Тәуелсіздік жылдары түлеген ауыл
«Қарақұм» атауымен аталатын шоқатты, құмды жоталар Арал теңізінен солтүстікке қарай 200 шақырымға дейін созылып жатыр. Бабаларымыз қашаннан құтты мекен атап кеткен бұл өңірді халқымыз бүгін де жайлы қонысқа айналдырған. Құм ішіндегі табандықты шұқысаң тұщы су шығатын, шөбі шүйгін шұрайлы өңір 4 түлік өсірген шаруаға жайлы мекен екені түсінікті-ақ. Кейде бұл өңірді Арал маңы Қарақұмы деп те атайды. Дегенмен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының, Жезқазған өңірінің малшылары осы Қарақұм өңірімен шектесіп жатыр.
Қарақұм өңірі – тұнған тарих. Арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртсек, көптеген мәліметтер алуымызға болады. Қазақ халқы Жоңғар шапқыншылығынан титықтаған кезде яғни, 1710 жылы Үш жүздің басын біріктіріп Қарақұм құрылтайын өткізді. Бұл тарихи оқиға да осы Қарақұмда болған еді. Қазақ халқы жері үшін Жоңғар қалмақтарына ғана қарсы тұрған жоқ. Солтүстіктегі көршіміз Ресей империясына да қарсы тұра білді. Кіші жүзді өздеріне қосып, тәуелді етуге ынталы Ресей елшісі Мамед Тевкелевке қарсы тұрып хан ордасын қоршауға алған қазақ батыры Байғара Қожасұлы осы Қарақұмда 1731 жылы оққа ұшты. Бұл оқиға туралы академик тарихшы М.Қозыбаев «Қазақ батыры Байғара Қожасұлы Ресей империясына қарсы күрестің «Алғашқы құрбаны» деп бағасын берген еді. Ал, Ресейдің ХІХ ғасырдағы отарлау саясатына қарсы тұрған Кенесары, Жанқожа батырлардың жорықта жосылған іздері осы Қарақұм өңірінде сайрап жатыр. Біз киелі Қарақұм өңірінің қазақ халқының тәуелсіздігіне байланысты тұстарын ғана айтып отырмыз. Өйткені жас ұрпақ жеріміз, тарихымыз туралы тұшымды мәліметтермен танысса артық болмас еді. Қазақ халқы екінші бір елге кіріптар, тәуелді болмаса екен деп тілейміз.
Ел тәуелсіздігі халқымызға зор қуаныш алып келді. Одақтас Республикалар ішінде ең соңынан КСРО құрамынан шыққан еліміз егемендігін Түркия мен Америка алғашқылардың бірі болып таныды. Тәуелсіздіктің алғашқы 5 – 10 жылы халқымызға қиын болғаны да рас. Әркім өз қажетін өзі табуға тиіс болды. Халқымыз бұл жағдайды жақсы түсінді. Аудан орталығынан 100 шақырым шалғай орналасқан «Абай» ауылының халқы қиыншылықтар болса да төзе білді. «Абай» ауылы бұрынғы Қарақұм қой совхозының орталығы еді. Ауылда 3 дүкен, халыққа қызмет жасайтын 30 адам тік тұрып намаз оқитын шағын мешіт, ескі емхана, 3 ауысымда білім алатын қолдан құйылған кірпіштен салынған мектеп үйі болатын. Аудан мен ауыл арасындағы қатынас та қиындық келтіретін. Жоғарыда келтірілген мәліметтер 2000-нан астам халқы бар іргелі ауылдың талап-тілегін, сұранысын толық қанағаттандыра алмайтын. 2000 жылдардан бастап ауыл халқы мемлекет көмегін сезіне бастады. Бұрын да мал шаруашылығымен айналысқан тұрғындар мемлекеттен қолжетімді қарыз алып, мал өсіре бастады. Қарақұм халқының жағдайы осы тұстан бастап түзеле бастады десек болар.
Шүкір, тәуелсіздікке қол жеткелі 30 жыл болып қалыпты. 30 жылда Қарақұм өңіріндегі Абай ауылында ауыз толтырып айтарлықтай қандай өзгерістер болды? Соған тоқталайық.
