Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім бәсекесі: еңбек пен нәтиже

Білім бәсекесі: еңбек пен нәтиже

Биыл жаңа оқу жылымен қатар елдегі ең негізгі саяси шара дәстүрлі Президент Жолдауы қатар келді. Саяси әрі әлеуметтік мәселелерді қамтыған бағдарлы құжатта қоғамның көптеген саласы қамтылды. Соның ішінде мұғалімдер мәселесінің тағы бір мәрте көрініс табуы ұстаздар қуанышын еселей түсті. Білім күнінде бала бағбандарына жасалған қолдау барша ұстаздың мерейін өсіргендей.

Саяси құжатта Президент мұғалімдер жалақысының тағы да көтерілетіндігін жеткізді. Мұндай шешім бізді қанаттандырып ғана қойған жоқ, сонымен қатар үлкен жауапкершілік те жүктеп отыр. Себебі ертеңгі ел іргесін қалайтын жақсы маман, «толық адам» білікті мұғалімнің шеберханасынан шығады. Ұстазы жақсының ұстамы да берік болатыны ақиқат. Сондықтан әрбір педагог мемлекет жасаған қолдаудан шығармашылық шабыт ала білуі қажет деп есептеймін.Қазіргі таңда өзім басқаратын мектеп ұжымы дәл осы бағытты бағдаршам етіп келеміз. Қуанатынымыз – біздің әрбір қадамымыз нәтижесіз емес. Ұстаздарымыз да, оқушыларымыз да өткен оқу жылын табысты аяқтап, биылғы білім тоқсанын жаңа серпінмен бастады. Өткен оқу жылының қорытындысын-ақ осы айтқан сөзімізге дәлел етсек болады. Мәселен 2019-2020 оқу жылында түлектеріміздің 27-сі ҰБТ тапсырып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Тесттің қорытындысы бойынша 19 оқушымыз грант иегері атанды. Одан бөлек мектеп аяқтаған балалардың түгел дерлігі қоғамның әр саласына өз бағыты бойынша оқуға түсті. Бұл ең алдымен ұстаз-әріптестерімнің өлшеусіз еңбегінен, тапсырманың тиянақтылығынан.
Мұғалімдердің мерейін арттырып келе жатқан оқушыларымыз жетерлік. Елдегі пандемияға байланысты білім беру ісіндегі өзгешеліктерге қарамастан жеткіншектеріміз түрлі білім бәсекесінде жетістікке жетіп келеді. Бұл сапалы білім үшін қашықтан оқыту кедергі бола алмайтынының белгісі.
Қазір жаңа оқу жылының басы. Алда ұлт үшін де, ұрпақ үшін де атқарылатын зор міндет бар. Бүгінгі біздің алдымыздағы басты мақсат – сапаға жұмыс істеу. Сондықтан биылғы нәтижені былтырғымыздан да асыра түсу үшін еңбек етеміз. Сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы жұмыстарға сәттілік тілеймін.
Күләйша СҮЛЕЙМЕНОВА,
№177 мектеп директоры
08 қыркүйек 2020 ж. 888 0