Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел сүйсінген ене мен келін

Ел сүйсінген ене мен келін

Жарық дүниеге келген әр адамның тағдыры әрқилы өріледі. Әр адам жеке бір тарих іспетті. Адамдар бір-біріне жақын болғанымен, әр адамның жаратылысы өзіне аян. Содан шығар, ана құрсағында жатқанда тағдыры пешенесіне жазылып, әр пендесіне Алла еншілеп берген қасиеттерімен өзгешеленетінін өмірде көріп жүрміз.
Заманына қарай әр адам саналы өмірінде өзінің сүбелі үлесін қосып, қайырымдылықты молынан жасаған жандарды қай заманда да қоғам ұмытпайды. Жетпісті алқымдаған Алтынай Мүсір келіні  жетпіс бес  жасқа толған ер-азаматы Есенгелді ақсақалмен әлі де нарықта нардың жүгін арқалап, киелі мекен Қарақұмда бақытты ғұмыр кешуде.
Десе де осыдан 20 жыл бұрын 95 жасында бақилық болған енесі Жанымкүл Қожахметқызы мен Алтынайдай келіннің арасындағы байланыс пен сыры ашылмайтын сыйластыққа ел-жұрт қызыға қарайтын. Қызық, ене мен келінді бұлай ерекшелейтін қандай құпия, қандай қасиет бар? Бәлкім, тағдырлас болғандығынан шығар. Қолымызға қалам ұстатқан да осы жылы қарым-қатынастық жайы болар.
"Адамның атын оның іс-әрекеті шығарады" демекші, тыл ардагері, енесі Жанымкүл де келініне соғыс жылдарындағы, ашаршылық тұсындағы ауыр тірлікті айтудан жалықпайтын. Егін егіп, канал қазған, сауыншы болып, арба да айдаған. Майданға жіберуге түнімен тон тігіп, қолғап-шұлық тоқығанын, қурайды да аршып, жаужұмыр шөпті тергенін, түрлі шөптің тамырын тамақ қылғанын, аштықтан отбасының да, ауылдағы қаншама үйлі жандардың аштықтан өлгенін көзімен көрген. Сол тірлік еткен жерінде қаншама жанның көмілгенін күрсіне әңгімелеп, бейбіт күннің қадірін білуді, еңбек етуді балаларына, келініне естелік етіп айтып отыратын қилы кезең куәгері еді.  
Жанымкүл әжеміздің қосағы Мүсір де, қос інісі Дұрысбай мен Әбілтай аталар да Ұлы Отан соғысында Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан жауынгерлер. Ал осындай жандардың майдандағы ерлік істерін жас ұрпаққа насихаттау –  бүгінгі ұрпақтың борышы. Әбілтай атамыз қан майданнан аман-есен оралып, еңбекке араласып, ұрпағын өрбітсе, жорық жолынан екі бірдей ағасының қайтпай қалғаны өзекті өртейді. Дұрысбай атаның жалғыз қызы Нәзен апа Ерімбетжаға елді мекенінде. Соғысқа дейінгі Мүсір атаның үлгі-өнегесі, ерен еңбегі кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Мүсір атамыз бен Жанымкүл әжеміз колхозды ұйымдастыру кезінде астындағы жалғыз атын да өткізіпті. Қиындыққа мойымай, қол ұстаса жүріп "Тәуіп" деген жерден түйемен ағаш тасып, мектеп және мал базаларын салған. Оралға, Орынборға сиыр фермаларына мал айдаған. Атамыз бен әжеміз талай жанды аштықтан арашалап, көптеген адамның сауабын да, батасын да алған екен. Міне, осындай жігерлі, жүрегіне иман ұялаған атпал азаматтарымыздың адал ісіне, ерлік үлгілеріне бас иеміз.  Майдангер Мүсір атамыз туралы деректер табылған сәтте "Боздақтар" кітабына енгенін, Сталинград түбінде қанды шайқаста қайтыс болғанын естігенде, әжеміз осы құнды мәліметтерді тапқан азаматтарға шексіз алғысын білдіріп, ұзақ ойға шомғаны көз алдымызда. "Адамзат тарихындағы алапат апат қайталанбаса екен, ана мен бала азап шекпесе екен" деп, бейбіт өмірдің қадірін білуді балаларына, ауылдастарына үнемі айтып отыратын.
Иә, Жанымкүл Қожахметқызы мен келіні Алтынайдың арасындағы татулығына ауылдастары қызығатын. Бейнетпен есейіп, әулетінің отын маздатқан Алтынай апаны әңгімеге тарттық.
– Қырық жылдай асыл енемнің тәрбиесін көрдім. "Жақсы әйелдің киесі бар" деп айтады ғой. Енем – киелі адам. 16 жасымда осы шаңыраққа келін болып түстім. Жалаң аяқ, жалаң бас, тұлдыр жетім болып келдім. Енем мың болғыр маңдайымнан сипап, әке орнына әке, ана орнына ана болды. Қасиетті енем менің мәңгі жүрегімде. Көрсеткен қамқорлығына қарыздармын. Енемнің ақылымен "келінім қоғаммен аралассын, орта көрсін" деп, келін болып түскен 18 күннен кейін ауылдағы балабақшаға тәрбиеші етіп жұмысқа тұрғызды. Сол жерде 29 жыл еңбек еттім. Құдайдың берген 7 баласын дүниеге әкелдім. Бар баламды енем бағып-қағып, қатарынан кем қылмай өсірді. Бар жағдайымызды жасады. Егер енем болмағанда, мен ісмерлік өнер жолына түспеген болар едім. Түннің бір уағына дейін ою-өрнек салып, киіз бастым, алаша тоқыдым, ұлттық киім тіктім, қыз жасауын жасадым. Тәуелсіздігімізді алған жылдары осы ісмерлік өнермен әулетімізді асырадық. Енем малды да жайлайтын. Күбі шайқау, тарыдан талқан, сөк жасап, немерелеріне ем-дом жасап, бар баласын бесікке бөлеп, ауыртпаған. Енеммен сырлас, дос болдым. Бар мұңымды сол кісіге келіп айтатынмын. Ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын беретін. Халқымыздың салт-дәстүрін, отбасы құндылығын сақтауды аяулы да асыл енемнен үйрендім. Келіндеріне өнеге-өсиетін айтып отыратын кеудесі алтын сандық іспетті қасиетті адам еді. "Алтыным, құдай саған береді" деп тілегімді тілеп, екіқабат болғанымда түнімен отқа май салып, перзентханадан мен босанбай шықпайтын еді. Алғаш немерелі болғанымда "Алтынайымды да әже қылдым" деп отыратын.  Бәлкім, енемнің ақ батасының арқасы шығар, бүгінгі таңда 17 немере сүйіп, ақсақалымыз екеуміз қызығына кенеліп отырған жайымыз бар,– деп ағынан жарылды.
Иә, ене мен келін сыйластығына тәнті болдық. Мұндай жылы қарым-қатынас қазіргі отбасыларға да, бір ошаққа от жағып, бір қазаннан ас ішкен ене мен келіндерге де үлгі болса, қане?! Отбасының да, әулетінің де, қала берді ауылының да алтын діңгегі, ұйытқысы болып, енесінен үйренген тәлім-тәрбиесін бес келіні мен барлық ауыл келіндеріне үйретіп, өнеге көрсетіп, ел-халқына береке-бірлік тілеп отырған Алтынай апаның ғибратты ғұмыры көпке үлгі.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
21 тамыз 2021 ж. 584 0