Тәуелсіздік тұсы. Ересектер мен қатар жастар да ауылдағы шағын мешітке қарай ағылатын. Әрине, халықтың имандылыққа бет бұрғаны белгілі еді. Осы тұста Абай аулындағы №59 орта мектептің түлегі, белгілі кәсіпкер Абай Қазыбеков мешіт салып беруге кірісіп кетті. 150 адам қатар тұрып намаз оқи алатын осы заманғы зәулім мешіт ауыл халқына қызмет етіп тұр. Мешіт ХІХ ғасырда өмір сүрген Өтеп ишан атымен аталады. Мешіттің бас имамы Қибасов Құлтас 2021 жылы облыс имамдарының байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Тәуелсіздік жылдары жылжып өтіп жатты. «Абай» ауылындағы орта мектеп үйі қолдан басылған қам кірпіштен салынған. Оқушылар үш ауысымда оқитын. Оқушылар мен ұстаздарға қиындық болғаны рас. Осы жайларды жоғарғы органдарға жеткізгеннің арқасында 2012 жылдың қазан айында 600 орындық, заман талабына сай мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде 443 оқушы бір ауысымда білім алу үстінде. Қазіргі таңда мектепте 70 мұғалім, 10 тәрбиеші, 45 техникалық қызметкер қызмет етеді. Тәуелсіздік жылдары 12 түлек мектепті «Алтын белгіге» бітіріп шыққан. Мектеп мұғалімдерінің жоғары білімдісі – 67. Осы мектептің түлегі Нұрым Сәлімгерей Қазақ күресінен 2019 жылы Әлем чемпионы атанды. 2021 жылы 23 жасқа дейінгі аралықта Қазақстан чемпионы деген атаққа Сақтағанов Еңбек ие болды. Мектепте спорт зал, музей, түрлі үйірмелер үздіксіз жұмыс істейді. Бір қуанарлығы, мектеп түлектерінің ішінен талантты жастар өсіп шықты. Мектеп ауласы түрлі ағаштармен көмкерілген. Ауылыңның қандай екенін мектебінен көрсең болар, ағайын. Мектепті тәжірибелі ұстаз Шарбану Жанкүшікова басқарып келеді.
Жылжып 2013 жыл да келіп жетті. 2500-дей халық тұратын ауылда бұрын 25 төсектік аурухана болатын. Адам санының сәйкес келмеуі себепті аурухана тәуелсіздік алған жылдары жабылып тынды. Ескі емхана халыққа жан-жақты қызмет ете алмады. Аудан орталығынан алыс орналасқан ауыл халқы көп қиындық көрді. Ескі емхананың күндіз жатып ем алатын бөлмелері де болмады. Ескі жедел-жәрдем көлігі талай рет Аралға жете алмай, жолда қалды. Ауыл халқының мүшкіл халін ескерген мемлекет 2013 жылы қараша айында жаңа жобадағы емхана құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Қазіргі таңда 14 төсектік күндізгі емдеу орыны жұмыс жасауда. Емханада 14 медицина қызметкері қызмет атқарады. 18 техникалық қызметкер бар. Жаңа жедел-жәрдем машинасымен жарақталған. Емхана тізгінін ауыл түлегі Толыбаев Ізбасхан басқарады.
Қазіргідей жаңа технология заманында еш нәрседен қалыс қалуға болмайтыны белгілі. Жер шарындағы бүкіл жаңалық, болмыстан хабардар болу үшін жаңа технология тілін білу қажет болды. Ол үшін интернет қажет еді. 2017 жылы ауылғаинтернет құрылғысы орнатылып, ұялы телефондардың «Activ», «Beeline» түрлері тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Ауылда интернет тілін жетік білетін Абай Әбішов, Асқар Қалымбетов қажетті мәліметтермен тұрғындарды хабардар етіп отырады.
