Сырдария суы азайды, қуаңшылық басты маңайды
Сырдың суы сарқылып бара жатқандығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Өңірді асырап отырған Сырдария суының бұлайша күрт төмендеп кеткені шаруаны әбігерге салды. Әсіресе, егіншілікпен күнелткен халықтың жайы қиын болып тұр. Бұрын да экологиялық апаты артып жығылатын Арал теңізінің халі қазір тіпті нашар деуге болады. Біздің өңірдегі көлшіктер кеуіп, Қамбаш көлі бірнеше метрге кері шегінгелі де үш жылға жуық уақыт болды. Су – бар тіршіліктің бастауы десек, мұндағы барлық проблема айналып келгенде су тапшылығына тіреліп тұр.
Жалпы, мамандар су тапшылығының бірнеше себебін атап отыр. Ең бірінші кезекте, халықаралық мәселені шешіп алу аса маңызды. Мұнан бөлек, табиғи құбылыс пен климаттың бұзылуы өзінің кері әсерін тигізуде. Сырдария өзені өзінің бастауын Тәжікстандағы таулардан алады. Өзен Өзбекстан мен Қырғызстан территорияларынан көрші Түркістан облысы арқылы өтіп, Арал теңізіне құяды. Жалпы ұзындығы 2,212 шақырымды құрайтын дария суын пайдаланушылар көп-ақ. Соңғы бірнеше жылдан бері жауын-шашын көлемі күрт азайып кеткен. Мұның бәрі дария суының деңгейін түсіріп отырған басты себептер.
Қырғызстандағы ахуал қалай?
Ғалымдардың болжамдары бойынша, Қырғызстандағы мұздықтардың көлемі 2025 жылы 30-40 пайызға азайып кетуі мүмкін. Ол өз кезегінде Орталық Азиядағы өзендер суының 25-35 пайызға азаюына алып келеді. Солай кете берсе, 2100 жылы Қырғызстанның географиялық картасында мұздықтар жойылуы әбден мүмкін.
Ал Қазақстанның бүкіл өңірін көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етіп отырған Оңтүстік аймағы қуаңшылыққа ұшырап, шөл далаға айналуы мүмкін. Өйткені бұл өңірде басқа су көзі жоқ. Оған қоса, Кіші Арал тартылып, экология ушығады. Бұл бір ғана Қазақстанға емес, әлем елдеріне әсер етеді.
Қырғызстанның солтүстігінде Қазақстанмен шектесетін Тянь-Шань тауларында 6000-дай мұздық бар. Жалпы көлемі 8047 шаршы шақырымді құрайды. Яғни қырғыз елі территориясының 4,2 пайызы осы мұздықтардан тұрады.
Гляциологтар мұздықтардың аз-аздап еріп, күндердің бір күнінде жойылып кететінінен қауіптенеді. Сондықтан азиялық Тянь-Шань мұздықтарының мәселесі осы өңірдегі елдердің ешқайсысын толғандырмай қоймауы мүмкін емес.
Қырғызстан гляциологиялық стансасының жетекшісі Бақыт Ерменбаев мұздықтардың жыл сайын өте жылдамдықпен шегініп бара жатқанын айтып, көп жылдан бері мәселе көтеріп келеді. Ғалымның айтуынша, қыста қар аз жауып, жазда күн жылынғанда мұздықтардың көлемі азая түсетіндігін айтты.
Мұздықтардың жыл сайын еріп тұруы заңды құбылыс. Бірақ кейінгі қырық жылда Жер шарында жылдан-жылға үдей түскен климаттың жаһандық жылынуы мұздықтардың көбірек еруіне әсер етуде. Мұның үстіне осы жылдардағы адамның араласуымен болып жатқан технологиялық үрдістер мұздықтардың еруіне әсерін тигізуде.
Егіннің жайы не болмақ?
Биылғы жылы өңірде күріш егістігінің көлемі 5 мың гектарға қысқармақ. Сырдариядағы су тапшылығы салдарынан осындай шешім қабылданған. Соңғы бірнеше жылдан бері өзендегі судың деңгейі төмен түсіп кеткендіктен, қарапайым шаруалар тығырыққа тіреліп отыр.
Су тапшылығының боларын мамандар әлдеқашан білсе керек. «ҚазСушар» РМК облыстық филиалы, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы 2020 жылдың желтоқсанынан алда егілер күріш көлемін 78 500 гектардан асырмау керектігі жөнінде ұсыныс берген. Оны облыстық әкімдік шаруашылықтарға егіс науқанынан бұрын ескерткен. Бірақ соған қарамастан биыл 90 мың гектардан астам күріш егілді.
Егіншілікпен айналысып отырған Ақирек ауылдық округіндегі халықтың да бүгінгі күйі көңіл көншітерлік емес. Жыл басында жоспар бойынша 74,5 гектар жерге егін егілетін болған. Бірақ мұндағы судың тапшылығына байланысты қазір тек 35 гектарға ғана дақыл тасталды. Қалған жұрт жерін жыртып, суды күтіп отыр. Жылда мұндай уақытта егінді толық егіп болып, жер бетіне көрініп, көктеп шыққан дақылды бақшаның басқа жұмысымен айналысып жататын шаруа қожалықтары су тапшылығын байқаса да болашақтан үмітті. Ауыл әкімі Аралбай Ниязымбетовтің сөзінше, «ҚазСушар» РМК облыстық филиалы арқылы бұл мәселені шешу бағытында келісім жасалған. Алдағы уақытта шаруа қожалықтарының игілігіне 1166 текше метр аяқсу келетін болады.
Жалпы, мұндағы егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда біраз кемігендігін байқауға болады. Мәселен, алдыңғы жылы 83 гектарға егін егілсе, биыл бұл көрсеткіш төмен түсті.
Қамбаш көлі қалпына келе ме?
Жаз мезгілі басталса суына түсуге жұрт тегіс асығатын Қамбаш көлінің бүгін сұрқы қашып, базары тарқағандай. Суға түсу маусымында жылына 90 мыңға жуық келушіні қабылдап, кәсіпкерлік дамып, ел еңсесін көтеріп келе жатқанда судың деңгейінің төмен түсуі жағдайды күйретті.
– Есепке жүгінсек, су жағалаудан 500 метрге дейін шегінген. Бұл, біріншіден, осы өңірдің экологиясына үлкен соққы. Екіншіден, балық аулап кәсіп етіп, несібесін осы көлден айырып отырған балықшылардың жұмыссыз қалуына себепші. Бұдан бөлек, көл маңында туризм дамып тұрған шақта 25 ауыл тұрғыны көл жағасынан кәсіпкерлік мақсатта нысандар ашып отырған еді. Қазір қайтқан көлге келушілер болмаған соң, бұл кәсіпкерлер де нәпақасынан айырылды. Экологиялық жағдай нашарлап бара жатыр. Су ашып кетті. Адам тұрмақ, мал су ішпейтін кезге жеттік. Жел соқса құм суырады. Ауылды шаң басады. Тартылған көлдің ұлтанындағы шалаңның күңірсіген сасық иісінен демалу мүмкін емес, – дейді Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Нұржау Ділмағамбетов.
Жалпы, Сырдария Аралға сарқылып әрең жетеді. Соның салдарынан маңындағы шағын көлдер бүгінде кеуіп қалған. Жерлесіміз, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы енді Қамбаш пен Ақшатау көлдер жүйесін сақтап қалу үшін дарияны бөгейтін тоспа салудың маңызы зор екендігін айтып отыр.
– Жарты ғасыр бұрын Сыр өңірінде 3000-нан астам ірілі-ұсақты көл болған. Содан бері сақталып қалғаны 200-дей ғана. Соның ішінде небәрі 55 айдында балық шаруашылығы қолға алынып отыр. Қалғанының жай-күйі белгісіз. Жалпы, соңғы жылдардың бедерінде мамандар 17 көлдің аңқасы кеуіп қалғанын айтады. Егер дария деңгейі көтерілмесе, аймақтағы көлдер жүйесі үлкен апатқа ұшырауы мүмкін. Демек, су мәселесін жедел шешу керек. Егер осылай бола берсе, айналдырған 4-5 жылдың ішінде көлдердің біразы құрып кетуі мүмкін. Сырдария трансшекаралық өзен болғандықтан, оның суы мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Әйтпесе Сыр бойындағы ұсақ көлдердің тағдыры қиындағанның үстіне қиындай берері хақ. Тек көлдер ғана емес, осы өңірде қаншама халық отырғанын да ұмытпаған ләзім. Өйткені аймақ тұрғындары өзен-көлдердің арқасында бау-бақша, егін салып, балық аулап күн көріп отыр. Су кетсе, халықтан да күй кетері анық, – дейді эколог.
Түйткілді мәселе шешімін таппақ
Айдың басы елді алаңдатқан мәселеге қатысты жағымды жаңалықпен басталды.Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Тәжікстаннан қосымша 300 млн текше метрден астам суармалы су келетіні туралы айтты.
Мәселеге орай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Д. Джумамен кездесіп, тәжік тарапымен «Бахри Точик» су қоймасынан биылғы жылғы маусым-тамыз аралығында 315 млн текше метр суды қосымша ағызу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Бұл көлем Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде суармалы су тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді.
–Түркістан және Қызылорда облыстарының қажеттіліктері үшін Сырдария өзені бассейніндегі су жағдайының қиындығын ескере отырып, тәжік тарапы Қырғызстан Республикасы Тоқтоғұл су қоймасынан ағызатын су көлемінен басқа, маусымнан тамызға дейін «Бахри Точик» су қоймасынан қосымша 315 млн текше метр су жеткізуге келісті. Қазақстан өз кезегінде Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қолдау көрсетеді, – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Деректерге сүйенсек, осындай тапшылық бұрын да байқалған. 2014 жылы өзекті мәселе бұдан да күрделі болған. Бұл – табиғи құбылыс. Дегенмен өзеннің суын мақсатты жұмсап, үнемдеу қажет.
Н. БАҚЫРАН