Түлектер басқосуы ысырап тойға ұласып жатқан жоқ па?!
Қазір той жасайтын уақыт емес. Керісінше саулығымыз үшін сақтанып, маңызды болмаса ретсіз той-жиындар мен ас-садақалардан бас тартатын уақыт. Десе де аспан астын, жер үстін той қылып жүрген қазақ үшін жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Реті келсе бас қоса салуға бейім келетін жұрттың қатары көбейіп тұр қазір. Әрине жақсылықты бөліскен, өткен күндерді еске алғанның айыбы жоқ. Бірақ басқосудың да жөні болу керек шығар деген ой бізді де мазалайтыны жасырын емес.
Шыны керек, қазір сауықшыл қауым сыныққа сылтау іздеп жүр. Бұрын үйлену тойы, қыз ұзату немесе ас беру сынды үлкен той-жиындарды білетінбіз. Бүгінде сүндет той, тұсаукесер той, туған күн, тілашар, әскерге кету, әскерден келу, мектеп бітіру сынды даталы күндерді той қылып өткізетіндердің қатары көбейген. Мұның барлығы жұрт білсін, ел көрсін деген пасық ойдан туындаған дүние секілді. Ол өз алдына, бүгінде мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30, 40, 50 немесе 60 жыл толғандарын да тойлайтын сыныптастар көбейген. Әлеуметтік желі арқылы чат ашып, сол жақта ойласқан сыныптастар «жұрт жасап жатыр, біз неге жасамаймыз?» деген ойлардың жетегінде жүріп әрқайсысы қомақты қаржы шығарып, қып-қызыл шығынға батып жатыр. Сонда тойлайтын да, сол тойдың қызығын көретін де – өздері. Кейде бітірген мектептері жайына қалады. Есігінен еніп, естелік зат қалдырса қалдырғаны, болмаса ол да жоқ. Сонау оқушы күндерін сағынып, мектептеріне барып парталарына отырып, естелік суретке түсуі мүмкін. Одан кейін сол білім ұялары жайына қалады. Жиналғандарың бар ойы – тойлау немесе сауықшыл кеш ұйымдастырып, саяхат жасау. Міне, осындай үрдіс соңғы кездері сәнге айналып барады.
Әлеуметтік желіде оңтүстік өңірдің мектеп бітіруші түлектері асыр салып той жасаудың орнына тұрмыс жағдайы төмен сыныптастарына бірігіп үй алып берген. Ұстазына көмектескен шәкіртерді де көрдік. Тағы бір мектеп бітіруші түлектер ұстаздарына көмектесіп, мектептерде өтетін «Мектепке жол» акциясына үлес қосып, тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына қол жәрдемдерін созған. Үлгілі іс пе, әрине.
Осыдан екі-үш жыл бұрын ауыл мектебін бітірген түлектер алтын ұяларында бас қосты. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған сол түлектер алдымен өзара ойластық құрып, мектеп әкімшілігіне хабарласқан. Олар өзара ақылдасып мектепке қажетті дүниелер алып беруді айтыпты. Осылайша 200-300 мың теңгенің дүниелері мектеп бітіруші сол түлектердің атынан сыйға тартылып, естелік ретінде қазіргі мектеп оқушыларының қажеттілігіне жарап келеді. Бұл әрине құптарлық іс. Белгілі бір уақыттан соң қайта қауышқан түлектер тым құрыса мектептерінің қажетті заттарын алып беріп немесе ауылға керек дүниелерді қолға алып жатса, жарасымды тірлік болар еді. Алайда қазіргі уақытта бас қосып жүрген мектеп бітірушілерде мұндай бастамалардың қатары сиреп бара жатқан секілді. Әрине мұндай тақырыпқа келгенде қоғамның пікірі қақ жарылуы мүмкін. Бірі кім қалай тойласа да, не істесе де өзі біледі деуі мүмкін. Түлектер мектептеріне көмектесуге, қажетін өтеуге міндетті емес деушілер де табылып қалуы мүмкін. Алайда айтулы сәттерде артта қалатын естелік істер қайырлы және берекелі болса дейміз ғой.
Бұл мәселе жөнінде Қарақұм ауылындағы №59 орта мектеп директоры Ш.Жанкүшікованың да айтар өз ойы бар. Ол кісіні де толғандыратын осы мәселе. «Мектеп бітіруші түлектер 20,30,40 жылдық сынды басқосуларды не үшін жасайды» деген сұраққа жауап таппай жүрген жандардың бірі де осы ұстаз. Айтуынша, қазіргі мектеп бітірушілердің арасында мектебін емес, өздерінің қамдарын ойлап, құр босқа ішіп-жеп той тойлайтындардың қатары көбейген.
– Бұрындары мектеп бітіруші түлектер мектеппен ақылдасып, мектепке не керек деп ұсыныс айтатын еді. Соңғы уақыттарда оның барлығынан айырылып қалдық. Қазір шыны керек, мектеп бітірген түлектер бас қосқанда мектепке қажетті заттарды кей жағдайда өзіміз өтініп айтып алдыртып жатамыз. Көбінің алтын ұя мектептеріне деген көзқарастары өзгеріп кеткен сияқты. Керектерін үкімет алып береді деген пиғылда шығар, бәлкім. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі олар сыныптас болса, мектепке келіп сыныптас болды. Мектепке келіп, білім алды, ұстаздың алдынан өтті. Тәлім-тәрбие алып, сондай жағдайға жетті. Демек уақыты жеткенде мектептің қадірі мен ұстаздың еңбегін бағалау керек. Сонымен қатар түлек қай елде оқыды, қай мектепте оқыды, сол жерге келіп қызмет етуі керек. Тым құрыса осындай себептермен. Қазір өзара бірігіп ақша жинай салып, өздеріне қолайлы қалада бас қоса салатын түлектер де бар. Оның мақсаты не? Сол істері арқылы кімге не көрсеткісі келді? Мұндай басқосулардың мен үшін маңызы жоқ. Мен айтар едім, мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған түлектер өз алтын ұяларына келіп, мектеп ауласына 40 түп қарағай ағашын отырғызды, темір киіз үй тұрғызды. Мектеп музейін жабдықтап берген түлектер де болды. Әрине түлектердің мұндай бастамаларына қуанамыз. Осындай істер өзгелерге де үлгі болса дейміз. Біз соңғы кездері осындай үрдістерден қол үзіп қалып жатырмыз. Сол бастама қайта жаңғырса деген ойдамыз, – дейді мектеп директоры Ш.Жанкүшікова.
Расында, мектебіне келіп мейірленген, ұстазына барып, ұлық іс жасаған шәкірттерге не істесе де жарасар еді. Алайда қара бас қамдары үшін бас қоса салатын сыныптастардың өз ойлағандары да бар шығар. Мұндай бастамалардың мазмұны сол кезде ғана ашыла түсер еді. Бүгінде елімізде «Туған жер», «Мектепке тағзым», «Туған жерге туыңды тік» деген сынды бағдарламалардың іске асып жатқаны белгілі. Бұл бағдарламалардың негізі айналып келгенде елге қызмет ету, өскен ортаға, білім алған алтын ұяға жақсылық жасау сынды рухани бастамалармен ұштасады. Мұндай игілікті істер бүгін мектеп қабырғасынан ұшып шығып, қияға қанат қомдаған шәкірттерге де үлгі болар еді.
2007 жылы мектеп бітірген түлектердің бірі – Р.Ержанов. Оларға келесі жылы мектеп бітіргендеріне 15 жыл толады. Келер жылдың жазында болатын 15 жылдық басқосуға дайындық қазірден бастап пысықталған. Сыныптастар чатында көпке ортақ тақырыптардың бірі де осы. Бұл мәселеде сыныптастар қалыс қалмайды. Жиналар қаржының мөлшері де белгіленген. Десе де өздері түлеп ұшқан мектептеріне не сыйлайтынын қазірден ойластырып жүр олар. Бұл мәселеде айтылар пікір де сан алуан. Келер жылдың жазына дейін толғақты ойдың түйіні де қойларын жақсы біледі олар.
Шыны керек, қазіргі уақытта мектеп бітірушілердің кеші де маңызды дүниеге айналып кетті ғой. Өз басым осындай дүниелерге аса құштар емеспін. Себебі мұндай басқосуларға әр сыныптас атсалысуы керек. Ал оған шамасы келетіндері бар, келмейтіні бар. Біз де көптен қалмаймыз. Мұндай сәтте тәжірибеге де сүйену керек қой. Мәселен, алдыңғы буын қандай бастамаларды қолға алды, мектепке не істеді, қай жағынан көмек берді деген сұрақтарға жауап алу керек. Біз де соған қарай әрекет ететін шығармыз. Әйтпесе өзімізбен өзіміз болып, мектепке соғып, бір картинка тастай салумен мәселе шешілмейді. Бәлкім, артымызда естелік болар, кейінгі буынға үлгі етіп айтатындай бастаманы қолға алу керек шығар. Мұны уақыт пен жиналған қаражат жағы көрсетеді. Меніңше, басқосу болған соң сылдыр сөзбен бас қосып, ас ішіп, аяқ босатудың еш мәні жоқ. Түлектер елге оралған соң елге, мектепке және ұстазға қызмет ету керек. Мұндай бастамалардың мен үшін маңызы зор, – дейді Р.Ержанов.
Иә, мектеп бітіру кештерінің сан алуан кейіппен өтіп жатқаны дұрыс та шығар. Бірақ бұған дейін салып кеткен аға буынның ізінен адаспау ләзім. Көптің тілегі де сол. Яғни, басқосудың мектеппен байланысы болған соң, оған көрсетілер құрметтің де белгілі бір деңгейі болу керек. Елге, жерге қызмет ету сондай қарапайым бастамалармен көрініс табады емес пе?! Әр түлек елге жағар ісімен ғана көрікті әрі сыйлы болмақ. Сондықтан мұндай бастамалардың мазмұнды түйіні, қоғамға пайдасы тиер маңызды шешімі болуы керек. Сонда ғана ғасырдан сыр шерткен алтын ұя мектептердің мызғымас рухани ортасы қалыптасады. Ал онда білім алып жатқан келешек иелерінің де таным көкжиегі кеңейе түспек.
А. БИСЕНОВ