Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Отбасындағы озбырлық шаңырақты ойрандайды

Отбасындағы озбырлық шаңырақты ойрандайды

Қоғамның қалтарыс-бұлтарысында қалып, көпшіліктің назары түсе бермейтін қылмыстық ахуалдың кезекті түрі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Заң құрығы терең бойлай бермейтін осы бір қылмыстың еліміз бойынша жөнді статистикасы да жоқ. Десе де отбасы мүшелеріне жөнсіз қорлық көрсетіп, қатыгез қоғамның қандықолына айналатын мейрімсіздермен күресте еліміздегі құзырлы органдар қауқарсыз емес. Бұл мәселеде ішкі істер органдарында тек бірегей жағдайлар мен нақты оқиғалар ғана тіркелген. Бұл тек біздің елімізде емес, тіпті дамыған елдерде де қалыптасқан үрдіс болып отыр. Айта кетерлігі, тұрмыста көбіне жапа шегетіндер әйел адамдар болып келеді. Ал біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Бұған Елбасымыздың өзі тереңірек мән беріп, «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді» деп тұжырымдаған.

Расында, әрбір әйел – отбасының ұйытқысы. Өкінішке орай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған айғақ – отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы әйелдерге сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және ұрып-соғу және олардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істер санының азаймауы. Біз әңгімеге арқау еткен жанұялық зорлық-зомбылық қоғамда төрт формамен айшықталады. Физикалық, яғни, ұрып соғу, психологиялық, сексуалды және экономикалық зорлық түрлері кездеседі. Бұл төртеуінің қайсысын мысалға алсақ та «қылмыс» дейтін қорқынышты түсінікке саяды. Бірақ астарын ашу әлдеқайда қиынға соғатын қылмыс. Себебі мұндай деректер көбіне отбасы жағдайында кездескендіктен, бұрмалау мен жалтару сынды жағдайлардың тасасында қалып, қылмысты толық ашу мүмкін болмай жатады. Әйтсе де қоғамдағы осы бір озбырлықпен әрбір әлеумет өзінше күресуге тырысады. Бізде мұндай қылмыстық ахуалдарға аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бақылау жасайды. Осы орайда Арал АПБ ЖПҚб ӘЗЗҚ тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Г.Қуанышбаевамен тілдескенімізде мұндай жағдайлардың дерегі өткен жылдармен салыстырғанда пандемия кезінде көп кездескенін білдік. Расында солай. Күнделікті өмірде жұмыс, отбасы қамымен жүретін отбасы мүшелерінің ұрыс-керіске көп ұшыраса бермейтіні түсінікті. Ал пандемия кезінде 24 сағат төрт қабырғаға қамалған ерлі-зайыптылар арасында көбіне болмашы дүниеден үлкен түсініспеушілік туындайды. Мұндай жанжалдардың соңы кей жағдайларда қылмыстық оқиғамен аяқталып жататыны түсінікті.
– Жыл басынан бері аудан көлемінде отбасы-тұрмыстық қатынас аясында әйел адамға қатысты жасалған құқық бұзушылықтың 58 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Оған себеп, елімізде соңғы жылдары болып жатқан пандемия жағдайлары. Бұдан бөлек, тағдыр тауқыметін тартып, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматшалар да да кездесіп жатады. Мәселен, аудан көлемінде 2021 жылдың маусым айында «ТҰРМЫС» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында ЖПҚб учаскелік полиция инспекторы полиция майоры А.Тарғыновпен бірлесіп атқарған шарада өмірлік қиын жағдайға тап болған Н.Ж есімді азаматша анықталды.
Сұхбат барысында 2013 жылы Арал қаласының тұрғыны Ж.А есімді азаматпен отбасын құрып, Арал ауданы, Сазды елді мекеніне қарасты «Дәрінбай» мал ауылында бақташы болып жұмыс істеп, 2019 жылға дейін тұрып келгенін, кәмелетке толмаған 4 ұл-қызының барын, күйеуі Ж.А. 2019 жылы қайтыс болғанын көрсеткен. Қазіргі таңда жұмыссыз, тұрақты баспанасыз, қаражатсыз қалғандықтан, туысқандары өзінен теріс айналып бас тартқандықтан, яғни көмек қолын созбағасын шарасыз күйде қалып, бөлім бастығының атына берген арызының негізінде, ӘЗЗҚт инспекторымен қажетті құжаттар жинақталып, азаматша Н.