Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қоғам тыныштығын күзеткен

Қоғам тыныштығын күзеткен

Мемлекеттік жүйе қалыптастыруда әр саланың өзіндік орны бар. Әсіресе қоғамда орын алып жататын түрлі жағдайлардың алдын алып, қылмыстық ахуалды тұрақтандыруда, әрбір жеке тұлғаның сөз бостандығы мен конституциялық құқығының тапталмауы жолында жұмыс жүргізетін еліміздегі Ішкі істер министрлігінің маңызы зор. Ал департаменттер мен аудандарда, қала берді, кенттер мен ауылдық округтерде жұмыс істейтін полиция бөлімінің қызметкерлеріне бүгінде артылар сенім де, қойылар талап та жоғары болып тұр. Сол сенім үдесінен шығуда 2013 жылдан еңбек етіп келе жатқан Арал ауданының полиция бөлімінің тылмен қамтамасыз ету тобының қару-жарақ қоймасының меңгерушісі әрі қару шебері, полиция старшинасы Әбдікәрім Тоқсамбаев.
1989 жылдың 2 мамырында Қарақұм атты құтты өңірде дүниеге келген ол ауыл мектебін 2005 жылы бітіріп, Алматы көлік және коммуникациялар колледжін «теміржол құрылысы, жол мен жол шаруашылығы құрылысы» мамандығы бойынша білім алды.
2009-2010 жылдар аралығында Астана қаласы №6636 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп келген соң, 2013 жылдың қаңтар айынан бастап Қызылорда ОПД жол полиция басқармасының жол полиция батальонының 1 взвод инспекторы, 2013 жылдың маусым айынан осы батальонның «Арал-Рубеж» жүйесінің стационарлық бекетінің жол полициясының инспекторы, 2017 жылдың қазан айынан бастап Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының тұрақты мекенжайы мен төл құжаттары жоқтарды қабылдау-реттеу орнының полицейі-жүргізушісі, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап Арал ауданының полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицей-жүргізушісі, 2019 жылдың қараша айынан бастап осы бөлімнің тылмен қамтамасыз ету тобының қару-жарақ қоймасының меңгерушісі және қару шебері лауазымында қызмет атқарып келеді.
Қызметін атқара жүріп 2016 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Т.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға қабылданған ол, осы жылдың мамыр айында аталған академияны «құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білімін алды. Полиция старшинасы Әбдікәрім Шарапатұлы заңдылық талаптарын қатаң сақтайтын, өз-өзіне талап қоятын, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын қызметкер екенін қай уақытта болмасын көрсете білуде. Мінезі салмақты, кішіпейіл, бөлімнің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Қолы қалт еткенде шығармашылықпен айналысып, ән айтуды ұнатады. Бөлімнің салтанатты іс-шаралары міндетті түрде полиция старшинасы Ә.Тоқсамбаевтың өнерімен толығатыны сөзсіз.
Жұбайы Мөлдір Мейірбергенқызы екеуі екі бала тәрбиелеп отырған жас отбасының отағасы қызметпен бірге шығармашылықты қатар ала жүріп, қоғам қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етеді деген сенімдеміз. 

А. ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Арал АПб-нің кадр саясаты тобының инспекторы, полиция капитаны
22 маусым 2021 ж. 461 0