Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көптен күткен сый

Көптен күткен сый

Сыйластығы жарасқан екі достың әңгімесі сыраның буынан ба, әлде өзара әңгіменің өзара жарасып кеткенінен бе, әйтеуір ұзаққа созылды. Бірі бойдақ өмірдің қызығымен, бірі отбасылы өмірдің шыжығымен бөлісіп жатты. Жасының отызға таяп қалғанын ойлады ма, әлде Аманның телефонынан кішкентайларының суреттерін көргесін бе, Сырымның көңіл-күйі түсіп кетті.
– Досым, еш уайымдама. Әлі-ақ сенің тойыңда шапқылап, қызмет жасайтын боламыз. Жұмысымда бір керемет қыз бар. Нағыз келін болуға лайықты өзі, – деп досын жұбатқысы келген.
– Ендеше, жүр, мені бетпе-бет апарып таныстырсаңшы.
Сырым Назираны сол күні көргенде-ақ ұнатты. Тіпті еш қорықпастан сол күні кешке қызды алып қашты. Алайда қыз: "Мен сізді танымаймын" деп көнбей кетіп қалды. Содан бері Сырым ұнату бар дегенмен, оған қол жеткізу қиын екенін түсінді. Дегенмен Назираның да сол алып қашқаннан бері еш жолы болмай жүрді. Жұмысқа да ұзақ уақыттан кейін орналасты. Арада жеті жыл өтсе де, әлі тұрмысқа шықпады. Жасы болса 32-ге жақындағанын ойласа, көп нәрсеге өкінетін...
"Алып қашқан кезінде қалғаным дұрыс па еді? Ауылдан бекер көшіп кеттім..." Сол белгісіз жанның кім екенін сұрастырып білгенінде тіпті қиналатын. Өйткені Сырым біреудің жалғыз баласы еді. Әкесі сол ауылдағы полиция қызметінде жоғары лауазымды жұмыс істейтін. Сырым да әкесінің жұмыс саласында қызмет атқаратын. Мінезі ашық, жайдарлы бала еді...
Жылжыған жылдар жетегі екі жанды біразға дейін әурелеген. Сол жылы Алматы қаласында әртүрлі сала өкілдерінің басын қосқан үлкен жиналыс болды. Сол жиналысқа Сырым да, Назира да келген. Екеуі бірін-бірі бірден таныды. Екеу арасындағы әрі жат, әрі сондай жақын, әрі ұяң, әрі ынтық, іңкәр сезім қос жүректе бірдей оянды. Назира Сырымға қарап тұрып, өзіне жақын жандай сезінді. Керісінше, өткен күндерін қиялдап, "Сырыммен қайта қосылсам" деген тілегі орындалғандай. Тіпті жүзін жанарынан төгілген жылы жас жуып қоя берді. Ал Сырым болса қайта ғашықтыққа сене бастағандай. Бірін-бірі әлі дұрыс танымаса да, әрі қарай екі ай таныстықтың нәтижесінде бас қосты. Кезінде болған оқиға үшін өз-өздерін кінәлі санайтын. Сырым жастықпен, ұнатқандықтан алып қашса... Назира танымағаны үшін қалмаған еді... Мүмкін, махаббат бұл екі жанға өзінің көптен күткен сый екенін дәлелдегісі келген болар...

Нұрай ӘМІРХАНОВА, 
Арал қаласы
22 мамыр 2021 ж. 402 0