Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әйгілі композитор

Әйгілі композитор

1967 жылдың маусым айында Алматыда домбыра оркестрлерінің 2-інші республикалық байқауы өтті. Осы байқауға қатысуға облыс бойынша біздің ауданның домбыра оркестріне жолдама берілді. Оркестрді байқауға дайындау үшін аудан басшыларының өтінішімен байқаудан бір ай бұрын Алматыдан Қазанғап күйінің шебері Садуақас Балмағамбетов пен композитор Нұрғиса  Тілендиев келді. Оркестр осы байқауда 2-інші дәрежелі орын алып, «Халық оркестрі» деген атаққа ие болды.
Нұр ағаң Алматыдан Аралға келе жатып, жолда Қызылордаға түседі. Облыс басшылары Нұр ағаның қасына сол кезде облыстық шығармашылық үйде әдіскер болып жұмыс істейтін Адам Мекебаевты қосып жібереді. Оркестрдің дайындығынан бір жетідей  өткенде  Нұр ағаны  сол  кездегі  аудандық  партия комитетінің  екінші  хатшысы Құлмағанбет Қартақов ағамыз түскі  шайға   шақырды. Шай үстінде Құлмағанбеттің үйіндегі жеңгеміздің жүріс-тұрысы, сыпайы мәдениеті, тамақ дайындауы Нұр ағаға қатты ұнап, шабыттанып   отырып сол жерде жеңгемізге арнап ән шығарады. Енді әнге мәтін керек. Шаханов Алматыда. Нұр аға амалсыз Адамға қарап;
– Әй, Адам, сен мына әнге сөз жаз, – дейді.
Адамның ол кезде әлі атағы  шықпаған, өлеңді  енді-енді  жазып  жүрген  жас  ақын. Адам  әдепкіде сасып қалып, қашқақтай  бастайды. Әй, Адам, сен адам болсаң сөзін жазасың деп Нұр аға одан әрі нығарлайды. Нұр аға  Адамның Адам деген атын қызық көріп, онымен әзілдесіп қалжыңдасатын. Адам амалсыз түнімен ұйқы  көрмей, терлеп-тепшіп таң атқанша әннің мәтінін жазып  шығарады. Сөйтіп Нұр ағаның «Аралдағы  жеңеше-ай» атты атақты   әні   осылай  дүниеге   келеді. Ертеңіне  Нұр ағаны атақты "Коммуна"  қайығымен  теңіз  үстіне  қыдыртып жүргенде, әнді тұңғыш рет оркестрдің әншісі Жеңіс Қырымов орындады. Жеңістің орындауына Нұр аға қатты риза болды.
Оркестр Алматыға барғасын байқауға бір-екі күн қалғанда Нұр аға  үйіндегі домбырасын ала келді. Көнелеу, кішкене домбыра екен. Нұр аға оң қолмен бір күйді, сосын сол  қолмен бір күйді тартып  шықты. Екі қолмен де өте шебер тартады екен. Домбыраның беті жарылған, оған жапсырылған бірдеңе жартылай жалбырап тұр. Нұр аға күйді тартып болғасын, әлгі жалбырап тұрғанды ұзыннан сыпырып алды да, қалтасынан кішкене домалақ затты алып, әлгі жерге жапсырып шықты. Бұл не нәрсе деп, бәріміздің көзіміз Нұр ағаңда.  "Бізге де берші" деп шулап қоя бердік. Нұр ағаң:
– Жоқ, жігіттер, бұны сендерге бере алмаймын, бұл дефицит, шетелден алдырып отырмын, өкпелемеңдер, – деді.
Ол кезде Осокаровка шеберханасынан шығатын домбыра қолға тие бермейді, әркімнің жеке домбыралары, көбісінің беті жарылған. Ой, надандық-ай десеңші, сөйтсек бүгінде әр балаға ойыншық болып жүрген скотч екен ғой. Бұрын көрмегесін, оның не екенін ол кезде біз қайдан білейік.
Нұр ағаң "Қыз Жібек" фильмінде "Аққу" күйін қобызға қосылып, осы   домбырамен өзі орындаған. Қазақстаннан "Аққу" күйін тартатын қобызшы  табылмай, қырғыздың атақты қобызшысын алдырған. Ал "Қыз Жібек"   фильмінде осы көрністі түсірудің машақаты өз алдына бір бөлек әңгіме. Жабайы  аққуларды көлге қондырып, оларды қиқулатып ұшыру үшін Нұр ағаңдар айдан аса су жиегінде отырып, "Аққу" күйін тартып отырған. Шынында да аққулар күйдің ырғағына елтіп, Нұр ағаңдардың қасына жақындаған. Сонда барып, түсірілім сәтті шыққан.
Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби) сырттай оқып жүрген кезім. Жазғы сессияға жүрер алдында аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сағи Абатов ағамыз мені шақырып алып:
– Жақсыбай, мына екі бумада екі-екіден бөлек оралған қаяз бар, соның  біреуін тарихшы Бек Сүлейменовке, екіншісін Нұрғиса Тілендиевтікіне апарып бер, адресі мынау, – деп, жарты бет қағазды қолыма ұстатты.
