Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қаламгер есімі құрметке лайық

Қаламгер есімі құрметке лайық

Қази Данабаев – Арал ауданы Қарақұм ауылдық округі Ерімбетжаға ауылының тумасы. Балалық бал дәурені осы ауылда өткен. Осы ауылда бастауыш мектепте оқыды, содан соң оқуын Қарақұм ауылының орталығы –  Абайдағы  №59 Қарақұм орта мектебінде аяқтады.
Мектептен соң бір жыл шаруашылықта еңбек етті. Келесі жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түсті. Бітірген соң өз мектебіне оралып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Облыстық телерадиокомпанияда  бірнеше жыл қызмет атқарды.
Облыстық «Сыр бойы» газетінде тілші, руханият бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың кеңесшісі, редакция алқасының мүшесі болды.
Қази Данабаевтың тек журналистика ғана емес, көркем әдебиет саласында да қолтаңбасы бар. «Ақ кептер», өз ауылының өмірін суреттеген «Шоңтөбе, Шотай балдәурен» хикаяттары «Жалын» баспасының жабық жүлдесін алған еді. Кейінірек бұл хикая «Гүлдәурен» деген атпен кітап болып шықты.
Қаламгердің Сыр елінің танымал азаматтары жайлы «Рухқа тағзым», «Қыран қия», «Адам бір көшкен керуен», т.б. кітаптары бар. Өмірінің соңғы уақытында: «Сен аман бол, Қазақстан!» деген өлең жазды. Оны Елена Әбдіхалықова әнге қосып, орындап жүр. Дүниеден озған соң «Сырдария кітапханасы» сериясымен «Сағыныш екен бала кез» атты шығармасы шықты.
Қазидың бір шумақ өле­ңімен алғаш «Пионер» жур­­налынан оқып танысқан едім:
– Шимайбектің портфелі
Жуан екен, нән екен.
Ішін ашып қарасаң,
Іші толы нан екен, – деп келеді.
Сынып жетекшісі Ақұлман Төлебаева қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Біз, «Ерімбетжаға» және «Қарақұм» ауылының тұрғындары 671 адам қол қойған хатты облыс басшылығына жолдаған едік. Ол хатта «Ерімбетжаға» ауылындағы №18 негізгі мектептің атын Қази Соңғыбайұлы Данабаевқа берілуін сұрағанбыз. Әліге дейін хатымызға жауап келмеді.
Енді хатымызды осы редакцияға жолдап отырмыз.
Айымкүл ТҰРЖАНОВА,
Арал ауданы,
Ерімбетжаға ауылы

syrboyi.kz
18 қаңтар 2022 ж. 1 369 0