Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарлығаш – киелі құс

Қарлығаш – киелі құс

Қазақ қашаннан қарлығашты киелі құс санайды. Бұл құстың қасиеті жайлы аңыз-әңгімелер де аз емес. Ілгеріде Жоңғар шапқыншылығы кезінде ауылға жау шауып, бүкіл ел үдере қашады. Сол ауылда тұратын бабамыз Төле би ғана көшпей отырып қалады. Шапқыншылықпен келген жоңғар қолбасшысы, "бәрі қашқанда бұл неге көшпей қалған, жөнін біліп келіңдер" деп әскерлерін жұмсапты.
Сонда бабамыз: «Үйімді бұзсам босағадағы қарлығаш ұясы қоса бұзылатын болғандықтан орнымнан қозғалмадым» деген екен. Сонда жоңғар қолбасшысы: "Бұл әулие адам екен, мазаламаңдар" деп бұйырыпты. Осы жағдайдан кейін Төле бабамызға екінші бір «Қарлығаш әулие» деген ат беріліпті дейді әңгімелерде. Бұл әңгімеден Төле би бабамыздың «Қарлығаш әулие» атануынан да құсты қазақ ғана емес, басқа ұл өкілдері де қастерлеп, кие санағанын аңғарамыз. Сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңінде шаңырағына бейкүнә құстың ұя салғанын, оны бұзуға қолы бармаған бидің бұл сөзіне таңырқаған қолбасшы «Шын әулиенің өзі екен» деп еліне де тиіспепті. Иә, қарлығаштың адамзатқа жасаған жақсылығы туралы аңыз-әңгіме де көп.
         Қазақта егер үйдің төбесіне қарлығаш ұя салса, бұл отбасы бақыт пен берекеге кенеледі деген ырым бар. Ата-бабамыздың айтуынша, қарлығаштың ұясын бұзу үлкен сәтсіздікке душар етеді дейді. Бұл құстың бүкіл өмірі ауада өтеді. Басқа құстардан ерекшелігі, аспанда ұшып келе жатып тамақтана алады, кейбірі ұйықтауға да қабілетті келеді. Олар шыбын-шіркеймен масамен және де басқа әртүрлі жәндіктермен қоректенеді. Қарлығаш –мейірімді және бейбітшіл құс. Оның ұясына басқа құс кіріп кетсе, оған шабуыл жасамай, өзге ұяға көшіп кетеді.Ұясын тұрғын үйлердің шатырына сала береді, адамдардан қорықпайды. Ұяны балшықтан және өз сілекейінен жасайды. Бұл құстарды әлемнің кез келген жерінен кезіктіруге болады. Қыста жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде оралады. Ұшып келген соң ұя салуға, балапан басуға кіріседі. Балапандары күніне 300 рет тамақтанады. Алғашқы үш аптасында анасы балапандарына қамқор болып, жәндіктерді аулауды үйретеді. Қарлығаш табиғи ортада бес жыл өмір сүреді.
         Дереккөздерге сүйенсек, Арк­тика мен Антарктидадан басқа аймақ­тарда кеңінен таралған қарлығаштың 20 туысқа бірігетін 79 түрі бар екен. Ал елімізде оның тек бес түрі ғана мекен етеді. Олар – жар қарлығашы, құз қарлығашы, қос реңдi қарлығаш, сепкiлтөс қарлығаш, кент қарлы­ғашы. Ашық күндері биікке қанат қағып, жауын-шашын боларда жер бауырлап ұшатын көрінеді. Сондықтан ертеректе бабаларымыз қарлығаштың ұшу ерекшелігіне қарап, ауа райын алдын ала болжап отырған.
         Киелі құстың басқа құстардан басты ерекшелігі, құйрығы айыр болып келеді. Құстың бұл түрін қастерлейтін эстон елінің халық ертегісі бұл жағдайды қос ғашықтың өмірімен байланыстырады. Екі жастың бақытын көре алмаған пері өзінің қызын сиқырлап балаға қосады да, қызды қарлығашқа айналдырып жібереді. Той үстінде қарлығаш жігіттің иығына қонып, перінің қызының құлағындағы сырғаны үзіп түсіреді. Тойдың шырқын бұзған қарлығашты жұрт пышақ, балта лақтырып қуады. Әлгі заттардың бірі құстың құйрығын кесіп түсіріп, содан айыр болып қалған деседі. Бұрынғыдан жеткен осындай түсініктегі аңыз-әңгімелер көп. Сонымен бірге қарлығаш оба, безгек, тырысқақ аурулары тараған жерді мекен етпейді екен.
         Қарлығаш – пайдалы құс. Зиянды насекомдарды, әсiресе, шыбын-шiркейдi өте көп жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтiредi. Қарлығаштар жылына екi рет жұмыртқалайды. Ол жылы жақтан оралған кезде қораға қонса, қой егiз туады, ақ мол болады. Ал үй жақтауына немесе шатырына қонса, сол үйдiң жан басы көбейедi. Түсiңде қарлығаш көрсең бақытқа кенелесiң…
         Киелі құс қарлығаш туралы деректерді, аңыз-әңгімелерді оқи отырып, қарлығаштың барлық адамзат үшін өте киелі, сүйкімді құс екеніне көзім жетті. Сондай-ақ қарлығаштың тіршілігін бақылау барысында мен олардың ұя салуы, қоректенуі, жұмыртқа салуы, ұядан қанаттанып ұшуы туралы көп нәрсе білдім. Бұл деректердің болашақта қарлығаш туралы білгісі келетін жандар үшін маңызы зор деп ойлаймын.

Мариям Нұрманқызы
22 шілде 2021 ж. 11 791 0