Бала ойынмен өседі
Қай кезден-ақ бала тәрбиесін алдыңғы қатарға қойып, ұрпақтың саулығын ойлаған елміз. Ертеңін солардың болашағымен байланыстыра алған әр халық үшін де келер ұрпақтың дұрыс дамуы, саналы болып өсуі мен деннінің саулығы маңызды болып саналады. Ал баланы қалай тәрбиелейміз? Қайтсек санасын оятамыз? Әлбетте алғашқы тәрбие құралы оны болып саналған. "Бала ойынмен өседі" деген сөз де тегін айтылмаса керек. Бұл бүгінгінің емес, ертеден келе жатқан тәмсіл. Расында ойын арқылы оның болашақта кім болатынын, қандай іске икемі барын да анық айтуға болатынын тарихтан білеміз.
Сөзімізді салмақтау үшін Жанқожа батырдың бала шағынан мына бір естелікті айта кетсек артық болмас. Бала Жанқожаның ауылында алысып ойнап жүрген бір топ ойын баласын сынамақ болған үлкендер жерде жаюлы жатқан киіздің астына әлденені жасырып, балаларды шақырады.
– Ал балалар, қайсысың батырсыңдар? Кім мықты? – дейді.
Жамырай сөйлеген балалар бірінің сөзін бірі бөліп, "мен мықтымын" деп жарыса жөнеледі. Балалық қой. Бірақ әлгі адамның:
– Мына киіздің астында қанжар жатыр. Кімнің мықты екенін анықтау үшін, жүгіріп барып сол қанжарға кеудемізбен құлайық, – деген сөзі оларды абдыратып тастайды.
Бірақ намысты қолдан бермеуге тырысқандары жүгіріп барған күйі бірі жетпей, бірі асып құлап жатады. Осы кезде шеткерірек тұрған домаланған қара бала жүгіріп барып, киіздің астына жасырып қойған затты кеудесіне баса үстіне құлайды. Сол кезде ғана әлгі заттың омырыла сынған дауысы шығады. Сонда ғана киіздің астында қурап кепкен қу томардың тұрғанын біледі. Қылығына сүйсінген үлкендер атын сұрағанда "Атым – Жанқожа" деп жауап береді. Сол кезден-ақ Жанқожаның батыр болатынын білген екен деседі.
Мұнан бөлек мергендікке, жүйріктікке, ойдың жетілуіне арналған көптеген ойын түрлері бар. Олардың соңы тіпті кешегі күнге дейін жиі ойналып жүрді.
Сол ойындардың қызығымен ер жеткен кейіпкеріміз А. Қасымбеков:
– Сол кездегі ойындар жайлы әңгіме қозғалса балалыққа барып қайтқым келеді. Алаңсыз ойнаған сәттер есіме түседі. Ол кезде уақыт бөлек. Сабақтың арасындағы демалыстарды асыға күтеміз. Ал жазғы демалыс тіпті керемет. Жаз шықса ауылды бетке алатын қаладағы туыстарымыздың балалары жиналады. Үйдің бізге жүктелген басқа да шаруалары жетерлік. Бірақ барлығына уақыт тауып, сәл босай қалсақ асығымызды қалтамызға салып, сыртқа жүгіреміз. Сондағы бар арманымыз әр уақытымызды ойынға арнау. Біріміз жеңіп, біріміз жеңілеміз. Асықтан бөлек қаншама ойын бар. Қайсы бірін айтайын. Бірақ қас қарайғанша үйге кірмейтінбіз. Қыстың суығы мен жаздың ыстығы да еленбейтін. Тынымсыз қимыл денімізді шынықтыратынына қазір көзіміз жетіп отыр. Сондықтан болар әлі күнге дейін жүрісіміз жылдам, қимылымыз ширақ. Ал үйдегі балаларымызды, немерелерімізді көріп "ертеңгі күні қалай болады?" деп ойланамын. Күндіз-түні телефонға телміргенін көріп, бірінші көзін аяймын, – деп бір күліп алды.
Одан әрі сөзін жалғап көп ойдың түйінін тарқатты.
