Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арманы асқақ Асылан

Арманы асқақ Асылан

Қазақстан әскерінің беделін арттырып, абыройын асқақтата түсуге үлесін қосып жүрген әскери қызметшілер баршылық. Солардың бірі – жерлесіміз, әскери-әуе күштері қолбасшысының басқармасы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының бағыттау аға офицері Асылан Биқалиұлы Бижанов. Офицер – армияда басты тұлға, кеңесші, ақылшы. Осы жағынан алғанда, Асылан Бижанов жас та болса құлшынысы мол, жігерлі офицер.  Ол қасиетті Арал өңірінде әкесі Биқали мен анасы Лайықтың шаңырағында 1985 жылы 23 мамырда дүниеге келген.  Жастайынан ата-анасына қол­ғанат болып, отбасынан  ең­бек­қорлықты, ұлттық тә­лім-тәр­биені, үлкенге құр­мет пен кішіге қамқор бо­луды бойына сіңіріп, қи­ын­­дыққа төзімді, болаттай қайсар болып өсті. Сол еңбекқорлығы, табандылығының арқасында арман-мақсатына жетті.

Қаладағы №220 орта мектепті 2002 жылы үздік бітірген Асыланды арманы  әскери кадрлардың ұстаханасы іспетті Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына жетелеп әкелді. Білімі мен қайсар мінезінің арқасында ол курсант атанды. Сөйтіп бала-шағаның қамы үшін тынымсыз еңбек еткен ата-ана­ның үміті ақталды. Асылан әскери қызметші болу үшін оқушы кезінен жан-жақты дайындалып, спортпен шұғылданды. Ақыры өзі қалаған оқуға түсті. Төрт жыл оқып, қолына диплом алған соң, 2006 жылы Алматыда, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында қызмет етуде. Әскери шені – подполковник. Сондай-ақ ол Ресейдің Воронеж қаласындағы жоғарғы әскери академиясында оқып жүр,  Ресей Федерациясында Әскери-әуе академиясының тыңдаушысы (магистранты).
         «Біз Отан алдындағы міндетімізді мінсіз орындауымыз керек. Сол үшін өміріңді қию керек болса, одан да бас тартпауға тиістіміз. Өйткені біздің мінсіз қызметіміз мемлекет үшін өте маңызды. Мен Отанның қандай бұйрығы болса да орындауға әзірмін», – дейді аралдық офицер.
         Асыланның пікірінше, патриот адам әскери қызметінде ғана емес, барлық жерде де патриот болуы тиіс. Жалпы, халқыңа адал қызмет етсең, еңбегің еш кетпейді. «Бәріміз де Отан алдындағы міндетті орындау парызымыз деп білеміз. Ал әскери адам үшін ол парыз ғана емес, сөзсіз міндет екенін ұғындым. Сайып келгенде, елдің патриоты болудың өзі – үлкен абырой, зор мақтаныш.
Ер адамға қолдау көрсетіп, жанын түсінетін де, бақытын жан­дыратын да – жан жары. Асыланның жұбайы Жадыра Алдабергенқызы өмірлік серігінің әс­кери қызметтегі, өмір­дегі қиындығы мен қы­зы­ғы мол тағдырының бір бөлшегіне айналған аяу­лы жан. Олар жүрегінің жыры, көзінің нұрын­дай болған Кәусар  есімді қызын тәрбиелеуде.
«Елімізге бойына ата-ба­бамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті да­рыған, егеменді елімізге аянбай қыз­мет ететін, ой өрісі кең, алғыр да жү­рек­ті, сауатты да салау­атты азаматтар қажет» деген Елбасы сөзімен қанаттанған Асыланның жүрегінде "Отан" деген қастерлі де қасиетті ұғым орын алған.
"Талаптың мініп тұлпарын" демекші, Асыланның әскери қызметімен қатар әдебиет, поэзия әлеміне деген құштарлығы басым. Ол елден шалғай жүрсе де, туған жерге, ата-анаға деген сағынышын өлеңмен өрнектеп келеді.  Өз өмірі мен білімін мемлекет пен халық қауіпсіздігін қорғауға арнаған азамат  өзінің атасы, тыл ардагері Жақан Бижановқа да өлең арнапты. Атасы Ұлы Отан соғысы кезінде майданнан арнайы  броньмен қалдырылған. Ол еңбек майданында тер төгіп, елдегі балықшылар бригадасын басқарып, майдандағы жауынгерлерге балық жіберуге атсалысқан. Сөйтіп, елімізде Жеңісті жақындатуға үлесін қосқан  жан. Міне, атасының осындай ерлікке толы өмір жолын ой елегінен өткізіп, мақтан етіп жүрген Асыланның басқа да түрлі тақырыпта жазған өлеңдері жетерлік. 
Күзгі гүлім
Сары алтын қоңыр күздің солғын күнін,
Өтпелі салқын желді, суық түнін,
Аязды сықырлаған сезбедім мен,
Кеудемде жаз орнатты сенің үнің.
        
Сен келгенде жан бітті жүрегіме,
Сен келдің де, айналдың тілегіме.
Сен күлгенде, мен күлдім мәз-мейрам боп,
Сен жыласаң, жыладым мен де бірге.
Сүйкімдісің, қылықтым, өзің бүгін,
Көрмей өтші тағдырдың сан бір мұңын.
Қауыз жардың, жайқалып өсе берші,
Тілеймін тек амандық, күзгі гүлім!
Сағыныш
Ата-ау, сені сағындым, білесің бе?
Жарқын бейнең жадырап тұр есімде.
Еркелеген сәттерім сағым болып,
Балалықтың қалдырып белесінде,
Немерең жүр сағынып, сенесің бе?
Ата-ау, сені сағындым,  білесің бе?
Қайта айналып бір сәтке келесің бе?
Құшағыңда мейірлі еркелейін,
Маңдайымнан иіскеп сүйесің бе?
Ата-ау, сені сағындым, сезесің бе?
Ата-ау, сені сағындым, білесің бе?
Күрең атты ерттеп мінесің бе?
Тентегіңді алдыңа мінгестіріп,
Туған жерді аралап жүресің бе?
Құлының сағынды ғой, сезесің бе?
Ата-ау, сені сағындым, білесің бе?
Немереңе жетті ғой, сенесің бе?
Өзің берген бағыттан таймай келем,
Өмір атты мұхиттың кемесінде,
Ата-ау, сені сағындым, сезесің бе?..

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
23 маусым 2021 ж. 396 0