Ана баласымен, бала анасымен бақытты
"Құстың ұшу үшін жаралғанындай, адам да бақыт үшін жаралған" деп Владимир Короленко айтқан екен. Перзент сүю – ата-ананың жан қалауы. Әр ана өз баласының бақытты болғанын қалайды. Мен де барша аналар тәрізді өз баламның бақытты болғанын қаладым. Өз басымнан өткен осы бір әңгімемді оқырманыма жеткізуге асықтым.
...Екінші ұлым Әлібек алматылық Айжан деген қызға үйленді. Келін шаштараз шебері, ұлым автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Дүрсілдеген той, қымбат ресторан, құдалықтар аман-есен атқарылып, отбасылық өмір жүріп жатты. Екеуі жеті жыл бірге тұрды. Мінездері сәйкес келмей, Әмір атты немерем 7-ге келгенде ажырасып кетті. Жеті жыл да біраз уақыт. Бір-бірімізге бауыр басып қалған екенбіз...
"Мама, сіз ренжімейсіз бе, біз Әлібек екеуміздің мінезіміз жараспай жүр, ұрысып қала береміз, бір-бірімізді түсінбейміз" ,– деп бір түн бойы менімен сырласып, ішкі шерін тарқатты келінім Айжан. Мен "Әмірім тірі тұрғанда, мен саған туған анаңдай қатынаймын ғой. Ренжімеймін, бірге тұрмаймын десеңдер, өздерің біліңдер. Менің қолымнан не келеді?" деп рұқсатымды бердім. Туған ағасына телефон шалып, бәрін түсіндірдім. Сонымен Айжаныммен бірге менің де жүрегім суырылып кеткендей құлазып калдым. Екеуінің арасындағы ренішті білмеймін, Айжан мені сыйлап, өте жақсы көретін. Әлі күнге шейін қатысып тұрамыз. Әмірім қазір үлкен жігіт болды, кездесіп тұрамыз.
Бір күні Айжанға: "парикмахерскийден шаршайсың ғой, аяғыңмен тік тұрасың" деп, бізден кеткен соң да медколледжге түсірдім. Қызыл дипломмен тәмамдады. Алматы қаласының орталығында үлкен балабақшада бас медбике болып істейді. Тағы оқуын жалғастырып, әдіскердің оқуын да бітіріп алды. Көрген сайын "Мама, менің жетістіктерім сіздің үлкен жүрегіңіздің, ыстық ыкыласыңыздың арқасы"деп әлі күнге іші-бауырыма кіріп тұрады.
Сонымен, Әлібекті үйге қалдырдық. Қаладан үй сатып алып, кенже баламмен, келініммен сол үйге көшіп кеттік. (Сондағы ойым – Әлібек Айжанмен тіл табысып, қайта табыса ма, әлде өз бақытын тауып, үй болар ма екен деген аналық көңілім ғой).
2-3 күнде келіп, үйді тазалап, біраз күнге жететін тамағын істеп, қарны ашып қалмасын деп, тоңазытқышты толтырып кетемін. Балама да: "үйлену керек, осы үлкен үйде бір өзің тұра бересің бе? Әйтпесе, 10 баласы бар әйел алып беремін, –деп айтып қоямын. Ол жымиып күледі де қояды.
Өзі томаға-тұйық, ауыр мінезді, ретсіз сөйлемейді, анда-санда бір әңгіменің тиегі ашылса, рақаттанып әңгімесін айтады. Сөйтіп жүргенде 2-3 жыл да өте шықты. Бір күні азық-түлік алып келсем, есік ашық тұр, кіреберісте киім ілгіште әйел киімі, ақ шарф, ұзын қара етік тұр.
– Әлібек, Әлібек деймін, ешкім дыбыс бермейді.
– Кім бар үйде?– деп қоям, ары қарай бармаймын.
Бір кезде төр жақтан орта бойлы, ақкұба, көзі көкшілдеу ме, мұрны тәмпіш бір сүп-сүйкімді қыз келіп амандасты.
