Ұстаздық ісі көпке үлгі
1965 жыл. Бәріміз осы Аралдағы №15 қазақ орта мектебінің 5 «а» сынып оқушысы болатынбыз. Бұл жылы көптеген жаңа пәндер қосылып, соған сәйкес ұстаздар да жаңадан келді. Қазақ тілі сабағы басталғалы тұр. Сыныпқа орта бойлы, ақсары өңді, жүзінен ерекше нұр төгілген, келісті киінген апай кіріп келді. Келе сала:
– Балалар, биылдан бастап мен сендерге қазақ тілі және әдебиеті пәндерінен сабақ беретін боламын. Аты-жөнім – Айқалқаева Нұржамила, – деп өзін таныстырды.
Сонан соң бәрімізді журнал бойынша жеке-жеке тұрғызып, таныса бастады. Бала болсақ та байқағанымыз, апайдың дауысында, сөйлеген сөзінде үлкен ерекшелік, оқушыларына деген ыстық ықылас пен мейірім шуағы сезіліп тұрды. Сол күннен бастап-ақ апайға деген құрметіміз ерекше болды. Сабағы болатын кезде кезекшіміз бар, кезекші емесіміз бар сабаққа дайындаламыз. Біреуіміз тақтаны ылғал шүберекпен, біреуіміз құрғақ шүберекпен сүртіп, ал қалғанымыз сыныпты жуып шығамыз. Ұстаз кіріп келгенде класта шыбынның ызыңы естілуші еді. Себебі ол сондай тазалық пен тәртіпке көңіл бөлетін жан болатын. Сынып таза болмаса, апай ренжіп қала ма деген оймен жүгіреміз ғой. Апайды сыйлайтынымыз соншалық, ол кісінің қабағын біз үшін кір шалмауы керек.
Сонымен бір жыл өтіп, келесі оқу жылы басталып кетті. Қазақ тілі сабағына кіріп келген Нұржамила апай:
– Балалар, биылдан бастап мен сендерге класс жетекші болатын болдым, аттестатты менің қолымнан аласыңдар, – деген кезде қуанышымызда шек болмады ғой.
Жан-жағыма қарасам, бүкіл оқушылар мәз болып отыр екен. Сөйтіп бақытты күндер өтіп жатты. Бір күні апай сабаққа келмей қалды. Басқа апай келіп, апайларың ауырып қалды, "оқушыларымды көргім келеді" деп жатыр, барып қайтыңдар, деді. Апайдың үйіне бәріміз келе жатырмыз. Байқаймын, ілгері басқан аяғымыз кейін кетіп келе жатырмыз. Әрине бәріміз де тұнжырап келеміз. Үйге кірдік. Ұстаз төргі бөлмеде биік төсекте жатыр екен. Аппақ шөлмектей болып, бозарып кетіпті. Бізді көріп, көзіне жас алды. Қыздар пыс-пыс етіп жылап отыр. Біздің де оңып тұрғанымыз шамалы. Басымызды төмен салып, үнсіз отырмыз. Бір кезде апай өзінің әдемі даусымен әңгімесін бастап кетті. Қатты ауырып қалғанын бірінші Алла, екінші сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері болған Зәуір Махатов ағайдың үлкен білікті дәрігерлігінің арқасында аман қалғанын айтты. Дауысы сөйлеген сайын ширыға түсті.
– Сендерге де рақмет, менің аман қалуыма сендердің де тілектерің қабыл болған сияқты. Сабақтарыңды дұрыс оқыңдар, көп ұзамай жұмысқа шығамын, тәртіптерің дұрыс болсын. Уайымдамаңдар, енді мен ауырмаймын, – деді.
Одан кейін апай ауырып қалыпты деген әңгіме болған емес. Апайдың үйінен шыққандағы түріміз қандай қуанышты еді. Жүзіміз бал-бұл жайнап, келесі сабаққа кіріп кеттік.
Шынында да, онжылдықты бітіріп, аттестат алғанда жеке-жеке өз қолымен аттестат тапсырды. Бұл біздің апай тарапынан көрген алғашқы тектілік еді. Ондай ақыл, парасат тек текті тұқымнан шыққан адамда болатын асыл қасиет екенін кейін білдік қой. Одан кейін есте қалатын оқиға былай болды.
Ұмытпасақ, 7 класс оқимыз, кезекті сабақ апайдың сабағы. Апай класқа кіріп келгендегі байқағанымыз, көңіл-күйінің жоқтығы еді. Бәріміз тым-тырыс апайға қарап отырмыз.
– Балалар, бүгін бүкіл қазақ халқы үшін азалы күн, – деді.
Сөйтті де көзінен жасы тамшылап тұрып сөйлеп кетті.
