Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жарқын дәуірдің жаршысымын

Жарқын дәуірдің жаршысымын

Тарих алдында бәріміз де шәкірт кейпіндеміз. Бабалар өсиеті мен батырлар жорығы, даналар билігі мен хандар кесімі еріксіз тосылтып, өткенді ардақтау, бүгінді бағалау ой таразасына әрқайсымыздың нендей үлес қосқанымызды өткірлей түсетіндей.Отыз жылдан бері мемлекетіміздің атауынан тәуелсіздік айбаты  кеудемізде жүрек алфавитінің таңбасындай жарқырайды. Өшпес рух алауымен жатты да жақынға айналдырып жібереді. Әлі күнге тіл ұшынан түспей келе жатырған жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын өзгермейтін мәліметті жаңа да жоталы жетістіктермен баянды ету үміті наз тастайды.
Дербестік дербесін қаққан бойда ядролық қаруды сынаудан бас тартуды алғаш ұрандатқан Қазақстан болғандығы ешқашан балама іздетпейді. Алғашқы мәртебеміз осындай болуы тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл байламынан туындағаны – тарихта қалатын тапқырлық. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінде қазақ тілінің сұңқар суылындай қанат қағуы бабалар аманатының ақталғаны емей немене? Жүзден астам ұлыстардың ынтымағын болаттай құймаға айналдырған Қазақстан Халықтары Ассамблеясы сияқты бәтуалы бірегей ұйым құрғанымыз достықтың алтын арқауына айналды.
Қазақстан картасындағы ертеректен әлемге аян Байқоңыр қаласы космонавтика дәуірінің ордасы іспеттес. Осында тұңғыш космонавт Юрий Гагарин зеңгір көкті қақ жарып ғарыш кеңістігінде адамзат қоңырауын қақты. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ғарішкері Тоқтар Әубәкіров, іле-шала Талғат Мұсабаев, кейінірек Айдын Айыбетов аспанның арғы жағына ел сәлемін жеткізді. Ғарышта қазақ әні де әуелете шырқалды.
Қасиетті Қорқыт баба мәңгі тыныстаған өлкемізде тарихи жәдігерлерді ұлықтау жолға қойылған. Ежелгі қалалар орны археологиялық қазбалармен дәйектеліп, жаңа жәдігерлер жинақталуда. Түркі әлемі тік тұратын осынау ұлы бабамыздың ғұмырнамалық құпиялары тылсыммен тілдескен болашақты болжаған көрегендігі жайлы тарихи жазбалармен кино тіліндегі баянаттар көрермен назарына ұсынылмақшы. Сыр өңіріне атбасын тіреген мейман, делегация атаулы Қармақшыдағы Қорқыт баба кесенесіне зиярат етіп, қасиетті тұлғаға тағзым жасайды.     
Ордалы отыз жыл белесіне нық қадам басқан отанымыздың тарихи әбсанасын түйдек-түйдек мәліметтермен шұбырта беру қажет емес. Интернетті ашып қалсаң, том-том жазбалардан көз сүрінер еді. Сәл төмендеп, облыс жетістіктерін тізбелесек, еріксіз әлгедей қайталаулар қабаттаса кетеді. Сол себепті екінің біріне аян бағасы кемімейтін қадау-қадау деректермен тіл тұшынсақ та жеткілікті болар. Атақты диқан Ыбырай Жақаевтың есімімен тығыз байланысты күрішіміз әлі де Отан қамбасына құйылуда.Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері алтын жұлдызы әзірге облысымызда Абзал Ералиевтей күріш алқабына жаңаша нәр жүгірткен несібелі азаматқа бұйырғаны кеудемізде мақтаныш алауын маздатады.  Қазақстан ғылымының практикалығы басым Қызылордадағы күріш зерттеу институтытының заманауи технология тамырын дөп басуы көңіл көншітеді. Нарық нөпірінде жайылманың қарбызы талайдың таңдайын қақтырады.  Әлемдік маңызға ие мұнай өңдіру жөнінен Құмкөліміз бет қызартпас. Шалқиядағы уран өндірудің беталысы халықаралық маңызға ие десек те болады.
