Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақжол күйші

Ақжол күйші

Бір тарихи  кітапты  оқып  отырып «Ел  айырылған»  деген    күй   туралы  айтылған сөйлем жолдарына кезіктім. Күй заманында бір-бірінен еншісі алынбаған  бауырлас, туысқан екі халықтың – қазақ пен ноғайдың өзара бөлініп, ажыраған  кезде  туған  күй  екен.     Тарихта 15-16-шы ғасырларда Қазақ хандығының құрамында ноғай ұлысы  болғаны айтылады. Міне, осы ноғайлардың басын  құрап, іргелі ел болуына жағдай  жасаған Арғынның атақты биі – Қотан  би  екен. Сол Қотан бидің баласы  Дайырқожа, бұл да кезінде елге аса сыйлы, зор беделге ие болған атақты адам, бір  тайға бола Қарақыпшақ Қобыландымен шекісіп  қалады. Шамасы, әлгі тай  тұлпардың тұқымы болса керек. Жанжалдың арты Қобыландының Дайырқожаны  өлтіруіне себеп болады.
                                Қарақыпшақ  Қобыландыда,
                                Нең бар  еді, құлыным?..
                                Сексен асып, таянғанда  тоқсанға,
                                 Тұра алмастай үзілді ме жұлыным.
                                 Адасқанын жолға  салдық,
                                 Бұл  ноғайлы  елінің.
                                 Қарақыпшақ  Қобыландыда
                                 Нең   бар  еді  құлыным? – деп, Қотан   би    зарлап   қалады.
 Осы жағдайдан кейін Ноғайлы ордасының ханы әрі биі Ормамбет би Шәйбан   Әбілқайыр ханнан Қобыландыны жазаға тартуын талап етеді. Бірақ, Әбілқайыр  хан  Қобыландыны жазаға  тарту былай тұрсын, қайта оған көмектесіп, Ормамбет  биге   өктемдік көрсетеді. Осы шиеленістің ақыры 1518 жылы Ормамбет бидің қазаға   ұшырауына ұласады. Ормамбет  өлгесін, ноғайлардың бірлігі ыдырап, қазақтардан  бөлініп  Еділге қарай ығысады. Екі  халық бірін-бірі қия  алмай, жылап-сықтап  қоштасады. Күй сол кездегі халықтың зарын, көңіл күйін білдіреді. Жалпы, қазақ  пен  ноғайдың  айырылысуы туралы кезінде көптеген дастандар, жырлар жазылған. «Ел  айырылған» күйі де соның бір тармағы. Аңызға сенсек, күйді Асан Қайғы   шығарыпты-мыс. Әбден  мүмкін.
      Кітаптан осы мазмұндағы сөйлемдерді оқығанда менің есіме бұдан қырық   жыл бұрынғы бір оқиға оралды. Бұл шамасы өткен ғасырдың 83-84 жылдары болу  керек. Аудандық кеңес атқару  комитетінің кезекті  сессиясында  «Октябрь   ауылдық  кеңесі бойынша туберкулезге қарсы күрес  және   оның   алдын алу  жолдары»  деген   тақырыпта мәселе қаралатын болып аудандық кеңес тарапынан тексеруге баратын  мен болдым да, денсаулық саласынан аудандық СЭС-тің бастығы Гүлжан  Дошниязова қарындасымыз бекітілді. Мәселенің ауқымдылығына қарай ақылдасуға   керек болар деп мен Әбілхан Маханов ағамызды қасыма ертіп алдым. Түстен кейін  Гүлжанға қарасты жедел  жәрдем "УАЗ"  машинасымен   жолға   шықтық. Жүргізушіміз – Аманжол  Көздібаев. Шижағаға барып, ауылдық кеңес төрағасы    Рсалы  Тұрымбетов ағамызға келген шаруамызды айтып, бірден  Саздыға   жүріп   кетпекші болдық. Сол жерде  ауылға қайтатын көлік болмай, Саздының   фельдшері  Өмірсерік  Қарамырзаев ағамыз   жүр  екен, оны машинаға  мінгізіп   алдық. Кештете   Саздыға келдік. Өмірсерік   бізді  ешқайда  бұрғызбай, өз   үйіне    түсіріп, әне-міне  дегенше  біздің  құрметімізге бір қойды   жайратып тастады. Шайға отыра  бергенде   Әбекең   Өмірсерікке  қарап:  "осы  ауылда   Кереев   Ақжол  деген  адам   тұра ма?"   деді. "Иә, бар, тұрады" деді  Өмірсерік. "Онда, мен қағаз жазып берейін, бір  баладан   беріп  жіберші", – деді   Әбекең.
Аздан соң қолында домбырасы бар, қапсағай денелі, ашаң жүзді, әдеміше   келген жігіт ағасы кіріп келді. Қолындағы домбырасының беті  ақжем, әбден   көнерген, көп ұсталғаны көрініп тұр, сом ағаштан ойып жасалған ба, әлде  шеберханадан шыққаны  белгісіз, не тенор емес, не альт емес, әйтеуір  әдепкіде маған   қораш көрінді. Әбекең екеуі құшақтасып, мәре-сәре  болды. Сөздерінен  байқағанымыз, жас кездерінен дос  екен, көптен  көріспепті. Мына кісі Кереев   Ақжол деген  менің бала кезден досым деп, Әбекең келген кісіні  бізге  таныстырды.
Шай жиналғасын Ақжол  қолына  домбырасын  алып, ішегін  бір  қақты  да, қолын домбыраның құлағына апарып қайтып алды. Құлағы келіп  тұр  екен, ішекті екінші рет  қақты. Домбыра  күмбір  ете  қалды, дауысы  таза екен, қырыл-сырыл жоқ. Күйшінің қолы перне бойымен жорғалай жөнелді, саусақтары  салалы  екен. Бір күйді  бастап  кетті, бұрын  есітіп  жүрген   күйім, Құрманғазының    «Қайран  шешемі». Құрманғазы бұл күйді өзінің басындағы ауыр халді  суреттеп, анасы Алқаға арнап шығарған. Домбыраны қорашсынғаным  бекер  екен, сөйлеп  тұр. Күйші көзін жұмып  алған, пернеге  қарайтын  емес. Бұдан  кейін  тағы  да  Құрманғазының  «Төремұратын» жіберді. Ақжол  көп  сөйлемей, тек  күйдің  атын  айтып отыр.
       Кезек Қазанғапқа келді. Қазанғаптың «Күй  шақыру», "Домалатпай", "Торы ат» деген  күйлерін  тартты. Сұлу, сазды   күйлер. Күйшінің  тартуында  мін   жоқ  сияқты, домбыра  сөйлеп  отыр. Жалпы, Қазанғап   күйлері  адамның  көңіл  күйіне, ішкі толғанысына  арналған, лирикалы, тыңдаған  үстіне  тыңдай беретін аса   жағымды  болып   келеді.
        Күйші саусақтарын кішкене бір сілкіп алды да, Дәулеткерейдің  «Жігерін» бастап кетті. Бұл күйді бұрын  естіп  жүргендіктен  бірден    білдім. Домбыра  боздап қоя берді. Бұл  күй  – домбыраның  шама-шарқын  анықтайтын  күй. Домбыра   боздамаса, ол дұрыс шықпайды деген сөз. Дәулеткерей бұл күйді өмірінің   ақырында егде тартқанда, өзінің  өткен  өміріне  ой  жіберіп, толғанып отырып  шығарған  философиялық күйі. Күй  "Жігер" деп аталғанымен, онда жігердің  ешқандай нышаны   жоқ. Бұдан  кейін  «Нар идірген»  кетті. Осылай  күй   тарту  түннің   бір уағына   дейін   жалғасты. Қаншама  күйлер  тартылды.
        Ертеден  бері  онша   сөйлемей  отырған   күйші, мынау   қазақ  пен  ноғай  айырылғанда  шыққан  күй  екен, аты  «Ел  айырылған» деп ғаламат бір  күйді  тартып  кетті. Күй  аса   зарлы  екен, сай-сүйегіңді  сырқыратады, көзге  жас алмай   тыңдау  мүмкін  емес. Домбырыда мынау, егер  қобызбен   орындаса  не  болар   еді  деп ойлап  қоямын.
