Халық үніне құлақ түреді, жұмысын ел жақсы біледі
Әдетте жүйе бұзылса, мемлекетте құлдырау басталады. Көмек сұрай шалған қоңырауыңызға ешкім жауап бермесе, шақырған дәрігер мен полиция немесе өрт сөндіруші, сантехник сынды түрлі саланың маманы көмекке келмесе, мұндай елде болашақ жоқ дей беріңіз. Кейде біз осындай мәселелерге мән бермей жатамыз. «Өзінің жұмысы емес пе?» деп жылы жауып қоя салатын қисынсыз түсінігіміздің артында тынымсыз еңбек пен бес батпан бейнеттің жатқанын байқай бермейміз. Шындығында, әр саланың жанашыры мен ыстығына күйіп, суығына тоңатын білікті маманын ажырата білу қиынға соғуы мүмкін. Десе де халық лайықты бағасын беретін мамандардың жұмысы көптің көз алдында.
Мемлекеттің бірлігі мен тұрақтылығына кепіл болатын жүйенің бір тармағы еліміздегі Ішкі істер саласы десек, сол министрліктен бері қарай тарайтын департамент, бөлімдерде қаншама қызметкер халық үшін еңбек етіп келеді. Арал аудандық полиция бөлімінде де бүгінгі таңда халық лайықты бағалайтын мамандар жетерлік. Жұмысына адал, ұжымына үлгілі болып жүрген сондай қызметкерлердің бірі – полиция капитаны Бержан Торғайұлы Рзақұл. Ол бүгінде Арал ауданының полиция бөлімінің кезекші бөлімшесінің кезекші инспекторы болып қызмет атқарады.
1991 жылдың 28 маусымында Қазалы ауданында дүниеге келген. Өмір жолына қысқаша тоқталар болсақ, 2011 жылы Семей қаласының Семей арнаулы Заң колледжін тәмамдап, 2011 жылдың 28 маусымынан бастап Атырау қалалық ішкі істер басқармасының №2 қалалық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болған. 2013-2014 жылдар аралығында учаскелік полиция инспекторы, 2015 жылы 22 қаңтарынан бастап Арал аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы көмекшісі болып еңбек еткен.
Иә, бұл салада күнделікті түсетін қызметтік қоңырауларда шек жоқ. Әдетте, бірі құқығының тапталғанын айтса, енді бірі заңдық тұрғыдан көмек сұрайды. Әлдекімнің қыспағына тап болып, көмек сұрай қоңыраулататын жандар қаншама?! Біз әңгімеге арқау еткен кейіпкер полиция капитаны Б.Рзақұл тікелей халықтан түскен қоңырауларға жауап беруде тынымсыз еңбек етіп келеді. Ол аталған бөлімнің «102» және «2-22-02» сенім телефондарына заңды көмек сұрап хабарласқан азаматтармен ілтипатты сөйлесе біледі және азаматтардың қойған сұрақтарына заң тұрғысынан жауап бере алады.
Кезекші тәулікте қылмыс оқиғалары орын алған жағдайда, 5 минут аралығында оқиғаны хабарлаған адамнан оқиғаның уақытын, нақты мекенжайын, жәбірленушінің денсаулығының жай-күйін, сондай-ақ қылмысты көрген куәгерлер, оны жасаған адамдардың түрлерін және ұрланған заттар туралы мәліметтерді анықтайды. Сонымен қатар оқиға туралы ақпаратты алғаннан кейін, оны жасаудың мән-жайларын ескере отырып, дереу оқиға орнына қылмыстың жолын кесу, оқиға орнын күзету, қылмыс жасаған адамдардың ықтимал кету жолдарын жабу, олардың жасырыну орындарын оқшаулау және ұстау, көше бойына орналасқан бейнебақылау камераларының көмегімен ілесіп жүруді, көрген адамдарды анықтау үшін полицияның кешенді күштерінің жақын жүрген жасақтарын жіберуді ұйымдастырады. Кезекші тәулікте сенім телефондарына келіп түскен ақпараттарды жылдам тіркеп, оқиға орнына 5-7 минут аралығында келуге міндетті полиция нарядының іс-әрекетін бақылайды және үйлестіреді.
Елге қызмет ететін капитанның 2 ұлы және 1 қызы бар. Өмірлік жары Назгүл екеуі бақытты жанұяның тіреуі, ағайын-туысының тілекшісі. Тонның ішкі бауындай бірлесе іс қылатын жас отбасының жарасымды тірлігі оларды білетіндерге үлгі болатындай-ақ. Бұл отбасыны сол бақытты күндерден айырмасын!
А.Қарасай