Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Желтоқсанда мұз қарыған жүрегін

Желтоқсанда мұз қарыған жүрегін

Биыл аралдық желтоқсаншылар кітабын жазу үстінде сексеннен астам жас жерлестерімізге қаһарлы желтоқсан күндерінің қандай ауыр соққы болып тигенін жан жүрегіммен сезіндім. Әрбірінің әңгімесін тыңдағанда жүрекке  өте ауыр тиді. Қиғылықты күндер туралы көз жасын көлкітіп жылап отырып айтқан кейіпкерлерім де болды. Енді біреулері сол уақыт туралы тіпті жақ та ашпады. Тағы біреулері өз өмірінің осы оқиғаға қатысты шақтарын еске алғысы келмей қашқақтағаны бар. Менің көп қоңырауым мен өтінішімнен соң, желтоқсан оқиғасын еске алуға бекінгендердің бірі - Абай Әлдешов. Қарақұмның тумасы. Арал қаласындағы №83 орта мектептің 1986 жылғы түлегі. Мектеп бітірген жылы Алматы қаласындағы Кинотехникумына оқуға түскен.
Желтоқсаншы жігіт сол күндерін былай деп есіне алады.
«1986 жылдың 17 желтоқсанында жігіттердің: «Қазақстанның басшысы өзгеріп, оның орнына Ресейдің бір облысының басқарушысы келіп, бүкіл қазақ елін басқарады дегені намысымызға тиеді» деп айтып жатқаны құлағымызға да жетті. Сол күні Кинотехникумда бірге оқитын жігіттер осы мәселені қызу талқылай бастадық. Жатақханамыз сол кездегі М.Горький атындағы парктің арғы жағында болатын.Қашық болғандықтан Алаңда болып жатқан жайлар бізге беймәлімдеу болатын. Хабарлары үзік-созық ұзынқұлақтан жетіп жатты. Алайда желтоқсанның 18-і күні бәріміз сабаққа келдік. Оқу корпусымыз Сәтбаев пен Ленин көшелері қиылысында болатын. Кураторымыз орыс жігіті еді. Ол бізді алаңға жібермеймін десе де, оқу тобындағы жігіттер болып айтқанын тыңдамай шығып кеттік.
Алаңға барсақ, лық толы халық. Адам қарасы өте көп көрінді. Әсіресе қазақ қыздарының намысқойлығына таң қалдым. «Менің Қазақстаным» әнін бірінен соң бірі іліп алып кетіп жатты. Бұл өлең біздің рухымызды тіптен көтеріп жіберді. Біздер де сол шерушілер қатарына қосылып, бар дауысымызбен ұрандата әнге қосылып тұрдық. Жылжи-жылжи алдыңғы қатарға да жеттік. Мінбеге көтерілген сүйікті әншіміз Роза Бағланова апамыз: «Балаларым, қайтыңдар, біз ештеңе істей алмаймыз» деп басу айтты. Бірақ жастар беттерінен қайтар емес. «Кешегі ұсталғандар толық босатылсын» деп нақты талаптарын айтып жатты. Бірақ жастарға құлақ асқан жан болмады. Фурманов пен Сәтбаев қиылысында бейнекамералар біздің әрекеттерімізді жазып алып жатқанын көрдік. Бірақ кейін мен сол бір түсірілімдерді еш жерден көрген емеспін.
Біз келгеннен кейін бір сағаттай өткен жобада БТР-лар алаңды қоршай бастады. Олардың алдына мұздай қаруланған әскерилер шығарылды. Бір кезде олар бейбіт те бейқам тұрған халыққа лап берді. Бұл солдаттар нағыз жендеттер сияқты әдейі дайындалғандар болатын. Лықсыған топтың арт жағы қашып үлгергенмен, алдыңғы жақтағылар бетпе-бет келіп қалды. Жалаң қолмен олармен арпалысу мүмкін емес. Күш тең емес еді. Жаңағы жендеттердің қолындағы жарақтарымен ұрған адамдары сұлап-сұлап түсіп жатты. Он-он бес адам солардың қамауында қалып қойғандай болдық. Енді бір сәтте қиыстап қаша бергенімізде, бір еңгезердей солдат келіп қолындағы дубинасымен басымнан құлаштай сермеп ұрды. Жүгірген екпініммен екі-үш қадам жасап барып етпетімнен тұмсығыммен жер сүзе құладым. Қанға боялып жатқанымды еміс-еміс, кіресілі-шығасылы білемін. Көзім бұлдырап жатсам да, айналамдағыларды сүйреп алып бара жатқанын көріп қалдым. Мені де мінбенің артындағы жерге екі қолымды қайырып сүйреп алып келді. Сол жерге жеткенше қарсы кездескен солдаттар мен милициялардың мені қанша рет тепкілегені есімде жоқ. Көздері қанталап кеткен бір орыс жігіттер әр жерде сұлап жатқандарды етікті аяқтарымен мыжғылай басып кіжіне теуіп жүрді. Милицияның машинасына шетінен тиеп жатты. Мінбеде тұрған қазағы бар, орысы бар зиялы қауым мен биліктің адамдары бұл жағдайды жоғарыдан анық көріп тұрды. Сол маңдағы жарақаттанған адамдардың көптігі сондай, ақ халатты медиктер зыр жүгіріп жағалап жүр екен. Солардың біреуі қансырап жатқан мені көріп: «Мына бала өліп қалар» деді де, жедел жәрдем машинасына мінгізіп алды.
Қала шетіндегі бір госпитальге әкеліп түсірді. Госпиталь іші де соғыс болып жатқандай астан-кестең. Әр жерде ыңқылдап, ыңырсып, ауырсынып, қызыл қанға бөгіп жатқан жастар. Әр тұста қанға боялған киімдер шашылып жатыр. Бір есімді жинаған сәтімде мені ота үстеліне апарып, басымның жарасын тікті. Сөйтті де «қозғалмаңыз» деп коридорға отырғызып қойған. Өз-өзіме келе бастаған соң, жуынатын бөлмеге барып, тұла-бойымның қанын жуып тазаланып алдым. Сыртқы киімім жалба-жалба болып жыртылған екен. Содан кипонкамды баса киіп алдым да, сыртқа ақырындап шыға жөнелдім. Сөйтіп жатақханама қуыс-қуыспен, бұрыш-бұрышпен тығыла жүріп отырып әзер дегенде жеттім. Бірақ мен қолға түскен кезде курткамның қалтасын тінткен милициялар студенттік билетімді алып қойған екен. Оны мен білмеймін.
Жатақханадан сыртқа аттап баспай, бір апта жаттым. Жарам жайлап жазыла бастады. Алайда студенттік билетім арқылы мені оңай тауып алды. Сөйтіп аудандық Ішкі істер бөліміне әкеліп тергей бастады. Суретке түсірді. Бірақ менің суретім алаңдағылардың арасынан шыға қоймады. Тергеулер әрі қарай прокуратураға ауысты. Ол жақта да жауап беріп біраз уақыт жүрдім. Олардың қоятын сұрағы: «Сендерді алаңға шығуға кімдер үгіттеді, білесің бе?» деумен болды. Мен: «Ондай үгіттер болған жоқ, өз еркіммен шықтым» деген бір жауабымнан еш танбадым. Соның өзінде қайта-қайта тергеуге шақырумен болды. Одан соң техникумда комсомол жиналыстарына түстік. Бұл оқу орнының оқытушылары негізінен басқа ұлттардан-тұғын. Кинотехникумның директоры атақты ансамбль «Досмұқасанның» мүшесі, сазгер Хамит Самбаев болатын. Обалы не керек, өзгелер бізді қаралап жатқанда Хамит ағамыз ешқашан кінәлап сөйлеген жоқ. Сірә біздерге жаны ашыса керек. Бірақ биліктің жүргізген алапат, қаралау науқаны кім-кімді де ықтырып қойғаны сөзсіз. Ақыры мені қаралап-қаралап оқудан шығарып тынды. Бұл он жеті жастағы маған өте ауыр тиді.