 Бір кездері баспасөз беттерінде Сыр өңірінің ауқымын «Қаратаудан Аралға дейін» дейтін қанатты тіркес жарнамалайтын. Ал мұның өзі тұтастай еліміз туралы «Атыраудан Алтайға дейін» деп жарияға жар салатын ұранды сөзіміздің үйреншікті баламасы сияқты ғой. «Кіндігім бірге Аралмен» деп қаһарман қаламгер Зейнолла Шүкіров жырлағандай, ықылас арнасын тәнір қолдаған Аралыма неге бұрмасқа?! Аралдың тұз өндіру жөнінен атағы баяғыдан алысқа кеткен. Нарық дүрбелеңі тұсында осынау берекетті кеніш ырыс қойнауын жаңа өндірістік өрлеу беталысымен қайта қанаттанды. Бүгіндері қалталанған Арал тұзы әлемдік нарықтың тұрақты сұраныс көзіне айналды. Бертінде Шөміштің шеге құмы шыны өндірісіне таптырмайтын базаға айналды. Әттеген-айы осы бағалы шикізатқа бірден-бір ие болатын отандық іргелі өндіріс орны әлі күнге еншісін алмағаны тосылтады.
Арал теңізінің үмітсіз тартылуы бүкіл әлемді абыржытты. Заманымыздың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы қозғаған теңізбен тағдырлас адамдардың рухани арпалысын жүректі шым еткізе суреттеуі биік мінбелерге дейін жетті. Табиғат тілеулестері композитор Мұрат Сыдықовтың «Аралмен мұңдасу» атты экологиялық толғауы мен ақын Мешітбай Құттықовтың «Дерт-дастан» поэмасын дүниені күңіренткендей жанпида тәуекелге бел бұрғызды.
 Тәуелсіз жас мемлекеттің мұң пердесін ысырған Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың наркескен байламын Бүкіл әлемдік Банк қосымша қаржы қуаттаумен тарихи тәуекелге бел буғызды. Осындай қолдау мен батылдықтың арқасында Сыр мен Әму арасындағы теңіз қамалына ұқсаған Көкарал бөгеті қажыған айдынға айбат берді. Өмірге Кіші Арал деген атпен еркелей толқыған қарт теңізге дүние жүзі елжірей көз тікті. Сөйтіп Аралдың бағы ашылып, ежелгі балықтары ерке толқынға ере келді.
Дана халқымыздың «қос тойың қабат келсін» дейтін батагөй тілегі және бір жарқын жаңалықтың шашуына ұласты. Теңіздің тартылуымен бірге кенезесі кепкен Сырдария суын көне құбыр арқылы қала халқына жеткізу сергелдеңіне нүкте қойылды. Ауыз суды әзер талмап отырған шақта үкімет пәрменімен Құланды қойнауындағы Сарыбұлақ қайнарынан Арал қаласына төтелей жаңа техологияға негізделген су желісі тартылды. Тағы да Аралға деген әлемдік ықылас пұшайман жұртшылықтың жүзіне нұр жүгіртті.
Сарыбұлақтың балдай суы экология зардабы күрсінткен қайсар халықтың таңдайын жібітті. Бұл арада қайта құру қарбаласы кезінде батыл шешім қабылдаған сол тұстағы облыс әкімі Еркін Әуелбековтің көреген қамқорлығы бүгіндері жанарға жас үйрілтеді. Осы ерекше ұмтылыста Қазақстан үкіметін Кувейт қоры мейлінше қолдады.
 Осы өшпес тарихи қос бетбұрысқа орай Елбасының Арал халқымен қауышуы нағыз тәуелсіздік сүйіншісіне ұқсады. Бүгінде Аралдың байырғы балықтары экспорт сөресіне нық жайғасты. Жағалау жайсаңдары ежелгі кәсібіне оралып, әл-ауқаты қалалықтармен теңесетіндей дәрежеге жетті. Айтыскер ақын Әбілхан Махановтың «Аралым-айдын шалқарым» атты асқақ пафосты арнауы қайта шырқалды. Тағы бір талантымыз Бекұзақ Тәңірбергеновтың «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» дейтін астарлы шалқу жыры шағаладай шарқ ұрды.
Ал сарқылмайтын қайнар тәрізді Тәңір сыйлаған Сарыбұлақ суы бүгіндері Қазалы ауданының мейірін қандырған дәруден бетер сыбағалы сыйға айналды. Кейінгі кездері трансшекаралық су ағынын сақтау режиміндегі дәлелді бөгесіндерге орай Кіші Аралдың қабағына кірбің ұялай бастағанын мемлекетаралық келісімдердің оң шешімімен баянды болатындығына жалтақтаусыз үміт артқымыз келеді.
