Аралын сағынған ару
Жаңалыққа жаны құштар боп, қаламын жанына серік еткен журналист қауымы үнемі ізденісте жүреді. Таныс-бейтаныс не ақтаңдақ боп қалған деректерді тауып, өңін кіргізіп, жарқыратып жұртшылыққа жеткізіп, қауыштырып жатады. Біздің де бүгінгі тірлігіміз сол ауанда: күні кешегі тарихымыздың жарқын да жасампаз беттері – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан айдынды Арал өңірінің айбынды қыз-жігіттерін іздеп, ойға да, қырға да, алыс-жақынға сұрау салып іске кіріскенбіз. Жан-жақта шашырап жүрген көптеген жерлестеріміздің аяулы тағдырларымен танысуға мүмкіндік туды. Сол көп тапқандарымыздың бірегейі – қаламы жүйрік журналист, телевизия саласының саңлағы Ұлдай Ибадуллаева болып шықты. Шынын айтқанда, әуелде ол туралы тек "желтоқсаншы қыз" дегеннен басқа ешбір мәліметіміз жоқ еді. Тіпті оның Аралдың тумасы екендігіне де күмәніміз болғандығын несін жасырайық. Содан сан тарау ізденістерді бастап жібердік. Тапқан дәйек-дерегімізді бүгінгі күннің ақпарат тасушы – әлеуметтік желіге салғанбыз. Осындағы туыстары арқылы оған да жетіпті. Ұлдайдың өзі хабарласты. Науқастанып ауруханада жатыр екен. Бұдан 35 жыл бұрынғы желтоқсанның ызғарлы күндері көзі қанталаған арнайы жасақ солдаттарының аяусыз, адамгершілікке жат соққысы оны өмір бойы адым аштырмай келеді екен. Қатты сырқаттығы әлсірей, әзер шыққан даусынан сезіліп тұрды. Тым баяу, бірақ нық үн қатты.– Қарағым, айналайын! Апаңның желтоқсандағы әрекетін елеп, елге жариялапсың. Үлкен рақмет! Мені туған жерім Аралым әлдеқашан ұмытып қалған шығар деп едім. Жоқ, ұмытпағандарыңды білдірдің. Мені іздегендеріңе өте ризамын. Еш нәрсе де елеусіз кетпейді деген шындық екен... – деді ол дірілді үнімен туған жұртына деген бір сағынышын танытып.
Мен мақсатты жұмысым – желтоқсаншы аруға өз сұрақтарымды қойып, өмірдеректерін түгендеп қалуға тырыстым.
– Мен Арал ауданының Құмбазар ауылының тумасымын. Дария жағасындағы осы ауылдағы мектепте білім алдым, жоғарғы сыныптарды темір жол бойындағы №21 Қамбаш мектебінде жалғастырдым. Жасымда химия пәнінен өте жақсы оқыдым. Сол бір жылы Құмбазар мектебіне Серік Сейтмағанбетұлы мұғалім болып келді. Кермет жан еді. От боп жанып тұратын. Ақындығы қатты қызықтырды. Сол кісінің өмір жолыма үлкен әсері болды. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын жақсы көріп, журналист болуға әбден белімді будым. Кәмелеттік аттестат қолға тиген соң, арманым аялап Алматыға аттанып, қара шаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түстім. Осыннан кәсіби мамандық алып, 1979 жылы еліміздегі басты арна – "Қазақстан" телеарнасына әуелі жүргізуші, тілші боп орналастым. Кейін редактор, бас редактор, шолушы, модернатор сияқты осы саланың барша баспалдағынан өттім. Айтпақшы, мамандығымның шын мастері болу мақсатымен "Останкино" жанындағы Мәскеудің Телевизия және радио институтын да тәмамдап, арман-мақсатымның аясы кеңейе түскен...
– Ал біз сіздің 1986 жылғы желтоқсанда алаңда болғаныңызды білеміз...
– Иә, бұл туралы көп жазылды, алайда айтарым да көп сияқты. Дәл 16 желтоқсан күні Жезқазған облысынан іссапардан келген бетім болатын. Таңертең сегіздерде жұмысқа бара жатқанмын. Топ-топ болып жастар алаңға ағылуда екен. Жер-жерде Колбиннің жыртылған суреті шашылуда. Ішімнен бір сұмдықтың болғанын сездім. Теледидар орталығына кіре, терезеден алаң жаққа көз тастадым. Плакат ұстаған жастар. Алаңдағы барлық жай теледидар ғимаратынан анық көрініп тұр.
Редакциямыздың бас редакторы Ж.Баймұратов біздерге: "Ол жаққа бармаңдар" деп қатаң ескертті. Әлі оқиғаның мәнін жете түсінбесек те, редакцияның өз ішінде орыс, қазақ боп бөліне бастадық. Мұндай әрекетке намысымыз қозды. Теледидарда үш мыңдай адам істейтін, соның дені көтеріліске бардық. Алаңда қазақ қыздарының рухы мықты болды. Меніңше, сол сәтте қазақ қыздары өртеп жіберсе де, қайтпас табандылық танытты. Адамдардың шынайы келбетін, жүзін мен осы қиын-қыстау кезде танығандай болдым.
