СУ АСТЫ ПАТШАЛЫҒЫ (экологиялық-танымдық поэма)
Көзі – қырда.
Қазақ халқының мәтелі
Жыр басы
...Үйден ұзап бір сәт достым, қарашы!
Үш әлем бар,
Түсінгенге шамасы.
Бірінші әлем Жер-Анамыз біз үшін,
Мекен еткен Адамзаттың баласы.
Сол Адамзат ынтық болған о бастан,
Екінші әлем шетсіз-шексіз көк аспан.
Үшіншісі сыры тылсым Су-Ана,
Тереңіне теңізшілер жол ашқан...
Ол туралы алуан ойға түстім кей,
Онсыз дүние болмас па еді міскіндей,
Адамзаттың баласы үшін Тәңірім,
Әлемімді сақтай гөрші үш бірдей.
***
...Ақжал толқын көз алдымда тулайды,
Аталы сөз аз ба алашта су жайлы?!
«Сөз анасы – құлақ,
Су анасы – бұлақ»,
«Сусыз жер – нусыз жер»
Деп әнекей, экологтар шулайды...
Осы сөзді айтам барша елдерге!
Мұқият бол мұхит... теңіз... көлдерге!
Удың қоры көбейгенмен урандай,
Судың қоры азаюда жер-жерде.
...Тұңғиықтан тылсым мүлде қорықпай,
Су астының сұлулығын жалықпай.
Қиялыммен тамашалап тап қазір,
Алға қарай жүзіп келем балықтай.
Көз жетпейді су түбіне, көлемін
Ал, қанекей, айтшы білсең дерегін?!
...Балықтардың арасында,
мөп-мөлдір
Су астында тынбай жүзіп келемін.
Адам үшін болса қымбат ауа енді,
Әлімсақтан суға да Адам тәуелді.
Бұрын талай қасықтай сол су үшін,
Бір-біріне болған білем жау елді.
Жерден үлкен мұхит... теңіз қарамы,
Ашуланса топан судай араны.
Бұйым емес қала түгіл, адамы,
Сөйтсе де су Адам үшін бағалы.
Ал, балықтар ең ежелгі саналған,
Жер астының суында да бар алуан.
Жердегі алып мамонт, динозаврдан,
Суда балық бұрынырақ жаралған.
Адамның су саналады қорегі,
Аңыздардың ол жайлы аз ба, дерегі?!
Балықтардың патшалығы тереңде,
Баяндаймын өздеріңе мен оны...
Төрт мұхит тереңінде
Атам қазақ суды кие тұтатын,
Сахарада суы бар жан ұтатын.
Кейде маған елестейді төрт мұхит,
Аждаһадай Жер-Ананы жұтатын.
Төңірегі төрт мұхиттың толған ел,
Су жайлаған аралшықтар...
Ол да жер.
Христофор Колумбпен бір кезде,
Магелландар алғаш жүзіп, болған ол.
Болмаса да, ақбас ғалым білікті,
Айтады жұрт ең әуелі Тынықты.
Сонан кейін Атлант пен Үндіні,
Төртіншісін Мұзды мұхит біліпті.
...Тынық мұхит тұр алдымда тереңі,
Батискафтан көріп келем мен оны.
Акулалар ауызын ашып арандай,
Артымызда қара-құрым келеді...
Тұңғиықтың білу үшін не екенін,
Тынық мұхит тереңіне жетемін.
Мен-Доуэль профессор жасаған,
Ихтиандр!
Жер, су – егіз мекенім!
Тынық мұхит түбі неткен көркем ең,
Адам үшін болған жұмбақ ертеден.
Мариана тұңғиығы сияқты,
«Батипелаг аймағы» су ең терең...
...Медузаны маңайымнан көремін,
Мұхит түбі алыс емес.
Сенемін!
Эверестің биігіне теңейді,
Океанолог Тынық мұхит тереңін.
Ертегідей ежіктейтін ел осы,
Бес мың метр тұңғиық ол келесі.
Онан арғы тереңдікте...
Тас-талқан
Пираттардың «Испанольо» кемесі...
Палубасын балдыр басқан, мүк басқан,
Астындағы ағыстардан ықпастан,
Әлімсақтан жатыр мұхит астында,
«Испанольо» корабль шықпастан.
Қарауытқан қазына алтын жан-жағы,
Жердегі Адам баласының арманы.
Ары-бері жүзіп жүрген балықтар,
Алтыныңа көз қырын да салмады.
Осқырынған пішту, океанологтар!
Сырын саған ашпайды әлі балықтар.
Жак-ив Кусто тірісінде жетпеген,
Мариана тұңғиығын көріп қал!