– Радиодан хабар естідік, қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы Шәкен Айманов Мәскеуде қайтыс болыпты, – деді.
Кластың іші жым-жырт. Апай әңгімесін тереңнен бастап кетті.
– 1961 жылы жазушы М.Әуезов, 1964 жылы ұлы ғалым Қ.Сәтпаев дүниеден озғанда қазақ халқы үшін ауыр болды, енді, міне, араға 2-3 жыл салып тағы бір қайталанбас тұлғасынан айырылды. Қазақ өнері жетім қалды. Қазақ үшін бұл нар тұлғалар қайталанбайтын алыптар ғой, – деп сөзін аяқтады.
Бізді баласынбай, қазақтың үш алыбы туралы ақпаратты жан-дүниемізге, санамызға сіңіріп жатты. Бұл әңгіме біздің апайымыздың елін сүйген, халқын сүйген Отанының шын патриоты екенін көрсететін нақты дәлелі еді.
9 класс оқып жүргенде досымыз Мұқан Қанибаевтың әкесі кенеттен қайтыс болды. Апайымыз бастап, Мұқанға қайыр айтып шықтық. Әрине досымыз үшін өте ауыр қайғы еді. Сонда апайымыз бәрімізді жинап алып:
– Қолдан келсе Мұқанның көңілін аулаңдар, оңаша қалдырмай, бірге ойнаңдар, – деп тапсырма берді.
Әлі есімде, апай бір күні Мұқанның қасына келді. Бірнеше сұрақ қойды. Басынан қайта-қайта сипап тұрып, көзіне жас алды. Бұл біздің апайымыздың шәкіртіне деген шынайы аналық сезімі болатын. Қандай тектілік?! Таңғаларлығы, апайдың бір кішкентай жүрегінің шуағы бәрімізге жетіп артылатын. Ал бәріміз жиналып сол апайымызға жылу бере алдық па?!
Сегізінші класта оқып жүргенде тағы бір жағдай болды. Бір сабақ болмай қалып, не істесек деп тұрғанда сыныптастардың біреуі «Порттың асханасына барып тамақ ішейік» деді. Содан 5-6 бала асханаға тарттық. Асхана Арал теңізі портының дәл алдында орналасқан. Жұмысшылар тамақтанатын үлкен асхана. Кіріп келсек, ішінде адам аз екен. Тәтті иіс мұрынды жарып тұр. Біреуіміз щи, екіншіміз борщ және кім кисель, кім компот дегендей. Содан үстел басына жайғасып, тамақты ала бергенде, асханаға апай кіріп келе жатыр. Отырып қалдық. Ол болса қасымызға бір орындық қойып, жайғаса кетті. Алдымен асханада отырғанда бас киімді шешу керек екенін түсіндірді. Содан қоғамдық орындағы тамақтану гигиенасы мен ас ішу мәдениеті туралы біраз мағлұматтар берді. Әрине бұл да біз үшін өмірлік сабақ болды. Уақыт өте талай жерде болғанымызда, бірінші кезекте апайдың осы дәрісі еске түсетін. Кейін білгеніміздей, сол уақытта балалар бос болғасын оқушылар жиналысын өткізбек болған екен. Өтпей қалған жиналыста апайдың не айтқысы келгені белгісіз. Бірақ сол асханадағы дәрісі өмір бойы құлағымызда қалды және сол дәрістің арқасында көп жерден абыроймен шықтық қой.
Бізді оқытқан басқа ұстаздарымыз туралы да айтпай кете алмаймыз. Мектеп директоры Жұман Беламанов ағай мектеп ұжымының, оқушылардың алдында үлкен беделге ие болды. Бейне бір алып кеменің капитаны секілді. Сол мектепті ұзақ жылдар басқарып, үлкен абыройға ие болды. Бұдан бөлек, алгебрадан Ұрқия Зарипова, тарихшы Ғайни Ғұмарова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Лидия Гришко, химия пәнінен Оңғар Дәрменов, биология сабағынан Бақыт Қостаеваның сол кездегі мектеп оқушыларын білім нәрімен сусындатуда еңбектері ерекше еді. Бүгінде біздің де мектеп бітіргенімізге 50 жыл уақыт болыпты. Көпті көрмесе де көпке үлгі болатын бір адамның ғұмырымен пара-пар болатын осы уақыт ішінде аттары аталған ұстаздардың көбі о дүниелік болып кетті. Қазіргі таңда Нұржамила апай мен Бақыт апайымыз Алланың берген жасымен аман-есен немере-шөбере сүйіп, отырған жайлары бар. Екеуі де Алматы қаласында тұрып жатыр. Осы заманның бақытты да сүйікті әжелері.
Құттыбай ҚАРАҚҰЛОВ,
еңбек ардагері, Ақтөбе қаласының тұрғыны