Алматыға барғасын қасыма курстас досым Жиеналыны ертіп, алдымен көрсетілген адреспен Бек Сүлейменовтікіне бардық. Үйі біздің университетке жақын екен. Тарих ғылымының докторы, профессор Бек Сүлейменов деген бір ақбас шал екен, бізді жылы қарсы алып, Аралдың жағдайын, Сағи ағаның  амандығын сұрады, жібермей шай ішкізді. Ертеңіне түсте Нұр ағаның үйіне бардық. Орталық универмагтың Алатау бетіндегі астында "Қаракөз" деген кафесі бар көп қабатты үй екен. Пәтері 78, көшесі Пастер болу керек. Нұр аға үйінде екен, бізді жарқын қарсы алып, бізге сөз бермей қоңырқай даусымен Аралдың жаңалықтарын сұрап жатыр. Үйі 4-5 бөлмелі, ортасында үлкен зал бар, залдың жартысы еденнен бір-екі сүйем көтерілген сәкі. Сәкінің төменіне терме алаша төселген, сәкінің үсті оюланған киіз. Кәдімгі қазақы үйдің көрінісі. Біз кетуге  ыңғайланып едік Нұр ағаң: "Дегендей келдіңдер, ет асылып жатыр еді, соны жеп кетесіңдер", – деп жібермеді. Тамақ жеп болғасын Нұр аға келесі бөлмеден домбырасын әкеліп, бір  күй тартып берді. Екінші бөлмеде рояль бар екен, оны да ойнады. әАрасында  сабақтан  қиналсаңдар ұялмай  айтыңдар, ағаларыңның, Құдайға шүкір, беделі   жетеді, қойғыздырып бергіземін",– деп жатыр. Бірақ  біз  ол  кісіге  ондай жағдай   айтқанымыз жоқ.
Келесі жылы жазда дәл сондай  қаяз балықты Құдекең (Жасекенов) беріп жіберді. Жиеналы екеуміз Нұр ағаның үйіне тағы да түсте бардық. Үйінде   сәкінің үстінде бір етжеңді ірі кісі үлкен құс жастықты жастанып жатыр екен. "Мына ағаларыңды танисыңдар ма, бұл кісі сендердің жерлестерің, аупарткомның  хатшысы болған Мүсәпіров деген кісі" деді Нұр аға. Біз ол кісіні бұрын  көрмегесін танымадық. Үйінде қонақ болғасын біз ыңғайсызданып кетуге  ыңғайланып едік, Нұр аға "тамақ жеп кетесіңдер" деп тағы да жібермеді. Тамақ жеп болғасын лекциямызды сылтауратып кетуге рұқсат сұрадық. Үйдің төменінде газет-журнал сататын бір киоск бар еді, ішінде сатушы болып бір жас қыз отырған. Жиеналы маған қарағанда қыздарға ептілеу еді, әлгі қызбен лезде танысып алды. Сөйтсек, қыз Нұр ағаның жақын тумаларының қызы, сол үйде  жатып жұмыс істейді екен. Ақырында қыз арқылы Нұр ағаның үйіне жиі   баратынды шығардық. Әрине Нұр аға үйінде болмаған кезде. Сонда да бір-екі рет үстімізден шығып қалды, бізді ұялтпайын деді ме, ештеңе демеді. Студент  қай  кезде  жарыған, барған сайын қыз  бізді тамаққа тойғызып тұрды.
Арада жылжып біраз жылдар өтті. Нұр ағаң әйгілі композитор, атақты  дирижер, "Халық қаһарманы" болды. Тек қана әйгілі, атақты емес, қазақ музыка әлемінде Ұлы деген дәрежеге көтерілді. Оның көптеген тамаша, сұлу әндерін былай қойғанда, "Махамбет", "Көш керуен", "Әлқисса", "Аққу", тағы басқа шығармалары қазақ музыкасының інжу-маржанына айналды. Концертте "Әлқисса" күйі орындалғанда, Нұрекеңнің өзі күйдің аты "Әлқисса", оны орындайтын Нұрғиса" деп өзі хабарлайтын. Ол құрған фольклорлық-этнографиялық "Отырар сазы" оркестрі бүкіл әлемге паш етілді. Осы оркестрдің гастрольдік сапарымен Аралға да келді. Барып сәлемдестік. Бұл Нұр ағамен соңғы кездесуім болыпты. Бұдан кейін ол кісімен кездесудің сәті түспеді. Өкініштісі, Нұр ағамен бірге  суретке түсе алмадық. Ол кезде қазіргідей кез келген жерді суретке түсіретін ұялы телефон жоқ, арнайы фотосалонға баруға Нұр ағаңа бата алмадық. Ақкөңіл, ақжарқын, адам жатырқамайтын адам  еді. Сондай жаны жайсаң, жүрегі жомарт асыл аға бүгінде арамызда болмаса да, оның жарқын бейнесі әрбір қазақстандықтың жүрегінде деп білемін.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері
01 ақпан 2022 ж. 1 068 0