Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алжир: Азапты өмір кешкен қазақ ханымдары

Алжир: Азапты өмір кешкен қазақ ханымдары

1937 жылы 3 желтоқсанда НКВД-ның нөмірі 00758 бұйрығы «26 нүктеде» еңбекпен түзету орны ашылды. Ол жер ешқандай құжаттарда лагерь деп көрсетілмей, тек «26 поселок» деп көрсетілді. Бұл күн шын мәнінде Алжирдің ашылған күні еді. Соның негізінде НКВД-ның Ақмола арнайы бөлімінде Карлагқа қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды. Ал осында тұтқынға түскендер бұл лагерьді «Алжир» деп атады. Мұнда сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған-туыстары қамалды. Осында қамалған 8000-ға жуық әйелдің бар айыбы «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағандығы еді. Алжирге тұтқындар пойызбен алғаш 1938 жылы қаңтардың 40 градус суығында әкеліне бастайды.
Айнала ұшы-қиыры жоқ жазық дала. Лагерьде сабан араластырылған шикі топырақ кірпіштен жасалған алты барақ болды. Әр бараққа 250-300 адамнан сыятын және екі-үш қатар ағаш нар болған. Мұнда қамалғандардың көбі Мәскеу, Иркутск, Калуга, Орынбор және Ростов қаласынан әкелінген мемлекет басшыларының, әскери қолбасшылардың, басшы қызметкерлер, сондай-ақ партия секретарьларының әйелдері мен жақын туыстары еді. Бұлардың қатарында Алаш арыстарының да жарлары мен жақындары болды.
Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам
Сәкен Сейфуллин Гүлбаһрам екеуі 1926 жылы отау құрады. 1930 жылы Лаура есімді қыз дүниеге келеді. Бірақ ол кішкентай кезінде ауырып, шетінеп кетеді. 1936 жылы отбасы ұлды болады, есімін Мұхтар Әуезов Аян қойған. Бірақ отбасы бақыты ұзаққа созылмады. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин "халық жауы" деген жаламен түрмеге қамалады. Сәкен мен Гүлбаһрам соңғы рет 1938 жылы ақпанда түрмеде кездеседі. Бір жылдан кейін Сәкен Сейфуллин атылып, Гүлбаһрам Алжир-ге жіберіледі. Түрмеде Аян да ауырып, дүниеден өтеді. Гүлбаһрам абақтыдан шыққан соң жарының атын ақтап алу үшін біраз есікті тоздырды. 1940 жылы КСРО бас прокуратурасына арыз жазған, бірақ ол қаралмаған. Соған қарамастан ол ондаған жыл бойы түрлі мекемені аралап, арыз, өтінішін тоқтатпайды. Нәтижесінде 1957 жылы наурызда Сәкен Сейфуллинді ақтап алады. Ақын туындыларының бізге жетуі де Гүлбаһрамның арқасы. Сәкеннен қалған қолжазбаларды жариялап, бұйымдарын музейлерге өткізген. Гүлбаһрам 1973 жылы көз жұмған.
Бейімбет Майлиннің жары Күнжамал
Ақын Бейімбет Майлинмен танысқан кезде Күнжамал 17 жаста болған. Екеуі отау құрған соң өмірге Әукен, Рәзия, Мереке, Еділ, Гүлсім есімді бес перзент әкеледі. Отбасы 1937 жылға дейін бақытты өмір кешеді. Сол жылы басқа зиялылар секілді Майлин де тұтқындалады. Ақын ұсталғаннан кейін НКВД адамдары оларды үйінен қуып, Күнжамал бес баласымен далада қалады. Сөйтіп, Күнжамал бес баласымен екі бөлмелі үйдің бір бөлмесіне көшеді. Бір бөлмесіне төрт баласымен Ілияс Жансүгіровтің жары Фатима жайғасыпты. Екеуі күн сайын алма-кезек абақтыны аралайды.
Бейімбет Майлин ұсталғаннан кейін Күнжамал жарымен жиі кездесуге тырысады. 1938 жылы ақпанда түрмеге кезекті рет барады. Бірақ жарымен кездесуге рұқсат бермепті, тек қолына Бейімбеттің киімдерін ұстатқан. Кейін ғана Күнжамал жары атылғанын білген.
Бейімбет атылғаннан кейін 46 күннен соң "халық жауының әйелі" деген жаламен Күнжамал Майлина сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын Алжирде өтейді. Лагерьде мал бағумен күн өткізеді. Ал бес бала балалар үйіне жіберіледі.
Гүлжамал лагерьден 1945 жылы шығып, қызы Рәзияның отбасына барады. 1974 жылы өмірден өтеді.
Ұзақбай Құлымбетовтің жары Әйіш
Ұзақбай Құлымбетов 1935-1937 жылдары Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметін атқарған. Республикадағы өнеркәсіптің қалыптасуына, Түрксіб сияқты теміржол құрылысының салынуына, Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасаған. Құлымбетовтің кезінде автономиялық республика одақтас республика мәртебесін алды. Сол кезде Құлымбетов Қазақ ССР-дің жаңа конституциясын жасауда басы-қасында болды. Республиканың елтаңбасы болуы керек деген ұсыныс енгізіп, оны бекіттірді.
