Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Егіншілердің биылғы екпіні қандай?

Егіншілердің биылғы екпіні қандай?

Елдегі қуаңшылық жайлы жиі айтылып келеді. Соның салдарынан зардап шеккен аймақтарда тиісті шаралар жасалып жатыр. Дегенмен биылғы қуаңшылықтың қиындығы шаруаларға оңай соқпады. Соның ішінде ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға айтарлықтай кедергісін келтірді. Дегенмен бұл қиындықты еңсеріп, ел экономикасының күретамырына баланған бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз нәтижесін көрсетеді деген сенім бар.

Мәселен, ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов:
– Ет болсын, басқа өнім болсын, оны өндіру көлемі ең біріншіден өз халқымыз үшін керек. Елімізде ет көлемінен басқа да тауардан тапшылық болып жатса, әрине, экспортты шектеу жағынан құрал бар, жоспар бар. Ведомствоаралық комиссия қазір әр тауар бойынша қарап отыр. Сондықтан шешім әлі қабылданған жоқ. Министрлік экспортты азайтпайды, – деп мәлідеме жасағанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оқып, біліп отырмыз.
Ал биылғы егістіктің жайы қалай? Жаздың аптап ыстығы мен ауа райының қолайсыздығы бағбандарға қаншалықты шығын алып келді? Жылдағы көрсеткіш пен биылғы қол жеткізген нәтиженің арасында қаншалықты айырмашылық бар? Осы тақырып жайында сөз тарқатып өтсек.
Бұл жайында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің әдіскері Қайрат Бисембаев:
– Биыл аудан бойынша  166,7 гектар жерге егіс егілді. Атап айтқанда, 2,2 гектар жерге картоп, 10 гектар жерге көкөніс, 61,5 гектар жерге бақша, 30 гектар жерге жаңа жоңышқа және 63 гектар жерге ескі жоңышқа дақылдары егілді. Биыл жауын-шашынның аз түсуі және Сырдария өзенінен келетін су көлемінің төмен болуына байланысты, Ақирек және Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары егіс көлемін қысқартуға тура келді. Осы Ақирек ауылдық округінде орналасқан «Асхат» шаруа қожалығы (подпленка) әдісімен 2 гектар жерге (Даккар Ғ-1 сортты) қауынын егіп, бүгінгі күнге Арал, Қазалы аудандарына өз өнімін сатып отыр. Қазіргі таңда егіс егетін шаруашылықтар егісті күтіп-баптау және алғашқы өнімдерін сатылымға шығаруда, – дейді.
Сонымен қатар шыққан егіске, өнімге зиян келтіретін зиянкестердің алдын алу мақсатында атқарылатын жұмыстар биыл да толықтай істелген. Бұл шаралар осындай қиын сәтте шаруаларға келетін шығынды болдырмауға айтарлықтай көмек болған.
Иә, жауапты мамандар тарапынан қиындықты бірге еңсеру жолында жұмыс істелгенін естідік. Аудан бойынша егіншілікпен айналысуға ең қолайлы аумақ болып саналатын және бүгінгі таңда осы саланы дөңгелетіп келе жатқан Ақирек ауылдық округі екені баршаға белгілі. Дәмі тіл үйірер қауыны мен қарбызынан бөлек, көптеген бағытта егіншілікпен айналысып отырған ауылдың биылғы шаруасы қандай деңгейде? Бұл жайында Ақирек ауылдық округінің әкімі Аралбай Ниязымбетовпен тілдескен болатынбыз.
Ауыл әкімі:
– Жылда 73 гектар аумаққа қауын-қарбыз егілетін. Биыл жауын-шашынның аздығы мен қуаңшылыққа, аяқ судың тапшылығына байланысты 59 гектарға дейін азайды. Бірақ шаруалар тынымсыз еңбектің арқасында ойлаған нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда өнімдерін сатылымға шығарып отыр. Мәселен, "Асхат" шаруа қожалығы ауданнан бөлек көршілес Қазалы ауданы мен Ақтөбе қаласына өз өнімдерін шығарып отыр. Мұнан бөлек "Бекболат", "Көпбосын", "Алтай", "Нұрдана" шаруа қожалықтарының да қауын-қарбызы сатылымға шықты. Бастысы, бұл өнімнің барлығы табиғи. Нағыз бақшашылардың адал еңбегімен шыққан бақша өнімдері еш қоспасыз өседі. Соның ішінде "Асхат" шаруа қожалығының биыл бірінші рет отырғызған Дакара тұқымды қауынының жеміс беруінде болды, – дейді.
Осындай қиын сәтте егінші қауымға қолайлы жағдай жасау атқарушы биліктің назарынан тыс қалмаған. Шолақарық каналын тазалау жұмысы да жүргізіліп жатыр.
Мұнан бөлек, шабындық алқаптарындағы жұмыстың қызу жүріп жатқанын да айта кетейік. "Жақсылық" шаруа қожалығы қазірде баулау жұмысын бастауға дайындық жасап жатса, "Ақпан" шаруа қожалығы жұмысын бастап жатыр. Тағы бір қуантарлық жағдай, қуаңшылық кезінде қолдау берушілірдің көмегі. Мәселен, "Сыр маржаны" ЖШС ауданға көмек ретінде өздеріне тиесілі күріш алқабы жанынан 10 гектар жердегі шөпті шауып алуға рұқсат беріп, қазірде 2 бригада жұмыс істеп жатыр.
Ал бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырған "Асхат" ШҚ-ның төрағасы Алдоңғар Қаныбетов:
– Бұл кәсіп бізге жат емес. Атадан бері келе жатқан шаруаның бірі. Сондықтан егіншіліктің қыр-сырын жақсы білеміз. Бірақ биылғы жыл ауыр болды. Қожалыққа тиесілі 5 гектар жердің бүгінде 4 гектарына егін салдық. Бірақ нәтижесі жаман емес. Өнім ойдағыдай шықты. Бірақ судың тапшылығы түрлі қиындыққа алып келді. Халық өзінше бейімделді. Бұзылған каналдардан су тарттық, су айдайтын құрылғылармен. Сол мәселе қиындау болды. Әсіресе насостарға қажетті жанар-жағармайлар бағасы да қымбаттауына байланысты, шаруаларға да жеңілге түспеді. Күннің ыстықтығы да әсер етті. Қауындардың жоғары қарап жатқан жағын "күн соғып" тастайды. Дегенмен еңбегіңнің жемісін көрген сәтте барлығы ұмыт болады ғой.
Бірақ бір қуантарлығы, Дакара тұқымын алғаш рет отырғызсақ та, өте сәтті жеміс беруінде болды. Дакара қауыны 10 маусымда жеміс берді. Әлеуметтік желілерде жарияланды. Жетісай егіншілерімен бірдей уақытта жеміс берді деп. Қауын шыбынына қарсы шаралар да жасалды. Қызылорда ғылыми орталығы мамандарымен бірлесе отырып қолға алған бұл жұмыстың нәтижесін көру үшін облыстық фитосанитариядан мамандар келіп, жұмысты оң бағалады, – дейді.
Түйін: "Өзінің сүйікті ісін істеген адам бақытты емес, өз ісін сүйіп істеген адам бақытты" деген сөз бар. Сүйікті істерін сүйіспеншілікпен істеп жүрген жандардың әрекетінен қиындықтың кедергі бола алмайтынын түсіндік. Атқарушы биліктен қолдау бар, тек тынымсыз еңбек болса, жетістіктің жолы ауыр емес.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

20 шілде 2021 ж. 451 0