Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Заңды аяққа таптап жүрген блогерлер кімдер?

Заңды аяққа таптап жүрген блогерлер кімдер?

Джастин Холл мен Йорен Баргер тұңғыш рет блог жүргізуді бастағанда бірнеше жылдан соң бұл істің талайдың нәпақа табу жолына айналатындығын сезбеген де шығар. Қазірде әлем бойынша миллиондаған блог жүргізіледі. Бір ғана WordPress.com-да 75 миллион блог бар. Ал оған Blogger, Tumblr және басқа да блогтұғырларды қосыңыз. Авторлық блог жүргізу – кішігірім газет шығарумен бірдей. Автордың өзі корректор, редактор, фотограф және өңдеуші бола алады. Халыққа ақпаратты дұрыс бере білу үшін де қаншалықты сауат пен білімділік қажет екенін осыдан пайымдай беріңіз. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қазақ мәтеліне және журналист Жолымбет Мәкіштің фейсбукте қалдырған жазбасына сүйенсек, «Грамматиканы қақпайтын адамдардың да былықшы (блогшы) болып жүргенiн көрiп жүрмiз. Блогшының кiм екенiн оның "аудиториясына" қарап бағалау керек қой деймiн. Әйтпесе, жақсы жазатын журналистердiң бiрде-бiреуi өзiн блогермiн дегенiн көрмеппiн...» деген сөздерінен сауатсыз блогшылар қоғамды одан әрі сауатсыздандыра ма деген үрей туындайды. Оған себеп те жоқ емес...
Қазіргі таңда екінің бірі өзін блогермін деп санайды. Жазылушылар арасында танымалдылығын одан әрі арттыру және оны монетизациялау үшін мыңдаған, тіпті миллиондаған аудиториялары бар блогерлер әртүрлі сауда орталықтарында және қоғамдық орындарда рұқсатсыз бейнелер түсіріп, тікелей эфирлер таратып жатады. Ал бұл әрекеттері заңды ма? Айыптамас бұрын блогерлердің түрлерін ажыратып алайық. Әлеуметтік желілерді жеке портал ретінде қарастыратын болғандықтан блогерлерді фейсбук-блогшысы, ютуб-блогер және инста-блогер деп үшке бөлеміз. Фейсбук желісінде статистика көрсеткендей, 27-65 жас аралығындағы саясатқа жақын адамдар жиналған. Сондықтан бұл блогтерде көбіне елдегі ахуал, халықтың жанайқайы талқыланады.
Ендігі кезекте инста-блогерлердің ессіз әрекеттеріне тоқталсақ. Ағымдағы жылы инстаграм әлеуметтік желісін шулатқан қазақстандық блогерлер Мәскеудің орталығында құны 3,5 млн теңгеден асатын бизнес-класс таксиін шақыртқан. Ресейлік көлік жүргізушісін мазақ етіп, оның реакциясын видеоға түсіргісі келген үш блогер такси жүргізушісінің жүктерді багажға салған кезін күтіп, көлікті рұқсатсыз айдап әкеткен. Ресей Федерациясының ІІМ мәліметінше, блогерлер бірнеше минуттан кейін жүргізушіге қайтып келіп, осылай пранк жасағандарын түсіндірмек болған. Блогерлердің бірі бұл инцидент алдында әл-Фараби даңғылының ортасында шахмат ойынын ұйымдастырып, 4 сағаттық көлік кептелісін жасағаны үшін айыппұл алған Радмир Хасанов болып шықты. Сонымен қатар Радмир Алматы метросында халыққа жөтелмен пранк жасағаны үшін қамауға алынған болатын. Алайда Ресейдегі пранк сәтсіз аяқталды. Тәртіп сақшылары Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 2-бабының 166-бөлігінде "автомобильді немесе басқа көлік құралдарын ұрлау және заңсыз иемдену" тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Блогерлердің бірі қазіргі уақытта қамауда, қалған екеуі үйқамағында.
Осы секілді мысалдар өте көп. Тіпті, өзінің «имидждік» бейнесін пайдаланып, аудиториясын неше түрлі алаяқтарға жығып беретін блогерсымақтарды да көзіміз көріп жүр. Бір қынжылтатыны, «Мына ойынды ойнадым, ақшалай ұтысқа қатысып байып кеттім...» деп басталатын арзан жарнамаларға алданатын халықтың қарасы көбеймесе азаймай тұр. Ал блогерлерге осындай жарнамасы үшін «белгілі» адамдар қомақты ақша төлейтінін кейбірі білмейді. Бір сөзбен айтқанда, осындай жарнама жасайтын хайпшыл блогерлердің «сіз үшін бес бидайы күймейді». Бұған қарамастан, Қазақстанда Instagram-блогерлер нарығы табысты қалыптасуда, инфлюэнсерлер саны өсуде. In Blogs болжамы бойынша:  жарнама арқылы ең жоғары табыс блогер @alibekovkz –те.  Ол шамамен инстаграмдағы  1 посты үшін 1млн100 000 теңге, ал история жарнамасы үшін  32 262 теңге алады. Ең қолжетімді жарнама @zhumatayassel-де 200 000 теңге, ең төменгі сторис бағасы – 8500 теңге. Таңғаларлықтай арзан болу себебі көбінесе аудиторияның сапасының төмендігімен байланысты. Естеріңізде болса, кей блогерлер 2019-2020 жылы гүрілдетіп бірінен соң бірі «көлік ойнатамын, ақшалай сыйлықтар таратамын» деген ұрандармен атақ жинады. Бірақ ойын ойнатылды. Көлік мінген ешкім жоқ. Ақша алған адамды да көрмедік. Айналып келгенде, барлығы құр сөз, хайп, халықты дәмелендіру. Аңқау қазақ тегін келген нәрсені дәмемен күтеді ғой, ұтып қалармын деген «Құдайға сенімі» бұл жолы да санын соқтырған соң, келесі конкурста «бұйырып қалар» деп өзін жұбатып әлек. Ал ютуб-блогерлерінің былықтары мұндай ұсақ-түйек алдау-арбау емес, барып тұрған заңбұзушылыққа, пропагандаға толы болып шықты.
