Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы

Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын таныстырды.

Құрметті отандастар!

Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз.
Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық.
Сындарлы саясат жүргізіп, әлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптастырдық.
Ең бастысы, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елдігіміз қайта жаңғырды.
Әлем қартасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік.
Ендігі кезекте осы жетістігімізді еселеп арттыру ел ынтымағы мен тұтастығына байланысты.
Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді.
Олардың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр.
Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын.
Мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету осы ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия деп санаймын.
Осы орайда, жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынамын.
Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар.
БіріншіТәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.
Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті.
Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық.
Әлемде көлемі жағынан 9-шы орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз.
Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек.
Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту.
Бұл барша халықтың еңбегімен келеді.
Сондықтан жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажет.
Екінші. Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.
Этникалық әралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы.
Бүгінде бірлік пен этносаралық татулықты сақтау жолында отыз жыл бойы жүргізген сындарлы саясаттың жемісін көріп отырмыз.
Бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, татулық пен сыйластықты қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуеті зор.
Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу –  әр азаматтың парызы.
Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады.
Үшінші. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.
Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ.
Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым.
Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған.
Біз Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық.
Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз (Таулы Қарабақ, Қырым, Грузия және т.б.).
Мен өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барымды салдым.
Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз.
Төртінші. Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.
Отанға деген сүйіспеншілік – өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады.
Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт.
Жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс әкелгенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан бас тартуға болмайды.
Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет.
Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай.
Сол үшін дәстүрдің озығын алып, тозығын тастап, елдік болмыстың өзегін сақтай білуіміз керек.
Сонда ғана саналы ұрпақ тәрбиелейміз.
Бесінші. Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.
Біз – тамыры тереңнен бастау алатын ұлы көшпенділердің ұрпағымыз.
Болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халықпыз.
Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек.
Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді.
Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор.
Сол үшін мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал.
Басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз.
Алтыншы. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек.
Елімізде талантты әрі дарынды, алғыр да өжет жастар жетерлік.
Әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істейтін, халықаралық деңгейде ғылыми жаңалық ашқан, түрлі салада еңбегімен танылып жүрген жалынды жастарды көргенде ерекше қуанамын.
Бұл – біздің үмітіміздің ақталғаны.
Мен жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеямда оның бес принципін – эволюциялық даму, ортақ жауапкершілік, өзара серіктестік, ынталандыру мен кәсібилікке ұмтылуды атап көрсеттім.
Онсыз кез келген қоғам көштің соңында қалуы мүмкін.
Ендеше, табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде.
Адал еңбек қана адамды мұратына жеткізеді.
Осыны жастардың санасына сіңіру қажет.
Жетінші. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.
Біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек.
Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол.
Сондықтан прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн.
Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз.
Елдіктің жеті тұғыры дегеніміз – осы!
 
Ардақты ағайын!
Алдағы 30 жыл – елдігімізді нығайтудың жаңа кезеңі болары хақ.
Ол әр азамат ұлтымыздың болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны толық сезіне білген кезде жүзеге асады.
Елдің ең ірі саяси партиясы ретінде «Nur Otan» осы бағытта атқарылар істердің алдыңғы шебінде болуы керек.
Осындай игі жұмыстың басы-қасында жүру – билеуші партияның ұзақмерзімді көшбасшылығының кепілі.
Ендігі кезекте осы мерейлі күнге жеткізген, ырысымызды арттырған Жаратқанға шүкіршілік етіп, ертеңге сенімді қадам басу қажет.
Рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін және Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында тынбай жұмыс істеуге тиіспіз!
Біз кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіске бірге жетеміз!
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық белесі құтты болсын!
Біз біргеміз!
24 қараша 2021 ж. 1 028 0