Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тарихты түгендеген бес томдық

Тарихты түгендеген бес томдық

Баспасөз саласына бұрынғы кезде де, бертін келе де төртінші билік деп айдар тағылған. Бұл – қоғамның күнгейі мен көлеңкесін ажырататын саланың қай дәуірде де орны айшықты екенін білдірсе керек. Осы жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды қадірлеу алдымен өзіңнің туған өлкеңнің тарихы мен табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады» деген қанатты сөзі ойға оралады.Иә, енді бас тақырыпқа тарихты түгендеген бес томдық деп айдар тағуымыздың нақты себебіне кеңінен тоқталсақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдық кітаптың тұсаукесері болды. Оқырманға олжа сыйлаған осынау шуақты шара облыс әкімдігінің қолдауымен және «Қызылорда қаламгерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кең көлемде аталып өтілді. Елбасы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен үндескен игі бастаманың тағылымдық мәнін тілге тиек еткен  облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметов кітаптың тұсаукесер рәсімінің салтанатын жүргізіп:
– Сыр журналистикасы тарихының басын біріктірген 5 томдық кітабымыздың орны Сыр жұртшылығы үшін аса ерекше. Себебі, мұндай кітап өңірлер бойынша алғаш рет шығып отыр. Бұл рухани байлықты журналистика саласының энциклопедиясы деп те  айтуымызға толық болады. Бұл ретте Сыр өңірі өзінің тағы да тың идеясын алға тартты. Өзгелерге үлгі бола білді. Кітаптың мәні неде, маңызы қандай? Болашақты ойлайтын адам алдымен өзінің өткен жолын, тарихын білуге тырысады. Содан соң оған талдау жасап, електен өткізеді. Еліне еңбегі сіңген азаматтарының есімдерін ұмытпай, олардан тағылым алу да өнегенің бір түрі. Қазақ журналистикасының тарихи нұсқасына сүйенер болсақ, 5 томдық кітапқа да зор ізденіспен орасан күш-жігердің жұмсалғаны сөзсіз. Мұны редакциялық алқаның үлкен жұмысы деп бағалаймыз. Неге десеңіз? Сонау 1911 жылдан бастап, қазіргі жаңа заманауи медиаға дейінгі аралықты қамтыған көптеген тың деректер мен дәйектер осы 5 томдықта деп айта аламыз. Сондықтан  айтулы қазынаны Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерекесіне жасалған жақсы тарту, мәртебесі зор қуаныш, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы, 5 томдыққа қысқаша шолу жасап өтер болсақ, кітаптың бірінші томында облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» және «Ақмешіт жастары» газеттері мен аймақтың шығармашылық өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарихы қамтылған. Ал екінші томында «Ақмешіт апталығы» газеті мен аймақтың жеті аудандық басылымдарының тарихы зерделеніп, қатталған. Сондай-ақ үшінші томында облыстық электрондық бұқаралық ақпарат құралдары жайлы, баспахана және республикалық басылымдардың меншікті тілшілері туралы мағұлматтар орын алған. Төртінші томында облыс көлеміндегі тәуелсіз басылымдардың тарихы жазылса, бесіншісінде ақпарат саласында қызмет атқарған айтулы тұлғалар мен журналистердің тәжірибесі топтастырылған.