– Сәлем бердік, – деп.
О, ішімнен қуанып тұрмын, біздің "ақұдайлардан" болды-ау деп, жүрегім жарылып кете жаздады. Сәл сасқалақтап калдым, өз үйіме келсем де, әңгімені қалай бастарымды білмей.
– Бақытты бол, – дедім де, азық-түлікті қоя салып, шығып кеттім. Кенже баламмен келгенмін. "Кете бер, сәл боламын, бір қыз бар екен дұрыстап танысып алайын, мән-жайды білейін" дедім. Сөйтіп, үйге қайта кірдім де:
– Атың кім?
– Лаура.
– Қайда тұрасың?
– Үшхозда.
– Әлібек қайда?
–Жұмыста.
– М-м-м, Лаура, онда екеуміз шай ішейік, менің атым Мәриям, Әлібектің анасымын,– дедім.
– Әлібекпен көптен араласып жүрсің бе, бір шешімге келдіңдер ме?– деп қоямын.
– Руың қандай?
–Алтынбай.
–Ал керек болса...
–Бұрында Қазалыда тұрғанбыз, 1980 жылы Алматыға қоныс аударып келген ата-аналарым,– деді.
Жүрегім дүрсілдеп, аузыма тығылып, не айтарымды білмей:
– Бұрын тұрмыста болғансың ба?
– Иә,– деді.
Ар жағын қазбаламадым
– Бір шешімге келсеңдер, хабарласарсыңдар,– деп телефон нөмірін жаздырып алдым да, кетіп қалдым.
Бірақ Әлібекке көргенімді, танысқанымды айтпадым. Бәрі белгілі болған кезде өзі де айтар деп, "тезірек үйленсе екен" деген ойлар, сан түрлі сұрақ белгілері өн бойымды билеп алды-ау. Бұл 2015-тің қысы болатын. Сол баяғы әдетіммен аптасына 2 рет азық-түлік апарып жүрдім, бірақ Лаураны көрмедім. Мен жоқта келеді-ау, сірә...
Хабар өздерінен болар деп, телефон да соқпадым. Айлар өтіп жатыр, балам әңгіме айтпады, мен де есіне түсіріп әңгіме қозғамадым.
Мамыр айы туса, Мария тәтем екеуміз "Аралым, айдың шалқарым қайдасың" деп сары Алтынай кұмдарын, анда-санда бұрқырайтын шаңдағын, ыстық аптабын сағынып, әрі соғыста құрбан болған бабаларымызға, марқұм болған ата-әжелерімізге арнап Құран оқытуға шығатынымыз бар. Мария тәтем әулетіміздің үлкені, ақылшымыз, данагөйіміз, қазірде аман-есен ортамызда отыр. Үлкендік жеңіп, тоқсанды алқымдап қалса да әлі тың, әңгімесі түзу.
2015 жылдың 7-9 мамыры емес, аяқ жағына барайық, күн сәл жылысын деп 24 мамырға билет алдық. Аралды сағынып, жете алмай келе жатырмыз. Шиеліге жете бергенде, телефон шыр ете қалды, қарасам Әлібек:
– Мама, сүйінші, әже болдыңыз, мен әке болдым, атын қойыңыз,– деді
Мен қолымды жайып, Аллаға сансыз шүкірлік айтып, разылығымды білдіріп тұрмын. Қуанғаннан мән-жайды сұраумен де шаруам жоқ, "құтты болсын, бауы берік болсын" деп телефонды қоя салдым да, үлкен ұлым Қуанышқа телефон соқтым.
– Сүйінші! Әлібек ұлды болыпты, атын сен қойшы, мен қобалжып тұрмын,– дедім. Ол да қуанып жатыр. Сәлден кейін:
– Мама, Әлібек бақытты болсыншы, атын Бақыт деп қойдым, – деді.
