Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мұхитта жүзген ақ кеме

Мұхитта жүзген ақ кеме

О,Отаным!
Құт дарып, Қыдыр қонған,
Қонбаған кез Арқаға бүгінгі Ордам.
...Бұл оқиға төсінде көк мұхиттың,
Тура осыдан отыз жыл бұрын болған.
***
...Атам айтқан аңыздай Нұхтан бермен,
Теңізші емес теңізші бұққан желден.
Тіршілікті топан су бір заманда,
Жермен бірге аңызда жұтқан делген.
Осы аңызды сақтаған ел есіне,
Сабақ болсын дегендей келесіге.
...Аман сақтап жұп-жұптан жан-жануар,
Отырғызған Нұх болса кемесіне.
Көз тігеді көк аспан жерге шошып,
Адамзатқа бір сынақ төнді егесіп.
...Сәл ойланып пайғамбар  сал үстіне,
Және әйелді мінгізген ерге қосып.
Ажал бұлты төбеңе төнді Адамым,
Аллам өзі біледі енді амалын.
... Топан судан сондағы аман қалған,
Ер мен әйел тұқымы Мен боламын!
...Өз-өзімнен ойласам алабұртам,
Терең теңіз қайтса да қалады ұлтан.
...Сонан кейін дүние дүр сілкініп,
Екінші рет тіршілік жаратылған.
...Шаршатпаған жырақты жырақ деме,
Аңсатпаған мұратты мұрат деме.
Айдын асып Азаттық аралына,
Ала таңнан аттанды бір ақ кеме.
Кеткен сонда дауылдан тіптен есі,
Шырмауынан топан су шықты ел осы.
Ақ  дауылмен алысып жүзген бірақ,
Аңыздағы емес бұл Нұх кемесі.
Асқақ мақсат, Азаттық алдыра ма?!
Талабымды толқындар талдыра ма?!
«Қазақстан» кемесі жүзеді алға,
Қарауытып артымда қалды жаға...
Өмір – мұхит тулаған,
кемем – қоғам,
Бұрын осы отыз жыл ел ем бодан.
Бодандықтан босанып жүзіп келем,
Мұратыма жетемін!
Сенем соған!!!
...Көкжиектен ақ кемем барады асып,
Көз ұшында қалды жер,
дала қашық.
Нұх пайғамбар кемесі сияқтанып,
Тіршілікті түнектен ала қашып.
...Талай заман өтті Нұх топанына,
Бейбіт күн бер!
Бірлік бер, Отаныма!!!
Көк мұхитта көсілген ақ кемемнің,
Көз тимесін ақжолтай сапарына.
Ақ тілегін арнайды бар ел соған,
«Қазақстан»кемесі!
Сәлем, саған!!!
Ақ желкенін жел керіп ақ дауылда,
Алға жүзді,
Кеме емес әне, ол шабан.
...Артта қалды алыстап аймағымыз,
Көк мұхитта жүземіз қайдағы біз.
Желбірейді желменен діңгектегі,
Аспан түстес әнекей, байрағымыз!
...Нағыз жігіт жасы бұл орда бұзар,
Сөгілмеген мұхиттың сонда мұзы ал .
Кемем менің келеді айсберг-
Мұз тауларды қақ жарып жолда құзар.
...Бура толқын бұрқылдап бөріктірді,
Қияметті келемін көріп түрлі.
Шуақ шашқан кемеме түстік түгел,
Шұғыласын Терістік төгіп тұрда.
Бұлқан-талқан көк мұхит.
...жүзіп келем,
Құрлық қалды күдерін үзіп менен.
Асау мұхит төсінде арпалысып,
Босқа күнім өткен жоқ қызықпенен.
Дөңбекшіген кемеміз жүзеді өрге,
Өркениет!
Жетеміз біз ол елге.
Асығамыз жағаға,
Үмітіңді
Алты құрлық,
Төрт мұхит үзе көрме!
Айсберг кезі жоқ құрсамаған,
Долы дауыл тұмсығын ұрса да аман,
«Қазақстан» кемесі, тек қана алға!
...Талай тұман қалды артта тұмшалаған.
...Бірте-бірте жағаға таяп келем,
Дүниені дүр сілкінт, оят керең!
Ертеңіңді ел көрсін ерен ғажап,
Желкеніңді жел керсін, ей, Ақ Кемем!!!
Толыбай Абылаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері
12 қаңтар 2022 ж. 1 337 0