Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ер жігіт туар елі үшін

Ер жігіт туар елі үшін

Халқымыз отбасы тәрбиесінде ер балаға да үлкен жауапкершілікпен қараған. Себебі бүгінгі бозбала – ертеңгі отағасы, жанұясының асыраушысы. Әрине жігітке анасы мейірім мен жылулық берсе, оның ішінде ер бала үшін әке тәрбиесі маңызды рөл атқарады. «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, Ұлы атадан үйренбей сапар шекпес» демекші, нағыз ерге тән қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі үшін әке қажет. Сондай-ақ қыз баланы «Қыздың жолы жіңішке», «Ақылды қыз білімге жүгірер» деп ардақтаса, ер баланы «Ел қорғаны» деп бағалаған. Сонымен бірге жігіт бойына үлкен жауапкершілік артып, бозбала шағынан еңбекке баулыған.        
Қазақ халқы: «Жігітке жеті өнер де аз» деп, өнер мен білім беріп, батырлық пен ақыл үйреткен. Бөтен елге барса қазақ жігіттерінің мерейі үстем, беделі асқақ болған. Ұлтымызға  барлығынан артығы — адалдық, ар, ұят сынды қасиеттер. Бойында адалдығы, ұят, ары, адамгершілігі бар жігіттерден үлкен өнегелі қасиеттер, ерліктер шығары сөзсіз. Бүгінгі күні біз сипаттағандай  жігіттер бар ма? Өзіне тән жауапкершілік алып, бір сөзділігі мен қателіктерін мойындай алады ма?
Иә, ондай ер жігіттер арамызда жоқ емес. Қызды сыйлап, алдына үлкен мақсат қоя білетін ер азаматтарымыз жетерлік. Жүректері «елім, жерім» деп соғып, қашанда Отан үшін отқа түсуге дайын тұратын азаматтарымыз да бар. Өкінішке орай, кей ер азаматтардың  психологиясы мүлде өзгерген. Көшедегі ұрыс-жанжалға араласып, жұдырық ала жүгіретін қызуқанды жігіттерді де көріп жүрміз. Әрине бұндай жағымсыз іс-әрекеттер қазақ жігітіне жат секілді. Сонымен қатар қолдарындағы ұялы телефон арқылы шет елдің майдаланған жігітсымақтарының түр-әлпетін өз келбетіне сай қылып алған ер балалар да жоқ емес. Шаштарын ұзартып өсіріп, құлақтарына сырға тағатындары тағы бар. Көшеге шықсаң, ер мен әйелді ажырата алмайтын заманға жақындағандаймыз. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы атамыздың бір оқиғасын келтірсек:
         Бірде Момышұлына радиодан магнитофонын арқалап тілші келеді. Тілші шашын әйелше қоя берген жас жігіт екен.
         – Әй, сен кімсің? - дейді Бауыржан оны көрген бойда.
         – Радиожурналистпін, ағай. Сізбен сөйлесейін деп келіп едім.
         –  Өзің әйелмісің, еркекпісің, мен соныңды айт деп тұрмын саған?!
         – Еркекпін, ағай.
         – Кругом! –  дейді Баукең оған ежірейіп. Сасқан жігіт ұршықша айналып кейін бұрылып, есікке қарап тұрады.
         – Сен еркек болсаң, онда шашыңды еркекше алдырып кел. Марш!
         Жігіт салы суға кетіп, кеңсесіне қайтады. Қысқартайын десе, шашын қимайды, қысқартпайын десе –  тапсырма қинайды. Сөйтіп жүргенде бір күн өте шығады. Ертеңінде оны бастығы шақыртады.
         – Момышұлымен әңгіме дайын ба? –  деп сұрайды бастық.
         –  Жоқ.
         – Неге?
         – Шашыңды еркекше алдырып келмесең, сенімен сөйлеспеймін деп қуып шықты.
         – Шашыңды неге алдырмайсың?
         – Қимаймын.
         Бастық ашуланады.
         – Ол материал программада тұр. Шашың тұрғай басыңды алдырсаң да бүгін материал осында болсын! –  деп бұйырады ол жігітке.
         Жігіт амалсыздан шаштаразға барып, шашын жұқарттырады. Содан соң Бауыржанға қайтадан барады.
         Байқағанымыздай,  Бауыржан атамыз секілді тік мінезді, нағыз еркектік қасиет бойына тән жігіттеріміз азайып барады. Қоғам майдаланып кетпес үшін, жігіттік қасиетімізді жоғалтып алмайық. Болашағымызға үлкен мақсат қойып, нағыз еркектік намысты қолға алғанымыз абзал. Халқымыз да осындай ізгі қасиеттерді ер бойынан көргісі келері анық. Отбасы тәрбиесіне де көңіл бөліп, елін қорғайтын нағыз ер азамат тәрбиелейік!
Айсәуле СӘКЕНҚЫЗЫ
05 ақпан 2022 ж. 1 200 0