Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алғысқа лайық ұстаз

Алғысқа лайық ұстаз

Ұстаз – ұрпақтың рухани сәулеткері. Парасат пен пайымды, ақыл мен білімді, ұлттық және адалдық құндылықты ұрпақ бойына сіңіруші тұлға. Егемен елеміздің ертеңін ойлар, білімді де саналы шәкірт тәрбиелеуде мұғалімнің өзіндік орны ерекше. Ал мұғалімнің шеберлігін көрсетіп, осы жұмыстарды жүйелендіріп, оларды қалыптастыру бірінші кезекте басшыға байланысты. Білікті басшы тұтастай бір ұжымды жетістікке жетелейтінін көріп-біліп келеміз.
Менің бүгін сөз еткім келіп отырған кейіпкерім де білікті басшы, білімді маман, Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебінің директоры Күләйша Сүлейменова.
Қазақта «құр мақтау қарын тойдырмайды» деген сөз бар. Осы бір ауыз сөздің астарына үңілсек мақтанға салынудың адам баласы үшін қаншалықты қауіпті екенін анық аңғарамыз. Ал елдің берген бағасы шынайы еңбектің көрінісі емес пе?! Олай болса айтарымыз ойымыз салмақты болу үшін сөзді әріптестерінің пікірінен бастайын. Қай мұғалімді жолықтырып, басшының қабілетін сұрай қалсаңызда:
– Ұжымның жетістігі – бірінші мұғалімдердің абыройы. Ал мұғалімдердің табысты жұмыс жасауына жан-жақты жағдай жасау басшымыздың міндеті. Қазіргі уақыттағы шәкірттеріміздің биік белестерді бағындыруы мен ұжымдағы бірлік, бір-бірімен тығыз байланыс орнату, ата-анамен ұстаздар арасындағы түсіністік табу жолында Күләйша апайдың қабілетін жоғары бағалаймын, – деп ағынан жарылады.
Сонымен қатар қанша жыл ұстаздық етіп, басшылық биікті бағындыраса да ізденісінен тынбай, алға қойған мақсатқа жетпей тынбайтынын да тілге тиек етеді.
Осындай көпшіліктің алғысын арқалаған басшының өмір жолына тоқтала өтейік. Күләйша Сүлейменова 1968 жылы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. №23 темір жол мектебін тәмамдаған ол Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шықты. 1990 жылы мұғалімдік мамандығын алған Күләйша сол жылы №231 орта мектебінен еңбек жолын бастады. 1993 жылы осы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Осы жылы Арал аудандық атаулы мектептің мүшесі болды.
«Жыл мұғалімі – 1994» байқауына қатысып, лауреат атанған Күләйша аудандық білім бөлімі мен салалық кәсіподақ комитетінің мақтау қағазымен марапатталды. Араға бір жыл салып Қызылорда қаласындағы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру жетілдіру институтында ұйымдастырылған қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өткен көрініс сабақтар байқауында бірінші орын алды. 1995 жылы республиканың білім жүйесіндегі еңбегі мен жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жұмыстары үшін ҚР Білім министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі нәтижелі жұмысына осы қызметте ұзақ уақыт еңбек етунің өзі дәлел болады.
Еңбегі еленген ұстаз аудандық білім бөлімінің сеніміне лайық деп саналып, Арал қаласындағы іргелі ұжымдардың бірі №220 орта мектебінің директоры болды. Аталған ұжыммен де талай биіктерді бағындырып, «Алтын белгі» иегерлерін түлетті. Осы мектепте ауданда алғаш болып инклюзивті сынып ашуға мүмкіндік жасады.
Бүгінгі таңда Күләйша Сүлейменова Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектептің директоры. Туған жердің талапты шәкірттеріне білім беру саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан ұстазға толағай табыс тілейміз. Сексеуілдіктер әркез өзіңдей еңбек сүйгіш жанмен мақтанатын болады.

Жоламан ЖОЛДАСОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Сексеуіл кенті
05 наурыз 2021 ж. 899 0