Мен енді дереу Әлібекпен хабарластым да, "ал балаңның аты қойылды, аты Бақыт болсын, сен бақытты бол, қосағыңмен бақытты бол. Баланы перзентханадан шығарып ал" дедім. Содан не болса ол болсын деп Лаураға қоңырау шалдым.
– Лаура, бөпеш құтты болсын, бауы берік болсын!– дедім.
– Мама, рақмет!– деп қарап тұр ғой.
Әй, менің сол кездегі түрімді, күйімді тәтемнен басқа ешкім көрмеді-ау, купеде (екі адамдық) тәтем екеуміз ғана. Сосын оған да: "Лаура, роддомнан бірден біздің үйге бар, ешқайда барма, амандық болса бір-екі күнде жетемін, бәрі жақсы болады, бақытты бол" деп, пойызда жылап, екіұдай күйде тұрмын. Енді менде тек осы Лаурадан айырылып қалмайыншы деген ой ұялап алған. Өзім болып, өзім қойдым. Уақыт та өтіп болмайды-ау. Тәтем де "мына Майта пойыздан ұшып кететін шығар" деп күліп қояды. Сөйтіп, қуанышымда шек жоқ, Аралыма да алып-ұшып жеттім.
Сольтрестегі үйге үлкен палатка құрып, садақамызды таратып, ата- бабаларымыздың рухына дұға бағыштадық. Енді Алматыға тез қайтудың амалын қарастырдық. Билет те сәтін салып табыла кетті.
Ақ тәтемді жетектеп, Алматы қайдасың деп жолға шықтық. Келе жатып, "бала қалай, өзің қалайсың" деп Лаурадан сұрай беремін. Ай, ақкөңілмін ғой, сыйлықтарды толтырып алып келе жатырмыз. Алматыдан Әлібек күтіп алды. "Мама" қайда барасыз?"– дейді. Мен: "Сенің үйіңе, бөпешті көремін, суға түсіремін, келінді көремін" дедім. Машинада екеуміз, тәтемді баласы алып кеткен. Біраздан соң: "мама, сіз Лаураны қайдан танисыз, құттықтап мама звондады деп Лаура мәз болып жатыр"дейді. "Мамаңның танымайтыны жоқ қой" деп күлдім де, "ұлың құтты болсын, бақытты болыңдар" дедім балама.
Аман-сау үйге келдік. Лаураны да, немерені де көрдім. Бақытымды құшақтап, әлемдегі ең бақытты әже болып тұрмын. Келінмен әбден танысып алдым. Анасы бар екен, әкесі қайтыс болған, ағалары, жеңгесі бар екен.
Арал мен екі ортада жүрген тойшыл жанның бірімін ғой. Тағы Аралға жол түсіп тұр. Сіңілім қыз ұзатады екен, соған бару керек болды. Лаураға: "мен Аралға барып келейін, сен қатайып ал, бала да қатайсын. Қырқынан шығарғаннан кейін сенің бауырларыңды, анаңды, менің бала-шаға, ағайындарымызды қосып, сенің бізге келін болғаныңды белгілейміз, жариялаймыз" дедім. Сөйтіп Аралыма қарай жол тарттым. Тойды да ойдағыдай атқарып, аман-сау келдім де, ойыма алған шаруаға кірістім. Лаураның туыстарын шақырып, жөн-жоралғы, кәде-сыйларын жасап, бойым жеңілдеп үйіме қайттым.
Мен келінге көмектесейін деп жиі-жиі келіп тұрдым. Әлсін-әлсін телефонға тыным жоқ, звондай береді, оңашаланып сөйлесіп келеді де, "інілерім ғой, мен бағатын едім, ағамыз ренжіп жатқан көрінеді, соларды жұбатып әңгіме айтам" деді.
Тараздан тағы бір тойды аяқтап, Алматыға жақындағанда Лаураға звондадым. –Лаура, мен сіздің үйге түсемін. Күшті сыйлықтар алып келе жатырмын. "Алтын ордадан" азық-түлік алып келе жатырмын, мамаңды шақыр, бірге отырып шай ішейік, әңгіме-дүкен құрайық. Сағат 14.00-те келсін, –деп едім, "жарайды" деп келінім қуанып кетті.
"Алтын орда" базарынан керек-жарақты, дастарқанды алып, сағат 12-лерде Әлібектің үйіне жетіп келдік. Алып-ұшып жүрмін. Әлібек отбасылы болды деп, қуанышымда шек жоқ. Әлібек үйге кіргізді де, кетіп қалды. Қызық енді басталды...
Бұл не, Майта тәте тек ортекедей орғып, пойызда Алматы, Арал Шымкент, Тараз деп шапқылап жүрген бір адам деп ойлай көрмеңіздер. Иә, Алла тек тойларда жүрейік, куанышты күндер көп болсын, оқырманым. Ана жүрек, ана бақыты, ана махаббаты мен оны айтып жеткізе алмаймын.
Ал мен 12-де келдім үйге. Келсем құдағиым ертемен келіп алған. Келін тамақ даярлап жүр, өткендегі көңілді, бақытты рең жоқ. Құдағиым боп-боз болып, бір үлкен уайымда отыр. Лаурам бір нәрседен қорыққандай, маған тура қарамайды. Тайсалып, ұрланып қарап қояды. Маған жақындасуға тырысып жүр.
Психолог, парапсихолог болған қандай қиын, адамдардың көңіл-күйін кіріп келгенде-ақ байқадым. Ішімнен ойлап қоямын, бұл кісі неге асыққан. Оу, құдағайға дастарқан, ас мәзірін дайындап, Аралымның дастарқаны сияқты жайып жібермейміз бе деп жүрмін өзімше. Сөйтіп әңгіме-дүкен құрамыз деген ойым бар. Мен болсам жолдан шаршап келгендіктен қан қысымым көтеріліп кетіпті. Сәл жағдайым кетсе көтеріліп кететіні бар еді. Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов айтқандай "көк шай ішіп түсіріп, кофе ішіп көтеріп жүрген" жайым бар.
– Бақытым қайда, Бакулям қайда деп төр бөлмеге қарай ентелеп барсам, 3-4 бала асыр салып үйді базар қылып ойнап жүр екен.
– Ой, құдағай, молодец, балаларыңды алып келгеніңіз дұрыс болған екен. Енді асықпайсыз, рақаттанып шай ішіп, ет жеп, әңгіменің басын жіберейік дей бергенімде:
– Құдай қаласа, сенің балаларың,– деп қарап тұр ғой құдағайым.
– Ал саған керек болса, ақ Майта!– деп өзіммен-өзім тілдестім. Тамағыма бір нәрсе тұрып қалғандай, көмекейім тығылып қалды. Креслоға отырып алдым. Алла маған сабыр бер, не істесем екен дедім де, дереу есімді жиып алып:
– Әй, менің балаларым, қане келіңдер, танысайық, –дедім.
– Стройся в ряд!– дедім, командирге ұқсап. Жүгіріп келді бәрі де. Бакулямды Лаураға бердім де:
–Қане, аттарыңды айта қойыңдар, менің атым Мариям әже, Бақыттың әжесімін,– дедім.
Үлкені жаныма келіп: "Меня зовут Марс, я учусь в 5 классе русской школы. Екіншісі келді: "Менің атым Малика, қазақ мектебінде 4 класта оқимын, – деді. Үшіншісі келіп: "Меня жовут Рушлан" деді сақауланып, "я не учусь, мне 4 года" деді. Бір бала төр жактан шықпады, келмеді.
– Әй, менің тағы бір балам келмей қойды ғой, – дедім.
Сол кезде құдағайым:
– Ол – менің балам,– деді.
Мен оны да бар мейірімімді салып: "кел, құда бала, танысайық" дедім. Ол: "Менің есімім Самат, мен 6 класта оқимын" деді.