Алты жарым шақырым су тереңі,
Ол – Мариана тұңғиығы дерегі.
Міне, қызық!
Сол тереңде тас түнек,
Қорқынышты балық жүзіп келеді...
Судан суға балықтары өрлеген,
Маңайына бара алмайды зор кемең.
Бәрін жеңген,
Бәрін көрген Адамзат,
Мариана тұңғиығын көрмеген.
Маған таңсық,
Саған таңсық бұл балық,
Көрген дейсің көр түнекті кім барып.
Болжампаздар қорқынышты балықты,
Көк киттен де көріпті-мыс мүлде алып.
Экватор әне, алдымда тереңі,
Сүңгуірлер неткен қайсар ер еді.
Су перісі,
Құбыжықтар жайлаған,
Тұңғиыққа оқтын-оқтын төнеді...
Бәлкім, оны тұңғиықта күтті елес,
Ажал құшып шыға ма екен тіпте кеш?!
Немқұрайлы батқан кеме түбінде,
Жүзіп жүрген оған Нептун түк те емес.
Ең алысы Туамату аралы,
Тұрғындары көрмеген кең даланы.
Өжеттері суға сүңгіп мұхиттың,
Тереңінен маржан теріп алады.
Жүзген сайын алға менде жоқ тағат,
Асты-үстімде мөлдіреген жатты алап.
Баулар да бар ну балдырдан түзілген,
Таулар да бар су астында қат-қабат.
Таңғалдырды тентек ағыс талайы,
Қорқынышты батқан кеме маңайы.
Мені көрсе жалт береді балықтар,
Мақұлықты көргендей бір жабайы.
Тыныштықтың құшағында бұл әлем,
Арнасында алып мұхит тұр әрең.
Алуан балық әрі-бері жүзіп жүр,
Жақындауға жүрексінем мына мен.
Сол балықты зерттейтін көшелі,
Ихтиолог икемсіз ол деседі.
Мариана тұңғиығы әлі күн,
Адамзаттың аша алмаған кешені.
Акваланг төңірегін баспаған,
Мариана тұңғиығы!
Тас ғалам!
Онда жүзген балықтардың ең жыртқыш,
Ешкім әлі құпиясын ашпаған.
Бар ма?!
Жоқ па?!
Бақалшағы!
Балдыры!!!
Әлі жұмбақ батискафқа әрбірі.
Тұңғиықтың тереңіне,
түбіне
Түссін қайдан күн түгілі, таң нұры...
Ох, Тыныштық!
Жерде,
Көкте мүлде жоқ,
Тұңғиықта солай екен.
Білмеп ек.
Су астында бомба сынап жатады,
Тоқтататын тобықтайын жыр керек!
Осынау жыр ой салатын олжам бар,
Он сегіз мың ғалам, соны толғаңдар!
Жұмыр жерді топан сулар жұтпасын,
Күллі жердің тағдыры тұр қолыңда,
Президенттер!
Адмиралдар!!
Шонжарлар!!!
Біледі жұрт бұл мұхиттың байыбын,
Тау толқыннан тайсалсаң сен айыбың.
Тур Хейердел кесіп өткен мұхитты,
Қайдасың сен «Ра» папирус қайығым?!
«Қырғи қабақ соғыс» қанат жайған шақ,
Жерде.
Көкте.
Суда үрей... ойлансақ.
Акулалар тап береді атойлап,
Адамдар мен балықтарға майдан сап...
Жұмыр жерден,
Көктен,
Судан іздеме!
Балыққа да
Жетпей жатыр бізге де.
Адамдардың ашкөздігі болмаса,
Су астында жатар ма еді жүз кеме...
...Тұңғиықта,
батқан кеме бортында,
Алуан балық жүзеді сол қалпында.
Олар үшін қара бақыр құны жоқ,
Қызықпайды қазынаға, алтынға.
Батқан суға қазынасы боп төбе,
Тірілердің тізімінде жоқ кеме.
Жаһан суын жалт қаратқан сүңгуір,
Жак-ив Кусто боп тумадым ох, неге?!
Құрып кетсін қазынасы, алтыны!
Адамзатқа аз ба тиген салқыны?!
Балық бізден бақыттырақ,
өйткені
Қызықтырмас оларды алтын жарқылы.
Алтын үшін бірін-бірі жау көрген,
Көз ашпайды бұл жұмыр жер даулы елден.
Қарақшының зәбірінен қанша рет,
Батты суға басы бүтін, сау керуен.
Соның бәрі су түбінде...
Керексіз!
Іздемейді індетіп бір себепсіз.
Балыққа жем «Испанольо» сияқты,
Батқан кеме кетті қанша дерексіз...
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері