Дархан Аманжолұлы: Сақтаңдаршы жолаушының көңілін…
Шындық көрсем, қос қолымды созар ем!
Тек сол бар да жүрек — жүрек, таза — әлем!
Қандай қиын, қолдан келсе, қоспасыз
қарапайым ғана өлең жазар ем!
Ереже ғой: бір сөзімен жоғары ер!
Шындық жоқ па, жүрек те жоқ, жоқ әлем!
Кісі өлтірген оңай шығар, әйтпесе,
бүлк етпестен өтірікті соғар ем!
Арға салмай айтсақ сөздің нөпірін,
мынау әлем кетер ме еді көпіріп?!
Жаным, сүйсең, сөз дәметпе ешкімнен,
сөз дегенің — шындық яки өтірік...
* * *
Жеңіл ауыр бола ма, ауыр — жеңіл?!
Көбелектің ғұмыры дәуір ме бұл?!
Қара қарға — тәулік пе қанат қаққан?!
Бәйтерек боп өсердей сәуірде гүл...
Қамшы сабы — келте ме, келте ме — сөз?!
Ертегі ме, сиқыр ма, ерке ме сөз?!
Ажал — ажал емес-ау, ажал — у сөз,
өрте, күйдір, сүй, өлтір, еркеле, Сөз!
Адам деген — жан емес, көңіл дедім!
Бір шешілмес сырым ғой өмір менің...
...Көңілін суытқанша жақсылардың
өлтіріп тастағанды жеңіл дедім...
* * *
...сонар сөзден, сөз қысқасы — үлгілі.
Сөз сүйкімі — үнсіздікте: сөйлемен!
Бір жалғыз сөз миығынан тұр күліп,
сыбыр-күбір ғайбаттарға гөйлеген.
Есімшенің заттанғаны сыңайлы,
қаншама өсек айналмады «расқа»?!
Әрбір расқа құлай көрме, шырайлым,
шын ақиқат — басқа!
Қыдыр емес әрбір кісі көлденең,
сене кетіп талай рет шоқ бастым.
Жан біткенге жарым ойлап көрмеген,
әулиедей, қайран, көңіл жықпастық...
Шынайылық керек етпес қошемет,
әртіссінген сөз — дәмелі, әттеген!
Сағди — Сағди күйде жүрер көшеде,
есек — есек боп оралар Меккеден...
* * *
Ол, сірә, айна сынды көңіл шығар,
бір сынса шөлмек емес, көңіл сынар.
Көз көрер, ақыл сезер десе дағы,
құдай-ау, пенде деген көңіл сұрар.
Жанға дәт болар ма екен сөз дегенің?
Кімді іздесе сол болар көздегені:
дөп тиері, қиысы — жан жұмбағы,
жоқшыға ылғи табылмас іздегені.
Жолықса — бақыттан бас айналар ма?
Жақсы жан серттен, сірә, тайғанар ма?
Көңілін күзетер ем мен бәрінің,
тек біреуі мен жайлы ойланар ма?!
Ол сонда хаттай таныр, шын ойласа,
жанарда ұяң ғана нұр ойнаса.
Шіркін-ай, көңіл деген — пайғамбар ма,
оңаша қалған сәтте мұңаймаса!?
* * *⠀
Жаңылып кетіп "Сәлем..." деп жазсам саған мен...⠀
Махаббат барын өлеңмен, армен, ғаламмен⠀
жүрек біткенді сендіргім келді соған мен!⠀
Сен бірақ оған сенгің келмеді, меһрибан!⠀
⠀
Таң сәрі, Түсте, Асрда, әрбір Кеш, Түнде⠀
Пайғамбар сынды дәме сый күтпей ешкімнен⠀
жүректің сырын білдіргім келді бес күнге! ⠀
Сен бірақ оны білгің келмеді, меһрибан!⠀
⠀
Жол кешіп жүріп мыңжылдықтардан, ғасырдан⠀
ғашықтар хәлін тұратын іңкәр ғасылдан⠀
жүрекке әкеп бәрін де, бәрін жасырғам!⠀
Сен бірақ неден жүрексіз болдың, меһрибан?! ⠀
* * *⠀
Кімдер жайлы сөйлемедік — сөз еттік,⠀
тоғыз қабат торқаны да бөз еттік,⠀
ереулі атты ердің өзін ез еттік,⠀
көбік еттік, дүниені мезі еттік!⠀
Адам — оның сөз бен сүйек — дерегі.⠀
Менің кейде үнсіз жүргім келеді! ⠀
Сөз тірілтіп алмас еді ешкімді, ⠀
ауыр сөзден өлсе — кісі өледі.⠀
Шіркін, көмей кенезеден төгіліп,⠀
былғамады дейсің құсық небірін?! ⠀
Кісі жаны — қағба, кеуіл — құбыла, ⠀
сақтаңдаршы жолаушының көңілін...
Дархан АМАНЖОЛҰЛЫ
Арал қаласы