Жаңаша көзқарас қалыптастырды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халық арасында үлкен қолдауға ие болып, жастардың қызығушылығын оятты. Келешектің бағдары іспетті стратегиялық маңызға ие құжат жоғары оқу орындары мен мектептерде, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерде жан-жақты талқылану үстінде. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер аясында танымал тұлғалар арасында кең көлемде пікірталас жүруде.
Мемлекет басшысының қазірге дейінгі Жолдауларынан бұл мақаланың ерекшелігі, цифрлы Қазақстанды құру, яғни бастама жолында жаппай қызмет жасау. Бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасу ең бірінші кезекте халықтың да сол жолда аянбай еңбек етуімен тікелей байланысты екенін ұғыну. Тағылымы мол тарихымызды түгендеп, қанға сіңген көптеген дағдылар мен қасаң қағидаттардан арылып, жаңғыру ең бірінші кезектегі мәселе. Бұл жайында тереңірек толғанған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу болып, кемел келешекке сеніммен көз тігуге үндеді.
Біздер құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қойған Президентіміздің сеніміне селкеу түсірмей, еліміздің таяу жылдардағы межелі міндеттерін іс жүзінде жүзеге асыруға өз үлесімізді қоса бермекпіз.
Бейбіткүл Ертілеуқызы,
«Арал ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жастар тәжірибесінен өтуші.