Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел ертеңін еңселі еткен егемендік

Ел ертеңін еңселі еткен егемендік

Қазақ елі тәуелсіздікке оңай қол жеткізген жоқ. Сонау "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама", екі жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысы, кешегі Кеңес дәуіріндегі 1921-1923, 1931-1933 жылдардағы аштық, 300 жылға созылған ұлт-азаттық қозғалысы, отаршылдықтан құрбан болғандар, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі, бәрі айналып келгенде осы тәуелсіздік үшін, ұлт мұраты үшін болғандығы аян...          
70 жыл өмір сүрген Совет Одағының ыдырау үдерістері өткен ғасырдың 80 жылдары басталды. Совет Одағы саяси, экономикалық тоқырауға ұшырап, одақтас республикалардағы халықтардың сана-сезімі көтерілді. Егемен өмір сүруге деген, демократияға деген талпыныстар байқалды. Совет Одағының құрамындағы 15 одақтас республика өздерінің бостандығын, егемендігін алуға бел байлады. Соның нәтижесінде 1990 жылдың басында бірінші болып Эстон, Латыш және Литва елдері «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация қабылдады. 90-шы жылдардың басында орын алған дағдарыс және саяси оқиғалар, халықтың бостандық жолындағы күресі КСРО-ның құлауына себеп болды. Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Борис Ельцин 1990 жылы 12 маусымда «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдады. Осы кезде Мәскеуде екі билік болды. Б. Ельцин одақтас республикалардың мемлекеттік егемендік алуын қолдады. Осы тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев оң мен солды терең саралап, саяси сауатты қадамдар жасай отырып, көрегенділікпен қадам жасады. Себебі тәуелсіздікті бұдан ерте жарияласақ, еліміз үлкен саяси, экономикалық дағдарысқа ұшыраған болар едік. Қазақстан өз тәуелсіздігін дер кезінде жариялады.
...Содан бергі үш онжылдықта еліміз өз дербестігін қалыптастырды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  – Елбасы Н.Назарбаевтың стратегиялық байқампаздығы, болашақты көре білетіндігі, алға қойған міндеттерді табандылықпен жүзеге асыруы Қазақстанның мемлекеттігін нығайтып, оның бүгінгі қарыштап дамуына қол жеткізді. Сыртқы байланыс, экономика, мəдениет, білім-ғылым саласының қарыштап дамуы Қазақстанның тəуелсіздік алуымен тікелей байланысты. Үкімет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары əрбір адамның өмірдегі өз орны мен тұрақты табыс табуына, білім алып, денсаулығын түзеуіне мол мүмкіндік берді.
Аймақтар дамыса, ел де дамиды. Облыс пен аудандағы күн сайынғы жаңалықтар мен жетістіктер өз алдына бір төбе. Ел дамуының нәтижесін төрт жүздің үстінде үйі мен екі жарым мыңнан астам халқы бар Қарақұм ауылынан-ақ көруге болады. Ең маңызды сала ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар ауылды дамуына серпін берді. Сексеннің үстінде шаруа қожалығы бар ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсы екендігін жыл сайын бой көтерген жаңа үйлерден-ақ байқауға болады.  
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Елбасы бастамасымен салынған «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолы айдынды Арал өңірінің тіршілігіне жаңа серпін берді. Темір жол біздің ауданымыздың үстімен жүріп, бірнеше станса, бекеттер бой көтерді. Бүгінде Қарақұм тұрғындары "Абай" стансасы арқылы жан-жаққа жол тартуда. Ауылдан шығатын төрт бірдей автобус тұрғындардың аудан орталығына қатынауын қамтамасыз етуде. Талапқа сай салынған екі қабатты орта мектептің ауласында бой көтерген саялы ағаштар айналаға сән беріп тұр. Жаңа емхана халық игілігіне қызмет етуде. Ұялы байланысқа да көп ауылдардан бұрын қол жеткізіп, «ACTIV", "BEELINE" байланыс желісін еркін пайдаланудамыз. Халық қажетін өтеп келе жатқан оннан астам сауда нүктесіндегі бағада қолжетімді. Шағын тігін цехында бірнеше адам қызмет етуде. Туған жер перзенті, елге қайыры мол азамат Абай Қазбековтің салдырған мешіт үйі – ауылдағы имандылық ұясы. Тәуелсіздік күні қарсаңында жас та болса, игі жобалардың ұйытқысы болып жүрген Қарақұм ауылдық мешітінің имамы Құлтас Тілеулесұлы облыс бойынша  «Жыл имамы – 2020» дәрежесіне лайық деп танылып, кіші қажылық жолдамасына ие болды. Осындай істердің бәрі көңілді қуантады.
Тәуелсіз Қазақстан халқы әр күннен, әр жылдан үлкен үміт күтіп, болашаққа нық сенеді. Міне, тәуелсіздік күніне орай өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр. Елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек" деді. Бұл – болашақтың бұдан да жарқын болатынына нық сенім береді.
Иманбай Әйтімов,
журналист
Арал ауданы 
19 желтоқсан 2020 ж. 425 0