Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық түлектер ҰБТ тапсырды

Аралдық түлектер ҰБТ тапсырды

Күні кеше аралдық түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Таң атқалы бері №262 мектеп-гимназияның алаңы тестілеу тапсыратын оқушыларға, баласына ақ жол тілеген мұғалімдер мен ата-аналарға толы болды. Сындарлы сәттің алдында аудан әкімінің орынбасары М.Мейірбеков түлектерге сәттілік тіледі.Аудан бойынша мектеп бітірген 733 оқушының 425-і ҰБТ-ға қатысты. Олардың арасында 41 «Алтын белгі » иегері мен 11 «Үздік аттестат» иегері бар. Тестілеу алдында оқушылардың көңіл-күйін білу үшін әңгімеге тартқан едік. №69 орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері Бимұрат Тағыбергенов:– Он бір жыл бойы алған біліміміздің сыналар тұсы осы. Біз бүгінгі тестілеуге барынша дайындықпен келдік. Мектебіміздің, ата-анамыз бен ұстаздарымыздың сенімін ақтай отырып, ауданның абыройын асыратын боламыз, – деп нық сеніммен жеткізді.
Осылайша түлектер легі аудиторияға орналастырыла бастады. Алдымен оларды арнайы құрылғыларымен толық тексеруден өткізді. 12 аудиторияда және залда бейнекамералар орналасқан. Сол арқылы ата-аналар балаларының тестілеуді қалай тапсырып жатқандығын онлайн көре алады. Сағаттар сынаптай зырғып жатты. Тестілеуге берілген уақыт та мәресіне жетіп қалды. Өзіне берілген тапсырманың аяқтаған түлектердің қарасы көрінді. Алғашқыдай емес, иығынан ауыр жүк түскен оқушылар жүректері біршама басылғандай. Тестілеуді алғашқылардың бірі болып аяқтаған №59 орта мектептің түлегі Думан Қазыбек сұрақтардың оңай болмағандығын айтты.
– Сұрақтар қиын болды. Десек те, көп тапсырмалар өзім дайындалып жүрген маған таныс сұрақтар келді. Біздің тест барысында ойымызды жинақтап жауап беруімізге аудиторияда бар жағдай жасалды. Ешқандай қысым болған жоқ. Аудитория жайлы, жарық,–деген Думан өзінің кем дегенде 90 сұраққа дұрыс жауап бергендігін сеніммен жеткізді.
Ал Үміт Нұрашева ұзақ уақыт дайындықтың жемісін көрсететін сәттің өзі үшін жауапты екендігін айта келіп:
–Бақ пен бап қатар сынға түскен шақта қобалжымайтын жүрек болмайды. Мен де бастапқы бір сағатта аудиторияға бойым үйренбей қобалжыдым. Бірақ, дер кезінде өзімді қолға алып, сұрақтардың бәріне жауап бердім. Нәтиженің қалай болары әлі белгісіз. Бірақ, өзім таңдаған мамандыққа оқуға түсуге жетерлік балл жинаған сияқтымын, – деді.
Иә, расымен де он бір жылғы білім сынға түскен бәсекенің оқушылар үшін жауапкершілігі жоғары. Бұл бір ғана оқушының немесе отбасының абыройы емес, өзі оқыған мектеп, тіпті ауданның да мерейін үстем ететін сындарлы сәт. Биыл да ҰБТ нәтижесімен ауданымыздың облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінеріне сенім мол.
Н. Марат
21 маусым 2019 ж. 1 186 0