Барша еліміздегідей Сыр өңірінің жастары да білімпаздық белесінде бәйге дүбіріне елеңдеулі. Қазақ-түрік лицейі көп тіл білу ұмтылысына жол ашты. Назарбаев интеллектуалдық мектебі дарынды шәкірттердің қанатын қомдауына серпін қосты. Ғылым мен өнердегі жастар қолтаңбасы да айшықтала түсуде. Түрлі байқауларда топ жарған үкілі үміттерміз жетерлік.
Жаңа толқынның еліктеу мектебі де осал емес. «Тамашаның тарланы» Құдайберген Сұлтанбаев, жыраулық әлемінің топ жарғандары Алмас Алматов пен Рысбек Әшімов, айтыста көрерменнің айызын қандырған Елена Әбдіхалықова мен Мұхтар Ниязов, дүлдүл термеші Набат Ойнарова мен Елмұра Жаңабергенова, композитор Бексұлтан Байкенжиев пен Рамазан Тайманов, таланттарды талпындырған музыка сейісі Қарагөз Ақдәулетова баулыған Алмас Кішкенбаев пен Нәби Аймұратов сынды шамшырақтар әлі де талай жаңа есімдермен толығары хақ. Үлкен сахналарда Сыр мәртебесін асқақтатқан эстрада жұлдыздары Мәдина Садуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Өмірқұл Айниязов тәрізді елді тамсандыратын таланттар жалғасын табарына бек сенімдіміз.   
 Спорт жанкүйерлерін дүр сілкіндірген зілтемірші Илья Ильин, боксшы Қамшыбек Қонқабаев, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаевалардың есімін толықтыратын чемпиондардың жаңа легі жеңіс тұғырында жүздері жайраң қағатына кәміл иланамыз.
Кәсіпкерлік көкжиегі аясын кеңейтті. Баяғы ала дорба арқалаған аналар мен коммерсант атауына мәз болғандар бүгіндері кәсіпкер, бизнесмен деген жаңа мәртебемен нарық көшінде алшаң басуда. Мемлекет тарапынан жұмыс көзін ашамын деушілерге кеңінен қолдау жасалуда. Несиеге қол созғандар қатары да молаюда. Сөз жоқ, халыққа қызмет көрсетуші кәсіпкерлік құрылымдар сауда сырын жетік меңгеріп алды. Тұтынушыға құстың сүтінен басқаның бәрі сөреде самсап тұр. Ендігі жерде әлемдік рынок талабына сәйкес өндіру мен жеткізу арасындағы бағаның жөнсіз алшақтығынан абай болу керек. Бұл жөнінде оңтайлы реттеуші тетік табылары хақ.
Тарих сыйға тартқан тәуелсіздігімізді аялап ардақтау – баршамыздың бұлжымас борышымыз. Мен де қал-қадірімше осы жасампаздық үрдісінде өз үлесімді қосып келемін. Аудандық «Толқын» газетіне 1990 жылдың ақпанында әдеби қызметке келген кезім. Газет атаулының жоғарғы жағында атойлап тұратын «Барлық елдің пролитарлары бірігіңдер!» деген ұран сөз алынып тасталды. Газеттің маңдай тұсына жаңа жалынды сөйлем табу керек болды. Барлық қызметкерлер сияқты мен де «Арал тағдыры – адамзатқа аманат» деген дабылды сөз ұсындым. Бұл атау бәрінің көңіліне қона кетті. Егемен сөзі қолданыста жиіледі. Сол тұста «Социалисттік Қазақстан» және «Ленин жолы», «Толқын» газеттерінің біріккен саны Аралда өтетін халықаралық симпозиумға арналды. Сол таралымда менің «Жабырқау жүз, шайлыққан жүрек» деген атпен проблемалық мақалам жарияланды. Тәуелсіздік тегеурінімен атақты жазушы Шерхан Мұртаза ағамыздың тегіндегі «ов» ты жұлып тастағаны секілді мен ендігі жазбаларымның соңына Жаңабай Кемал деп қол қоятын болдым. Бұл әрине, көзсіз еліктеу емес, рухани сілкіністің әсерінен туған ұмтылыс еді.
Журналисттік жолымда үнемі жаңалық жаршысы, кемшіліктің жоқшысы болуға ұмтылдым. «Барсакелместің болашағы бұлыңғыр», «Күдік көлеңкесіндегі үміт», «Батырлардың жұрнағы – балықшылар», «Тырнақ ұшындағы тазалық», «Тұншыққан қайнар», «Экологиялық парк қажет», «Сыйыну мәдениетіміз қандай?», «Қоғам қалғып кетпесін», «45 минутқа қиянат», «Журналистика жолбике сала емес» деген тақырыптағы сын материалдарым оқырманды елең еткізіп, креслодағыларды бір сілкінтті.
