Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жоғалған есек

Жоғалған есек

Айдың-күннің аманында, ел тыныш, заман тоқтықта Тоқсанбайдың көк есегі жоғалып кетті. Алғашында бұған онша мән бермей, ұзын арқан, кең тұсауға салған, табылар деп ойлаған, бірақ оң құлағы сара тілік, сол құлағы кесік ақ тұмсық, көк есек ұшты-күйлі жоқ болды. Соңғы жылдары бұл ауылда ешкім есек ұстамайды. Бір кездері көшеде үйірімен жүретін бұл хайуан құрып кеткен, көк есек тұқымдастарынан жалғыз еді.
Қарттыққа жетіп, зейнетке шыққасын, қора-қопсыдағы жеңіл шаруаға араласып, немерелеріне ақыл бергені болмаса, анау айтқандай қайрат қажет ететін жұмыстарды азайтқан Тоқаң есекті көрші ауылдан аттай қалап баласына алдырған болатын. Мұнысы жақын жерге, ауыл арасына мініп-түсуге ыңғайлы көлік қылармын дегендегісі еді. Былайғы көпшілік қазір астында дүрілдеген машина тұрғанда, төрт аяқты жануарды менсінбейді.
Көбінесе қорада тұрып, басқа малдан қалған сақ-сұқты талғажау ететін, кейде Тоқаң берген азғана жемді қанағат тұтатын ақ тұмсық, көк есекті тұсай салған өзі еді. Қызара батып бара жатқан апақ-сапақта, ымыртта осылай жіберіп, ертесіне немерелерінің біріне алдыртпақшы болған, әлдене көтеріп кеткендей зым-зия, ұшты-күйлі жоғалады деген ой үш ұйықтаса ойына келмеген.
Тоқсанбай көк есекті тұсаған орынға бірнеше рет барды. Өзінің қырық екінші размерлі етігінің және есегінің ізін қайта-қайта қарады. Аспа құмның арғы жиегіне, сораң өскен сордың жағалығына, қураған мортық пен қоңырбастың әбден сарғайған ортасына көк есегін тұсап тұрып, сауырынан сипай салған. Көк есек мұның еркелеткен кәнігі қимылын түсінгендей, сарғайған, жел көтерілсе ұшып кетіп жатқан мортықты тұмсығымен үйіріп жей беріп, танауын пырылдата пысқырып қойған. Есекті жіберген арадан жарты шақырымдай жерде күні-түні жүріп сандаған көлік ағылып жататын үлкен жол қашық емес еді, ұры алып, қолды болса, із түспейтіндей емес, аяқ артқан көлігінің бұлайша жоғалуы Тоқаңды әр түрлі ойға қалдырды. Өз шамалауынша, жайылым жағалап жайылғанда, күре жолмен келе жатқан жолай кездескен машина тұсаулы есекті үстіне лақтыра салуы мүмкін.
– Апыр-ай, – деді Тоқсанбай, – әлдене көтеріп кеткендей ұшты-күйлі жоғалғаны қалай болғаны?
Тоқаңның есекті сұрап ауылды араламаған жері қалмады. Қалып қоядыау деген қора-қопсының қуыс-қуысы, үй арасы, отын жиналған ықпана, ой-шұқыр – бәрі қаралды. Немересі мен оның қасындағы балаларға да мықтап тапсырып, ұзақ іздетті.
Жирен шашын қысқа етіп алдырған, самайына қайшымен екі жолақ із салдырған немересі:
– Жоқ, еш жерде жоқ, – деп келді.
– Апыр-ай, сонда қайда кетеді?
Ыстық күннен мұрын үсті тершіп тұрған сары бала білмеймін дегендей иығын қиқаң еткізді.
Ақ тұмсық көк есектің жыры халық аузында айтылып, мәтелге айналған Дайрабайдың көк сиырынан кем болмады. Енді Тоқсанбай қай жерге бармасын әңгімені көк есектен бастайды. Амандық-саулық сұрасудан кейін сөз тиегі ағытылса, «әп» дегеннен жоқ іздеген жайын баяндайды да, арман қарай салаланған желі таратылып айтыла береді. Сол күнгі жай бүге-шігесіне дейін қалдырылмай, елеусіздеу іс-әрекеттің өзі қаперге алынып, еш нәрсесі қалмай жайылып салынады. Басқалар үшін бас ауыртатындай мәселе болмаса да, бұған осы айтқандарының маңызы күшті, мәні зор болатын. Ойы осындайда жоғының дерегі табылып, біреу хабар беретіндей көрінеді, бірақ әлсіз жіпке жалғанғандай үміт дегені соңғы кездерде үзіліп бара жатқандай. Сонда да Тоқаң сұрастыруын қоймады, ал қанағат тұтатындай жауап айтылмады.
Бір кездегі ұлы теңіз жағасындағы Аққұдықта біраз үйдің жиын-той, садақажұмалығына шақырылатын Тоқсанбай әңгімесін көк есек оқиғасынан бастайтын болды. Тіпті, кейбіреулердің мұны көргеннен «ал басталды көк есек» деп күңкілдейтінін де біледі, бірақ қарт жүзіне жарасып тұратын бурыл сақалын оң қолының алақанымен салалап қойып, басынан кешкенін айтудан жалықпайды. Неге жалығады, сұраса өз дүниесі, іздесе өз есегін іздеп жатқан жоқ па? Басқалар не десе о десін мұның шаруасы қанша? Ауыл арасында араласып жүретіндер Тоқаңмен кездесе қалса, көк есекті сұрайтын болды. Кезінде солар мұның есегімен қойдың кезегін өткерген, түнеп қалған түйелерін айдап келген, кішкене арбаға жегіп шөп тасыған, тағы басқа жеңіл-желпі шаруаларын бітіргендер еді. Қарт та әлгіндей сұрастырушыларға асықпай, айтатынының майын тамыза, ешбірін қалдырмай, әсірелеп басынан өткергенін жырлап береді. Мұндайда ол есекті қалай тұсағанын, ал көлігінің отқа бас қоя беріп иесіне бір сәтке әлдебір қимастықпен қарағанын, өзінің есек жанынан кете алмай кідіріңкіреп тоқтағанын, келер күні болатын осындай сарсаңды екеуінің де сезінгендей болғанын жеткізгенде, тыңдаушылардың көңілінде «обал болған екен», «қап, әттегене-ай» дегендей, аяныш пайда болады. Одан кейінгі жайларды айтқанда жанашырлардың кейбірі өздері көк есекті пайдаланғандарын еске түсіріп, шалдың айтқандарын қостай түсіп, дерегі шығып жатса, хабар айтпақ тілектестігін білдіреді. Тоқсанбайды мұндайда әуелі қажайтындар, қалжың айтып әзілдейтіндер өзінің тұрғыластары, қазір балашағаның бағуында отырған замандастары еді. Барлығының да жасы жетпістен асып, қойдың жасындай жасы қалып, арғы жақтан не хабар келеді екен дегендей халде отырса да, сақал қойып салауатқа енуді лайық көрмейтін, бетжүздері жып-жылмағай қалпындағы құрдастары болды.
– Осылай жүріп бір күні кемпіріңнен айырылып қалма, – дейді Сәкен айтақыр басындағы өрнекті жасыл төбетейін желкесіне қарай ысырып қойып.
– Оу, ол да болмай қалмас, есегің ештеңе емес, кемпірдің жөні бір басқа, – Бәкеннің қиық көздері қуақылана күліп алады.
– Не дейді, әй?! – Тәукен аналардың әзіліне арқа-басы кеңіп, мәз болып қалады.
– Есек іздеумен жүрсің ғой, біздің де жоғымызды қарай жүр.
– Сен не жоғалтып едің?
– Біздің жоғымызды білмеуші ме ең?
– Әй, мен саған есек тауып берейін, кемпіріңе айырбастайсың ба? – дейді Сәкен.
– Олай демеңдер, есектің жөні бір басқа, кемпірдің жөні бір басқа.
– Қарашы, сонда да кемпірінен айырылғысы жоқ.
Сөздеріне өздері мәз болып күлісіп алады. Үшеуінің мұңы бір, қазіргі тірліктері де ұқсас, барлығының кемпірлері о жаққа шалдарын балаларының қолына аманаттап тастап кеткен, бәрі де келіннің қас-қабағына қарап отырғандар. Бұларға қарағанда Тоқсанбайдың денейі түгел, бақытты да бақуатты. Өйткені, шүңкілдесіп отыратын кемпірі бар. Бұрынғылар «отыз ұлың болғанша, осырақ шалың аман болсын» деп бекер айтпаған ғой, басынан өткен соң, өмірден көргеннен кейін шығарған.
Тоқсанбай есегін тұсаған күні айсыз қап-қараңғы түнді тым алысқа түсетін жарығы тілгілеп Аққұдыққа қарай қара бүркеншікті терминал жүйткіп келе жатты. Кабинада үшеу бар еді. Жүргізуші – сарғыш өңді, жирен шашты жас жігіт, екіншісі – қысық көз, ерніне салған насыбайы білініп тұрған, зор денелі қара кісі, үшіншісі – бет-аузын қалың түк басқан орта бойлы, жасы қырық беселулер шамасындағы адам болатын.
Алыстан келе жатқан машина жарығына түскен жол жиегіне жақын қарайып көрінгенге үшеуі ентелей қалысты. Дәл қасына келгенде, жүргізуші көлігін баяулатты, әлгі сұлбаның не екенін білмек сыңайлы. Тұсаулы есек жолаушыларға еш мән бермей, сарғайып күнге күйген мортық пен қоңырбасты ернімен үйіріп жеп тұрды. Талай машинаға «келдің, кеттің» демейтін дағдылы әдеті де осындай еді.
– Мұнда біраздан бері есек жоқ еді, қайдан келген, – деді бет-жүзін қалың бурылдана бастаған сақал басқан кісі.
– Бұл – Тоқсанбай шалдың есегі, алыстағы құдаларынан алдырған, – деді жүргізуші, өзінің есек жайын жақсы білетіндігін сездіріп.
– Өзі жүрдек, ауыл арасында таптырмайтын көлік.
Жолға шыққалы көп сөйлемей келе жатқан, еңгезердей қара ерніндегі насыбайын сұқ саусағымен алып, лақтырып тастап:
– Тоқта, мынаны артымызға салып алайық, – деді.
– Е, оны не қыламыз?
– Есекті қай қажетіңе жаратпақсың?
– Сендер білмейді екенсіңдер ғой, есек еті қазір таптырмайтын деликатес. Қытайлықтарға апарып берсең, долларға қарық боласың, олар мұның терісінен тон, құлағынан қымбат дәрі, тұяғынан әдемі күлсалғыш жасайды. Обшым біз менсінбейтін есектің еш нәрсесін қалдырмайды.
– Қойшы-ей, рас па?
– Қытайлардың да істемейтіні жоқ, еті арам есекті де пайдаға асырғаны-ау, – жүргізуші таңданысын жасырмады.
– Бақа-шаян, құрт-құмырсқаны тамақ ететіндерден не шықпас дейсің? Олар мұның бұтындағыны да іске жаратады, – сақалды өзі араласатын адамдардан естігенін айтып тұр.
Бүркеншікті машинаны жол бойына тастаған үшеу есектің жанына барды. Бөгде адамдар келгенде, еңбегі адал, еті арам төрт аяқты жануар басын көтеріп, тұсаулы аяғымен бірнеше қадамдай секіріп, келгендерден ұзамақ болды. Алдын орағытып, ұстап алған жүргізуші:
– Қашқысы келеді, – деді.
– Тұсаумен қайда барады? – сақалды машина жарығы түсіп, сауыр төңкерілген, терісі жылтырап тұрған хайуанның әр жерін ұстап көріп.
– Өзі жарамды екен, шалдың күтімі жақсы-ау.
Есектің ұзын құлағына жармасқан жүргізуші тырп еткізбей тұр.
– Ей, не қарап тұрсыңдар, дабай бортқа лақтырып жіберейік, – еңгезердей қара алғашқы айтқанынан қайтар емес.
– Осының не керегі бар, Тоқсанбай шал біреулерден есітіп қалып бәлесіне қалармыз, – бурыл сақалдының тәуекел ете алмай тұрған жайы бар.
– Кімнен есітеді, үшеумізден басқа ешкім білмейді. Ал шал білгенде не істей алады, қырық мың теңге ішіңді жара ма?
Сақалды тұсауды шешіп, есектің мойнына салып, машинаға қарай жетеледі, жүргізуші артынан қақпайлады. Көк есек көнбістік танытып, жетекке ере берді.
Биылғы көктемнен бері үшеуі жол салып жатқан қытайларға қатынап байланысып жүрген. Кәсіптері өздері апарған тоқты-торымға олардың заттарын алмастырып алады. Өткен жолы қасқыр жарып кеткен жылқыны апарды, арамадалын ескере бермейтін, ет болса болды қызылсырап отырған жұмысшылар алып қала берді. Жиі қатынап, май тасып, ауылдағыларға қымбатына сатып, пайда көріп жүр. Біраздан бері жұмыссыз жүрген сақалдыға қытайлар аспаннан түскен несібесіндей көрінеді. Жалдамалы жұмысшыларының көбі қазақтар, кей қысық көзділермен аудармашы арқылы тілдеседі. Төрт-бес айдан бері осы тірліктерінен тымтәуір табыс тауып жағдайы жақсарып, жыртығы бүтінделіп қалған.
Көк есекті төрт аяғын матап, машина қорабына лақтыра салды. Ойлықырлы дала жолымен мөңки жөнелген, доңғалақтары жер апшысын қуыра зымыраған көлік сорлы көктің ығырын шығарды. Солқылдатып соққасын бүйірін оңдырмады, бір-екі мәрте басын дәл ортаға салынған кергі ағашқа ұрып алды. Бейтаныс жандардың қандай оймен, неге мұны тиеп алғанына түсінбей келеді.
Толық ай туып, түн қараңғылығына аппақ нұрын сепкесін төңірекке күндізгідей жарық түскен кезде ұзақ жол жүргендер әлдебір шоғырланған вагон үйлерге, топтаса қатарланған машиналар жиналған жерге жетті.
Алып келгендер мен күтіп алушылар қауқылдасып біраз тұрды. Қорапша ішінде буулы жатқан мұны ұмытып кеткен секілді, ұзын құлақ көк есек басына түскен тағдырына мойынұсынып жата берді. Олай етпесіне шарасы да жоқ еді.
Енді бір сәт бірнеше екі аяқтылар мұны түсіріп алды. Байлаулы арқан шешіліп, қысқалау ұшынан ноқта жасалып, кигізіліп, жетекке алынды. Бунап тастаған аяғын жазып, тәлтіректеңкіреп, бойын тіктеп, дүр сілкінді. Сосын өкпесіндегі бар ауаны кеңірдегінен шығара, тістерін ақсита, аузын барынша ашып, но-но-но-но деген тұқымына тән дауыспен ақырып берді. Таң алдындағы тосын дауыс тұнық, таза ауаны серпіп, айналадағыларды тәтті ұйқысынан оятып жіберді.
– Оу, мынауың әнші ғой!
– Осында жеткеніне қуанғаны шығар.
– Шалдың бағымындағы жарамды есек қой. Көрмеймісіңдер түгі жылтырап тұр, – деді сақалды.
– Нешеауа, бізге ет болса болды.
– Мұндағылар мұның ештеңесін қалдырмайды. Қара қытайға не болса, сол жарай береді.
Ылғи бір қызыл күртке, қызыл шалбар, қысқа қонышты етік киген, арқаларында сәуле түскенде жалт-жұлт еткен жарқыраған жазуы бар жандар мұны қаумалап ала жөнелді. Күші адал, еті харам, іші боқ, түрі тоқ, тұла бойында пайдаға асар мүшелері: терісі, тұяғы, құлағы мұндағыларға бағалы саналатын көк есек, Тоқсанбайдың аяқ артқан көлігі, жалаңдаған пышаққа түсерін аңдамаған еді. Екі аяқтылардай саналы емес байғұс ештеңе білмеді.
Үш-төрт күн өткесін ауласының алдында жүргізуші екеуі бірі капотын көтеріп, бірі астына түсіп әлденелерді жөндеп, енді бірі шашылған теміртерсектер арасынан әлденеге түртінектеп жүргендерге Тоқсанбай келді. Еңгезердей қара шалға сәлем берді. Қашанғы әдетіндей Тоқаң жігіттің сәлемін:
–Уа-а-а-ға-а-аллейко-о-ома-асалләәм, – деп барынша созып, ерекше мәнермен алды.
«Осылардың ары-бері жүрістері көп, есегімді көздері шалған болар» деп бұларды көргесін бұрылып келген беті болатын. Ауладағы темір-терсектер ішінен бұлардың серігі сақалды сым іздеп жүр еді. Ол Тоқсанбайға жақын келіп, сәлем берді, шал мұның «ассалаумағалейкомын» де байырғы машығымен қабылдады. Қысқа амандық сұрасудан, шаруа жайын, күн райын айтудан кейін Тоқсанбай:
– Балалар, менің есегім көздеріңе түскен жоқ па? – деді.