Адамда арман көп. Әрине, орындала бермейді. Егер мақсат-мүддең орындала қалса, төбең көкке жеткені. 2010 жылдары «Бейнеу – Жезқазған» темір жолы салынады екен деген жылы сөз ел арасында желдей есті. Ақпарат құралдарында да жолдың қай жерлермен жүретіні айтылып жатты. Осылай алаң көңілмен жүргенде темір жолдың нақты бағыты – «Бейнеу – Сексеуіл – Жезқазған» екені белгілі болды. Үш ұйықтасаң түске кірмейтін жай. Қалың құмды қақ жарып, пойыз жүреді деп кім ойлаған. «Абай» ауылы станса болады. Бәрекелді бауырлар! Шындығында да солай болды. «Бейнеу – Сексеуіл – Жезқазған» теміржолы салынды. Қарақұмдықтар алғашқы пойызды Абай стансасынан 2013 жылдың 9 қарашасында күтіп алды. Арада үш жыл өткенде 2016 жылы «Қызылорда – Нұрсұлтан» жолаушылар пойызы қатынай бастады. Ауыл халқы қуанышты. Халық ел Астанасына ең төте жолмен қатынап келеді. Бүгінде «Қызылорда» пойызы Павлодар қаласымен аралықты байланыстырып отыр. Теміржолдың ауыл халқына тағы бір тиімді тұсы, ауылдық округтің жұмыссыз жүрген 83 адамын жұмысқа тартты.
Ауылдық округтегі үй саны – 423. Тәуелсіздік жылдары 184 үй жаңартылған. Халық саны – 2462. Ауылдық округі аумағы – 72554 гектарды алып жатыр. Ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының саны бүгінде 102-ге жеткен. Мал саны жылдан жылға өсіп келеді. Бүгінгі таңда мүйізді ірі қара – 7500 бас, жылқы – 5190 бас, түйе – 3971 бас, уақ мал – 15925 басқа жетті. Жалпы мал саны – 32580-ді құрап отыр. Ауыл халқы мал шаруашылығымен айналысқан соң, олардың «малды ауылдан сойып сатсақ» деген тілектерін белгілі кәсіпкер Мамитанов Нұркен қанағаттандырып отыр. 2020 жылдан бастап мал сою пункті ашылып, мал етін еттей қабылдап, қаражатын дайын беріп келеді. Мал сою пунктінде 4 адам үздіксіз жұмыс істейді. Дайын ет аудан орталығына жеткізіледі. Мал шаруашылығымен айналысатын ауылда мал азығын дайындайтын 9 бригада ұйымдастырылған. Олар ауылдық округтегі 35 мыңға таяу малға шөп дайындайды және қораларына жеткізіп береді.
Ауыл халқын аудан орталығына күнделікті барыс-келіске қатынататын 4 автобус ауылдан жарақталған. Олар кезектесіп күнделікті қатынап отырады. Тәуелсіздік жылдары ауыл халқының тұрмыс жағыдай жақсарды деп айта аламыз. Оған дәлел 30 жыл бұрын «Абай» ауылында барлығы 80-дей техника болса, бүгінде 190 жеңіл көлік, 48 жүк көлігі, 44 трактор, 4 автобус тіркеуде тұр. Бір ауылда 3 жүзден астам көліктің (техниканың) болуы үлкен жетістік.
Ауылда мал дәрігерлік бөлім жұмыс істейді. Бөлімшеде 8 мал дәрігері тіркелген. Олар мал ауылдарын тынымсыз аралап, мал дәрігерлік көмек көрсетеді. Халыққа қызмет ететін 2 кафе, түрлі заттар сататын 6 дүкен, 1 сауда үйі үздіксіз жұмыс істейді. Орталықтағы кітапхана қорында 19135 кітап бар. Кітап оқушылар саны – 930 адам. Ауылда 50 балаға арналған балабақша, байланыс бөлімі, клуб жұмыс істейді. «Абай» ауылы мен Аралдың арасы 100 шақырым. Осы 100 шақырымның 92 шақырымы асфальтталған. Ауыл орталығында «Тағзым» алаңы, Қарақұм құрылтайына арналған ескерткіш бой түзеген.
Шүкір, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын оң өзгерістер мен қарсы алғалы отырмыз. Абай ауылының жетістіктерін баяндап шықтық. Тәуелсіздік жылдары Абай ауылының түлегенін осы баяннан-ақ байқарсыздар. Әлемде өзін-өзі билеп отырған тәуелсіз қанша мемлекет болса, Қазақстан – сол елдердің бірі. Осы бағытымыздан, тәуелсіздігімізден айырмасын деп тілейік Алладан.
Иманбай ӘЙТІМОВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі