Жазықсыз жазаланған қаракөздер-ай!
Өткен тарих, кешегі күннен кейінгі ұрпақ сабақ алып отыруы –заңдылық. ХХ ғасыр – біздің қазақ халқы үшін қасірет пен қайғыға толы кезең болды. Кешегі Кеңес заманы елім-жерім деген арыстарымыздың көзін жойып қана қоймай, нәзік жанды қаракөздерімізді де қуғын-сүргінге жазықсыздан жазықсыз жазаға ұшыратып, бастарына аяусыз қиындықтар тудырып отырды. Кеңестік-тоталитарлық жүйе ел-халықты ешқашанда өз қыспағынан шығарған емес. Сол қысталаң шақтар қаракөздеріміздің көз жасын көл қылып ағызды. Алайда қайсар мінезді қыз-келіншектеріміз қандай кезде де өздерінің турашылдығынан, батылдығынан айныған емес. Өздері үшін ғана арпалыспай, кейінгі ұрпақтың жарқын болашағын аңсап, Кеңес өкіметіне, қан шеңгелді коммунистік партияға табандылықпен қарсы тұрды. Өмірде бір әділеттік боларына сенді, ұлт үшін ұран көтерушілердің басы-қасында болды. Әрине, уақыт емші көп жараны жазғанымен де, олардың бейкүнә жанын жаралап, төгілген көз жастарын тарих ұмытпайды.
Бірнеше мәрте толқын-толқын болып ел жақсыларын, алаш арыстарын қынадай қырған репрессиялардан тек ер-азаматтар ғана емес, қазақтың жазира көңіл, жылы жүректі әйелдері де өктемшіл өкіметтің соққыларын өлшеусіз көрді емес пе?! Басқаны қойғанда, қазақтың біртуар перзенттерінің сүйген жарлары азап шеккен, сан түрлі қиғылықтарды көрген «Алжир» секілді қаншама лагерьлерде ажал құшқанын тарихтан жақсы білеміз. Осы сталиндік, одан кейінгі оның ізбасарларының сұрқия саясатының құрбаны болған, азап-мехнатын тартқан аралдық қаракөздер туралы бүгін жазуға қолға қалам алып отырмыз.
1991 жылы тәуелсіздіктің арайлы таңы атқанша көресіні көріп, жазықсыз жазаланған бұрымдыларымыздың есімін жерлестері біліп жүрсе деген ойымыз бар. Репрессияға ұшыраған аралдық аналардың алғашқылары 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келеді. Ерлері, азаматтары қан майданға аттанған әйелдер қоғам өміріне белсене араласып, әділетсіздік пен әділдіктің ара жігін ажыратып, ақиқатты тайсалмай айтып, шындық іздеген тірліктерінен пайда болған деп топшылауға болады. Олардың бұл өр мінездері отаршыл-кеңесшіл билікке әсте ұнамағаны айқын-ақ. Сондықтан да азат ойлы аналарға өздерінің қыл тұзақ қамытын әдейі дайындағаны көрінеді. Мұның бірнеше мысалын репрессияға ұшырағандар туралы мәлімет беретін «Аза» кітабынан табамыз.
Көбегенова Бибажар 1923 жылы аудандағы «Беларық» колхозында туған. Орталау мектеп көлемінде білім алған ол өз белсенділігімен көзге түсіп, комсомол қатарына да алынған. Көзі ашық келіншек мемлекет саясатының бұрыс жолдарын көріп, Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізгені үшін қолына кісен салынып, қылмыстық іс қозғалған. КСРО мемлекетінің Ішкі істер комиссариатының жанындағы Ерекше мәжілістің үкімімен 1943 жылы 21 сәуірде 5 жылға жер аударуға сотталып кете барған.
Тастыбаева Рабиға 1910 жылы теңіз жағасындағы балықшылар отбасында дүниеге келген. Мектепке барып, бастауыш көлемінде білім алған. Көзжетпес ауылындағы «Қызыл балықшы» колхозында жұмыс істеген. Ол өзі еңбек ететін колхоз мүшелері алдында контрреволюциялық үгіт жүргізді делініп, тұтқындалып түрмеге тоғытылады да, әлгі Ерекше мәжілістің үкімімен 5 жылға жер аударуға сотталған. Бұл 1943 жылдың 15 мамырында жүзеге асырылған.
Шалабаева Қатира Арал ауданының №13 ауылында 1908 жылы туған. «Ұялы» балық зауытында жұмысшы боп жұмыс істеген. Соғыс жүріп жатқан кезде немістердің әскери техникасы мен армиясын мақтады деген желеумен қамауға алынып, 1943 жылы 28 сәуірде үкім шығарылып 5 жыл жер аударылып жіберілген екен.
Есмағамбетова Сәмби 1920 жылы туған, 7 сыныптық білім алған. Мектеп бітірген соң колхозшы боп еңбек еткен. Алайда жүректі қыздың сыртынан біреулер көрсетіп, қылмыстық іс қозғалып, алдыңғы апалары сияқты бас еркінен айырылып кете барған.
Жазықсыз істі болғандардың бірі – Науанова Назира 1915 жылы туған, шала сауатты болған. Тұз өндірісі – «Аралсольда» жұмыс істеген. Кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық үгіт және әрекеттер жасағаны үшін деген желеумен істі болған, 5 жылға жер аударуға сотталған.
Бір айтарлығы, бұл бес нәзік жанды аналарымыз қитұрқы биліктің орынсыз жаласынан зардап шекті деуге болады. Кесілген жаза түрі мен жылдары бірдей. Соғыс жылдары рухы көтерілген халықтың өрлігін басу үшін, ел-жұртты үрей құшағында ұстау үшін жасалынған саясат екені көрініп тұр. Қолға кісен салынып, алыс аймаққа, бейтаныс жерге айдалған қарапайым ауыл әйелдерінің мехнатты, азапты тірлігін көзге елестетудің өзі қиын-ақ. Әділдік– уақыт берер енші. Асыл аналар 1989 жылы түгелдей ақталып, өз есімдеріне жазықсыз жабылған жазаның қамытын сыпырып тастады.
Ал әкесі Құдайберген Көшкімбаев «халық жауы» болып 1937 жылы атылып кеткен. Отбасының қызының айналасынан, қоғамнан көрген шеттетілуі жас жанды талай қиналыстарға тап қылғанын қалай деуге болады. «Халық жауының» қызы, кейін геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор болған жерлесіміз Нағима Құдайбергенова сол тар кезеңді еске алып:
– Кластас құрбыларымның пионер қатарына қабылданған күні мен және тағы бір бала шеттеп қала бердік. Үй-іші мені «қызыл мата жетпеген шығар» деп жұбатумен болды. Қызыл мата тапқан күні галстукты өзім пішіп, мойныма байлап мектепке келдім. «Халық жауының қызы пионер бола алмайды» деп, менен галстукты шешіп алды. Бұл 10 жасар бала үшін ауыр өмір соққысы еді. Сол кездегі қиналыстар кейін де өмірде қайталанып отырды,– дейді.
Аласапыран, ала құйын заманның шындығы осындай еді. Кеңес мемлекеті адамдардың тағдырын осылайша ойыншық етті. Жазықсыз жапа шеккен аруларымызды айтқан кезде, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде ұлт намысын жоқтаған нәзік жандар тілге оралады. Желтоқсан көтерілісі Қазақ елінің орыс отаршылдығына қарсы жүргізген 300 жылдық қарсыласу тарихының соңғы, елеулі нүктесі еді. Бүкіл дүние жүзін тітіркендірген КСРО мемлекетінің әлі де ел-жұртты қанды шеңгелінде қыспақтап ұстайын деген шовинистік саясатының біржолата бетпердесі ашылған сәті – осы кез. Темір бұғауды тепсініп тұрып бұзуға ұмтылған қазақ жастарының ұлы дабылы әлем назарын аударды. Біржолата құлауына санаулы жылдар қалған кеңестік-компартиялық билік бұл оқиғаға қатысқан ұл-қыздарды жазықсыз жазаға ұшыратты. Мәскеудің озбырлыққа толы әрекетінің бар қиындықтарын басынан өткергендер қатарында аралдық арда арулар да болды.
Алматы электро-байланыс техникумында оқып жүрген Бибізада Әбішева Алматыда алаңға шығып, өз ұлтының намысын қорғағаны үшін милициялар ұстап, 6 күн түрмеге қамаған. Бірнеше айлар бойы тергеу мен тексерулерге ұшыратып, ақыры оқып жатқан оқуынан шығып кетуге мәжбүрлеген. Желтоқсаншы ана Б.Әбішева өткен жылы ғана ауданымызда алғаш болып ақталу құжатын алып, ұзақ жылдар жанын кемірген ар мен намысын адақтап шықты.
Желтоқсан күндері суыққа тоңып, жүздерін аязға қарытқан, алайда бірнеше күн Орталық алаңда елдіктің, ерліктің ұранын талмай шырқаған Қазақ мемлекеттік университетінің студенті Күлжан Құлниязова, Алматы медицина институтының студенті Әлия Сәрсенбаеваны КГБ шабармандары айлар бойы тергеп, ақыры оқуларынан аластатқан. Өрімдей жас қыздар қаншама айыптауларды басынан өткізіп, ондаған түсініктер жазған. Олар өздерін айыпты емеспіз деп санап, көп ізденістерден соң, бірнеше жыл сабылыстың нәтижесінде оқуларын жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл жолда да олар өз қажыр-қайратын, мұқалмас жігерлерін көрсетті. Жастық өмірбаяндарындағы қара дақтарды әлдерінше өшіре білді, батылдықтарын танытты.
1986 жылғы Желтоқсанда алаңда болып, адам айтқысыз кемісітуді, қорлықты көргендердің бірі – Жаннат Абдалиева. 1985 жылы №14 орта мектебін бітіріп, Алматы политехникумына оқуға түскен. 18 жасар бойжеткен барша жастармен бірге транспарант көтеріп, кеңестік билікке қарсы шықты. Өз істерінің дұрыстығына шексіз сенді, ұлттық намысты бәрінен биік қойды. Көтеріліс тыншығаннан кейін қудалауға ұшырады. Ұрып-соғуларды басынан өткізді. Алматыда, туған жерінде де қоғамнан шеттетілді, жұмысқа алынбады. Бірнеше күн түрменің төрт қабырғасына қамалса да, ақыры соттан аман құтылды. Екі жылдан соң ғана барып оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды.
– Басымнан өте ауыр күндер өтті. Сол ауыр күндерде жанымнан табылған адамдарға рақмет. Әсіресе бірге оқыған Ақмарал Оразбаева деген құрбым мен түрмеде жатқанда тамақ әкеліп, мен жылап тұрсам: «Жаннат, сен неге жылайсың? Әлі күндер өтеді. Біз сенімен мақтанатын боламыз. Ешқашан қорықпа!» деп айтқан сөздері күйзелісте болған маған үлкен демеу болды,– деп еске алады.
Бүгінде қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып, 30 жыл бейбіт те жасампаз өмір сүріп келеді. Халқымыз отаршылдықтан құтылып, өз алдына шаңырақ көтерді. Осы ұлы істе біздің нәзік жанды, батыл қыз-келіншектеріміздің, аналарымыздың үлкен орны бар. Олар көк тудың мәңгілік желбіреп, болашақ ұрпақтың ерлік, азат өмір сүруін армандап, сол жолда ауыртпалықтар көрді. Аралдық арулар қашанда қоғамның дүр сілкіністерінде алдыңғы лекте болды. Жазықсыз жаладан олардың жаны күйгенмен де, арларын әрқашан кірлетпей алып шықты. Арал арулары – біздің мақтаныштарымыз!
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі