Табанымда туған жердің әлі өшпеген табы бар
Тербенбес шыңының етегіндегі Сексеуіл стансасы – жалаңаяқ жер басқан туған жерім, балалық балғын шағымды өткізген асыл мекенім. Онда әкем Иманбай, шешем Күнзада отау тікті, өмір сүрді, қорымында жерленді. Мұнда ата-анамның етжақын туыс-туғаны тұрмаса да, әкемдей жұмыс бабымен тұрақтап қалған азғантай рулас ағайындар болды. Бір-бірімізге жанашырлық, бауырмалдық танытып қуаныш-қайғымыз ортақ ынтымақ-бірлікте өмір кештік.
1965 жылы әкем ауыр науқастан қайтыс болды. Нұрман атамның құлақтандырып есіттіруімен әкемнің ағайын-тумалары, қырық шақты кісі «шеттеп, саяқ жүрген бір баламыз еді» деп, ауыл арасының алшақтығына қарамай, әкемнің жаназа намазына арнайы ат сабылтып келіп қатысып кетті. Кетерінде елден келген ағайындардың басын қосып келген Жанаман атам әкеммен немерелес Әбиұлы Төлеуге қаратып, «Иманбайдың артында он бір жасар ұл қалып барады, ертеңгі күні Төлеу, мен сол баланы сенің қолыңнан аламын» дегенде, Төлеу көкем еңкілдеп жылап еді. Әкемнің қабір топырағы кеуіп үлгірмей Төлеу көкем де кездейсоқ оқиғасының салдарынан мезгілсіз қаза тапты.
Арада бес жыл өтпей ызғарлы қаңтардың басталар күнінде анадан айырылдық. Мезгілсіз жеткен қайғылы хабарды Алматыда есіткен ағайындар, курстастар жаныма жалау болды. Немере апам Миуаның қызы Алма, бөлмелес құрбыларым Ақық, Роза жол азабын тартып мені ауылға жеткізді. Соңғы рет шешемнің суық денесін құшақтап қоштасып, тоң топыраққа көміп, өкіріп еңіреумен көз жасым бетіме мұз болып қатып, оқуымды жалғастыруға Алматыға қайттым.
Мұнда жылай жүріп, шешемнің басын қалай қарайтуды жоспарладым. Сол кездері Алматыда жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері салынып жатқан болатын. Өткелді салу құрылысына мұқият назар салдым. Ағаштан қалауынша қалып құрып, тас аралас қиыршық құмға цемент қосып араластырып, суға илеп қалыптың ішіне толтырып құятынын көрдім. Осы әдіс көңіліме қонды. Құрылыс материалы оңай табылады, тез бітеді, арзанға түседі.
Жазғы каникулға ауылға оралдым. Келе сала шешемнің басын қарайтуға қам жасадық. Нағашым Нұрқожа басшылық жасады. Керек-жарақты табуды өзіміз ұйымдастырдық. Көршілер сайдан қиыршық тас араласқан құмды жүк машинасына тиеп тасыды. Теміржолшылар бір күнгі теміржолда жөндеуден шыққан ескі шпалды әкеліп түсірді. Зухраның күйеуі Құдайберген аға қалып құратын тақтайлар мен су құятын цистернаны машинаға тиетіп уақытша пайдалануға әкелді. Ақсұлудың күйеуі Болаттың жәрдемімен деподан цемент сатып алдық. Шегенің қайдан табылғаны есімде жоқ. Нағашым бір күн қалып құрастырды. Келесі күні көршілерім мен ауыл азаматтарының жұмылуымен қолмен иленген бетон дайындалып калыпқа құйылып әкеммен бір қабырғасы жапсарлас жатқан шешемнің басы қарайтылды. Қайраты мен уақытын аямаған ауылымның асыл азаматтары тегін қызмет көрсетті.
Шеше өлімі шаңырағымызды шайқалтты. Оның жылдық асын өткізген соң нағашым Нұрқожа бізді өз ауылына көшіріп әкетті. Әкем салған тоқал тамды бекітіп, ата-ананы қорымда қалдырып, Тербенбес шыңының етегінен теңселе тебіренген күйзеліспен бөтен жерге көштік те кеттік. Нағашым үйінің бір бөлмесін босатып берді. Әкемнің балта-балғасын, шешемнің ине-тебенін (тура мағынасында емес) жинайтын бізде шама болмады, көшкен жұртта «әке-шешенің көзі» дейтін дүниелер шашылып қала берді. Мен Алматыға оқуыма кеттім.
Жанаман атам әкеден жетім қалған жалғызды Төлеу Әбиұлына жүктесе, жаратқан ием Төлеу Құлшаманұлының қолына тапсырыпты. Төлеу ағаның шапағатымен Алматыда үшеуміздің басымыз қосылды. Айман екеуміз оқу бітірдік. Жеткерген әскерге барып келді. Мұнда әкеммен туыстас немере аға, апаларым тұрды. Ағайынның қамқорлығы мен мейіріміне бөленіп, жетімдік көрмей, жеке шаңырақ көтеріп балалы-шағалы болып, өз қабілет-қарымымызға, білімімізге қарай қызмет істедік.
Міне, қазір туған жерден ұзап кеткенімізге жарты ғасырдай уақыт болыпты. Осы аралықта біздер елден тамыр үзіп, өте сирек төбе көрсеттік.
«Жетімдіктен тамыр үздік туған асыл мекеннен… Әкем салған тоқал тамға тізе бүгіп бармадық. Мал байлаған қазық орнын үнсіз іздеп тұрмадық. Ата-ананың құрдасымен дидарласа алмадық. Шоқалақ пен тақырлы даламенен қауышып, бұйырғын мен жусанның исін сезе алмадық…» деп көкіректі кернейтін сағыныш пен өкініш мені әркез мазалай беретін…
Биылғы еңбек демалысымда ата-анамның зиратына зиярат етуге, туған елге тағзым етуге барғым келді. Ол ойымды естіген Айман «кімге барасың, қай түріңді көрсетесің» деп, талабымды қолдамады. Оның сөзінің де жаны бар. Түр-тұрпатым өте қатты өзгерген.
Ата-анамның қатарлас құрдасынан ешкім қалмады. Олардың көзін көргендердің өзі азайып қалды. Жасым ұлғаюда, қазіргі күйімнен де көріксіз де әлсіз болатын шағым алыс емес. Ауылға биыл баруға ниеттеніп келіп-кетерімді ешкімге хабарламай барамын деп, барып-қайтуыма пойызға билет алып жолға шықтым.
Пойыздан түскенде мені бір әдемі келіншек баласымен қарсы алды. Біз бір-бірімізді танымаймыз. Сұрастыра келгенде ол мен білетін Жалғас ағамның ұлы Сәрсенбайдың келіншегі – Ұлбосын екен. «Түнде Айман апа сіздің келе жатқаныңызды хабарлады» деді. «Көршілеріме барамын» деген қарсылығыма қарамай, «көршілеріңізге сосын ертіп апарамыз» деп ертіп апарды. Менің келу себебімді өздері араласатын ағайындарға телефонмен айтып хабарлап, ақылдасуға үйіне шақырды. Ағайындар Байділдә Қайырлаұлы, Жаңбырбай Әлімұлы әп-сәтте-ақ жиналып, мен істейтін шаруаны өздері бөлісіп алып, іске кірісіп кетті.
Туған да тұрған үйіме, көршілеріме «өзім барамын», «өзім табамын» деген сөзім баяғы бала көңілім екен. Ауыл түбегейлі өзгеріпті, көлемі өсіпті. Бір көше жоғалса, бірі кеңіпті, енді бірі тарылыпты. Жаңа, кең көшелер көбейіпті. Менің шеңберлі тұзақтай созылған, ортасында да үйі бар қысқа көшемде пәлендей өзгеріс болмапты, бәрі көзіме оттай басылды. Біздің үйді сатып алған кісі жаңадан үлкен үй салып, әкем салған тоқал тамды жаздық ас үй жасапты. Мал қораларды бұзыпты, саз топырақ соқпадан салынған дуал қоршау шарбақты қалдырыпты.
Ауызашар уақытында мешіттің асханасында менің о дүниелік болған ата-анама, жанашыр ағайындарыма, мұғалімдеріме құран бағыштайтын садақа берілді. Мешіт жанында ата-анамның көзін көрген ауылдас, көршілес, сыныптас, парталас аяулы жандармен қауыштым. Жиналған көпшілік қыз болып кетіп, кемпір боп оралған менімен шұрқырасып көрісіп, мәре-сәре болды.
Ертеңіне Сәрсенбай, Абатша ата-анам жатқан бейітке ертіп апарды. Әкемнің, әжемнің қабірін көргенде, кемсеңдегенім болмаса көзімнен жас шықпады. Жетім болған жылдарымда көз жасым өзегімнен өтіп, сүйегіме сіңіп, суалып, шемен болғандай.
Сәрсенбай қой сойып, түскілікке біраз адамның басын қосып қонақасы берді.
Туған жерге табанымның тиюі, туған үйімде тізе бүгуім, қорымдағы аяулы ата-анамның бейітінің жанында бір мезет отыруым, ауылдастарыммен қауышып, дидарласуым төбемді көкке көтерді, марқайтып көңілімді тасытты. Аңсаған, сағынған ел-жұртыммен түгелдей табыспасам да, мауқым басылмаса да рақатқа бөлендім.
Жүйіткіген пойызда келемін. Ес білгелі жадымда сақталған туған еліммен, ата-атаммен бірге өткізген өмірім көз алдыма оралуда…
Әкем мұсылманша сауатты, құран оқитын, намазын қаза қылмайтын, сақал, мұрт қоятын, шашын тақырлатып алғызатын кісі еді. Әкем құрдасы Боранбай ата екеуі шақыру қағазымен әне-міне соғысқа кететін болып буынып-түйініп жүргенде «Теміржолшылар әскерге алынбасын» деген Жарлық шығады. Олар бронмен тылдағы жұмысқа қалады. Әкем сол салада қырық жылдай жұмыс істеді. Сол кезеңдерде еңбекшілердің бәрінің еңбек табысынан міндеттелген облигацияға айырбасталатын ақша ұсталатын. Одан қалғаны отбасының тамақтан тарықпауына бірде жетсе, бірде жетпейтін. Әкем жұмыстан босаған уақытын балшық илеп кесек басып, соқпа соғып там салуға жұмсайтын. Әкемнің еңбекқорлығын көзбен көріп, санамызға ықыласпен бекітіп, табандылықпен бойымызға сіңірдік. Жырақта жүрсе де ағайын-тумасын іздеп қыдыруға онша құлықты болмайтын. Бірақ ел-жұртын аңсап сағынатын. Кешкілік қолына домбырасын алып, мұңды әуенмен ән салып, шерін тарқататын. «Сары айғыр мақыласа келесің бе, еліңнің қайда екенін білесің бе?» дейтіні ғана есімде қалыпты.
Айман тілі шыққаннан ешкім үйретіп қоймаса да жұмысқа кетіп бара жатқан әкеме «әке, аман барып, сау қайт» деп шығарып салатын. Бір күні әкем жұмыстан бір саусағына дәкемен таңып келді. Сырт киімін шешіп жатып, «бүгін мені Айман үндемей шығарып салып еді, жарақаттанып келдім» деді. Сонда әкемнің наным-сенімге сенетінін, адамның бірауыз жылы тілегінен, жанашырлық сезімінен қуат алып жүретінін байқадым.
Әкем «зейнетке шықсам елге көшем нар жетектеп, үйіріне қосамын ұрпағымды табыстырып» дейтін, бірақ ол тілегін ажал қиып тастады.
Әкемнің алшаңдап басып жүре алмаған ата-баба мекенін біз басып көрдік. Жоғын іздедік, барын таптық. Етене жақын араласпасақ та алыс-жақын ағайынын танып-білдік. Көзкөрген жақын-жуықтың сирегенін сезгенде кейінгілерден асылдың ізі үзілмей, тектінің қаны сұйылмай, ағайындар бір-бірімізге жат болмай шұрқырасып тұрсақ екен деп тілеймін…
Әжем де мұсылманша сауат ашқан, құран оқитын. Күндіз ауылдан ұзатып мал өрісінде қой, ешкі бағатын. Кешкілік малды өрістен ауылға қайтарып келе жатқан жолда әртүрлі әсерлі әңгімелер айтатын. Көбіне Байжан ағасы туралы айтқанын қалайтынмын, ол да қайталап сұрасам да тартынбай айта беретін. Әр айтқан сайын көзінің жасы мөлтілдеп, бетіне із тастап ағып, кеудесіне тамып, егіліп айтатын. Ағасының адалдығына, мейірімділігіне риза болып менің де көңілім бұзылатын.
Шешемнің қатарынан бес баласы шетінеп, көз жасы тыйылмай жүрген жылдары, Қазалы өңірінде күріш егетін алқапта бригадир болып істейтін немере ағасы Байжанның ауылына күріш масағын теруге барады екен. «Тұяқсыз өтетін шығармын, тапқан балаларым тұрмайды» деп мұңын шағып жылағанда, ағасы «мендегі үш баланың біреуін ал, қалағаныңды ал, тек сен жыламашы, сенің көз жасыңнан қорқамын» деп жұбатады екен.
Әкем елуге, шешем қырыққа таяп қалған шақтарында шешем мойнына бұршақ іліп Құдайдан ғұмырлы бала сұрап, жарылқану тіленіпті. Аузы дуалы Үмбеталы ата бір садақада шешеме «келін, қарағым, мә, ал, мына қойдың құлағын ұста, Құдай қаласа, келесі жылы балалы боласың, жылама» деп жұбатып батасын беріпті.
Әжемнің түсінде Ділмаш ата үюлі тұрған үш шөмеле шөпті нұсқап, «сен жиып ал» деп әжеме арқан жіп беріпті. Әжем түсін жақсыға жорыпты.
Жаратқан ием, көптің тілеуін қабыл қылып ата-анама қос қыз, қыздарға тіреу ғып бір ұл сыйлапты. «Апа» деп тілі шығатын балалары өле бергесін шешем өзін бізге «Әже» дегізді (бірақ әжем әжелікке жетпеді).
Мен тентек болып өстім. Қысты күндері кешкілік мектептен қайтқанда, үйдің сыртқы есігінен кіріп келгенде асылып жатқан еттің исі бұрқырап шықпаса, ішкі есіктен өңмендей кіріп келіп, «не, бүгін ет аспағансыңдар ма?» деп сумкамды (сия сауыты бар болса да) сермеп тұрып лақтырып жіберетінмін (солар үшін оқып жүргендей).
Жарықтық, ата-анам-ай, «бала, бала» деп, ебіл-себіл жүріп өмірден өттіңдер. Бізден рақат көріп үлгірмедіңдер. Асыл бұйым тағындырмадық, барқыт-масатыға малындырмадық, тым болмаса сүйсініп жейтін тамақпен тойындыра алмадық…
Біз есейіп қалғанда әжем бойжетіп дүкенде сатушы болып істейтін еті тірі, көрікті қыз Лизаны тұрмысқа шықса «өкіл қыз» қыламын «сендерге апа болады» деп күнібұрын «мұрындық» салып жүрді. Лиза апам ата-анасы аман-есен, өсіп-өнген, үбірлі-шүбірлі, берекелі отбасынан шыққан, бүкіл ауылға сыйлы, абыройлы адам, біреудің қамқорлығына зәру емес. Шешем екеуінің бір-біріне қалай ықыласы ауғанын бір Алла ғана біледі. Сосынғы дәнекер қазақтың салтында ұзатылған қызда «өкіл әке-шешесі» болып, оларды өз туғанынан кем көрмеу керек заңдылығы сияқты. Лиза апам математика пәнінің мұғалімі Кеуілхош ағайға ұзатылды. Шешем кішігірім жол-жоралғысын жасап, Лиза апамды «Апа», Кеуілхош ағайды «Аға» қылды. Олар шешемді өз анасындай сыйлады. Біздерге қамқор аға, апа болды. Студент кезімде апам, ағам қолыма ақша ұстататын. Ағам ауылдың амандығын білдіріп жиі хат жазып тұратын. 1992 жылы апамның тұңғыш ұлы Сабыржан үйленді. Соның тойына барғаннан кейін ауылға баруға жолым түспеді. Лиза апам біз ауылдан көшіп кеткенмен біздің ағайынмен «Әжемнің қызымын» деп араласып тұрыпты. Қазір олар Ақтөбеде тұрады.
…Салиха әжемнің ұзақ ауырған әкемнің қазасынан кейін оның киімін жуып, кептіруге жайып қойғаны, Зейнеп жеңешемнің әкемді жоқтауға өлең жазып әкеліп маған жоқтау айтуды үйреткені, Бодық ағамның қатты науқастанып жүрсе де, шешемнің басын қарайтуға алған қапталмаған цементті қоймадан қаптасуға келгені, Жалғас ағамның кестеден кешігіп келетін пойызды ұзақ күтіп мені Алматыға оқуға шығарып салғаны, бәрі-бәрі есімде.
Шәріп, Әпсәмат, Нұрадин, Садық, Төребай аталардың оқыған құран сүре, қатымдары тұла бойды шымырлатып, ұйытып тыңдатып, құран үнін құлаққа әсерлі естіртіп, санаға сіңдіретін. Өмірімде олардың әуезді үніндей құран сүрелерін оқитын мұсылманды өте сирек кездестіріп келемін.
Мектепте оқып жүргенде ауыл клубында әр мерекеге сәйкес үш буын өкілдері қатынасатын жиын өтетін. Бірнеше оқушы жиын тақырыбына сәйкес кезектесіп «монтаж» (бір шумақ тақпақ) айтатынбыз. Баяндамашы, жиын өткізуші жиынды өте сауатты өткізетін. Кейде билік басындағылардың қауымды, аудиторияны меңгере алмай міңгірлегенін естігенде Әбдіразақ Досмұрзаев аға өткізетін сауатты жиындар есіме еріксіз түседі.
Жоғары сыныпта ағылшын тілінен Нур Рашид сабақ берді. Апай ағылшынша таза сөйлейтін. Шетелден тіл үйретуге келіпті, шет тілін оқып бітіріпті деген «мамандардың» сөйлегенін естігенде менің апайымның сөйлегеніне ұқсата алмай «ит жоқта шошқа үрген» деген осы шығар деймін.
Стадионда айнадай тегіс қатырылатын мұз айдынында тоңғанымызға қарамай байпаққа жіппен таңып байлаған коньки тебетінбіз. Стадионға кіру тегін, жүрген уақыт та есепке алынбайтын.
Талай кітабының бетін парақтаған көпшілікке арналған кітапхана мен техникалық кітапхана кітаппен достасуыма,оны жинауыма жол ашты.
Математиканы құмартуыма әсер еткен мектепте сол пәннен сабақ берген, білікті мұғалімдер Шыңғыс, Жолдасай, Кеуілхош, Әкімжан ағайлардың өткізген қызықты, мазмұнды сабақтары еді.
Ұлағатты мұғалім ағай, апайлар да бізге жақсы білім берді, зерделі, саналы қылып тәрбиеледі.
Ауылдың зиялы азаматтары: Төкетай, Бұлқайыр, Әбдіразақ, Райым ағайлар ауылдың көркеюіне көп еңбек сіңірді.
Қожақайыр ағай ауылға Алматыдан медициналық білім алып дипломмен келгенде емдеу орнын басқарумен, адам емдеумен қатар ауыл сыртынан жер алып, ауылға қазіргі коттедж үй салу үрдісін бастап, ауылдың көркеюіне үлгі-өнеге болды.
Көршілеріммен татулықта өмір кештік.
Өрмек жүгіртіп термелі алаша тоқитын, түбіт шарқат, кесте, шілтер тоқитын, ауылдан аулақта қауын-қарбыз егетін, мал бағатын, шөп шабатын өнерлі, еңбекқор адамдардың арасында өстім. Көршілерім әр күндерін тек еңбекпен өткізетін, жағымсыз қылықтары жоқ, ұрыс-төбелесті білмейтін. Ұры-қарасы жоқ, елдің тыныштығы сондай жазда үйдің іші қапырық ыстық деп далада алаңсыз жатып ұйықтайтынбыз.
Бұл жолы кездестірген құрдастарым, сыныптастарым, парталастарым үбірлі-шүбірлі ұрпақты, салихалы, парасатты азаматтар болыпты.
Ілгерілекте Жалғас ағамның жұбайы Иба жеңешем қайтыс болғанда газет арқылы көңіл айттым. Онда «Арал-Шалқар арасын ұрпағымен жалғаған, ағайын-жекжат арасын мейірімімен қорғаған, жанының нұрлы шуағын сағынышпен көмкеріп, жырақтағы біздерге қимастық лебізін арнаған, көзкөрген асыл жеңешем, орныңды кіммен толтырам» деп жазғанмын. Жеңешемнің өнегелі келіні Ұлбосын жеңешемнің орнын жоқтатпай ақадал пейілімен мені «апалап» күтті, құрметтеді. Суретке түсіріп, қолыма ұстатты. Байділдә, Жаңбырбай, Сәрсенбай жүгіріп жүріп мені отырғызып қойып, садақаны абыройлы етіп өткізіп берді.
«…Алатаудың бөктерінде, қыратта, етегінде, ойпатта, саяжайда көп жылдар бейнет кештім сабылып, Алматыға сіңетіндей жерсініп, сүйегім де қалатындай мәңгілік. Бірақ, бірақ жалаңаяқ табанымды борпылдаған май шаңдақпен сылаған, ертелі-кеш ешкі баққан мал өрісін сағынам, табанымда туған жердің әлі өшпеген табы бар. Болмаса да мені күтер жақыным қауышуға асығып, көшіп кеткім кеп тұрады бәрін тастап ауылыма, жатса деймін сүйегім ауылдың қорымында…» деуші едім. Осы сапарымда туған елден бала кезімдегі сезетін жанашырлықты, қимастықты, сыйластықты көрдім, сездім.
Бойымдағы жағымды қасиеттер ауылдастарымнан алған нәрден жаралған. Олармен бірге өткен әр сәтім көзім жұмылғанша жадымда сақталады. Шуақты мейірімдері емдік дәрідей бойыма дарып, қаныма сіңіп, қуат береді.
Мені тебірентетін, елжірететін құдіретті елім, киелі жерім, қош, аман болыңдар! Көркейе бер асыл мекенім, өсіп-өркенде қымбатты елім! Баршаңа амандық тілеймін! Әлі де жақсылықпен кездесер шағымыз көп болсын!
Шолпан Қанди
Ана тілі газеті 2014 жыл.