Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қалың мал қанша?

Қалың мал қанша?

«Бір қыз көрдім сүйетін дәл,Жалғыз өзі жүр бақта.

Қосылуға ниетім бар,
Қалың малы қымбат па?
Доллар, рубль, теңге ме?
Көп байлық жоқ менде де». Иә, отбасын құрып, отау тіккісі келетін бүгінгі жігіттердің жыры осындай.

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Бірақ, бүгінгі заманда үйленудің өзі оңайға соқпай тұр. Себебі, жыл өткен сайын қыздың құны қымбаттап, қалың малы аспандап барады. Бірінің қалтасы көтерсе, енді бірі қалың малға қаражат таппағандықтан сүр бойдақ атануға шақ қалып жүр. Қазіргі таңда барлық өңірде қыздың жоғарғы білімінің болуы оның қалың малының көлеміне тікелей байланысты. Қыздың қызыл дипломы, шетелде білім алғандығы – оның бағасын өсіре түседі. Жас ерекшелігі тағы бар. Орта есеппен елімізде қыздың құны 500 мың теңдеген басталады екен. Ең қымбаты миллионнан асып жығылады. Әрине, барлығы қыз алып отырған отбасының жағдайына байланысты. Бірақ оңтүстік өңірлер қалың малға көп мән береді. Сондықтан болар оңтүстіктегілер қалың мал бағасы бойынша көш бастап тұр.
Қалың мал бағасының өзгеруі бір жағынан қыздың жасауына да байланыс­ты. Мысалы, қыздың жасауына қосылатын сандықтың орташа бағасы 100 мың теңге. Үйде киер киімі мен орамалдар жиынтығы 200 мыңның төңірегінде. Бұдан бөлек ыдыс аяқтар бар. Оны жасақтау үшін 200 мың теңге кетеді. Барлығын қосқанда орта есеппен 500 мың теңге. Қалың малыңыз осы мөлшерде болса, артыңыздан келген жасауға міндетті түрде төсек-орын гарнитуры, екі жүк және негізгі тұрмысқа қажетті заттар (теледидар, тоңазытқыш, т.б.) енуі керек.
Осындай себептерге байланысты қыз құны 1 000,000 теңгеге жетіп те, асып та жатады. Қалың малыңыздың төлемі осындай болса, жасауыңыздың құрамына үйге қажетті барлық ұсақ-түйекке дейінгі заттар енуі керек. Қалтаңыздың қалыңдығына қарай бұл заттардың құны да өсе береді. Ал, ана сүті, әке күші деп басталатын сұраудың топ басында Шымкент шаһары тұр. Мұнда күйеу бала қалыңдық үшін 1 миллион теңгенің көлемінде қалың мал береді екен. Одан кейін Қызылорда мен Алматы облысы. Бұл өңірлерге құда түсіп барғанда қалтаңызда кемі – 500 мың болуы тиіс. Ал, қалың малдың бағасы төмен өңір Шығыс Қазақстан деп танылды. Сондай-ақ, көк тиын шығын шығармай қыз алуға болатын жерлер де жоқ емес. Атырау, Ақтөбе, Орал, Павлодар және Қарағанды, Көкшетауда аталған дәстүр өз мәнін жоғалтыпты. Тіпті, кейбір өңірдің аруларын қалың мал төлемей-ақ, шаңырағыңызға келін қылып түсіре аласыз.
«Қалың мал беру – қазақтың XVІІІ ғасырынан бастау алған салт-дәстүрінің бірі. Ол кезде қалың мал 4-5 ірі қарамен есептелген, ал бақуатты, дәулетті отбасылардан шыққандар қалың малын мың жылқыға дейін жеткізген.
Әбубәкір Диваевтың Шымкент уезінен жазып алған дерегі бойынша, қалың малдың ең жоғарғысы 8 құлынды бие, 13 жылқы, 9 түйеден тұрған. Қалың мал көлеміндегі 1 жылқыны 6 қой ауыстырған. Орта жағдайдағы қыздың қалың мал көлемі 27-ден 37 бас малға дейін қамтылған. Кедейлер тұрмысында қалың мал «дөңгелек қалың мал» деп аталып, 7-ден 9 бас малды құраған, кейде кедей отбасында екі жақтың келісімі бойынша бір-біріне сый-кәде бермей екі жасты қосқан.
Қалың мал тақырыбында шариғаттың да өз айтары бар. Жалпы, қалың малды шариғаттағы күйеу жігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы деп есептеуге болады. Себебі, мәһір – әйелдің күйеуінен алған сыйлығы, ол әйелдің тәуелсіз мүлкі деп есептеледі. Күйеу жігіт берген қалыңмалға қарай қыздың жасауы әзірленеді. Егер, үйленгеннен кейін барып әйел жесір қалып жатса, күйеуінің берген қалыңмалына (мәһірі) алған дүние-мүлік оның өз меншігі болып саналады. Осы себептен де, қалыңмал беруді шариғатқа қайшы емес деп айта аламыз. Тіпті, ислам дінін қабылдамай тұрып та бұл жоралғы көшпелі елдің қолданысында болған. Кейін ислам дінін қабылдаған да қалыңмал шариғаттағы мәһір болып неке шарттарының бірі ретінде қабылданған.
Мәһір – қыз бен жігіттің некелесу кезінде әйел кісі өзін еріне тәуелді еткені үшін ердің мойнына уәжіп болған құны бар материалдық сыйлық. Мәһірді қыз бен жігіттің неке қидырған кездерінде немесе кейін өтеу шартымен өзара келісімдері негізінде беріледі. Ал қалың мал, исламтанушы Самет Оқанның айтуынша, қыздың әке-шешесіне берілген күйеу жігіттің немесе құда жақтың қыздың ата-анасының көңілін жұбату, сыйластықты арттыру мақсатында дәстүр ретінде қалыптасқан ерікті (мүстахаб) амалы.

Сымбат СҰЛТАН

osken-onir.kz
07 тамыз 2021 ж. 4 911 0