Сандық жүйе сан мүмкіндіктерге жол ашады
Коронавирус індеті экономикаға, күнделікті өмірге және білім саласына көптеген өзгерістер әкелді. Қазір технологиялар мектепте қосымша білім беру немесе ойын-сауық ретінде ғана емес, сонымен қатар оқушыларды толықтай оқыту үшін де таптырмас құрал болып табылады. Пандемиядан кейін мектептегі білім беру онлайн жүйеге көшкелі өзгеше сипат алғаны белгілі. Десе де онлайн оқу түбінде тұрмысымызға енетін цифрлы технолгияның алғышарттарын ұқыпты орындауға бейімдеу секілді.
Енді осы онлайн білім беру төңірегінде айтсақ. Онлайн оқу басталғалы үйдегі ата-анамен баланың арасындағы байланыс күшейіп, оқу жүйесіндегі бірізділіктің бұзылғаны рас. Бұған дейін баланы мектепке жіберіп, үйінде басқа шаруамен айналысатын ата-ана үшін айлап үйінде отырған баланы өзі оқытқандай күй кешті. Әрине мұндай үрдіске еліміздегі цифрлы жүйенің мүмкіндіктері мол болды. Қала мектептері түгелдей онлайн жүйге көшіп, көшке ілескенімен, ауыл мектептеріндегі балалардың онлайн білім алуына ғаламтордың қолжетімсіздігі кедергі болды. Жоғарғы жылдамдықтағы ғаламтор әлі де ауылдық жердің басты дертіне айналған мәселе. Бірақ заман соны талап еткендіктен көшке ілесуіміз керек. Өйткені мұндай жүйе жалғыз біздің елде емес, әлем елдерінің көбінде қолданысқа енді. Басты себеп – әлемді жайлаған коронавиру індеті. Айталық, пандемия Италия елін қатты есеңгіреткені рас, соған қарамастан Италия үкіметі мұғалімдерге бейнеконференция байланыстары мен сабақ жоспарларына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы веб-сайт құрды. Соның арқасында елдегі білім беру саласы өз жұмысын әдеттегідей жалғастырды. Ал Оңтүстік Корея үкіметі болса мұндай жүейге әлдеқашан бейімделді. Яғни бұл ел 2015 жылы қағаз түріндегі оқулықтардан толығымен бас тартты. Білім департаменті мектептерді өзгертетін жаңа сандық революцияға дайындалып жатқандығын хабарлады. Дәл осындай сандық революция әлемде бірінші зияткерлік ұлтты құруды мақсат тұтқан Сингапурға да қатысты.
Мамандардың айтуынша, өмірде болатын түрлі жағдайларды ескере отырып айтсақ, қашықтан оқыту тек эпидемиологиялық жағдайда ғана емес, сонымен қатар басқа уақыттарда да өте ыңғайлы болып саналады. Демек біздің елімізде де басы басталған жүйе уақыт өте толықтай цифрлы жүйеге көшуі бек мүмкін. Оған әзірлік қазірдің өзінде қолға алына бастаған. Осы кезге дейін еліміздегі көптеген сала сандық жүйеге көшті. Бір ғана білім саласының өзінде осы кезге дейін қағазбастылықтан арылу жүйесі үстемдік құрып келеді. Нәтижесінде «Күнделік кз» пен «НОБД» және «Bilimland.com» сынды цифрлы бағдарламалар дүниеге келді. Мұның барлығы қазірдің өзінде ұстаздар қауымы үшін мол мүмкіндіктер береді.
Иә, дамыған елдер тәжірибесі арқылы өмірге келген цифрлық мүмкіндіктер бізге де мол жетістіктер алып келері сөзсіз. Біз қолға алған қашықтан оқыту жүйесі де сол тәжірибелердің жеңісті жемісі. Бұл тұрғыда біз де сенім үдесінен шығамыз деген үміттеміз.
Раушан АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ,
Ж.Түменбаев атындағы №60 орта мектеп мұғалімі