Талқыға түскелі отырған ютуб-блогерлердің арнасы "unbeaten Path Exploring" деп аталады. Олар бүкіл әлемдегі қараусыз қалған ғимараттарға барып, YouTube-те өздерінің шытырман оқиғаларының суреттері мен бейнежазбаларын таратады. Бұл жолы сюжет кеңестік "Боран" ғарыш бағдарламасының кемелері туралы түсіріледі. Тасталған кеңестік қайықтарды табу үшін нидерландылық ютуберлер Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағының ескі ангарына кірген. Ангар тасталғанына қарамастан, базаның өзі әлі де белсенді бақылауда болатын. Команда ангарда бірнеше күн тұрып, дрон арқылы түсіруді қолдана отырып, барлық алқапты егжей-тегжейлі түсіріп алған. Естеріңізге сала кетейік,"Боран" кеңестік ғарыш бағдарламасы 1974 жылы басталып, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ол 1993 жылы тоқтатылған болатын. "Боранның" алғашқы және жалғыз ұшырылуы 1988 жылы Байқоңыр ғарыш айлағында болды. Бір қызығы, блогерлер аймаққа заңсыз кіргендері және ол туралы фото, бейнежазба таратқан заңсыз әрекеттері үшін ешқандай жауапқа тартылмады.
Ютуб арналары көп жағдайда спам немесе қауіпті суицидтік контенттерге қатаң тыйым салады. Ал ресейлік блогер Габар үшін бұл тыйымдар кедергі бола алмады. Ол бір күн бойы өзін тірідей жерлеп YouTube каналында табыттан тікелей эфир жүргізген. Габардың айтуынша, осылайша ол өзінің физикалық және психологиялық мүмкіндіктерін шектеулі кеңістікте сынап көруді шешкен. Жерлеуден біраз уақыт бұрын блогер табыт жасап, тереңдігі бір метр тесік қазады. Хабар тарату қызметін блогердің досы өз қолына алып, Габардың нұсқаулығы бойынша кезек-кезекпен дәрігерлерді, психологтарды, журналистерді және танымал блогерлерді эфирге шақырып отырады. Габардың өзі "эксперименттің нәтижесі үшін барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын" деп көрермендерді оның әрекетін қайталамауға шақырған. Дегенмен, қызық көріп қайталауға тырысқан адамдар көп болған.
Бар былықты айтып, тізіп отыру мүмкін емес. Алайда осындай заман ағымында барынша сақ болғанымыз жөн екендігін ескерткім келеді.  Кішігірім блогер болсаңыз да авторлық құқық иесінің атын айту, біреудің материалын рұқсатсыз пайдалану заңсыз болып табылады. Фото, видеоға еш мақсатсыз немесе арнайы түсірер болсаңыз да бейнеге түскен адамнан рұқсат алуыңыз қажет. Осы мәселе бойынша Азаматтық Кодекстің 145-бабында: "Қандай да бір адамның бейнесін оның келісімінсіз, ал ол адам қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің келісімінсіз пайдалануға ешкімнің де құқығы жоқ.» деп көрсетілген. Дегенмен көп жағдайда ашық интернет желісі арқылы қылжақ ету мақсатында немесе жай ғана хайп қуып біреудің «қайғысын» немесе «сәтсіздіктерін» бейнеге тартып алу жағдайлары көп кездеседі. Тіпті сол фотолардан жастардың тілімен айтқанда «мем» топтамаларын жасап, заңсыз тарататындар да тыйылмай тұр. Одан қала берді, ақпарат ағымында ресми дереккөздерден гөрі блогерлердің шала-пұла ақиқатын оқығанды дұрыс көретін қоғам қалыптасып келеді. БАҚ терминінде фактчекинг деген термин бар. Бұл дегеніңіз қоғамға таратылатын әр деректің шынайылығын анықтайтын функция. Қазіргі блогшылар заманында қай ақпараттың рас, қайсысы фейк екенін аңғару қиын. Сондықтан блогерлерден оқитын әр ақпаратқа мұқият болыңыз.  Сөз соңында, біздікі көпке топырақ шашу емес, сырт көзбен бақылау екендігін естеріңізге саламыз. Дұрыс контент жасай алатын блогерлер де бар, хайп қуып «арзан атақ» жинағысы келетін блогшылар да бар. Осы тұста, Абай атамыздың жиырма тоғызыншы қара сөзіне зер салайық, «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? Үлкен ойдың түйіні: танылсақ тек ізгі мұратпен,  игі істерімізбен танылайық. Былықшылықтан аулақ болайық!

Ақтолқын СӘДІБЕКОВА,
Арал қаласы
19 маусым 2021 ж. 658 0