Ж өзінің кәмелетке толмаған 4 баласымен бірге Қызылорда қаласында орналасқан «Қамқорлық» дағдарыс орталығына полиция қызметкерлерінің көмегімен орналастырылды. Бұдан бөлек, өзге де тұрмыстық өмірде зәбір көрген жандардың мәселелері қаралып, жіті қадағаланып отырады, – дейді полиция аға лейтенанты Г.Қуанышбаева.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарымен күресуге қарағанда, алдын алу шараларына кешенді көзқараспен қараудың маңзы зор. Бұл тәжірибе кез келген мәселенің алдын алуда оң нәтиже беріп келе жатқанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Жалпылама айтқанда «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қазақы тәмсілдің түп төркіні де осыған саяды. Алайда біз «алдын алу» деген ұғымды қолданғанымызбен, көбіне жағдайдың соңын саралау жағына көп мән береміз. Яғни бұл орайда да біз құбылыстың себебімен де, өзімен де емес, салдарымен күресудеміз.  Шынайы алдын алу мәселесіне келгенде, ақпараттандыру жұмыстары біршама жүргізілуде, заңнамалық тетіктер қалыптастырылуда. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты негізгі мәселе тұлға факторына байланысты болғандықтан, басты назар тұлғаны тәрбиелеу мен қалыптастыруға аударылуы қажет. Бұл жерде біз көбіне басымдық беретін отбасы институтын қалыптастыру түсінігі ойға оралары сөзсіз. Мәселе отбасындағы тәрбиеге байланысты. Шыны керек, қазіргі қоғамда «Қатынды бастан, баланы жастан» деген тәрбиелік тәмсілді теріс түсініп, өз отбасы мүшелеріне қол ала жүгіретін тоңмойын жігіттер бар. Мәселе бұл жерде алған әйелді, көрген баланы ұрып тәрбиелеуде емес. Аталы жолды ұстанып, ұрпақ тәрбиесіндегі ұқыптылық пен қандағы тектілікті бала бойына сіңіре білуде. Ал ондай отбасында негізі қаланған баланың болашақта әлгіндей тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермейтіні көбіне дәлелденіп жатады. Сондықтан ата-бабамыз «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп айтып кеткен.
Иә, ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы ұрпақтар сабақтастығының негізі болып табылады. Балаларын ата жолмен тәрбиелеп, ұлын ұлықты, қызын қылықты етіп тәрбиелеуге тырысып келе жатқан Айман апамыз да бүгінде балаларының барлығын аяқтандырып, қолындағы немерелерінің тәрбиесімен айналысып отырған ақ жаулықты ана. Оның пікірінше, отбасындағы тәрбие текітілік негізін сақтауда басты құрал.
– Халқымыздың «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөзі өте орынды айтылған. Бұл жәрде мәселе "баладан бұрын алдымен өзіңді тәрбиеле" деген сөз ғой. Біз отбасындағы жылы қарым-қатынас арқылы баланың болашағына айқын әрі әділ жол ашамыз. Шыны керек, осы күнге дейін отағасымен баланың көзінше бірде-бір рет жанжалдасып көрген емеспіз. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Алайда арамыздағы араздық мәселені оңашада талқылайтынбыз. Осындай отбасылық тәрбие мен берік ұстаным негізінде балалар да жақсы тәрбие алды ғой деп ойлаймын. Мұның барлығы сіз айтып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тікелей қатысты басты құндылықтар. Қоғамда тұрмыстық озбырлық көріп жататын жандар көп. Көбіне жабық мәселе ретінде қаралатын бұл әділетсіздіктердің әрбір әрекеті ашық айыпталатын уақыт жетті деп ойлаймын. Сондықтан мүлдем төзбеушілік қағидасын алға тартып, мәселені қазірден қолға алу маңызды, меніңше, – дейді қала тұрғыны А.Өтепова.
Түйін: қазіргі қоғамның басты дертіне айналған бұл мәселемен жалғыз құқық қорғау қызметкерлері ғана емес, жалпы қоғам болып күресу маңызды. Отбасын саналы түрде құрған ересек адамдар отбасы алдындағы жауапкершілікті сезініп, тұрмыстық зорлы- зомбылыққа жол бермеу өз қолдарында екенін ұмытпағандары жөн. Егер де Сіз отбасындағы зорлық-зомбылыққа душар болсаңыз, үнсіз қалмаңыз. Сіздер үшін арнайы «102» сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді.

А. БИСЕНОВ 
03 шілде 2021 ж. 463 0