Сондай-ақ ол Қазақстанда Карлаг, Алжир секілді лагерьлер салынуына қарсы болған еді. Осылайша ол да 1937 жылы қыркүйекте "халық жауы" деген жаламен қамауға алынған. 1938 жылы 21 наурызда атылды.
Артынша оның жары Әйіш Құлымбетова да ұсталған. Ол Ақмола мен Қарағанды арасындағы 26-нүкте деген жерге орналастырылған. Ол жақта киім тіктірген, қамыс орғызған, жер қаздырған, сиыр саудырып, мал баққызған. Түнде қой күзеткен.
Осылайша, Әйіш Құлымбетова Алжирде 10 жылын өткізген. Олардың Ақтөре, Кәбира, Бостан, Марат, Орынша, Болат есімді балалары тағдырдың тауқыметін тартып, әркімнің босағасында күн кешкен. Әйіш Құлымбетова түрмеден оралып, 75 жасында Алматыда қызы Орыншаның отбасында қайтыс болған.
Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза
Тағы бір мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың да отбасы репрессия құрбанына айналған. Тұрар жары Әзизамен 1931 жылы отау құрған. Отбасы жеті жыл ғана бірге өмір сүрген. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов "халық жауы" деген жаламен тұтқынға алынып, 1938 жылы ақпанда атылған.
Рысқұлов ұсталған кезде отбасының Рида есімді нәрестесі болатын. Сол кезде 26 жастағы Әзиза да жаңа туған қызымен бірге түрмеге қамалады. Кейін тағы бір қызы Сәуле мен Рида екі түрлі балалар үйінде тәрбиеленеді. Ал 17 жастағы ұлы Ескендір тұтқындалып, көп ұзамай ауырып қайтыс болады.
Әзиза он жылын Алжирде өткізеді. Оның анасы Ғарифа Есенғұлова да Рысқұловтың енесі болғаны үшін Алжирге жіберіліп, сонда қайтыс болады.
Әзиза лагерьде жүргенінде ветеринарлық дәрігер болып жұмыс істейді. Жануарлар дәрігері бола жүріп, керек емес деп лақтырылған малдың дене мүшелерін аш адамдарға беріп отырған. Әзиза 37 жасында босап шықты. Лагерьден оралғаннан кейін өз мамандығы бойынша қалалық ветеринарлық-санитарлық қызмет жүйесінде дәрігер болып жұмыс атқарған.
Тұрар Рысқұловтың өзі 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталған. Алжир туралы фильмде Әйіш фамилиясында емес, басқа текпен көрсетілген.
Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш
Темірбек Жүргенов те халыққа мемлекет қайраткері ретінде танылған. Еңбек жолында қазақ мектебінің дамуына атсалысқан. 1933-34 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Сол кезде қазақ орта мектептерінің саны артты. Ұлттық мәдениетті өркендету үшін жұмыс істеген.
Жүргенов жары Дәмешпен 1924 жылы Ташкентте танысқан. Дәмеш медицина факультетіне оқуға түскен кезі екен. Ал Темірбек заң факультетінің жоғарғы курсында оқиды. Дәмеш болашақ жарынан сегіз жасқа кішкентай болған.
1937 жылы 2 тамызда Темірбек Жүргенов ұсталған. Оған да тағылған айып – "халық жауы". Ал 1938 жылы ақпанда атылған. Көп ұзамай Дәмеш те ұсталды. "Халық жауының әйелі" атанған ол 1946 жылға дейін АЛЖИР-де жазасын өтеді.
1957 жылы 18 сәуірде Жүргенов кінәсіз жазаланғаны анықталып, ақталды. Ол ақталғаннан кейін Дәмеш өмірін жарының тарихтағы орнына қатысты әділеттілікті біржола қалпына келтіріп, оның есімін ұлықтау үшін көп жұмыс істеген. Ол 1990 жылы 85 жасында өмірден озды.
         Алжир түрмесінде азапты тағдыр кешіп жатқан әйелдерге аяушылық танытқан жергілікті қазақтар оларға құрт лақтыратын болған. Бастапқыда оған налыған тұтқын әйелдер кейін оның жеуге болатынын байқап қалады. Оларды қойындарына тығып баракқа алып келіп, талғажау еткен. Кейде қойшылар бұталардың түбіне нан мен ет тастап кетіп, қамыс шауып жүрген әйелдерге белгі беретін болған. Бұл туралы түрмеде азапты тағдыр кешіп, кейін босап шыққан «халық жауы» атанған азаматтардың әйелдері өз естеліктерінде келтірген.
         Тарих Ақмола облысының бұрынғы Малиновка, қазіргі Ақмол ауылында болған Ақмола лагері жайлы ұмытқан жоқ. Бұл орын ХХ ғасырдағы адамзат трагедиясының үнсіз куәгері ретінде мұражай болып жаңғыртылып, әлі күнге сақтаулы тұр.

Дайындаған Н. МАРАТҚЫЗЫ
31 мамыр 2021 ж. 1 086 0