Ал енді "ақ Майта, сенің кезегің келді дедім ішімнен: "Қане келіңдер, қойныма менің кіре қойыңдар, мен сендерді құшақтағанда Алла тағалам періштені құшақтағандай қуансын. Е, Алла, мен ризамын, Алла үйімді базар қылдың. Алла бұдан асқан бақыт бар ма?!" деп көзіме еріксіз жас келді. Балаларым да өксіп-өксіп, уһілеп қояды...
Әлібек балаларына еркелетіп аттарын да қойған екен. Жұмыстан келе құшағын жайып, "сары томпағым қайда", "алтын қыым қайда", "биші қызым қайда" деп өзі де талтаң-талтаң етіп, еркелеп үйге кіріп кетеді. Біздің үйді базар қылған сол балалардың қазір екі үлкен студент, Бақытымыз бірінші сыныпқа дайындалып жатыр.
Өмірде Алланың берер сыйы көп, тек соны қабылдай алуымыз керек. Көп жағдайда ерлі-зайыпты мінездері сәйкес келмей ажырасып жатады. Сондайда ата-ана баласының тек кана тұрмысқа шықпаған қызға үйленгенін жақсы көреді. Бұл өмір ғой, көңілдері жарасса, бір-біріне деген ыстық ықыластары болса, махаббат сезімі болса, неге баласы бар әйелге үйленбеске деген ой түйдім. Бұл фәни өмірде әрбір адам бақытты болуға лайықты, хақысы бар.
Сонымен, Лаураның үш баласымен танысқаннан кейін, дастарқан жиналғасын, құдағай да үйіне қайтайын деген ишарат білдірді. Мен Лаураға "Маму проводи" дедім. Өзім алай-дүлей күйдемін. Ау, мен қуанып мәз болып отырмын. "Бала-шаға бар емес пе, келін-кепшік дегендей, олар не дейді" деген ой мазалай бастады. Кеш батып, қараңғы түскен шақта кішкентай қол сөмкемді алып, аялдамаға шықтым. Автобустар әлі жүретін кез.
Балам "шығарып салам" деп еді, "жоқ, өзім қайтамын, шамалы таза ауа жұтайын, пойыздан шаршап келдім" дедім. Жұтқыншағым тіреліп, ауа жетпей тұрғандай уһілей беремін. Қалайда ішкі толқынысымды сыртқа шығаруым керек, әйтпесе жағдай қиындайын деп тұр. Өзімнің қуанып, мәз болғаным қалай деп өз-өзіммен арпалысып келемін. Автобус та келді, жайғасып отырып алдым да, Жәнібек деген балама қоңырау шалдым.
– Джони! (оны кішкентайынан солай атап кеткенбіз) Мен автобусқа міндім, жүгім ауыр, күтіп ал, – дедім.
Автобустан түссем, Жәнібек балам күтіп тұр екен. Кішкентай қол сөмкемді бере салдым
– Осы ма жүгің, қайда жүгің? – деп сұрап жатыр.
– Міне, жүгім, міне,– деп жүрегімнің тұсын көрсеттім де, жылап жібердім.
Ол "мама , оңашарақ шығайық, не болды, жай ма, неге жылап тұрсың?– деп қайта-қайта сұрап, еш нәрсе түсінбей әлек. Мән-жайды түгел айтып бердім.
– О, құтты болсын, өте жақсы болған екен,– деді де, мені қолтығымнан ұстап жаяу жүріп кеттік.
