Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мамандықта мансап қуу емес, майталман болу маңызды

Мамандықта мансап қуу емес, майталман болу маңызды

Кезекті еңбек демалысымды алысымен ауылға тартып отырдым. Үлкен үйдің пеші істен шығып, тартуы нашарлағанын өткен жылы-ақ байқағанбыз. Сонымен не керек, жылы күздің басында әлгі пешті бұзуға кірістім. Әр кесегін аса ұқыптылықпен қойылғаны байқалып тұр. Десе де көнерген кесектің кімге керегі болар дейсіз?! Білгенге бұзудан оңай жұмыс жоқ. Ал салуға келгенде қолынан іс келетін адамды іздедік. Ауылда пешті жақсы салатын адамға жолықтық. Әрине ақылы. Ақы болғанда қандай?! Содан не керек, әлгі пеш салушымыз бас-аяғы екі күннің ішінде көне пештің орнына жаңа пеш тұрғызды. Тартуы да жақсы. Жұмыс біткен соң қолына 25 мың теңге санап бердім.
Әні, өз ісінің маманы осындай болады. Осыдан кейін бұрынғы көзқарастарым ішінара өзгеріп сала берді. Әрине мамандыққа байланысты ғой бәрі. Расында біз қазір балаларымыздың заңгер, экономист, бизнесмен немесе дәрігер, актер болмаса, галстук тағып әкімдікте жүргенін қалаймыз. Тіпті кей жағдайда еркінен тыс қинап, өзіміз қалаған мамандыққа қарай жетелейміз. Сондағы ойымыз – осындай мамандықпен жетістікке жеткен балаларымызбен мақтану ғой. Солай расында. Бәрі де сол пендешілік қой. Сонда кім пеш салушы, кім моторист немесе токарь болады? Келешек зәулім үйлерді кім салады, темірден кім түйін түйеді? Қарапайым шеберхананы кім үлкен зауытқа айналдырады? Осы сұрақтар жауапсыз қала бере ме сонда?! Әрине бір мамандықты кекетіп, екіншісін мұқатудан аулақпыз. Айтпағым, қоғамда өзінің қажеттіліктерін мінсіз өтейтін, өзгенің сұранысын сол сәтте қанағаттандыратын маманнан қоғамға пайда көп. Тіпті мемлекеттің тұрақты дамуына сол қарапайым мамандардың үлесі зор болуы мүмкін. Сонымен тасада қалатын мамандықтар жайында аз-кем сөз қозғайық.
Әдетте білімі мен біліктілігі төмен, қайбір істе болмасын тапсырылған жұмысты уақытылы орындай алмайтын қайсыбір маманға қарағанда сантехник немесе коммуналдық қызметтің кәнігі мамандары алғысқа көп бөленіп жатады. Неге? Себебі ондағы мамандар көшеден қосылған көлденең адам емес. Сол істің қыр-сырына сан жылдар бойы қанығып, әбден төселген маман. Олар көбіне өз ісіне тиянақты келеді. Бұл жерде де мамандық таңдаудың маңызды міндеттері жатыр. Шындап келгенде, мәселе сенің қолыңдағы қос дипломда немесе көп тіл білетіндігіңде емес, жаның қалаған мамандықты жетік меңгеріп, тәжірибеде қаншалықты меңгере алатындығыңда жатыр. Сондықтан кім өз жұмысын лайықты орындай алса, бақыт пен байлық, табыс пен тұрақты даму сонда. Өйткені ол өз жұмысын жанымен қалап жасайды. Сол арқылы өзгенің ықыласы мен құрметіне бөленеді.
Мен бір маманды білемін. Ол – автомеханик. Қашан көрсең де қолы қара май. Бірақ сол арқылы ол өзгенің қызметіне жарап жүр, өзінің отбасын асырап отыр. Тіпті жалданып жұмыс істейтіндерден де артық табыс табуы мүмкін. Мүмкін емес, нақты солай. Себебі көлікке қол тигізгеннен бастап қызметі ақылы болады. Сіз білмеген ақауды әп-сәтте анықтап, көлігіңізді жолға дайын етсе, қанша сұраса да берер едіңіз. Өйткені оның қызметіне сіз кіріптарсыз. Ал ол болса, сондай дәрежеге жету үшін жылдар бойы еңбектенді. Қателіктерден сабақ алып, сол жұмыстың қыр соңынан қалмады. Нәтижесінде әкімдіктегі ақ көйлектіден артық ақша табады. Жалданып жұмыс істейтін қызметкерден екі есе көп жалақы алады. Оның қызметіне лайықты бағаны басшы емес, халықтың өзі береді. Мән беріп қарағанға бұдан асқан бақыт бар ма?!
– Менің негізгі жұмысым – көліктердің қозғалтқышын (мотор) қайта жинау. Бұл жұмысты мен әкемнен үйрендім. Әкем бұл салада нағыз маман болатын. Мен ес білгелі ол өз жұмысын мінсіз атқаратын. Оның еңбегіне алғысын білдіріп жататындар көп болатын. Ол әр істеген жұмысы үшін ақша алады. Сол арқылы бізді өсіріп, жетілдірді. Есейген соң мен де әкемнен көргендерімді ойға тоқып, қасына көмекші болуға жарадым. Уақыт өте бұл жұмыстарды өзім істейтін жағдайға жеттім. Әкем бертін келе дүние салды. Мен әкемнен қалған кәсіпті одан әрі жалғап келемін. Қазір мотор жинататындар өте көп. Әр қозғалтқышты 25-30 мың теңгеге жинаймын. Заттары түгел болса, мен үшін бір моторды жинау ары кетсе 2 күн уақыт алады. Кей кездері токарьдың көмегіне жүгінетін кездер болады. Сондай сәттерде күтіп қаламыз. Десе де бұл жұмыста уақыттың өзі сәттіліктерге жол ашады. Сондықтан мен ұқыптылыққа баса мән беремін. Бұл менің жан қалауым. Мен бұл жұмысымды бар ынта-жігеріммен жасаймын. Мұндай кездерде көлік қозғалтқышы сәтті іске асып кетсе, еңбектің қайтқаны, – дейді автомеханик Х.Жаңабай.
Бірде елімізге белгілі академик А.Жұмаділдаевтың «Қазақстан жетекші елге айналу үшін технократты ел болуы керек» деген болатын. Академиктің осы сөзі расында ойланарлық. Біз өзімізге керек өнімді өзгелерден сатып ала беретін болсақ, алға жылжуымыз неғайбыл. Сондықтан елімізде зауыт, фабрикалар көптеп салынып, онда жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбегі лайықты бағалануы керек. Сонда еліміздегі токарь, слесарь, механик, дәнекерлеуші немесе сантехник сынды елеусіз мамандықтардың мәртебесі жоғарылайтын еді. Бұл мәселеде біз бүгінгі буынды жаппай дәрігер немесе мұғалім болуға емес, қатардағы қарапайым мамандықтың иегері болуға бейімдеуіміз керек секілді.
Қазір мұғалімнен көп маман жоқ және оны қалайтындар әлі де көп. Бәрі де ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп жақсы табыс тапқысы келеді. Алайда жақсы мұғалім болу үшін жай мұғалім болу жеткіліксіз. Түсіне білгенге әр саланың өзіндік ерекшелігі мен ауыртпалығы бар.
Түйін: Әрбір жан икемі бар, жаны қалайтын мамандықты таңдағанда белгілі бір жетістіктерге жетеді. Сонысымен ол қоғамға және еліне пайдалы нәрсе жасай алады. Елге қызмет етудің жарқын үлгісі – осы. Ал заңгерден жақсы басқарушы шығуы мүмкін. Алайда оның жетістігі жоғары мансаппен шектелсе ше? Ондай жандар нағыз маман емес, қарапайым зейнеткер болып қалады. Сондықтан әркім жаны қалаған жұмыспен айналысуы керек. Ол үшін мамандық таңдауда ата-ана балаға ерік беруі маңызды. Сонда әр маман мансап қумайды, мамандықтың шын майталманы болады.

А. БИСЕНОВ
21 қыркүйек 2021 ж. 838 0