Түске қарай әскери адамдар алаңды жауып кетті. Әсіресе қолдарында дубиналары бар солдаттар қазақ қыздарын аямады. Алаңға өрт сөндірушілер келіп, көтерілісшілерге мұздай су шаша бастады. Алаңдағылардың қашқаны қашып, қашып үлгіре алмағандарын милициялар сүйрелеп машиналарға тығып жатты. Әріптесім Роза Қуандықова екеуміз телеарнаға қарай жүгірдік. Солдаттар Розаны итке талатып ұстап алды. Оны түрмеге үш күн қамап, әбден қорлаған. Мен спортпен айналысатынмын, осы жерде оның пайдасы тиді. Ұстатпай-ақ келемін. Теледидар ғимаратына жақындай бергенімде, сол маңайдағы арыққа байқамай сүрініп, жалп етіп құладым. Басым әлдебір затқа қатты тиді. Қуып келе жатқан екі солдат менің алдымдағы екі қыздың бұрымдарынан шап етіп ұстап алды да, бастарын бір-біріне соққылады-ай. Сүрінген мені солдаттар керзі етіктерімен басымнан жаншып өте шықты. Әкем екі сиырын сатып әперген тоны осы кезде жыртылып кетті...
Орыс кемпірдің үйінде пәтер жалдап тұратынбыз. Пәтерге ілдалап келгенімізде орыс апамыз біздің бүкіл заттарымызды, чемодандарымызды қардың үстіне лақтырып тастаған екен...
Сол түні біз әріптесіміз Назгүлдің үйіне барып қонып шықтық. Пәтер табылғанша сол үйде болдық.
Сол кезде жастық қызуымен басыма тиген қатты соққы мен денемде қалған солдаттардың аяқтарының ізін елемеппін. Солдат етігінің ізі арқамды тайға таңба басқандай боп қалып кеткен. Бірде сіңлімнің тойында дайындық жасап жатқанбыз. Көйлегімді ауыстырып жатқанда жеңгем шошып түсіп: "Арқаңдағы мынау ненің ізі?" деп жауырын тұсымдағы таңбаны көрсетті. Осы кезде барып мен Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымды айттым. Соның зардабы болар, 1997 жылдан бері бас ауруына ұшырадым. Жыл өткен сайын ауру меңдей түсті. Денсаулығымның әуресімен тұрмысқа да кеш шықтым. Өкініш – тек өзегімді өртейтін нәрселерім бар... – деп Ұлдай Ділімбетқызы біраз жайдан хабар берді. Желтоқсан – оның мәңгілік жан жарасы боп қалғанға ұқсайды.
Желтоқсаннан кейінгі жылдары білімі де, білігі де жетерлік Ұлдай Ибадуллаева қазақ жұртына кеңінен таныла бастады. Телевизияда оның жасаған бағдарламалары ел назарына ілікті, лайықты бағасын алған екен. Сала мамандарын мойындатып, өз жаңашылдығымен көрерменін тәнті етті. 1987 жылы "Призвание" циклды жастар бағдарламасы үшін Мәскеуде өткен Бүкілодақтық телевизия фестивалінің бас жүлдесін иеленген. Бұл оның шығармашылығының қол жеткізген бір белесі еді. 1996 жылы АҚШ-тың Аляска штатында өткен халықаралық "Northern lights" фестивалінде "Әлемдік деңгейдегі жоғарғы дәрежелі адамгершілік тақырыбын көтергені үшін" номинациясының жүлдесіне Ұлдай Ибадуллаеваның "Елім-ай" авторлық бағдарламасы лайық деп танылды. Телевизия журналисінің осынау шығармашылық жетістігі – қазақ теледидарының мүмкіндігін шетелдерде таныла бастауының бір зор қадамы-тұғын. 2002 жылы ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Жаңа белестерді мақсат тұтқан аралдық қыз Ұлдай 2002-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінде редактор, сценарист қызметтерін абыроймен атқарды. Ал 2012-2016 жылдары жаңашыл бағыттағы "Media Net" халықаралық журналистика орталығының шеберлік саласының жаттықтырушысы болып, жас творчесто иелерін қалыптастыруда үлкен еңбек етті. Сондай-ақ "Ханым", "Аружан" әйелдер журналдарында редактор қызметін атқарды. Алматы қаласындағы "Тұран" университетінде дәріс те оқыған.
Өмірінде кездескен көп қиындықтарды әрдайым жеңе білген, өз мамандығының ел таныған шебері болған тележурналист Ұлдай Ибадуллаеваның тал шыбықтай нәзік бойындағы сарқылмас қайсарлыққа таң қалмасқа, сүйсінбеске шараң жоқ.
Жақында қазақтың белгілі публицист-журналисі Қайыммұнар Табеев хабарласып: "Желтоқсандағы осындай әдемі, сұлу, жан-дүниесі қайсарлықтан тұратын арулар туралы "Қыздардың көз жасы" деген үлкен мақала жазбақ едім. Соның бір кейіпкері – Ұлдай болмақ" дегені бар. Міне, Аралда кіндік қаны тамып, бүкіл қазақ еліне танымал болған Ұлдай Ибадуллаева туралы айтылар сөз, жазылар дүниелер жалғасын таба бермек секілді...
Ал ол өзін аралдықтардың ұмытпағанына жүрегі жарылардай аса бір қуанып, жаны жадырап-ақ қалған. Туған жерге, ата қонысқа деген шексіз сағынышын оның әрбір айтқан сөзінен сезгендей болдым.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Арал қаласы