Көптің көз қуанышына айналған тарихи кітапқа деген жұртшылықтың қызығушылығы ерекше екені сол тұсаукесер рәсімі кезінде бірден сезіліп тұрды. Сөз тізгінін алған Сыр елінің төл перзенті, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп:
–«Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдығын баспасөздің шежіресі деп қана емес, жалпы қазақ елінің шежіресі деп айтуға болады. Өйткені, баспасөз бірінші кезекте елдің әр кезеңдегі өмір, тыныс-тіршілігін тайға таңба басқандай етіп жазып-көрсетіп, таңбалап отыратын құрал. Көп нәрсе сарғайып газеттерде, архивтерде жатыр. Сол сарғайған газет беттерін парақтағанда халқымыздың ғасырлық өмір жолының барлық көрінісін табуға болар еді. Қандай жаңалық болды, қандай өндіріс ашылды, қандай кезеңдерден өттік? Ұжымдастырудан бастап, соғыс, тың игеру уақыты, одан кейінгі тәуелсіздік алған жылдардағы жаңа бастамалардың  барлығы да газет бетінде сайрап тұр. Қай газетте өз заманының жаршысы. Руларымыздың шежіресін реттеп алдық. Кітаптар шығарып, ата-баба рухын бірлендіргендейміз. Сонымен бірге одан кейінгі іргелі іс – баспасөз тарихы болатын. Баспасөз тарихының теориясын, шетел баспасөз тарихын, шетелдік коммунистік баспасөз тарихын оқыдық, ал бірақ өз тарихымызды әлі күнге толықтай оқыған жоқпыз. Соның орнын толтыратын бір жақсы еңбек деп бағалауға, сол заманда жұмыс істеген, аттары бүгінде көмескі тартып, елдің жадынан шыға бастаған қаншама азаматтың аты-жөні осы бес томдыққа енген деп ой өрбітті.
Қазақта «жақсыны көрмек үшін» деген тәмсіл бар. Алаштың анасына баланған Сырда жағымды жаңалық көрініс тапты деп асыға келгендердің де қатары көп екені байқалды. Қадірменді меймандардың арасында сөз алған Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев:
– Кеше бес томдық кітапты бірсыпыра қарап шықтым. Бір жағынан бұл тарихқа келеді. Содан соң бұл – ғылыми зерттеу. Томдықтарды бұрынғы редакторлар, ардагерлер қарайды. Маған ұнағаны, облыстық газеттер ғана емес, аудандық газеттердің де тарихы, редакция ұжымы, ардагерлері бар екен. Жас журналистер де қамтылған. Бәрі керек. Кітап ешқашан құнын жоймайтын байлық. Заманға сай онлайн дегенімізбен, келешекте кітаптар керек болады. «Сыр медиа» ұжымына рақмет. Сыр журналистикасының тарихын бес том етіп шығарып, оқырманға ұсынғаны құптарлық идея.  Мен өзі басқа да облыстарда болып жүрмін. Бір басылым туралы үлкен кітап шығарады. Болмаса газет ұжымы туралы басады. Бірақ бір облыс баспасөзінің тарихын жинақтап, біріктіріп шығарған аймақ болған емес. Келешекте «Сыр журналистикасының тарихы» барлық өңірге үлгі болып, осындай тағылымы мол журналистика тарихы жайындағы кітаптар оларда да  шығады деген ойдамын.
Жиынға арнайы шақырылған журналистика саласының білікті маманы,  «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті БибігүлЖексенбай:
– Шыны керек, біз оқуға түскенде мұндай кітаптар болмады. Кітапханаларда кейбір материалдар мен архивтік құжаттарға рұқсат берілмейтін. Кеңестік кезеңінің шектеулері болды. Біріншіден, тарихтың ақтаңдақ беттерін түгендеп, архивтерде отырып осындай тың деректер жинағанның өзі  (пандемиядан көбіміз тығылып жатқанда) үлкен батырлық пен жанкештілік. Қазір ақпарат – жылдамдық ғасыры. Дегенмен, журналистердің көбісінің архивте отыруға қызығушылық танытпайтыны жасырын емес. Еліміздегі барлық бас редактор мен «Бас редакторлар клубы» атынан бәрімізге осындай еңбек сыйлаған әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Екіншіден, идея, ойлар болғанымен, оны іске асыратын қаржы көзі, ол болмаса идеяңыз жүзеге аспайды. Сондықтан да халықтың игілігіне бағытталған осындай ізгі істің жемісін көруге көмек көрсеткені үшін облыс әкімдігіне де рақметімізді айтамыз. Осы еңбек арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының ең үлкен миссиясы – ағартушылық екенін тағы бір мәрте өзімізге де, өзгелерге де, келер ұрпаққа да көрсетіп беріп отырмыз. Жасыратыны жоқ, қазіргі журналистикасының бет-бейнесі өзгеріп бара жатқаны рас. Дей тұра томдықтар арқылы – қоғамды жақсы өмірге, жақсылыққа тарту екеніне назар аудартамыз. Бұл тұрғыда кітап әлі де қоғамнан өзінің жоғары бағасын алады деп сенімдемін. Кітапты Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақ руханиятына жасап отырған әріптестерімнің үлкен сый-сияпаты деп қабылдаймын.   
