Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұмытылмас кездесулер

Ұмытылмас кездесулер

Мынжылдықтар ағысында қазақ әдебиеті әлемінде шамшырағын жаққан, әлемге әйгілі Ұлы адаммен сәті келіп кездесіп, аз да болса қызмет көрсетіп, дәмдес болғаным мен үшін өмірлік мақтаныш болып ойымда қалмақшы.

2002 жылы жаз айларында сол кездегі аудан әкімі Бақытжан Қодаманов "Алматыдан ағаң келе жатыр, күтіп алайық" деп қоңырау шалды. Сөйтсек Әбдіжәміл ағамыз «Соңғы парыз» романын Мәскеуден «Последний долг» деген атпен шығарып, Стокгольмде тұратын белгілі орыс жазушысы Анатолий Анастасьевті және РСФСР Сыртқы істер министрі  және «Правда» газетінін бас редакторы болған Александр Панкинді өзінің туған жеріне шақырған екен. Олар Алматыға ұшып келіп, сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов Қазақстанды пойызбен аралап өтуге Алматы-Мәскеу пойызына арнаулы вагон-жатақхана тіркетіп, елді, жерді көріп келе жатыр екен.
Сонымен әкім, мәслихат хатшысы Әнес Әуезов үшеуміз күтіп алып, кешкі аста бірге болып, вагонына апарып салдық. Келесі күні Жезқазғаннан тікұшақпен  келіп, оларды Беларанға – Әбекеңнің туып-өскен жеріне апарып қайту жоспарланған екен. Вокзалдан қайтып келе жатқанда әкім: "Қуеке, ағаңа қонақасы бермейсің бе?" деді. Мен "ертерек айтпайсың ба, мұндай қонақтарға айлап дайындалу керек" деп ренжігенмен, амал жоқ, "қандай тағамдар дайындау керек" деп сұра дедім. Бақытжан сұраса, өзінің кітаптарында жазғандай, "елдін бұрынғы замандағы дәстүрлі тағамдарын дайындасын" депті. Сонымен түстен кейін сағат төртте Белараннан ұшып келеді, сағат кешкі сегіз жарымда, олардың вагонын Алматы-Мәскеу пойызына тіркеп, Ақтөбеге қарай кетуі керек. Осы аралықта үлгеріп қонақасы беру жоспарланды. Осылайша қолымыздан келгенше дайындалып, қолмен үзіп-үзбей, ақбалықтан қарма, қолдан қазанжаппай, қуырдақ жасадық, екі бастан қой сойып, ет асып басын тарттық. Үзбей менен қарманы аздап ішіп-жеді де, қонақтар (орыстар)  қолмен алынған, тұздалған сары майға бұқтырылған қазанжаппай мен қуырдақты өлердей жеді. Әбекең ас мәзіріне қанағаттанып «В таких случаях можно пятьдесят грамм выпить» деп өте көнілді отырды. Әр астың, осы дәстүрлі тағамдардың бәріне түсінік беріп отырды. Әбекең екі күн бойы ағып сөйлеп, елдің, осы аймақтың тарихы туралы терең түсініктеме берді. Келген қонақтар соншалықты ықыласпен тыңдап отырып, қағазға ағамыздың кейбір цитаттары мен сөз саптауын «когда нибудь, что нибудь будем писат» деп түртіп алып отырды. Олар да Еуропаға танымал жазушылар ғой, олармен қатар отырғанда Әбекеңнің ой толғауларына бір ауыз реплика айтпай, жақсы оқушыдай болып отырғандарына таңғалам. Он жасына дейін орыстын түсін көрмеген Түбекте туған бала орыс тілінде ағып отыр ғой. Ол орысшаға аударған кітаптарын өзі редакциялайды екен. Не деген еңбек, білім, талант!