Әкем Әлдешов Рысдәулет коммунист еді. Аудандық Тұтынушылар одағында өмір бойы бас есепші болып істеген. Әкеме болған жайлар туралы айта алмадым. Техникумнан шығып қалғанымды жасырып біраз уақыт жүрдім. Құжаттарым қолымда. Қайда барарымды да білмеймін. Бір айдай сандалып жүрдім. Бір күні Аралдан белгілі азамат Жеңіс Қосымов ағамыз келді. Әкем сол кісіден ауылдың дәм-тұзын беріп жіберген екен. Жеңіс ағама басымдағы жайды там-тұмдап айтып едім, ол мені сол сәтте ертіп техникум директоры Хамит Самбаевқа алып барды. «Азырақ уақыт өтсін, сосын қайта қабылдаймын» деген ол кісінің уәдесін алды. Жатақханадағы вахтер кемпір Жеңіс ағама: «Мына бала осылай жүре берсе, бір күні сотталып кетеді» дейді. Мұны естіген аға бірден поезға билет алып, мені өзімен бірге ауылға алып қайтты. Кейін естідім, Жеңіс ағаның баласы Сахитжан да Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін оқудан шығып қалған екен. Оның арғы тағдырын білмеймін.
Ауылға келіп, училищеге жұмысқа тұрдым. Бірақ жүректе үлкен үрей бар. Көшеде форма киген милиционерлерді көрсем, көзіне түспеуге тырысып, ығысып жүре беретінмін.
1987 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, Германиядағы бөлімге түстік. Қазақстаннан екенімізді білген ол жердегілер де «Қазақтар ұлтшылдар» деп біраз уақыт бойы бізді сұрақ-жауаптың астына алды. Қазақ жігіттерінің бір бөлігін тіпті кері қайтарып жібергені де бар» дейді Абай Әлдешов сол кездегі жайларды қайта есіне алып отырып.
Кейін Желтоқсан оқиғасын зерттеген комиссия төрағасы болған қазақтың атақты ақыны Мұхтар Шахановтан хат келіпті. Сірә, Абай туралы деректерді Алматы прокуратурасынан алған болуы керек. Желтоқсан ұйымы құрылғандығы, соның жұмысына қатысу туралы ұсыныстар жазған екен.
Әскерден оралған талапты жігіт 1990 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1995 жылы зооинженер квалификациясын алып бітіріп шықты. Мамандық алған ол мемлекеттік шекара мен көліктегі ветеринарлық бақылаудың Қызылорда бөлімінде малдәрігері және аға маман қызметтерін, облыстық аумақтық басқармасының мал дәрігерлік-фитосанитарлық бөлімінде жетекші маман, мемлекеттік инспектор қызметін атқарды. Кейін өндірістен қол үзбей жүріп Қазақстан инженерлік экономикалық университетін сырттай оқып, 2005 жылы экономист менеджер квалификациясын алып шықты. «Салықшы» мемлекеттік мекемесінде маман, «Замго» ЖШС-інде материалдық координатор, «Мұрат и М» ЖШС-інде бас құрылысшы, Арал аудандық статистика басқармасында жетекші маман, Жіңішкеқұм ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман болып қызметтер атқарды. Қазір аудандық мәслихатта қызмет етеді.
Желтоқсан суығы жүрегін мұз қылып қарыса да өмірге деген  құлшынысы, болашаққа деген сенімі  еш селкеу тартпаған қаһарман жігіт бүгінде өздері арман-мұрат еткен тәуелсіз мемлекетіміздің бір азаматы болып елімізді көркейтуге өз үлесін қосып жүргеніне мың да бір тәубе етеді.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
11 желтоқсан 2021 ж. 1 220 0