Аралдың танымал тұлғалары туралы «Шерханның кейіпкері», «Теңіз тілекшісі» және «Қуғын-сүргін құрбаны» ақын Нұрмағамбет Қосжановтың  «Сартай батыр» дастаны, Ашубай Шәйірмен хат арқылы сыр бөлісуі, Нұртуған Кенжеғұлұлы жайлы «Талантымен табындырған» атты зерттеулерім де оқырман көңілінен шықты.
Тәуелсіздік тегеуріні баспасөздің бұйрық тілемейтін шабандозына айналдырғаны өзімді іштей марқайтады. Еркіндік лебінің ескеніне он жыл толуына орай Арал аудандық «Толқын» газетінің 2001жылғы оныншы нөмірінде арнайы публицистикалық реңкпен мақалалар сериясын жарияладым.
Тәуелсіздік жаршысы ретінде ақ өлең үлгісінде жазылған «Шамырқанған шындығымның қайнары», «Даңқ дүбірі»,  «Берекеңнен айырма», «Ғасырдың соңғы Наурызы», «Ақжолтай күндер арманым», «Еркіндік символы», «Елін сүйген Елбасы», «Бақ құсы қалықтайды аспанымда» сынды публицистикаларым мерзімді баспсөзде атойлаған сәттері сірә да естен кетер ме?!
Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатындағы «Тілде таса жоқ», «Талқы жоқ жерде тіл керең», «Даналардан жеткен тіл дәуірлесін», «Оқырман сүйікті кейіпкерге зәру», «Қара сөзге қолдау қажет» атты талдамалы дүниелерім қоғамда оң пікір қалыптастырды.
Арал өңірінің пайдалы қазбаларға бай екендігін айғақтайтын жұмыс сапарым Құланды қойнауындағы тұңғыш мұнай бұрғылау сәтіне куәгер қылғаны әлі күнге жадымда жаңғырады. Сол экспедицияның екі мың метр тереңдікке дейін бұрғы түсіргені автоматика тетіктерінде «Мұнай көзі алыста жатқан жоқ» деп сүйінші сұрайтындай жымыңдағаны әлі күнге жүректі елжіретеді. Калмыкия делегациясын Аралға достық визитінде шығармашылық байланыс орнатқан журналистік тәжірибе алмасулар да қалам ұшын өткірлей түседі.
Мен Арал өңірінінің қадау-қадау проблемаларына қатысты көкейтесті оптимизмге толы мақалаларым арқылы екі дүркін Орта Азия экологиялық журналистикасы фестивальдарының лауреаты атандым. Республикалық деңгейде еріктілер қозғалысын насихаттағаным үшін арнайы жүлдені иелендім. «Аллажар» қолдау қоры ұйымдастырған экологиялық материалдар конкурсында «Арал өңіріндегі үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуы және даму мүмкіндіктері» деген сараптамалық материалым бірінші орынға лайық деп танылды.
Мен әу бастан негізгі қызметіммен қоса қоғамдық жұмыстарға белсене араласатынмын. Мәдениет қызметкерлері қоғамдық университетінде лекциялар оқыдым, облыстық халық сотының заседателі болдым. Аудандағы  «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ғаламдық экологиялық қордың кіші гранттар бағдарламасы бойынша «Аманат» экологиялық жобасының үйлестірушісі қызметін атқардым. Екі жыл бойы он төрт елді мекенде экологиялық акциялар кешенін ұйымдастырдым. Көкарал бөгеті салынбай тұрып Қаратереңдегі Баян көлінде өткел салуға жұртшылықты жұмылдырғанымыз мақтаныш сезімін туғызады. Осы жоба аясында «Табиғатпен тілдесу» атты кітапша әзірлеп, мазмұнды буклет ұсынғанымды әрдайым құрметпен еске аламын.
Дания-Арал балықшыларының кәсіби ынтымақтастығын арқау еткен «Каттигаттан Аралға аттандаған» атты очеркімді шетелдік баспасөз де жылы қабылданғаны жадымды жаңғыртады.
