Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ата-анамызды қадірлей білейік

Ата-анамызды қадірлей білейік

Жер бетіндегі тіршілік атаулының жаратушысы Алла тағала екені ақиқат. Соның ішінде адамзатты да жаратқан Алла. Және де біздің дүниеге келуімізге себепшілер – ата-анамыз. Мінекей, осы жандарға құрмет көрсетіп, тіршілігінде оларға барынша шынайы көңілмен қызмет ету біздің перзенттік борышымыз! «Әке – асқар тау, ана – етегіндегі бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөз қалай керемет айтылған десеңізші. Асқар тау әкенің саясында, ана бұлақтан нәр алып асыр салып өскен құрағы – балалары неткен бақытты! Қазақылықты бойына сіңіріп, қазақша тәрбие көріп өскен баланың ата-анасына құрмет көрсетпеуі әсте мүмкін емес.
Біз "Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің" деген қанатты сөзді үнемі естіп жүргенімізбен, байыбына жете бермейтініміз шындық. Ал ата-анамыз жанымызда жүргенде олардың көңілін тауып, қалағанын орындап жүрміз бе? Қолымыздан келсе де ата-ана тілегін орындауда күйбең тірлікті желеу етіп, түрлі сылтау табыла кететіні де рас. Сондықтан ой салар, ғибратты әңгімелерді еске алып отырған абзал деп ойлаймын. Әрбір перзентке ой салар осы бір жазбаны әлеуметтік желіден оқыған едім. Соны көпшілік назарына ұсынып отырмыз.      
         Бір күні бір бай-қуатты, дəулетті адам анасынан хабар алу үшін бала күнінде асыр салып ойнаған, ержетіп ұлғайған үйіне бас сұғыпты. Сол кезде анасы бесін намазын оқып отырған болатын. Анасының намазын бұзбайын деп ұлы ақырын есік алдында тұрып күтіп қалды. Анасы болса ұзақ уақыт дұға оқып, жайнамаз үстінде алақанын көкке жайып, Жаратқаннан тілек тілеу үстінде еді.
         Анасын ұзақ күтіп қалған ұлы шыдай алмай қасына келді. "Ана, сіз əр күні белгілі бір уақытта бес уақыт намазыңызды қаза қылмай, оның үстіне ұзыннан-ұзақ дұға тілеп, бірдеңелерді сұрап жатасыз. Сонда да сіздің ештеңеңіз жоқ. Сұрағаныңыз қайда? Ол сізге пайда берді ме? Əлі де сол тұрмысыңыз оңалып кете қойған жоқ. Ал мен болсам... Маған қараңызшы, менің маңдайым өмірімде сəждеге тимеген, намаз оқымаймын, бірақ менде бəрі бар, мұқтаждығым жоқ. Барлығы да жетерлік",– дейді.
Сонда анасы ұлына: "Ұлым менің, мен маңдайымды сəждеге тигізіп, сенің өміріңнің ұзақ, деніңнің сау болғанын, еш мұқтаждық көрмегеніңді, өніп-өскеніңді, бай да бақуатты өмір сүргеніңді жəне жұмысыңа, жаныңа сəттілік серік болуын сұраймын. Маған бұдан артық ештеңе керек емес. Міне, мейірбан Алла сұрағанымды беріп жатыр. Енді тағы бір тілегім бар, сол тілегім орындалса, менен бақытты ана болмас еді жер бетінде", – дейді көзіне жас алып.
"Ол қандай тілек, анашым?" – дейді ұлы. Ана: "Сенің бес уақыт намаз оқығаныңды, намазға əрдайым асығып тұрғаныңды көзіммен көрсем, менде арман болмас еді, балапаным", – дейді.
 Анасының сөздері жүрегін қозғап, жан тебіреніспен бақытты ұл көзіне жас алып: "Анашым, менің, мейірбаным! Мені кешіре алсаңыз кешіріңіз" деп намазға жығылған екен.
Ей, ардақты перзент! Сіз ешқашан "Мен иманның шарттарын орындамасам да Алла маған бəрін беріп жатыр" деп ойламаңыз. Сіздің несібеңізге, денсаулығыңыз бен бақытты өміріңізге ата-анаң себепкер. Ата-ананың балаға деген тілегінің қабыл болатынын еш уақытта естен шығармаңыз. Оларды көзі тірісінде құрметтеңіз, қадіріне жетіңіз. Ата-анаңызға жақсылық жасап қалуға ұмтылыңыз!

Дайындаған К. МАХСҰТ 
01 қаңтар 2022 ж. 1 105 0