– Есек, ол не?
– Осы жасқа келгенше есек көрмеп пе едің?
– Қандай есек?
– Осындағы менің жалғыз есегім, көк есек, бір құлағы тілік, бір құлағы кесік...
– Ой, ақсақал, есекті де мал деп...
Сақалды кеңкілдей күлді. Еңгезердей қара дыбыс шығармай жымиды.
–Мал емей, анда-мұнда жүргенімде аяғым еді...
– Соны да іздеп, уақытыңды өткізіп... Одан тышқақ лақ жоғалттым десеңіз бір сәрі, – еңгезердей қараның жалпақ беті бүлк етпеді. Күні кеше ғана көк есекті төрт лақтың пұлына қытайқазағы аралас жұмысшыларға сатқаны қаперіне келмеді. Оған алған жағармайын көршілеріне бір жарым, екі есе бағасына беріп отырғанын ойына алмады.
– Жоқ. ақсақал, көрмедік, – деді сосын.
– Қайдам, бір жерде жүрген болар, – қалың сақалдының қасқыр көзі жылт ете түсті.
– Апыр-ай, – деді шал, – ешкім көрмейді, ешкім білмейді. Сонда ұшып кеткені ме құрымағырдың?..
Ауылдастарының баршасына айтатын үйреншікті әңгімесін шұбырта жөнелді.
Есегінің кейбір адамша ойлар қылуасын, жүрдектігін, талай кісінің шаруасын бітіргенін, тағы-тағысын айта бастады. Аналар мұның сөзін тыңдамай, өз істерімен болып кетті, еңгезердей қара астындағы жүргізушіге:
– Он жеті ме, он тоғыз ба? – деген.
– Он жетінші кілт...
– Мә, ендеше, – деп айтқанын алып берді.
Сақалды қолындағы сымды қысқашпен түзетіп, бір өлшеммен қия бастады.
Тоқсанбай әлі де ойындағы көк есекке байланысты күдігін айтып тұрып, өзін тыңдап жатқан жан жоқ екенін аңдағандай бұл арадан жылысып кетіп қалды. Ол әбден ұзағанда:
– Жырлайды-ау, шалың, – деді дәу қара.
– Енді қайтсін? – деді сақалды.
– Іздей бер, шал, іздей бер! Бір күні есегіңді табарсың...
– Табады атасының басын... – сақалды мырс-мырс күлді. Еңгезердей қараның жалпақ беті жиырылып жымиғандай, көздері сығырая берді.
Бұлардың айтқанын машина астындағы жүргізушіден басқа ешкім естімеді.
Бұдан кейін бірнеше жыл өткен. Көк есегі табылмай Тоқсанбай бақиға аттанған. Есек оқиғасы ұмытыла бастаған.
Қар қалың түскен қаһарлы қыстың ұзақ түндерінде, тіршіліктің жайбарақаттау уағында қиян шеттегі Аққұдықтың жігіттері үй жағалап, омыртқа астырып, карта соғуды әдетке айналдырды. Шаруалары жай, көктемкүздегідей қарбалас жоқ кезде тәулікке ұластырып карта соғу күн жұбатуға таптырмайтын ермек еді. Бұлардың арасында дәу қара мен сақалды да бар. Жынды суға бөгіп алғасын карта дегенің қызыл кеңірдек болып дауласу, аз ғана теңгеге бола бет жыртысу, ақыр соңында бір-бірімен жұдырық жұмсасып, есеп айырысу болып кететіні жиі кездеседі. Осындайдың үстінде кейбіреулердің ұрлықтары, әммә елден жасырған құпиялары ашылатыны бар. Арадағы аздаған ақшаға дәу қара мен сақалдының шаппа-шап бола қалғаны. Екеуінің бір-біріне айтпағаны қалмады.
Көпшілікке жұмбақ болған көк есектің хикаясы осы арада ашылды. Екі жігіт бұдан басқа да құпияларын ақтарып тастады.
Көзі жұмылғанша есегін іздеумен кеткен Тоқсанбай көк есек хикаясын тірі болып естігенде:
– Бұйырмаған да. Құдай бұйыртпағанға не істеуге болады? – дер еді, жарықтық.

Өтебай Серәлі,
Ақбасты ауылы
23 қараша 2021 ж. 1 325 0