай-ақ тест аяқталғанға дейін оқушы жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарын түзетуіне де болады. Талапкерге тағы бір көмек, ол – тест барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелерінің болуы.
ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан тұрады. Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады. Қатысушылар тапсырманы кез келген пәннен бастай алады.
Сондай-ақ биылғы коронавирус пандемиясына байланысты санитарлық талаптарға сәйкес оқушылар бетпердемен кіргізіліп, әлеуметтік қашықтық сақталады. Ұстаздар мен ата-аналар тестілеудің қалай өтіп жатқанын аудиториядан тікелей бейнебайланыс арқылы көре алады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге биылғы 11 сыныпты бітіретін 874 оқушының 1 лекке 588-і (67,3 пайызы), 2 лекке 581-і (66,5 пайызы) өтініш берген. 2021 жылдың 6-16 мамыры аралығында 573 оқушы (97,45 пайызы) Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейі базасында тестілеуден өткізілді.
2020-2021 оқу жылының мектеп бітірушілеріне арналған «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны 25 мамыр күні, «Аттестат тапсыру» кештері 12-14 маусым күндері өткізіледі. Бұл шаралар мектеп ауласында салтанатты жиындар, сыныптарда тәрбие сағаттары мен онлайн режимдегі тәрбие сағаттары ретінде ұйымдастырылады. «Соңғы қоңырау», «Аттестат тапсыру» кештерін өткізу барысында бітірушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасалуын қамтамасыз ету, сонымен қатар коронавирус пандемиясы жағдайында (әлеуметтік қашықтық сақтау, шараға қонақтар шақырмау, таза ауада өткізу, т.б.) санитарлық сақтық шараларын қатаң сақтау, шараға бітірушілердің мектеп формасымен қатыстырылуы, барынша қарапайым түрде өткізілуі басты назарда болады.
Үйлер мен мейрамханаларда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізу және бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына түбегейлі жол берілмейді. Бітірушілердің өмір қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу бағытында медицина, өрт қызметі мен ішкі істер органдарымен бірлескен іс-шара қабылданған.
Оқу жылын аяқтау шараларын ұйымдастыру үшін ата-аналардан ақша жинамауды, ата-аналар тарапынан мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар берілуіне жол бермеуді және шаралардың мектептің қолда бар мүмкіндігімен ұйымдастыру, төтенше жағдай бөлімдерімен бірлесіп кезекшіліктер ұйымдастыру және бітірушілер, ата-аналар және педагогтар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қамқоршылық кеңес мүшелерімен бірлесіп белсенді жұмыстар жүргізуге шақырамын.
Жазғы мектепті ұйымдастырудағы басты мақсат коронавирус пандемиясына байланысты оқушылардың басым бөлігі онлайн форматта оқытылып, негізгі пәндер бойынша күрделі тақырыптар жеткілікті дәрежеде игерілмей қалу мүмкіндігі ескерілген. Жазғы мектеп оқушыларға білім берудегі олқылықтың орнын толтыруға, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Осы себепті жазғы мектепті ақысыз негізде оқыту, үлгерімі төмен оқушыларға басты назарды аудара отырып сабақтарды ұйымдастыру және сабақтарға еркін формада қатысу қарастырылған.
Қазіргі таңда 26 мамыр мен 19 маусымға дейінгі аралықта ауданның 43 мектебінде жазғы мектеп жұмыс істейтін болады. Жазғы мектепке 4832 оқушы (28 пайызы) қамтуға ата-аналар тарапынан өтініш берілген. Бұл – жалпы оқушылардың 1/3 бөлігі. 15 мамырға дейін барлық жазғы мектеп ұйымдастыратын мектептерде білім алушылардың оқу жетістіктеріне диагностика жасалып, жазғы мектептердің жұмыс жасау жоспары мектеп директоры тарапынан бекітіліп, сынып-комплектілер мен оқушылар тізімі және оқу пәндерінің тізімі жасақталған. 20 мамырға дейін орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлары, уақытша сынып журналдары дайындалды.
Жазғы мектепте оқу сабақтары, жобалық қызмет, зерттеу, лабораториялық жұмыстар, таза ауада сабақтар ұйымдастырылады. Бір ескеретін жайт, оқушыларға үйге тапсырма берілмейді. Сабақ беретін мұғалімдердің кезекті еңбек демалысы 19 маусымнан кейін беріледі, мұғалімдер ағымдағы оқу жылына бекітілген жүктеме шеңберінде жұмыс істейді.
Қорытынды аттестаттауға 9 сыныпты бітіретін – 1453 және 11 сыныпты бітіретін 874 оқушы қатысады. Оның ішінде 9 сынып бойынша 140 оқушы «Үздік куәлік», 11 сыныптар бойынша 24 оқушы «Үздік аттестат», 72 оқушы «Алтын белгі» үміткері. Аттестаттау орта білім беру ұйымдарында санитариялық қауіпсіздік шаралары қатаң сақтала отырып, мынадай нысандарда және белгіленген мерзімдерде өткізіледі:
9 сынып білім алушылары 28 мамыр-5 маусым аралығында:
1) қазақ/орыс (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп оқушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 28 мамырда;
2) математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2 маусымда;
3) орыс тілінде оқытатын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 5 маусымда.