Байқаймын, шерім тарқады ма, өзімді жеңілдеу сезіндім. Жәнібектің үйіне кірсек, Алланың қалауымен Лаурадан басқа үш келін сол үйде қонақ болып отыр екен. Басқа да қонақтар бар. Үйге кірдім де: "Әмірханның келіндері, ас үйге жүріңдер" дедім. Есікті жауып алып, хабарлап тұрмын жаңалықты. Олар қуанып жатыр. "Әлібек аға пайғамбарымыздың (с.ғ с.) сүннетін орындап жүр екен ғой" деп қояды екеуі. Енді бір келінім жылап тұр. "Әлібек ағаның жүрегі қандай үлкен, құшағына сонша балаларды сыйғызып, бақытты әке болып тұр. Біздің көршіміз қақаған қыста жалаң аяқ, сырт киімсіз әйелін балаларымен бірге қуып жіберген" деп, "мен Әлібек ағаның әлі дұрыс білмейді екенмін" деп көзіне жас алды. Шынында, балаларымнан жылы лебіз естігеніме кәдімгідей ішім жылып, қуанып қалдым. Үйге алып кетуге кенже балам Мейрамбек келді.
– Иә, мама, қалай қыдырып келдіңіз, не жаңалық?– деп жағдай сұрап жатыр. Оған да да бала-шағаны құшағыма алып, қуанғанымды айттым. Бір жағынан оның бұл жағдайға көзқарасы қалай екенін білгім де келіп тұр. "Жақсы болған екен, базар болыпты ғой" деп, ол да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін орындады ғой деп қатты көңілденді. Сөйтіп жүргенде түнгі сағат 12 болып қалыпты. Үйге келе сала Қуанышқа звондадым (енді естімей қалған сол ғой). Ол Қызылордада тұрады.
– Қуаныш, бір жаңалық айтайын деп едім,– дедім балама.
– Мама, қандай жаңалық, жақсы жаңалық па, жаман жаңалық па?– деді.
–Жақсы жаңалық қой,– деп едім.
– Мама, қазір өте кеш болды, жолдан келдіңіз, демалып алыңыз, өзім азанда сағат 7-де хабарласамын, – деді.
Енді асыққанда таң атып бола ма, ұйқы жоқ, әрі-бері түнімен жүрдім. Өзі айтқанындай сағат 7-де телефон шыр ете қалды. Мән-жайды түсіндіріп, балаларды бауырыма басқанымды тәптіштеп айтып жатырмын.
"О, мамасы-ау, күшті жаңалық қой, үйің базар болыпты, қайта жақсы емес пе?! Молодец, Әлібек, үйі бағулы, тамағы асулы, балалары алдынан жүгіріп шығады. "Я очень рад!" деп орысшалап құтты болсын айтты. "Енді сіз де уайымдамай қыдырып жүретін болдыңыз" дегені сол еді, тап осы әңгімені күтіп тұрғандай, тамағым ашылып, көңіл-күйім көтеріліп қалғандай ерекше бір әсерге бөлендім.
Сонымен көп ұзамай балаларға сыйлықтарын алып беріп, қыдырттық. Құда да тыныш, құдағай да тыныш. Сөйтіп, көңілім бірленіп, қобалжуым да басылып, шақырса тойдан қалмайтын тойшыл қауым болып алдым-ау...
Өмірде адам баласы үшін жанына жақын тұтатын, үлгі-өнеге алатын, яғни, пір тұтатын ерекше адамы болады ғой. Ол адам бәрінен биік, бәрінен дара саналады. Менің өмірде өз орнымды табуға, қоғамға өзіндік пайдамды тигізуге әсер еткен жан анам мен аяулы енем болды. Ол кісілер үнемі менің жанымда жүрмесе де, әлі күнге олардың айтқан ақылы, өсиет-өнегесі менің жадымда. Олардың ақыл-кеңесі өмірімде бағдаршам іспетті болды.
Отбасымды Әмірхан жолдасыммен перзент өсіріп, немере сүю бақытына да бөлендік. Балаларымыздың бақытты өмір сүруі үшін аянбай еңбек еттік. Аллаға шүкір, қазір сол балалардың ортасында әжелік мейірімімді төгіп отырған жайым бар.
Осы шағын әңгімемде өмірімнің бір белесіндей тағдырымда жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген ана ретінде сіздерге Алла тағала мейірімді ана, парасат-пайымы мол әже бақытын сезінуді нәсіп етсін дегім келеді.
Мариям НҰРМАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы