Қалаға «Kaspi.кz» керек
Цифрлы технологияның мүмкіндіктері тұрмыс-салтымызға дендеп енгелі көп дүние жеңілдей бастады. Қарапайым саудадағы алыс-беріс пен ақша айналымдары бүгінде жарықтың жылдамдығынан тез дамып жатыр. Қазір санамызға «Каспий голд» деген түсінік енді. Осы дүние арқылы бүгінде алыс жол қысқарып, уақыттың өзі үнемделіп жатыр.
Мәселен, біреуге ақша салу керек болса арнайы банк бөлімшелеріне барып сағаттап кезек күтетінбіз. Немесе жолай кетіп бара жатқан жолаушы іздеп, қомақты қаржыны аманаттап табыстап жататын сәттер көп болды. Қазір ол дәуреннің бәрі артта қалып барады.
Бүгінде басқа салаға қарағанда, банктік жүйе қарқынды дамып келеді. Ақша аударымдары мен несиелік мүмкіндіктер ұлғаюда. Сонымен қатар тұтынушыға қолайлы жағдай қалыптастыруда бұрынғыдай несиелік бөлімшелердің жұмысы жеңілдеген. Себебі бәрі цифрлы технологияның мүмкіндіктерімен алға озып, онлайн қызмет көрсетудің сапалы әрі сенімді жүйесін қалыптастырды. Сондай мүмкіндіктерге көбірек иек артып, қызметін ұтымды әрі тиімді пайдаланып отырған банктердің бірі – «Kaspi кz».
Аптаның қай күні болмасын халыққа қызмет көрсетуді жолға қойған бұл банк бүгінде тұтас халықтың назарын өзіне аудару арқылы «сенім институтын» қалыптастырды. Расында «Kaspi кz» АҚ Қазақстандағы көптеген қаржылық институттармен тығыз қарым-қатынас орнатып, желілік маркетинг саласында да сенімді серіктеске айналды. Оған өзіміз күнделікті өмірде куә боп жатамыз. Қазір телефон алсаңыз да, ақша аударсаңыз да, әлдебір зат сатып алып төлем жасасаңыз да, киім мен тұрмыстық техника, қосалқы бөлшек пен қаржылық қажеттілікке тап болсаңыз да «Каспий кz» көмекке келеді. Міне, әрбір тұтынушының талабынан табылып, сеніміне ие болған осы бір қаржы ұйымының Аралда бір бөлімшесі болмағаны қиын болып-ақ тұр. Осы мәселе қала тұрғыны Д.Сағадатовты да алаңдататын секілді:
– Осы кезге дейін аптаның сенбі, жексенбі күініндегі демалыстарды пайдаланып, облыс орталығы Қызылорда қаласына сапар шегетін жалғыз мен емеспін деп ойлаймын. Басты себеп – осы «Kaspi кz» банктен несие алу. Бұл шаруа онсыз бітпейтін. Яғни несие алар болсаңыз, арнайы бөлімшесіне барып, бірқатар шарттарды орындау керек-ті. Бұл жүйе қазір де солай. Тек телефондағы арнайы қосымшаның көмегімен несиелік мүмкіндіктерді алдын ала анықтауға қол жеткізілді. Оған да шүкір. Әйтпесе несие аламын деп қаншама шақырымды артқа тастап барып, шықпай қалса үміттің ақталмағаны. Ондай сәтті де бастан өткергенбіз. Қазір Қызылордаға бармай-ақ, үйде отырып несие алуға ұсыныс беруге болады. Оны банк тарапы мақұлдаған жағдайда, сенімді түрде жолға шығасыз. Яғни ақшаны бәрібір арнайы бөлімшеден немесе «Kaspi кz» сенім артқан арнайы терминалдардан алуға болады. Қынжылтатыны, мұндай терминал да болмай тұр Аралда, – дейді ол.
Осыдан бірнеше уақыттар бұрын Арал қаласына «Kaspi кz-тің» арнайы бөлімшесі ашылады деген жақсы хабарды құлақ шалды. Алайда оған да біршама уақыт өтіп кетті. Әлі ондай мүмкіндіктерге қол жеткізілген жоқ. Тым болмағанда, бір терминал орнатылса деген көп тілегі бар еді. Ол да әлі күнге аяқсыз қалып келеді. Осы мәселені ендігі жергілікті билік қолға алу керек сияқты. Бұл – көптің тілегі.
Иә, Аралға Каспий керек. Онсыз тірлік бітпейді, уақыт өтпейтіндей. Халық сеніміне ие болған үздік банктің «Kaspi Gold» деп аталатын дебеттік картасының өзі бүгінде тұтас халықтың қолданысындағы дүниеге айналды. Алғашында жалақы жобасы аясында ғана шығарылды. 2017 жылдың 1 наурызынан банк аталған картаны барлық жеке тұлғаларға береді. Осы картаны алатын болсаңыз да, сабылып Қызылордаға бару керек.
Бұдан бөлек «Kaspi Red» деген карта қолданысқа енді. Серіктес дүкендердің тауары мен қызметін шектеулі лимит аясында бөліп төлеуге мүмкіндік беретін картаның бүгінде қолданыс аясы ұлғайды. Керек пе, Қызылордаға барыңыз.
Бұл банктің негізінен магазин ретінде жұмыс істейтінін бірі білсе, бірі білмес, банкке мұндай есім қалыптастырған айтулы қызмет 2014 жылдың 28 қарашасында іске қосылды. Осы сынды айырмашылықтарға ие «Kaspi кz» Аралға да келсе алаң көңіл басылар еді. Жұрт сол күнді асыға күтіп жүр.
А. БИСЕНОВ