Ағамыз туралы жоғарыдағы достары баспаларға кен көлемде естеліктер жазған. Әбекең туралы шыққан «АБЕ» деген кітапқа осы кісілердің естеліктері де енген. Әбекеңмен одан кейін де бірнеше мәрте кездесіп жүргеніммен, осы соңғы кездесу өмірімдегі маңызды оқиғаның бірі деп есептеймін. Ағамыз соншалықты қазақ еліне белгілі қоғам қайраткері болғанымен, өзінің мерейтойларын жасауға қарсы болған адам. 2014 жылы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 90 жылдығына байланысты үйіне жерлестер болып барып қайтуға көндірген болуы керек, маған да бірге баруға хабар айтыпты. Облыстан Сейілбек Шаухаманов, Айжарық Сәдібеков, Әскербек Рахымбеков ұшақпен ұшып бардық. Ол жақтан Қырымбек Көшербаев пен Нұржан Әлібаев қосылды. Сейілбек ағамыз қонақжайда бізге ескерту жасады. "Мен ағаларыңмен қырық жылдан бері жолдаспын, сөз сөйлегенде байқап сөйлеңдер, ағаларың қырсық, бірден қисайып қалады, оның қызығын талай көргенбіз" деді. 85 жасқа толғанда көптен сыйласып жүрген інілері ұйымдасып, тек өзімізше құрмет көрсетейік дегенбіз. Бәрін дайындап қойып, жүр десек бармайды ғой. «Мен сендерге кеш ұйымдастыр деген жоқпын» деп. Шаққа дегенде әкеліп, сыйымызды беріп, құрметімізді көрсеткенбіз. Міне, ағаларың осындай деп күлдірген. Біз барған кезде бұрынғы мемлекет қайраткерлері мен сыйлас адамдары кіріп-шығып жатыр екен. Ұзақбай Қараманов ағамыз және Ұлдай апаймен өзіміз ғана қалдық. Ағамыздың дайын дастарқанында асын ішіп, бес сағаттан астам керемет өсиет, әнгімелерін тыңдап, сусынымыз қанды. Сейілбек те, Қырымбек те сөзгер адамдар ғой, дегенмен ағамыздың алдында көп сөзге араласпады. Не деген зерде, соғыс кезіндегі оқиғаны, Кеңес Одағы, шетелде көрген қызықты естеліктерін айы-күніне дейін айтып отырды. Әңгіме арасында "бәрің білесіңдер ғой, түйенің құлағына кене кіріп, қанын сорады. Түйе кенені түсірем деп мойнын оңға соғады, солға соғады, ақыры шаршап мойнын жерге салып жіберіп жатады. Сондай-ақ мына Қырымбек құлағыма кене болып қадалып қоймады, сосын келіп отырсыңдар, мен сендерді шақырған жоқпын" дейді ғой. Ағамыз соғыс кезіндегі әндерді де есіне алып, көңілді отырды. Кетерімізде бәріміздің бетімізден сүйді. Сейілбек ағай шыққаннан кейін "мен көп араластым ғой, ағаларыңның осы жолғыдай көңілді отырғанын көп көрген емеспін, риза болып қалды. Балалар, сендер де тыныш отырдыңдар" деп күлдіріп қойған.
Ұлтымыздың ғасырлар бойы жинаған рухани байлығы әр кездерде шоқтығы биік, қадау-қадау ұлы тұлғалар арқылы көрініс табады, өміртаным әлемінің көкжиегін кенейтеді. Сондай дара туған дарындарымыздың бірегейі, өзіміздің киелі топырақтың тарлан түлегі Әбдіжәміл ағамыз болатын. Ес білгелі өрнегі бөлек көркем дүниелерінен қаншама ұлағат, өлшеусіз өнеге алғанымыз ақиқат. Ал классик жазушымен кездескен әр сәтіміз өміріміздің ғажайып сырлы парақтары. Әр көрген, тілдескен шақтарымызда жүрегімізде жазылып қалған жылы да шуақты қайталанбас сезімдер көңілімізге қуат құйып келеді. Мәңгі есіміздесіз, асыл аға. Алдыңнан жарылқасын, иманың жолдас болып, орның жәннаттың төрінде болсын.
Қуанышбай Ердіхалықов,
Арал ауданының құрметті азаматы
08 ақпан 2022 ж. 632 0