       Күйші тартқан күйлердің бірқатары бұрын естіп жүрген күйлер   болғанымен, кейбірі мүлде есітпеген күйлер. Әттең, Әбекең бағана шығарда  айтпаған екен, үйдегі магнитофонды алып шығатын едім деп  өкіндім. Күй  аяқталды. Уақыт та  түннің жарымынан ауып кетіпті. Күйшіні үйіне шығарып салдық. Қимай  қоштастық. Бұл  менің Ақжол күйшімен  алғашқы  кездесуім  еді, соңғы  кездесуім де екен. Жол  түскенде  Саздыға  соғып, күйлерін   магнитофонға жазып  алармын  деп, әне-мінемен жүргенде ол қайтыс  болып  кетті. Кешегі  өткен дауылпаз, дәулескер күйшілердің соңғы тұяғы  еді. Қазақ  музыкасына  әлі  белгісіз  талай  күйлер  Ақжол   күйшімен бірге  кеткен  де  шығар. Өкінгенмен амал қанша, өткен  уақытты  қайтара  алмайсың.
      Сонымен, бұл Ақжол   Кереев  деген  кім? Кереев  Ақжол  1928 жылы  Арал  ауданының Сазды  елді  мекенінде туып, 1986  жылы  сонда дүниеден  өткен. Руы –   Бердіңқұлдың  текесі. Еңбек   жолын   ауылдық  кеңесте есепшіліктен   бастап, ауылда  дүкенші  болған. 1956-1960 жылдар  аралығында  Ізбасар   Ілиясов, Нұрғали   Қайдауылов  сияқты  көрнекті   әнші-домбырашылармен  бірге   ауданның   домбыра   оркестрінің   құрамында  болып,  күй  тартқан. Осы  өнерінің   арқасында   Саздыдағы  "Қызыл   отау"  меңгерушісі   болып жұмысқа  тұрған.
     Ақжол жастайынан  өнерге, оның  ішінде  күйшілік  өнерге    бейім  болған. Ақжолдың  арғы  атасы  Өскенбай  дарынды   күйші  екен, сірә, Ақжолға  күйшілік   осы  атасынан дарыса  керек. Ақжол  тек  қана  күй  тартумен   шектелмей, жырау-жыршы да  болған. Едіге, Қарасай-Қази,Орақ-Мамай  жырларын  жатқа  айтқан. Оның  ақындығы  да  болған, көптеген өлеңдері  бар. Қызылордалық   әйгілі  ақын  Асқар Тоқмағамбетов Ақжолдың өнерге бейімділігін, талантын  байқап, өзінің  қамқорлығына   алып, баулып   тәрбиелеген. Бірақ әкесі  Керейдің   қайтыс  болуына  байланысты  ізіне  ерген  іні-қарындастарын  асырау  үшін  амалсыз  ауылға   оралған. Асқар   ақынның   қамқорлығында  жүре  берсе, кім біледі, үлкен  өнер  иесі  болып  шығар ма еді, әттең тағдыр оған жазбаған. Ақжол шәкірттер де тәрбиелеген. Солардың   қатарында  белгілі  жырау   Сұраған  Мырзаев  пен  дәулескер  күйші  Қаппар  Жармағамбетов  бар. Сұрағанның  жыршылық, Қаппардың  күйшілік  жолға  түсуіне   ықпал  еткен, тәлім-тәрбие берген. Бұл  туралы  фольклортанушы  ғалым  Б.Жүсіповтің  «Мырзастағы  жыр  мектебі» мен «Жиделібайсын  күйлері» атты кітаптарында   кеңінен  айтылады. Ақжолдың  26  күйін  республикаға  белгілі   күйші  Мұрат Каримуллин  таспаға  жазып   алған. Бірақ Мұраттың  қайтыс  болып  кетуіне   байланысты  бұл  күйлердің  тағдыры  белгісіз  болып   қалған.
      Ақжол бес  ағайынды. Ақжол, Бекжол, Амандық, Айбатша, Үрпатша. Ақжолдың  өзінен   Нұржаубай. Нұржаубай да  әке  жолын  қуған   белгілі күйші. Біздің  ауданның мәдениет   бөлімінде  бірнеше  жыл  жұмыс   істеп, байқауларға  қатысып, аудан  өнерін  дамытуға  үлес  қосты. Жолдасы  Гүлнәр   Дәрменқұлова да  танымал айтыскер ақын. Ол да Нұржаубаймен  бірге  мәдениет саласында   абыройлы жұмыс  істеп, айтыстарға қатысты. Қазірде  олар  Қазалы  қаласында   тұрады.
    Міне, осынау   үлкен  дарын   иесі   көптен   ойымда  жүруші  еді, соны   қағаз  бетіне  түсіруді  жөн  көрдім.  
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет  саласының   ардагері
21 қыркүйек 2021 ж. 1 056 0