– Бірақ бүгінгі уақыттың талабы осы ғой. Телефонның, техниканың тілін меңгерсең, кенже қалмайсың. Бірақ қозғалыс керек. Десе де телефоннан қызық іздеудің де себебі бар сияқты. Мәселен біз ойнайтын ойыншықтардың барлығы кәдімгі қолдан жасалатын заттар еді. Оны ешкімнен сатып алмайсың. Тегін дүниелер еді. Ал бүгінгі нарықтық қоғамда барлығы ақшаға келіп тіреледі. Оған біреудің шамасы келеді, біреудің қалтасы көтермейді. Ал телефон қазір қолжетімді болып тұр. Анасының, әкесінің телефонынан-ақ ұнаған ойынын тауып алады, – деді.
"Расында жастарды кінәлі санап жүрген көзқарасымыздың да астарында осы дүние жатыр ма?" деген оймен қаладағы балалар ойыншығын сататын орынға бардық. Сатушы А.Алдабергенқызымен тілдесуге мүмкіндік таптық.
– Біраз уақыттан бері ойыншық сатып келемін. Алушылар да жетерлік. Ата-аналар балаларының қуанышы үшін олардың тілегін орындағысы келеді ғой. Ал бағаларына келер болсақ ер балалардың майда машиналары үшін ең төменгі баға 200 теңгеден басталады. Доптар 500 теңгеден ары қарай. Ал қызбалалардың қуыршақтарының бағасы 700 теңгеден басталып, жоғарылай береді. Жалпы айтар болсақ ойыншықтардың орташа бағасы 1000-1500 теңге көлемінде. Бірақ біз де бағаны ойдан қойып отырған жоқпыз. Бұл нарықтың бағасы ғой. Біреуден сатып алып, халыққа сатамыз. Сондағы үлесіміз 15-20%-ды құрайды. Бұл ретте ойыншықтың сапасына да қараймыз. Сапалы ойыншықтардың бағасы да қымбаттай береді – дейді.
Бұл – базар бағасы. Көпшіліктің қол жететін бағасы осылай болып тұр. Ал қолдан жасалатын, бала денсаулығына қауіпсіз ойыншықтардың бағасы қандай? Тұтынушылардың қалтасына салмақ салмайды ма? Осы жайында сұрау үшін аудандағы қол өнер шебері, №2 облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Әлнұр Жарқынбаевпен тілдестік.
– "Бүгінгі кәсібің – ертеңгі нәсібің" дейді ғой қазақ. Мен бұл кәсіппен ұзақ жылдар бойына айналысып келемін. Негізгі мақсатым ойыншық жасап, оны сатып, пайда табу емес, қол өнерді дамыту болды. Өнер – халық тарихының шежіресі. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді. Соның бір саласы – қолданбалы өнер. Дәстүрлі тұтыну және сәндік бұйымдарын жасайтын ұсақ өндіріс болып табылатын бұл бағыт табиғи шикізаттарды пайдаланумен ерекшеленеді. Сондықтан ол балаға да, басқаға да зиянын тигізбейтін, табиғи таза өнім болып табылады. Ұстаздық етіп жүріп, талай шәкірт те тәрбиеледім. Шәкірт тәрбиелеу тек ұстаздық міндетім ғана емес, өмірлік ұстанымым. Оларды қолөнерге баули отырып, болашақ кәсіпке де бағыттау. Осы уақытқа дейін №19 орта мектепте ұстаздық еттім. Қолымыздан шыққан туындыларды көрмелерде сатып, оны мектептің игілігіне де жараттық. Қазірде осы мектепке жұмысқа орналасқаныма 2 жыл уақыт болды. Нәтиже жаман емес. Түрлі байқауларда шәкірттерім топ жарып жүр. Бірақ балаларының туған күніне, атаулы күндерге арнайылап сый, ойыншықтар жасататын да тұтынушылар болады. Оның бағасы нағыз еңбектің бағасы деп білемін, – деді.
Түйін:
Иә, бала тәрбиесіне көңіл бөлсек оның алдымен немен айналысатынын, қызығушылығы неге қызығатынын аңғарған жөн. Ойын арқылы да болашағын анықтауға болатынын естен шығармайық. Ұрпақ денінің саулығын ойласақ ойынына көңіл бөлейік. Қоғам қай бағытқа бет түзесе де қазақылық болмысымыздан жаңылмасақ, ертеңіміз нұрлана түседі.
Оңталап ЖОЛДАСОВ