Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіл-көз тимесін

Тіл-көз тимесін

Отбасының берекеті қашып, шаңырақтың бірлігінен айырылуы, жаңа туған нәрестенің түні бойы ұйықтамай мазасызданып шығуы, лауазымды қызметтегі адамның бір күнде бар абырой-беделінен айырылуы, дені сау адамның аяқ астынан айықпас дертке шалдығуы кезінде көңілде "тіл-көз тиді ме екен" деген күдіктің пайда болатыны шындық. Тіл-көз тию деген бар ма? Бар болса, одан қалай сақтануға болады?..

Қазақ қоғамында тіл-көз тию наным-сенім түрі болып саналады. Жалғыз адамдар ғана емес, өсімдіктер мен жануарлар да тіл-көздің құрбанына айналып, зардап шегуі мүмкін. Атам қазақ барша ғұмырында жақсылықтармен қоса, небір қиындықтарды басынан өткерген. Өмірден көрген-білгені арқылы «көзі өткір» адамдарды жазбай танып, олардан қорғана білген. Олар жаңа дүниеге келген сәбиге, ержетіп, бойжетіп келе жатқан жастарға көз тиюдің алдын алып, оны қайтарудың жолын тауып отырған. Мәселен, осындай «қауіпті» болдырмау мақсатында әжелеріміз небір жылтырақ заттарды сәбидің бесігіне іліп қойып, келген адамның назарын аударған. Сөйтіп баланы бәле-жаладан сақтаған. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Тіпті кейбір қыз-келіншектерден жемпіріне тағылған әдемі түйреуішті жиі көріп қаламыз. Атбегілер бәйгеде топ жарып  жүрген тұлпарын сұқ көзден сақтану үшін тасада ұстап, баптайтын болған. Бұл – сәбиді немесе жүйрік атты көз тиюден қорғаудың бір амалы болар. Көз тию дегеніміз құбылыс па, әлде адамдардың ойлап тапқан наным-сенімі ме?
Кейбір психолог мамандар көз тиюді бәзбіреудің қызғанышынан пайда болатын құбылыс деп ой түйеді. Бұл қауіптен құтылуға бола ма? Ата-бабаларымыз сонау ықылым заманда көз тиюден арылудың небір әдістерін біліп, балаларды көз тиюден қорғай білген. Мысалы, көзі тиген адамның бір затын  білдіртпей алып, «көз арқылы келген бәле-жала осы затпен бірге кетсін» деген оймен дұға оқытып, әлгі затты өртеп жіберетін болған. Ал Ирландия елінде біреудің көзі тигенін білсе, әлгі адамның көзінше еденге былш еткізіп түкіріп кете береді екен. Күнделікті өмірде кейбір адамдар өздеріне біреудің қадала қарап тұрғанын сезсе, енді біреулер айналасындағы адамдардың сұқ көздерін тіпті де байқамайды. Мамандардың пайымдауынша, көз сезіктенген адамдарға тез тиеді, ал бейқам, қаннен-қаперсіз отырған адамға көз тимейді. Бұдан көздің тиюі немесе тимеуі адамның қабылдауына да байланыстылығын аңғарамыз.
 Ал өте сезімтал адамдарды ұзақ жыл зерттеген Австрияның ХІХ ғасырдағы танымал химигі, барон Карл фон Рейхенбах олардың өзгелермен салыстырғанда тірі энергетиканы өте жылдам қабылдайтынын, көз тию мидың қысқа толқындарының әсерінен болатындығын дәлелдеген. Дегенмен бүгінде  кейбір адамдар көз тию дегенді мойындағысы да келмей, ескі көзқарастың сарқыншағы деп бағамдайды. Мысалы, дін жолындағы итальяндықтар көз тиюден өлердей қорқатын көрінеді.
Халық арасында тіл-көз тиіп қайтыс болыпты дегенді көп естиміз. Біздің Ислам дінімізде де бұл мәселеге үлкен маңыз берілген. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көз тиюдің бар екені ақиқат»,– деген. Тіл-көзден сақтану үшін алдымен адамның рухани күші берік болу керек және «Фатиха», «Аятул-курси», «Фалақ» және «Нас» сүрелерін үнемі оқып жүру қажет. Бұл сүрелер адамды көлденең қатерден, бәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды делінген.
Халықта көз тигенді емдеудің небір әдіс-тәсілдері бар. Мысалы, көзі тиген адамды жуындырып, сол суға көз тиген сәбиді жуындырып, ұшықтаған. «Тіл-көз тас жарады» деген сөз мұсылман халқының барлығында кездеседі. Қазақ халқында мұндай көзі тигіш адамдарды «көзі бар» немесе «назар керде» деп атаған. Мысалы, соңғы жылдары өткізіліп жүрген «Қазақстан барысы» сайысына қатысушы палуандардың иығына қасқырдың терісін жамылып шығатынын байқаймыз. Міне, бұл алдымен, ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз болса, бір жағынан, палуандар бөгде адамның көзі тиюінен қорғану үшін ұстанып жүрген шарасы шығар деп ойлаймыз.
Тіл-көз тек адамдарға ғана емес, мал мен жан-жануарларға да, тіпті өсімдіктерге де тиеді екен. Мұсылмандар көбіне адамға көз тиген кезде оны үшкіріп ұшықтайтын болған. Сөйтіп, адамның бойына көз арқылы сіңген сырқатты жедел қайтарып отырған. Тағы бір емдеу тәсілі, ол – көзі тиген адамға сәбиге түкіртіп алу. Әлдебіреу таңдай қағып, таңдана бастаса, «тіл-көзім тасқа де» деп көзі өткір адамға қатаң ескерту жасаған, ашуландырса аурудың беті қайтады деп білген.
Ғалымдар адам баласы бүкіл психологиялық іс-әрекеттерді көз арқылы білдіретіндігін айтады. Ал діндарлар «адам баласының жаны көз арқылы денеге кіреді және көз арқылы оны тастап шығады» десе, экстрасенстер адамның бірімен-бірі өзінің ішіндегі қайырымды немесе өшпенділік әрекеттерін көп жағдайда көз арқылы ұғысатынын айтады. Мысалы, бас салуға дайын тұрған азулы иттің көзіне адам еш нәрседен қорықпай тесіле қараса болды, орын алуы мүмкін қатерден құтылуға болады. Десек те, көз тиюдің қалай жүзеге асатыны әлі күнге жұмбақ күйінде қалуда.
Түйін.Халқымыз ғасырлар бойы көз тиюге айрықша мән берген. Демек, бұл құбылыс кездейсоқ емес, бар болғандықтан ұлтымыз одан қорғанудың және арылудың жолдарын қарастырып келген. Адамдардың қандай бір таңғалған жағдайда «тіл-көз болмасын», «тілім тасқа» деп ырымдап барып, өзінің таңданысын жеткізуі тегін емес болса керек. Қалай десек те, тіл-көз тиюден қорғана білейік!

К. Махсұт
10 ақпан 2022 ж. 2 100 0