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп:
– Бес томдық кітап енді ғана қолымызға тиіп жатыр. Соны қарағанның өзінде көңіліміз тоқайрап отыр. Былайша айтқанда, журналистиканың тарихынан да, теориясынан да хабары бар адамбыз. Ал мына бес томдық көзімізге тұтастай ғылыми-зерттеу институты жазып шығарған дүниедей көрінгені рас. Бұл жерде Сыр бойы журналистері мен зиялы қауым өкілдерінің қолтаңбасы қай-қайсымызға да ыстық. Бұл жай ғана естелік, басқа сипаттағы нәрсе емес, кәдімгі ғылыми негізді еңбек. Жалпы, редакциясын басқарған Аманжол Сақыпұлы бауырымыз екен. Ол тек журналистиканың тарихын білуші ғана емес, ол ғылыми дәрежесі бар ғалым. Соның әсері көрініп тұр. Ескерерлігі, Сыр журналистикасының тарихы өте бай. Түгел қамтып шығу оңай шаруа емес. Мен өз басым бұл томдарды құнды дүние дер едім. Өйткені, облыс түгілі, қазақ журналистикасының тарихы әлі түгелденіп болған жоқ. Мұндай оқулық жарық көрген емес. Профессор Қайыржан Бекқожин ағамыз «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» деген кітабын білеміз. Одан кейін бас-аяғы бүтін еңбек осы күнге дейін жарық көрмеген екен деп қуанышын жасыра алмады.        
Іс-шара барысында «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев бес томдық кітаптың жарық көруіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын айтты:
– Бұл кітап – Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына жасалған құнды дүние. Жалғыз «Сыр медиа» деп айтуға болмайды, бұған бүкіл журналистер атсалысты. Олардың қатарынан белгілі журналист Шакизада Әбдікәрімов, Жағыппар Қарабала, Сәрсенкүл Биқожа, Шәкірат Дәрмағамбетов, Қайырбек Мырзахметов,тағы басқа да ағаларымыздың ақылымен осы дүниелерді жасадық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ташкент қаласында Әлішер Науаи атындағы Өзбекстанның ұлттық кітапханасында бірсыпыра еңбек істедік. Үш тілдеҚорқыт ата туралы кітап шығардық. Сыр журналистикасының тарихын кітап ету шығару бұрыннан ойда қайнап жүрген дүние болатын. Көңілге тоқ алғанымыз, әруақтардың алдында бір дүниенің жасалғаны. Зерттеу барысында Сыр өңірінде рухани байлықтың, тұнып тұрған асыл дүниелердің бар екеніне көзіміз жетті. Мұстафа Шоқай, Ғани Мұратбаев, кешегі қызмет бабында жүріп қайтыс болған ініміз Сағитжан Бермағамбетовке дейінгі аралықты қамтыдық. Ұлт зиялылары Бауыржан Омаров, Бағдат Кәрбозовтың ой-идеясын, кейбір мәселеде ақыл-кеңесін бергенін атап өтті. 
 Тұсаукесер рәсімі алдында «Өңірлік журналистиканың медиаменеджмент мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг өтіп, оны «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева жүргізді.
Онда «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Әсем Есілбаева, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай, «Түркістан медиа» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсеновтер қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Түс қайта «Бас редакторлар клубы» бастауыш ұйымының жиналысы өтіп, бірқатар мәселелер талқыланды. Іс-шара барысында бес томдық кітапқа үлес қосқан бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінсе, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жарияланған байқау қорытындысы шығарылып, қаржылай жүлделер өз иесін тапты.   
Кітаптың жарық көруі – тек қана сырбойылықтар үшін ғана емес, күллі Алаш қаламгерлері үшін де айтулы оқиға болды. Сөз өнерін даралап, айтулы тұлғаларын даралаған сырмедиалықтардың руханият үшін жасаған игі қадамы әрі қарай да жалғасын таба бермек. 
Абай ЕЛЕШ.
14 желтоқсан 2021 ж. 716 0