11 сынып білім алушылары 1-10 маусым аралығында:
1) қазақ/ орыс/ (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан – 1 маусымда:
2) алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 4 маусымда;
3) Қазақстан тарихынан тестілеу – 7 маусымда;
4) орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу – 10 маусымда.
Білім басқармасының жауапты маманы «Алтын белгі» белгісіне үміткер білім алушылардың жазбаша жұмыстарының сканерленген нұсқаларын емтихан аяқталғаннан кейін білім бөліміндегі жауапты маманнан алады (өз кезегінде мектептер емтихан бітуіне орай үміткерлердің жұмысын сканерлеп білім бөліміне жолдайды) және түпнұсқаларының жол қауіпсіздігін сақтай отырып, білім басқармасына емтихан өткен күні немесе келесі күні (қашықтыққа байланысты) уақытылы жеткізілуін қадағалайды.
Үміткерлердің жазбаша жұмыстарын Білім басқармаларының жанынан құрылған Комиссия қабылдаған күні немесе келесі күні тексереді.
Білім басқармаларының жанынан құрылған Комиссия құрамына жазбаша емтихандар өтетін пәндердің білікті, тәжірибелі мұғалімдері кіреді (басқа мүшелерін қоспағанда) және Комиссия құрамындағы әр пән мұғалімінің саны барлық үміткерлердің санына қатысты құрылады (10-15 үміткерге бір пән мұғалімі).
Биылғы жылы ауданда 1-10 сынып аралығындағы барлық балаларды сауықтырумен және онлайн каникул-2021 іс-шарасымен қамту жоспарлануда. Оның ішінде «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен 500 бала, мектеп жанындағы 43 мектепте ашылатын күндізгі лагерьлерде ыстық тамақпен 2109 бала бірінші кезекте жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған, көп балалы отбасы балалары қамтылатын болады. Сонымен бірге оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында, оның ішінде аудан көлемінде және ауданнан тыс жерлерге экскурсияға, аулалық клубқа (мектеп жанындағы спорт алаңдарына) балаларды қамту жұмыстары жүргізіледі.
Биылғы жылы «Онлайн каникул-2021» іс-шарасы бойынша инстаграм желісіне үйірме сабақтары дайындалып түсірілуде. Оқушылар үйінде офлайн түрінде 1-20 маусым аралығында тамақсыз 5 топта 100 бала қамтылатын болса, онлайн түрінде инстаграм желісінде үйірмелердің бейнеролик сабақтары күнделікті жүктелетін болады. Қазіргі таңда инстаграм парақшасына оқушыларды тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Күндізгі лагерьлер ІІ ауысымға 10 күндік ыстық тамақпен және ыстық тамақсыз болып ұйымдастырылады. Күндізгі лагерьдегі балаларға жазғы демалыс кезінде санитарлық талапты сақтай отырып, аудан орталығындағы мәдени-тарихи құндылығы бар аудандық өлкетану және балықшылар мұражайына және Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне экскурсиялар ұйымдастыруды, сонымен бірге жауапты жетекшілермен бірге аудан көлеміндегі және ауданнан тыс аймақтарға тарихи орындарға экскурсия ұйымдастырылады. Лагерьлер 1 маусымда басталады деп жоспарланды.
Республика көлемінде соңғы жылдары балалар арасында оқыс оқиғалардың орын алуына байланысты алдын алу, болдырмауға бағытталған профилактикалық жұмыстар ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып қала береді.
Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық білім беру мекемелерінде келеңсіз жағдайлардан сақтану (өрт, суға кету, тамақтардан улану, жол-көлік оқиғалары) жолдарын түсіндіру, алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуы керек.
Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балаға қатігез қараудың, зорлық-зомбылықтың және де басқа келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті мамандар, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, психологтар, әлеуметтік педагогтар, сынып жетекшілері жазғы демалыс кезінде балалармен және олардың ата-аналарымен тығыз байланыс жасап, әрбір баланы күнделікті басты назарда ұстау керек.
Біздің мақсатымыз рухани адамгершілігі мол ұрпақ тәрбиелеу және оған апарар тура жол – баланың өзін-өзі тануына, қабілетінің ашылуына көмектесу екенін әсте естен шығармауымыз қажет. Тәрбие даму ретінде, ал әр баланы – қайталанбас тұлға деп қарастырып, дүниені біртұтас қабылдай білуге үйрету, жан-жақты дамытып, зиялылық деңгейі мен практикалық машығы заман талабына сай тұлғаларды оқытып, тәрбиелеу – басты міндет.
Ал мектептен үлкен өмір жолына аттанғалы отырған түлектердің арманы – жоғары және арнаулы оқу орнына түсу, білікті, кәсіби маман болу. Үлкен сынаққа қадам басып, оң нәтижеге үміт артып отырған әрбір түлектің жоғары деңгейден табылуы мұғалім, ата-ана, мектеп, тіпті аудан үшін үлкен мәртебе. Ата-ана мен ұстаздың үмітін ақтайтын түлектеріміздің қатары еселене беретініне кәміл сенемін. Алдағы уақытта түлектеріміздің әрбір қадамы сәтті болсын деп тілеймін!
Санира ЖАННАЗАРОВА,
Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы