Адалдықтан айнымаған Айжекем
Қалың жұртшылық Айжарық Сәдібековті талантты журналистігі, дарынды жазушылығы арқылы жақсы таныды. Қарасөздің қаймағын қалқыған керемет қаламгер болды. Азаматтық арлылығы мен пендешіліктен таза жүрегі, адалдығы өзгеше болатын. Кәсіби журналистер көп қолданатын «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөз бар емес пе. Сол сөз осы біздің Айжекеңе арнап айтылғандай-ақ.
Айжарықпен біз айдынды Арал теңізінің шалғай бір түкпіріндегі, дүние-әлем өркениетінен жырақтау қонған Көкарал деген жерде туып өстік. Өркениеттен қашық дегенмен де, нағыз тұмса табиғаттың ортасы еді. Айдын шалқарлы ұлы теңіздің ақшулан толқындары арнаға сыймай, жағалау жартасты ұрып жататын кез. Көкарал жері көк арал десе дегендей, пұшпағы бүлінбеген ғажайып бір, жұмақтай жер еді.
Мыңдаған жылдар ұлан даланың жақұтындай болған ұшан теңіздің құт-берекесін еркін еміп отырған балықшы ауыл болатын. Осы Көкаралға Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1930 жылдары балық колхозы құрылған. Ауылда 130-дай халық тұрған. Әке-шешелеріміз колхозға мүше болып, теңіз толқынымен арпалысып тұрмыс-тіршіліктерін кешті. Колхоз болған соң мектеп ашылды, азды-көпті жаңалықтар келген екен. Аудан орталығы Арал қаласынан балық тиейтін кемелер келіп тұратын. Теңіз жағалауында оңаша жатқан ауылда өсіп келе жатқан балалардың бүкіл дүниені танытушысы, тәрбиешісі – ата-анасы мен мұғалімдері. Әлі радио, газет дегендер жоқ кез. Айжарық менен бір-жар жас үлкен болды. Әкесі Сәдібек, оның ағасы Сәндібек қажы ескіше сауатты, діни оқу оқыған кісілер болды. Халықтың алдында бұл әулеттің адамдары жөні түзу, сыпайы сөз сөйлеген жайсаң жандар болатын. Әйтеуір осы кісілерге халық құрметпен қарап сыйлайтын.
Сонымен жасымыз жеті-сегізге келгенде ауылдағы мектептің табалдырығын аттадық. Бір қызығы, шағын мектептің ішіндегі бір сыныпта әр жастағы балалар қатар отырып оқи беретін. Айжекем жас кезінен-ақ өзінің қабілеттілігін көрсетті. Сырт қарағанда тұйықтау, момындау көрінгенмен де, білімге деген құштарлығы зор болатын. Өзге балаларға қарағанда алғырлығы көрініп тұратын.
Сол кездегі бір қызық жайт әлі күнге дейін есімде. Әлгінде айтқанымдай, әкесі Сәдібек қай-қай заманда да бес уақыт намазын қаза жібермей оқитын кісі. Кішкентай Айжарық сол аяттарды күнде тыңдап жүргендіктен бе, жаттап алған болатын. Балалығы болар, мектепке келген соң да оқушыларға әлгі Құран аяттарын жатқа соғады. Мұны біреулер мұғалімдерге айтып барыпты. Кеңес заманында дінге деген көзқарастың қандай болғаны белгілі емес пе?! Мұғалімдер де шошып кеткен болуы керек, шұғыл түрде мектепте жиналыс жасап, кішкентай Айжарықтың осы бір ісін кәдімгідей талқылап тастаған.
Сәдібек көкемізден екі қыз, бір ұл еді. Апалары мектептен соң әрі қарай білім алған жоқ. Өйткені тұрмыс-тіршіліктері де айтарлықтай болмады. Шешесі Кіпия науқастау кісі болды. Ұзақ жыл сол аурудың ақыретін тартты, қиындығын көрді. Алайда Айжарық анасының жағдайын жасаудан бір сәт те тайқыған емес. Үнемі жанында болды. Мектеп бітірген соң, көкірегінде үлкен армандары бар бозбала өз талабымен оқуға аттанған. Ол кезде теңіздің арғы бетіндегі Көкарал ауылынан үлкен қалаларға барудағы жолдың машақаты қиынның қиыны. Әуелі теңіз арқылы Аралға жетеді. Одан Қызылордаға келеді. Сол оқып жүрген кездерінде ауылға келгенде осы жол қиыншылықтарын, Аралда, Қызылордада ағайындарының жоқтығын сөз арасында айтып отыратын. Шынымен де Айжекеңнің айтатын өкінішінің бірі осы нағашылары жағы еді. Өйткені шешесінің әкесі 29 жасында ерте қайтыс болып кеткен. Ал екі ағасы Ұлы Отан соғысына аттанып, қан майданнан оралмаған. Содан да болар, кейде өзара оңаша қалғанда: «Адамның бір жұрты нағашы ғой. Тілеулесі де, тілектесі де болатын – солар. Мен өз нағашыларымды көрген жоқпын. Ана екі нағашым тірі болғанда, маңдайымнан сипайтын ағамдай болар ма еді» дейтін. Өз шығармаларында осы нағашылары туралы елжірей отырып жазатыны бар. Нағашы демекші, қазақы рулық-шежірелік жолмен келгенде, біз Айжарыққа нағашы болып келеміз. Осы жағынан да ол бізді, біз оны үнемі жақын тартып, бауыр көріп жүретінбіз.
Айжарық Қызылорда пединститутында қандай қиындықтарға да қарамай оқып жүрді. Алайда бір-екі курстан соң оны әскери борышын өтеуге жібереді. Әскери борышын өтеп келген соң, білімге деген құштарлығы қаншама болғанымен де, әрі қарай оқуын жалғастыруына тұрмыстың таршылығы жібермеді. Сөйтіп қалған бір-жар жылын сырттай оқу түрінде бітіріп алды.
Пединститутты бітірген соң, Жалағашқа қызметке кетті. Бұл жылдары қолына қалам алып, журналистік бағын сынап жүрген кез. Аты да шыға бастаған. Алайда қолына қараған, егде тартқан әке-шешесі бар ол сүйген жарын да көп іздеп барып үйленді. Өйткен себебі сол қарттардың бабын табатындай өмірлік жолдасым болса деп ойлап жүрген. Сөйтіп Жалағаштың қызы Марияшпен 1967 жылы бас қосып, шаңырақ көтеріп, бала-шаға өрбітіп, жақсы өмір кешті. Марияш жайлы мінезімен, жарасымды қылығымен, қазақы қалпымен Айжекеңе жақсы жар болды. Ата-енесіне «іздегенге сұраған» дегендей, керемет ибалы, инабатты келін болды. Сол кісілердің барша жағдайын келістіре жасап, сол үйдің «отымен кіріп, күлімен шықты» дегендей, бар тіршілігін қылау шығармай атқарды. Алайда пешенесіне жазылған жасы өлшеулі болды-дағы, өкінішке орай, 47 жасында бақилық болып кетті.
Айжекең көп нәрсені ішіне түйген, тәңірі түйсігін ерекше етіп жаратқан сырбаз да сұңғыла жан ғой. Асыл жары өмірден өткен соң, екінші рет жанына қосақ іздемеді. Оған себеп балаларына лайықты ана табылмас деген болар. Ұрпақтарының ыстық-суығына көніп жүріп, ұл-қыздарын желкілдетіп өсірді, бір-бір шаңырақ қылды. Басына түскен қиындықтарды жалғыз көтеруге бел буып, сол күйі қажымас қара нардай қыңқ етпестен өмірінің соңғы межесіне жетті. Сірә, ол айналасынан сүйікті жары Марияштың орнын басатындай жан көрмеген болуы керек. Шаңырағының шаттығы үшін, жарасымды тірлігі үшін өз қиыншылықтарына төзе білген Айжекеңнің бұл да бір қайтпас қайсарлығын көрсетеді. «Келін ененің топырағынан жаралады» деп халық даналығы айтса айтқандай-ақ екен. Қолындағы келіні Мадина да тап бір бибатпа Марияштай болып, осы үлкен шаңыраққа енді. Ата өсиетін, ата батасын алған жас келін бүгінде кемеліне келіп, осы әулеттің бетке ұстары, ағайын-туғанның тілекшісі болып келеді.
Қаламгерлік қуаты шығармашылық орталарда танымал болып, қызметін облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне ауыстырды. Әуелі тілшіліктен бастап, кейін білдей бір бөлімнің меңгерушісі болып ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті. Құдайдың берген бес-алты баласы оның дүниедегі ең бір қазыналы байлығы болды. Қызылордаға көшкен кезінде әкесі мен шешесін қолына алды. Алланың бұйрығымен болар, әкесі Сәдібек туған жерде тіршілік кешіп жатқан "Сәндібек қатты ауырып жатыр" деген хабарды естіп, Көкаралға табаны тие ауырып, 1969 жылы ағасынан бұрын дүниеден озып, топырағы ата-қонысынан бұйырды. Анасы Кіпияға топырақ Қызылордадан бұйырды. Олар баласы Айжарық пен келіні Марияшқа риза болып-ақ аттанған шығар.
Айжекең – қазақ айтатындай «ала жіпті аттап» көрмеген кісі. Бүкіл өмірі тек қана тазалықтың жаршысы секілді көрінеді. Олай дейтінім, облыстық газеттің бір беделді журналисі бола жүріп қаншама адамдарды жазды, қаншама белгілі-белгілі азаматтармен араласты, жазушы ретінде есімі елімізге танымал болды, сөйтсе де сол баяғы қала орталығындағы «хрущевка» делінетін екі бөлмелі пәтерді қанағат етіп өтті. Анда-санда Қызылорда қаласына барғанда осыны тұспалдап:
– Айжеке-ау, осы облыс басшылары бар, бөтен бар, құдайдың бір үйін сұрамайсың ба? – деймін.
Сонда Айжекең менің сөзіме былқ етпей:
– Ей, өздері білмесе, өздері лайықты демесе, мен кісі алдына бармаймын,– дейтін де қоятын.
Айжекең де – қызық кісі. Талай адамдардың кітаптарын жазуға көмектесті. Кейінірек белгілі бір азаматтың үлкен кітабын бастан-аяқ өз қолымен жазып бергені бар. Олар да кітапты оқыған соң, оған риза болыпты. «Жақсы жазған екенсіз» деп мақтап та қойған екен. Соны әңгіме арасында «Айжеке, мынау қаламақыңызды берді ме?» десем, ол: «Ай, енді беретін шығар» деп қойды. Сонда қанша еңбек етсе де, «өздері білер» деп, тіпті еңбегінің өтеуін сұрамай жүре беретін еді. Шынымен де Айжарық журналистік жақсы беделін пайдаланып, шамалы жағдайының бір жағын дұрыстап алайын деп пенде болып ойлап көрмеген жан.
Айжекең беріректе жетпіске толғанда оның мерейтойын Аралда ұйымдастыруға ұйытқы болып азды-көпті жүгіргенім бар. Жаны шуақты жайсаң жанның бір қуанғанын көрсем дейтінмін. Мерейтойды Аралдан бастап, өзіміздің туған жеріміз Көкаралға дейін алып бардық. Көкарал әрине баяғы Көкарал емес. Шалқып жатқан, толқыны тулап жатқан теңіз жоқ. Көкаралдың басында ел де жоқ. Алайда Айжекеңді сол теңіздің қалған суына алып барып, сол суға түсіріп, қара қайыққа мінгізіп, өзі біраз жыл қолына ұстамаған ескекті қолына ұстатып естірттік. Облыстық «Қоғам» телевидениесіне түсіріп алды. Ауылдың бар құрметін көрсеттік. Жүрегі сезімтал, өзі туған жерін жақсы көретін адам ғой, әжептәуір марқайып қалды.
Осыдан екі жыл бұрын Айжекең 80-ге келді. Бұл мерейтойы облыс көлемінде жақсы аталып өтіп жатты. Аралдағы біздер болып елге шақырдық. Арал ауданының әкімінен бастап зиялы қауым, осындағы қаламгерлер, елдің азаматтары қатысқан кеш өткіздік. Мерейтой өзіміз қабырғасынан түлеп ұшқан Ақбастыдағы №22 мектепте жалғасты. Мұндағы халықтың да Айжекеңе құрметі бөлекше болды. Жаңа мектептің бір бөлмесін шығармашылық мұражайы етіп атын берді. Біз де қарап қалмадық, сол мұражайдың ішін жабдықтауға қолымыздан келгенше көмек жасадық.
Айжекең сол сексен жасын тойлап жүрген мерейтойында аздап сырқаттанып жүрген. Сол сырқат жайлап-жайлап, үзіліп-созылып әурелей берді-ау деймін. Ауыра бастады. Ана жерім, мына жерім деп өзі айтып қоятын. Қызылордаға әдейілеп ат басын бұрып барып, көңілін сұрап, Аралдың шұбатын алып, барып қайттым. Сөйтіп жүргенде аяғында бүкіл елдің басына қара бұлт болып пандемия келді. Мен де сол кезде осы аты жаман аурудың құрығына түстім. Екеуміз екі жақта ауырып, Айжекең жарық дүниеден мәңгілік сапарына аттанғанда бара алмадым. Басына топырақ сала алмадым. Бұл да бір «кем дүние» дегендей, өкініш болып қалды.
Жасымыз бұл күнде біразға келді. Қаншама өмір белестері жылжып-жылжып артта қалды. Нешеме арда азаматтармен істес, әріптес, дос-жар қарым-қатынаста болдық. Әрқайсысының өзінің өзіндік орны бар-ақ шығар. Солардың ішінде парасатты да байсалды, біртоға мінезінен танбаған, аз сөйлесе де саз сөйлеген, өзінің әдемі әлемін жасап, сол әлемінен керемет-керемет дүниелер – мәңгіліктің мұрасы қазағының қазынасына қосқан асылдары – том-том кітаптарын жазған Айжарық Сәдібекұлының орны бір бөлек. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, барша қазақ оқырманын өзінің көркемдігімен, мазмұндылығымен үйірген кітаптары арқылы ел есінде, халық жадында ұзаққа қалатыны сөзсіз.
Біз көрген, қатар өмір сүрген ғажайып жан, адалдықтан айнымаған Айжекем осындай болатын!
Қуанышбай ЕРДІХАЛЫҚОВ,
Арал ауданының құрметті азаматы,
Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген энергетигі