Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сақтайық Тәуелсіз ел мықтылығын!

Сақтайық Тәуелсіз ел мықтылығын!

Жұбан  айтқан:   «Мың   өліп, мың   тірілген»,
Жомарт   жүрек,  жүзінен  нұр  төгілген.
Кеңпейіл  қазақ  едік   кешірімді,
Басынып  басқа  шықты-ау  кім  көрінген.

Бабалардың   сан  ғасыр «арман   таңы»,
Киелі  Тәуелсіздік   орнағалы.
30  жыл  толды  дегенде   жанға  батты-ау,
Қазақты   қазақ  сабап  қорлағаны!
                 
 Найза   салсаң  бойламас  қулығына,
Тойымсыз  тоғышарлар  ұрлығына.
Кімдер   жауап  береді  айтыңдаршы,
Қасіретті  қаңтардың   қырғынына?!
                

Айтпай –ақ  өткен  ғасыр   зардаптарын,
(Өшпейтін   тарихта   тұр   қан  дақтары).
Қалай  ғана   ұмыттық  кешегі   өткен,
«Желтоқсан»  мен  «Жаңаөзен»  боздақтарын!

«Әділдік»-  деп  ашынып  тіл  қатқанды,
«Террорист» - деп  жұртыма  оқ  атқанды.
Соттау  керек,   әлемге   масқара   еткен,-
Жендеттерді,  көр  қазған  «ақымақтарды»!

Тұрақты  «Бірлік»  атты  ұранменен,
«Жаңарған  Қазақстан»  құрам  деген.
Талабың   орындалар  Қасым –Жомарт,
Әрқашан   бірге   болсаң   халқыңменен!

Халық   деген  киелі  айтқаны  ақ,
 Халқын   сүйген  ерлерге  Құдайым  жақ.
Өрісі  кең,  өркенді  ел  болам  десең,
Шераға   айтқан  «Қазанның»  қақпағын жап!
Көз  алартқан  көршіні  тайраңдатпай,
Шекараңды  мықты  ғып, жеріңді  бақ!

Рухани   жаңғырып   ой  мен  сана
Көк  байрағым   желбіреп  тұрса  дара.
Сенде  аман,  менде  аман,   әз  халқымның,
Өз  байлығы  өзінде   болса  ғана!

Дүниенің   нәсіп  етпей   боқты  жүгін,
Үлгі  етіп  қазағымның  тектілігін.
Уа  ағайын,  рухани  бірлікпенен,
Сақтайық  Тәуелсіз   ел  мықтылығын!

Ел  тірегі  - қазыналы  халқым  барда,
Қазақтың  әрбір  үйі  алтын   орда.
Тілін,  жерін, өнерін   өркендеткен
Жаратқан  ерлерімді  өзің  қолда.
 
Мұрат  Сыдықұлы СЫДЫҚОВ,
Қазақстанның   еңбегі   сіңген   қайраткері,   «Құрмет  орденінің»,
«Халық   алғысы»  медалінің   иегері,  Арал   ауданының
Құрметті   азаматы,  күйші -  композитор, ақын – жырау
14 ақпан 2022 ж. 699 0