Тәуелсіз елдің әрбір азаматында патриоттық ішкі дауыс үнемі дабыл қағып тұруы тиіс. Тоқмейілсу, келісімпаздық, жалтару сияқты ішкі рухани қуатты босаңсыту қай буынға да жараспайды. Шығармашылық аламанда шетқақпай болған кезім жоқ. Ауданның үздік журналисі, облыстағы аудандық газеттер арасындағы үздік мәртебелері мен үшін жай баспалдақ емес. Патриоттық тәрбие жайлы «Борыш тұғырындағы бақыт», ұстаздар туралы «Мәңгілік мақтаныш», «Жеңістің бір ұшқыны», «Оқ пен қоңырау» атты очерктерім әртүрлі басылымда жүлдегер атандырды.
 Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына байланысты «Елім менің» атты облыстық шығармашылық байқауда «Шевченко шығармаларындағы қазақ өмірі» деген әдеби эссем «үздік әдебиет танушы» деген номинацияны иеленгенімді ілтипат сезімімен ойға оралтамын.
Бірер сөз әдебиет әлеміне қатысты. Қазақ балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосқан халықаралық «Дарабоз» бәйгесінде «Алғашқы асу» хикаятым мен «Шөлдеген шағала» атты әңгімем арнайы жүлдені еншеледі. «Менің жағалауым» атты хикаятым «Толқынның» тоқсан жылдығына арналған бәйгеге ұсынылды. Сүйікті оқырмандарыммен газеттің бірнеше санында шырайлана жүздескенім өзінше бір мәртебе. Әлем әдебиетінің алыптары санатынан ізделетін Әбдіжәміл Нұрпейсовтың жеті томдық шығармалар жинағының төртінші томына «Суреткер серті семсердей» атты зерттеу мақаламның еңгені қаламгерлік бақыт ұшқынымен пара-пар. 
Тәуелсіздік тәлімі барша қазақстандықты парыз өтеуіне жүгіндіруі тиіс. Бұл ақжолтай дербестік бүгінгі ұрпаққа оңайлықпен жеткен жоқ. Кең байтақ даламыз секілді көңіл байлығымыз да шектеулі болмаса екен. Бабалар аманаттаған дербестік даңғылында жортуылдар дүбірін жасампаздық жаңғырығымен бедерлеуіміз қажет. Қазіргі мамыражай дәуірде жаппай білімпаздықпен бірге маңдай термен өлшенетін еңбекке деген құлшыныс арқамызды кеңге салдырмауы тиіс. Алғанымыз аз емес, береріміз де басымдау болғаны әділетті шығар. Бұл ретте ұлан-байтақ жеріміз сияқты халқымыздың саны да әлденеше есе көбейгені басты кепілге айналуы тиіс. Миллиондаған тұрғын деген санақтағы тіркесті миллиондаған шаңырақ деген имани атаумен алмастырсақ қанекей?! Сауда-саттыққа жаппай ұмтылысты тұрақты жұмыс көздерін молайтумен ғана ірке аламыз. Жаңа технологиялар мүмкіндігі жұмыссыздық тәрізді көңіл пәстігін сейілтсе екен. Бәріне шүкір дейміз. Тарих бізге талай ұлыларды сыйлады. Қазақи дархандығымыз имани төрелігіміздің өтеуін кейінгі буын хақ бұйрығындай қабылдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Тәуелсіздігіміздің ғасырлық асқаралы асуында бұл назымыз архив жәдігеріне айналса арман не?!
Не айтары бар, тәуелсіздіктің әр он жылдығы батыл бетбұрыстардың баспалдағындай келесі кезеңге алшаң бастырады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқарудың жоғары буындарында әбден шыңдалып, халықаралық қатынастар шеңберінде сұңғыла шешен ретінде мойындалуы ел басқарудың аса бір күрделі кезеңдерінде қайраткерлік қадамдарымен құпталуы баршамызды сенім даңғылында сапқа тұрғызғандай. Қоғамдағы келеңсіздіктер мен кедергілерді терең талдау өткір талабымен ығыстырып, басқалай қайталаулар мүмкіндігіне біржолата тоқтам қоюда. Халықаралық тілдердің барлығында көсіле сөйлейтін эрудициясы қандай мінбелерден болмасын санаға сәуле сіңдіреді. Тәуелсіздіктің елу жылдығына қазіргіден әлдеқайда жинақталып, даламыз қаламызға қыр көрсететіндей даму дидарымен құлпыратынына имандай иланамыз. Осындай оптимизм мен шалқу сезімімізге нүкте қоюдың өзі әсте асылыққа жатпас!
Жаңабай КЕМАЛ,
Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жүлдегері
14 желтоқсан 2021 ж. 869 0