Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңін тапса, тегін бер....

Теңін тапса, тегін бер....

Әлеуметтік желіде "Қожалар неге қазаққа қыз бермейді? Қожа қожадан ғана қыз алу керек пе?" деген сұраққа белгілі уағызшы Әбдіғаппар Сманов былай деп жауап берген екен: «Қожаларда сондай ұғым болған. Бірақ қараға қыз бермеу керек дегенді қожалар шығармаған. Кешегі біздің үш биіміз қожаларды құрмет қылған. Құрметтегені сондай, «Біз сіздерге қыз берейік те, сіздерден қыз алмайық. Себебі ұрыс-керіс болып, сіздердің қызыңызды біздің ұлымыз балағаттап қоятын болса, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тиіп кетеді. Ертең Пайғамбарымыздың жүзіне қалай қараймыз?» – деп, осындай келісімге келген», – деп түсіндіреді. Осы турасында жерлесіміз, Алматы қаласының тұрғыны Мариям Хакимованың қожадан қалай қыз алғандығы туралы естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз. 
Адамзат үшін ең биігі – адамдық қадір-қасиет екен. Қадір-қасиетті қалыптастыратын ата-баба, ата-ана тәрбиесі мен өнегесі. Оны жалғастыратын, кейінгі ұрпаққа жеткізетін де – өзіміз. Ата дәстүр салтын жалғастырып, қыз ұзату, құда түсу, келін түсіріп, ерсілі-қарсылы құдалық жолдар жалғасып жатыр. Сол салт-дәстүр бойынша құдалық жолмен осыдан 15 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанның Арыс қаласына жол тарттық.
Балам ғашық, сүйгеніне жету керек, бойында бір беймазалық бар. "Анашым, Арысқа бару керек еді, мен ұнатқан қыз қожаның қызы екен, қожалар бізге қызын бермейді екен (Әлімбіз ғой, Байғара теке Жақайым). Қожа қожаға ғана қыз беріп, қыз алады екен" деп өзін мазалап жүрген бір ойын білдірді.
Сонымен, "Майта, не дейсің, бабаларымның, Алланың колдағаны рас болса, балаң үшін, балаңның бақыты үшін қандай қиын жол болса да барасың ғой" деп, өзімді сәл сергітіп қойдым. Дегенмен менің де "Қожа қараға қызын бермейді" дегенді есітуім бар еді. Тап сол сәттің маған да келіп тұрғаны. Әкесі Әмірхан бауырдан онкология салдары табылып, ауырып жатыр, жолға жарамайды. Кенже балам Мейрамбек пен сіңлім Жамалды ертіп, Арыс дегенді есітуім болмаса, бұрын-соңды барып көрмеген жеріме Алматыдан пойызға мініп, құда жақпен сөйлесіп қайтуға жол тарттық. Пойыз Арысқа түсте келеді екен. Мекенжайы қолда, таксимен жетіп бардық. Ниеттеніп отырған қызымыздың есімі – Фарзана. Хабарлап қойған. Аға-жеңгелері қарсы алып, үйлеріне құрметпен кіргізіп жатыр. Аллаға шүкір, деп қоямын ішімнен.
Біз барардан біраз уақыт бұрын Фарзананың анасы жүрек ауруынан дүниеден озған. Соған бата оқып бардық, әрі өз ойымды білдірейін, бұйымтайымды айтайын деп бардым. Мен де қатты қобалжығаннан басым қатты ауырып бардым. Дәрі ішіп, толқыған жүректі басып, Фарзантайымның анасына бағыштап Құран оқытып, сәл жүрегім орнына түскендей болды.Таныстыру басталды. Барған жеріміз Арыс қаласының танымал халық ағарту ісінің үздігі, осы қаланың құрметті азаматы Жүнісов Сағадат атаның әулеті екен. Оларды "ұстаздар әулеті, мұғалімдер династиясы" деп атайды екен жерінде. Әулеттен 40-тан астам мұғалім қызмет жасайды екен.
"Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) тарайтын ұрпақтың ішінде Мәдіқожа бабамыз қырқыншы атадан барып қосыламыз" деп таныстырды. Сағадат атаны жергілікті халқы "Сағат" деп атап кеткен. 80-ге келіп қалған, ірі денелі, кең иықты, жүзінен нұр шашырап тұрған қария дана, шежіре, ағып тұрған дария, әңгімесі адамды еріксіз баурап алады. Сағадат ата сәл өмір тарихынан сөз  қозғады.
Сағадаттың атасы Жүніс Көксарайда мешіт ұстаған, имамы болған. 1910 жылы Меккеге жаяу барып, қажылығын өтеп келген. Имандылық пен адамгершілік қағидаларын халық арасына насихаттап, бүкіл өмірін Алланың жолына арнаған екен.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан ислам жолын Сағадаттың ағасы Әбдіғаппар жалғастырыпты. Ол кісі Мәскеуден рұқсат  алып, Арыстан мешіт ашқан. 50-60-шы жылдардағы дінге карсы атеистік тәрбие өршіп тұрған кез. Партия белсенділері келіп, мешітті жаптырмақшы болады. Сол кезде Әбдіғаппар ағасы: "колхозға кір дедің – кірдік, еңбек ет дедің – еттік, соғысқа бар дедің – бардық, енді бізге қартайған шағымызда бес уақыт намазға рұқсат бер" деп ақиқат та батыл сөйлеп, мешітті ұстап қалған екен. 40 жылдан астам имамдық қызмет жасап, дүниеден озыпты.
Қазір ол мешіт "Әбдіғаппар қожа – Жәми мешіті" деп аталады деп, Сағадат атамыз тарихты қысқартты да, әңгімені өз отбасы туралы жалғастырды. "Мен өзім бүкіл саналы өмірімді мектептегі бала тәрбиесіне арнадым. 15 ұл-қызым бар, 5-еуі ұл, 10-ы қыз. Қазір осы жерде сіздермен 5 ұлым отыр 4 келініммен. Шаңырақ  үшінші ұлым Әбдімәліктікі" деді де, бәрін жеке-жеке таныстырды. Ата көңілді отыр. Әңгімесін ешкім бұзған жоқ. Шай ішілді, тамақ тартылды, бата істелді.Үйдің ішін сәл тыныштық билеп алды. Ішім алай-дүлей, әңгімемді қалай бастасам екен...
 Ал не айтайын деп сөзін жалғастырды Сағадат атасы:
– Осы ауылдың салтына салып 7 айда Нұржамал келінімнің жылдық асын берейік, сосын 1 айдан кейін балаңды алып кетсең болады, хабар бізден болар. Бізде дәстүр-салт бойынша ұзатып береміз,– деді.
Мен бір романның кейіпкерімен сөйлесіп отырғандай әсерде отырмын. "Теңі келсе, неге тегін бермеске" деген атаның сөзі мәңгілікке жүрегімнен орын  алды да, дереу сары дәптеріме жазып алдым.
Ал "Майта, молодец, үлкен шаруаны тындырдың" деп Аллаға разы болып отырмын. "Аллаға шүкір, Аллаға рақмет" деп ішімнен қайталап отырмын. Қуанышымда шек жоқ, мен де сәл абыржыңқырап, қуанғанымды білдірейін дедім:
– Ата, шынымды айтсам, мен қатты қуанып отырмын, осы үйге келгенше ойымды қалай айтам, қожа қараға қызын бермейді деген миымызға әбден орнығып алған, қорқыңқырап келіп едім, – деп Сағадат атаға қарадым. Басқаларда үн жоқ. Ата сөйлегенде бәрі үнсіз тыңдап отырады екен. Атасы күлімсіреп, рақаттанып бір әңгімеге тиек тауып бергендей:
– Ой, құдағи, иә, қожалар кызын қараға бермеген, қожа қожаға үйленген. Бірақ менің екінші ұлым Әбдісаттар өзбектің қызына үйленіп, менің әулетіме өзгеріс енгізген. Анау отырған өзбек Гүлнар келін отанымыздың дана келіні, келіндердің ұйымдастырушысы, басшысы. Немерелер сүйіп отырмын. Содан кейін руды айыру қожа, қара деген менде жоқ. "Теңін тапса, тегін  бер" деген қағиданы ұстанамын,– деді.
Фарзана менің 13-ші немерем  деп әңгімесін аяқтап, бізге батасын беріп, біз де Алматы қайдасың деп үйімізге үлкен қуанышпен оралдық.Тойға жайлап дайындалдық. Құдаларымыз да айтқан уакытында хабар беріп, келіңіздер деп рұқсатын берді. Арыстың үлкен тойханасынан ұзату тойын жасап берді. Тойды Сағадат ата ашып берді. Сондағы айтқан сөздері тап бүгінгідей есімде:
– Құрметті құда-құдағилар, біз тойханаға сырттан қонақ шақырмаймыз, өзіміз де бір әулетпіз. 15 ұл-қызым бар, содан өрген 64 немере, 37 шөбере құдаларыммен-ақ осы тойханаға жетіп жатырмыз. Фарзана –13-ші немерем. Қызымның ерсі қылықтары болған емес, ресторан-кафе жағалаған жоқ, түзу жолмен жүрді. Мен сіздердің қолыңызға баға жетпес асыл қызымды тапсырдым, – деп сөзін аяқтады.
Келінімізді алып, аман-есен елімізге жетіп, өз ауылымыздағы үйлену тойды бастап кеттік. Құданы үйден жайғарып, үлкен тойханада жастар тойын жалғастырдық. Сол тойда Сағадат атамыз микрофонды қолға алып, тойға шашуым деп "Жүрегім менің" деген өлеңді еш сүйемелдеусіз қоңыр дауыспен айтып берді.
Аллаға шүкір, сол тойдан кейін көп ұзамай екі балам да Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы университетін бітіріп, дипломдарын алды. Балаларым институтты ақпараттық технология мамандығы бойынша тәмамдап, өз мамандықтарымен жұмыс істеп жатыр. Осы кенжетайымның қолында тұрамын. Алланың берген немерелері үйіміздің базары болып шапқылап жүр,– деп ағынан жарылды бақытты ана Мариям.
Сонымен, қожа руы – арабтардың Орта Азияға келіп тұрақтаған ұрпағы. Қожалар өздерінің тегін сақтап қалу үшін қызын қожаға беріп, қожадан қыз алып отырған. Бұл ру түркі тайпаларына жатпайды. Олар алғашында қыз алысу, қыз берісу мәселесіне өте берік болған (яғни қызды тек қожаға беріп, қожадан ғана қыз алған). Бірақ уақыт өте келе қожалар қыздарын жергiлiктi түркi тайпаларының беделдi, тектi өкiлдерiне бере бастайды. Дегенмен, қазіргі заман талабы басқа. Ең бастысы, екі жас бір-бірімен тату-тәтті, бақытты болса болғаны. Оған біз әңгімеге арқау еткен отбасы дәлел.
К. МАХСҰТ 
28 қыркүйек 2021 ж. 1 044 0